19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Есепке тартылмайтындар

Есепке тартылмайтындар

Сұрақ: Пайғамбарлар мен әулиелерден басқа есепке тартылмастан жәннатқа кіретін адамдар болады ма?

Жауап: Мұхаммед алейһиссаламның үмбