19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   


Қорытынды

- 4 -

ҚОРЫТЫНДЫ

Кітабымыз осы жерде аяқталды. Бұл кітапты мұқият оқыған адам мұсылмандық пен христиандықтың қасиетті кітаптарының қайсысының нағыз Аллаһтың сөзі екенін еш күмәнсіз түсініп, Құран кәрімді қасиетті кітап, ал Ислам дінін хақ дін, Мұхаммед саллаллаһу алейһи уәсәлләмді хақ пайғамбар деп қабылдайды деген ойдамыз. Бұл жерде бір ой келеді: Ислам діні хақ дін болса, ең ұлы құдіреттің иесі болған Аллаһу та’ала барлық адамдарды тура жолға сала алмайды ма? Яғни, бүкіл адамзатты мұсылман ете алмай ма? Мұның жауабын Аллаһу та’ала Құран кәрімде берген. Сәжде сүресінің 13-ші аятында: «Біз қаласақ, барлық адамдарды тура жолға салар едік. Бірақ, адамдардың және жындардың кәпір болғандарымен тозақты толтыратыныма уәде бердім» делінген және Маида сүресінің 48-ші аятында: «Аллаһ  қаласа сендерді бір үмбет қылатын еді. Бірақ, мойынсұнған адамды қарсы шыққан адамнан айырғысы келді» делінген. Демек, Аллаһу та’ала адамдарды сынауда. Оларға ең ұлы қару ретінде «ақыл»-ды берген, ең кәміл жол көрсетуші ретінде Құран кәрімді және ең үлкен жол сілтеуші ретінде соңғы пайғамбарын (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жіберген, бұйрықтары мен тыйымдарын білдірген, осыларға сай әрекет етулері үшін адамдарға ерік пен қалау берген. Юнус сүресінің 108-ші аятында: «Айт: Ей, адамдар! Раббыларыңнан сендерге ақиқат [Құран кәрім] келді. Хидаятқа [Тура жолға] түскен адам тек өз пайдасына түсті, ал адасқан адам өз зиянына адасты. Мен сендердің өкілдерің емеспін!» делінген.

Олай болса, өз жолымызды өзіміз таңдап, әрекеттерімізді өз еркімізбен Аллаһу та’аланың кітабына сәйкестендіруге мәжбүрміз. Ол үшін ең алдымен рухымызды азықтандыруымыз керек. Рухтың азығы – «дін». Рухын азықтандырмайтын дінсіз адамдардың жануардан еш айырмашылығы жоқ. Ондай адамдарда сүйіспеншілік, жанашырлық, мейірім, түсінушілік және қамқорлық қалмайды. Мұндай адамдарды ең жаман мақсаттарға қолдану өте оңай. Өйткені, оларды жаман істерден қорғайтын өздері сенетін, бағынатын ұлы болмыстары жоқ, сенімдері жоғалған. Мұндай адамдар қорқынышты жыртқыш жануар сияқты, қайда, кімдерге, қай жолмен жамандық жасайтындығы белгісіз. Адамзат әлемін құртатын оңбаған, ең жаман әрекеттер осындай адамдардан шығады.

Ондай адамдарды қайтадан тура жолға салу өте қиын. Бірақ, бұл мүлдем мүмкін емес дегенді білдірмейді. Оларға үлкен сабырлық және табандылықпен Ислам дінінің негіздерін олар түсіне алатындай түрде түсіндіру керек. Аллаһу та’ала дінді түсіндіруді пайғамбарына (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әмір еткен. Нахл сүресінің 125-ші аятында: «Ей, Мұхаммед! Раббыңның жолына даналықпен, көркем насихаттармен шақыр! Олармен ең әсем түрде пікір талас. Шынында Раббың жолынан адасқандарды жақсырақ біледі» делінген. Өзіңіз білетін жақсы және дұрыс нәрселерді білмейтіндерге ең жақсы тәсілмен үйрету мойныңызға парыз екенін, бұл Аллаһу та’аланың нақты әмірі екенін ұмытпаңыз. Бұл міндет «Әмри маруф» деп аталады. Бұл ғибадатқа жатады. Ілімнің зекеті білмейтіндерге ілім үйретумен өтеледі. Бұл өте қайырлы амал болып табылады. Дініміз ғалымның сиясын шәһидтің қанынан артық санауда, қайырлы іс жасауды нәпіл ғибадаттан үстем санауда.

Қазіргі таңда мұсылман мемлекеттері ауыр өнеркәсіп саласында артта қалған. Христиандар мұның себебін Ислам дінінің ілгерілетуші емес, керітартпа дін екендігінен деп көрсетуде және мәдениеттің тек христиан діні арқылы қалыптасатынын алға тартуда. Мұның қаншалықты жөнсіз сандырақ екенін айтудың да қажеті жоқ. «Мәдениет» – үлкен қалалардың және адамдардың рахат, тыныш өмір сүрулеріне қажетті өнеркәсіптердің қалыптасуы және әділдіктің орнауы дегенді білдіреді. Бірақ ауыр өнеркәсіп мәдениетке жатпайды.

Христиан болмаған жапондардың ең дамыған христиан мемлекеттерінен қалай озып өткенін жоғарыда айтып өттік. Яһуди болған израилдіктер де бірде-бір жанды болмыс өмір сүрмейтін шөл даланы ну ормандарға және егістік алқаптарына айналдырған. Лұт көлінен бром шығару және қалыпты жағдайда сұйық болған бромды неміс білгірлерінің «болмайды» дегеніне қарамастан, қатты күйге айналдыру және оңай жолмен шетелдерге сату, бром сатуда немістерден озу қолдарынан келген.

Демек, мәдениеттің христиан дініне ешқандай қатысы жоқ. Керісінше, мәдениетті бұйыратын дін – Ислам діні. Христиан дінінің адамдарды қалай қараңғылыққа сүйрегені, ал мұсылмандықтың қалай нұрға қауыштырғаны орта ғасырда белгілі болған.

Христиан діні ең жанданып тұрған, Еуропада билік құрған орта ғасырда Еуропада мәдениет дейтіндей не бар еді? Ол кезде Еуропа надандық, ластық, жоқшылық, кедейлік, ауру және поптардың зұлымдығы астында езілген болатын. Ол кезде еуропалықтар әжетхана, монша дегеннің не екенін білмейтін. Дәл сол дәуірде Исламның бұйрықтарына сай өмір сүрген мұсылмандар ғылым, техника, сауда, өнер, ауылшаруашылық, әдебиет және медицина салаларында озық болып, әлемнің ең жетілген мәдениетін қалыптастырған болатын. Халифа Харун Рашид Франция королі Шарльманға бір қоңыраулы сағат сыйға тартқан еді. Сағат шылдырлаған кезде король мен оның қарамағындағылар ішінде шайтан бар деп қашқан болатын. Мұсылмандардың қазіргі кезде артта қалулары діндерінің бұйрықтарына бағынбауы, оны ұстанбауы себебінен. Мұны қаншама рет жаздық, баяндадық. Бірақ, біз әлі де бұдан жүздеген жылдар бұрынғы мәдениетімізбен мақтанып, қазіргі жағдайымыз туралы еш ойланбаймыз! Бұрынғыны мақтан тұтуға болады. Бірақ, тек қана соны мысал қылып көрсету ұят нәрсе. Біз қазір де ілгерілеуге мәжбүрміз. Британдық масон болған Рашид паша дайындаған 1255 [м.1839] жылғы Танзимат (реттеу) бұйрығымен батысқа бет бұрғандығымызды жарияладық. Көптеген қалаларда масон ложалары ашылды. Бірақ, бұл еліктеушілік тек көңіл көтеру мен ойын-сауықта ғана жүзеге асты. Ғылым мен техникада дамуда және балаларымызды Исламның көркем ахлақымен  жетілдіруде ата-бабаларымыз сияқты еңбектенбедік. Дініміз көрсеткен жол мен пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үстем мінезі керітартпалық деп аталды. Бізден 29 жылдан кейін 1284 [м.1868] жылы батысқа бет бұрған жапондар бізден әлдеқайда қарқын дамыды. Әрі қате діндерінен еш айрылмай іске асырды! Мәдениет жарысында ең озық бола тұра, саяси реформадан кейін білім мен ғылым қалып, нәпіс пен шайтанға ерді. Бұл британдық апиын мемлекет адамдарын есінен айырды. Енді қазір қайтадан күш салып, батыс пен біздің арамыздағы аралықты жақындатып, оларға жетуіміз, тіпті олардан асып түсуіміз қажет. Ал бұл бос сөзбен іске аспайды! Ата-бабаларымыздың жолына оралуымыз керек! 1979 жылы Түркия туралы маңызды мақала жазған, тіпті бір кітап дайындаған неміс тарихшысы турколог доктор Фридрих-Вилгельм Фернау: «Түріктер өздерін еуропалық деп санайды. Шынында, олар сияқты Азиядан келген және олардың туысы болып саналатын венгриялықтар мен болгарлар Еуропаға қоныстанып, бұл мұхитта ұзақ уақыт бойы еуропалық табандылықты алып, ғылымда еуропаланған. Түріктер толық еуропалық емес. Түріктер – басқа ұлттарға ұқсамайтын халық. Қазіргі таңда түріктер батыстың өнеркәсібіне еліктеуде. Бірақ, әлі оған толық кірген жоқ» деген. Енді ата-бабаларымыздың жолы қандай, осыны қарастырайық.

Мәдениетті адам ең алдымен көркем мінезді, шыншыл және еңбекқор болады. Әуелі діни тәрбие алады, жаратылыстану ғылымдарын үйренеді. Істерін басынан соңына дейін мұқият атқарады. Қажет болса, жұмыс уақытынан артық еңбектенуден еш тартынбайды. Осылай жұмыс істеуден, еңбектенуден рахаттанады. Қартайса да оңайлықпен жұмыстан қол үзбейді. Мемлекетінің заңын аса құрметтейді. Басшыларына бағынады. Заңға қайшы ешбір әрекет жасамайды. Дінінің әмірі мен тыйымдарына толықтай мойынсұнады. Ғибадаттарын ешқашан қалдырмайды. Балаларының иманды, көркем мінезді болып жетілуіне аса мән береді. Оларды жаман достардан, зиянды басылымдарды оқудан қорғайды. Уақыттың қадірін білгендіктен, әрбір ісін уақытылы орындайды. Уәдесінде тұрады. Діни және дүниелік міндеттерін бітірмегенше көңілі жай таппайды. Бір істі ертеңге қалдыру былай тұрсын, ертеңгі жұмысты бүгін істейді. Ата-бабаларымыздың осындай қасиеттеріне ие болсақ, материалдық және рухани тұрғыдан көтеріліп, барлық ісімізде жетістікке жетеміз. Раббымыздың разылығын аламыз.

«Батыстықтар осындай ма?» деп сұрауыңыз мүмкін. Имандары, мінез-құлықтары күмәнсіз мұндай емес. Әсіресе екінші дүниежүзілік соғыстан кейін саны арта түскен қате пікірлі, жаман ниетті адамдар халықты бұзып жатыр. Бірақ, жоғарыда жазғанымыздай болуға және қате пікірлі адамдарды тәрбиелеуге тырысуда. Сыртқы тазалықтарына келетін болсақ, Ислам діні бұйырған тазалықты іске асыруда. Кейбір көшелерде бірде-бір қоқыс жоқ. Саябақтар гүл дариясы сияқты. Айналаның бәрі, барлық дүкендер, адамдар және көріністері тап-таза. Енді Құран кәрім мен Ислам дінінің бізге бұйырған нәрселеріне мән беріңіз. Бұлар бізге көңілімізді, денемізді және қолданатын нәрселерімізді таза ұстауды бұйырмайды ма? Демек, нағыз мәдениеттің негіздері біздің дінімізде және орта ғасырдағы (мақтап бітіре алмаған) Ислам мәдениетіміз тек осының арқасында ғана қалыптасқан. Ал біз қазір не істеп жатырмыз? Бәрінен бұрын біз жалқаумыз. Аллаһу та’аланың бұйрықтары мен тыйымдарына мән бермейміз. Өз рахатымызға берілгенбіз. Бір істі бастағаннан кейін біраз уақыттан соң босаңсимыз. [Болгарлар «Істі түрік сияқты бастап, болгар сияқты аяқтау керек» дейді.] Тез шаршаймыз. Ғимарат саламыз, бірақ жөндеуге қиналамыз. Еліміздегі ата-бабаларымыздан қалған алып өнер туындылары қараусыз қалғандықтан қирап жатыр. Аз еңбек етіп, көп ақша табуды қалаймыз. Міне, осы нашар қалау жұмысшыларды ереуілге, одан да жаманы, көптеген жастарды зиянды жолдарға түсіруде. Өздерінің жаман мақсаттары үшін осындай адамдарды қаржымен, абыроймен қамтамасыз ететін шетелдегі сатқындар мен олардың қармағына ілінген өз ішіміздегі тексіздер оларды қастандықтарда, адам өлтіруде қолдануда. Оңай жолмен ақша тапқан мұндай адамдар жұмыс істеудің орнына адам өлтіруді таңдауда. Сонымен қатар, қажетсіз қан даулары, мазһабсыздық ағымдары да бізді бір-бірімізден айыруда.

Реті келгенде айта кетейік, Ислам дінінде төрт хақ мазһаб бар. Олардың сенімдері бірдей. Төрт мазһабтың бәрі «Әһли сүннет» сенімінде. Құран кәрім мен хадис шәрифтерде айқын білдірілген бұйрықтар мен тыйымдарға бағынуда ешқандай айырмашылықтары жоқ. Тек анық білдірілгендерді түсінуде бір-бірінен ерекшеленеді. Осы аздаған айырмашылықтары Аллаһу та’аланың мұсылмандарға берген рақымдылығы болып табылады. Денсаулықтары, жұмыс істейтін және тұратын жерлері әр түрлі болған адамдар қай мазһабты ұстану оңай келсе, соның «Фиқһ» кітаптары бойынша ғибадат жасайды. Тек бір ғана мазһаб болғанда, барлығы соны ұстануға мәжбүр болар еді. Ал бұл нәрсе көп адамға ауыр тиер еді. Тіпті, мүмкін емес болар еді. Төрт мазһабтың кез келген бірін ұстанған мұсылман Әһли сүннет деп аталады. Олар бір-бірін бауыр деп біледі. Тарихта олардың дауласқандығы мүлдем кездеспеген. Қалған үш мазһабты жамандамайды. Төртеуінің де жәннатқа апаратын жол екендігіне сенеді.

Әһли сүннет болған бүкіл мұсылмандардың бір-біріне бауыр екендіктерін ұмытпау керек. Араларындағы мазһаб айырмашылықтары оларды бауыр болудан айырмайды. Әһли сүннет болмаған мұсылмандармен арадағы айырмашылық олармен бетпе-бет отырып, түрлі мәселелерді ғылыми жолмен талқылау арқылы шешімін табады. Қару қолдану арқылы емес!

Мемлекеттің заңдарына қарсы келмеу, үлкендерге құрмет көрсету бәріміздің міндетіміз. Бұларды жоюға тырысу ең үлкен ақымақтық. Заңсыз мемлекет тәртіпсіздік, ретсіздік ішінде деген сөз. Ыдырауға бейім. Әсіресе коммунизмге байлану ең үлкен қателік. Өйткені, қазір коммунистік мемлекеттер дін дұшпандығының және зұлымдықтың зияндарын түсініп, еркіндік шарттарына оралуда. Ресейде бұрын жойылған мұраны алу, үйді (тіпті бақшасымен) иелену және басқа да көптеген құқықтар кері берілуде. Польшада ереуіл құқығы қабылданды. Нағыз коммунист болған қытайлардың өзі азат мемлекеттердің өмір сүру салтына оралуда. Тіпті, жаңа өнер туындыларын үйрену үшін Франциядан мамандар алдыруда. Коммунист мемлекеттер де еркіндікпен басқарылатын мемлекеттердегі «Аралас экономиканы» қолдануда, қиратылған мешіттер жөндетілуде.

Аралас экономикада кейбір ұйымдар мемлекет тарапынан, қалған кәсіпорындар халық тарапынан басқарылатыны белгілі. Темір, көмір сияқты ауыр және бағалы өнеркәсіптерді жүргізуде үкіметтің көмек беруі шарт. Бізде де осы әдіс қолданылуда. Қазір коммунистік мемлекеттер де осы әдісті қайта қолдануда, сауда мен өнеркәсіптің бір бөлігі халыққа ашылуда. Жақын келешекте олардың пікір мен дін еркіндігіне де қол жеткізетіндігі күмәнсіз. Бүкіл әлем адам құқықтарын мойындайды. Әлеуметтік әділдік дегеніміз – кейбір ақымақтардың ойлайтындай жұмыссыз бос кезіп жүргендерге еңбектеніп байығандардың мал-мүлкін таратып беру деген сөз емес. Күндіз-түні жұмыссыз жататын еріншекке ешкім бір тиын да бермейді. Коммунистік мемлекеттерде адамдар тынбастан жұмыс істесе де, қарындарын әрең тойдырады. Тапқандарының көбі белгілі бір топ тарапынан қолдарынан алынады. Олардан кейбірлері өмірін қауіпке тігіп, еркіндікке қол жеткізу үшін тырысуда. Жоғарыда айтып өткеніміздей, осы отарлаушы және қанаушы билік пен дінсіз өмір салты өздігінен жойылып бара жатыр. Коммунизмнің негізі болған дінсіздікті үгіттеумен қоса Әһли сүннет сенімінен айрылған адасушылар жүргізетін ыдыратушы үгіт-насихат жұмыстары да бар. Осындай қате сенімдегі фанат мұсылмандардың өз елдеріне қаншама зиян келтіретіндігін Ирандағы Хумейни мысалы көрсетіп тұр. Ал уаххабилер шынайы Ислам ғалымдарының білдіргендеріне сай келмейтін сенімдерін және өзіндік құқық түсініктерін қолдануға тырысып, әлемде Ислам діні туралы жаман көзқарастың қалыптасуына себеп болуда. Алайда, дінімізде «Үкімдерде насспен [аяти кәрима мен хадис шәриф] және ижмамен бекітілмегендер уақыт өте өзгереді» деген үкім бар. 1000 жыл бұрын сол заманның шарттарында керемет деп саналған ижтиһад бүгінгі шарттарға сай келмеуі мүмкін. Аллаһу та’ала осыны біліп, соған сәйкес өзгерістер енгізе алуымыз үшін терең білімді ғалымдарға, яғни мүжтәһидтерге (рахимә-һумуллаһу та’ала) «Ақыл», «Ғылым» және «Тақуалық» деген үш маңызды күш берген. Кейіннен келген ғалымдар 1000 жыл бұрын жасалған ижтиһадтардың ішінен осы заманға сай болғанын таңдап алып, кітаптарға түсірген.

Әуелі Әһли сүннет ғалымдары (рахимә-һумуллаһу та’ала) білдірген дұрыс иманның не екенін үйренейік. Содан соң осы үйренгенімізге сай сенейік. Иманы бұзылған адам Аллаһу та’аланың разылығына, сүйіспеншілігіне қауыша алмайды. Оның мейірімінен, көмегінен мақрұм қалады. Тыныштықты, рахатты таба алмайды. Иманымызды түзеткеннен кейін мінезімізді де түзетейік! Исламға нық бағынайық. Яғни, Аллаһу та’аланың және пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұйрықтары мен тыйымдарына мойынсұнайық. Ол парыз еткен және пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) білдірген ғибадаттарымызды орындап, жүрегімізді тазартайық. Харам және мәкрух болған тыйымдардан сақтанып, нәпсімізді және денсаулығымызды түзетейік. Осылай істеген адамдардың көңілі әрдайым жақсылық жасауды қалайды. Жамандық жасау ойына да келмейді. Рух пен көңіл таза болып, денсаулық мықты болса, қол ұстасып бауырлардай және ДҰРЫСШЫЛ адам болып жұмыс істеу оңай болады. Дін дұшпандарының, мұнафықтардың және мазһабсыздардың сөздеріне, үгіт-насихаттарына алданбайық. Егер осындай шынайы мұсылман болып, ПАЙДАЛЫ ІСТЕРМЕН айналыссақ, жоғарыда Құран кәрімнің «Тин» сүресінде баяндалғаны сияқты, Аллаһу та’ала бізден разы болады, бізге көмек береді. Егер иманымызды түзетпей, Мұхаммед алейһиссаламның дініне бағынбасақ, ізгі істер жасамасақ, қате, адастырушы сенімдер үшін даулассақ немесе өз жеке пайдамыз үшін қате жолдарға түсетін болсақ және әйелдеріміз бен қыздарымыздың әурет жерлерін жаппасақ, Аллаһу та’ала бізді ТӨМЕНГІЛЕРДІҢ ТӨМЕНГІСІ етеді. Олай болса, жағдайымызға обал болсын!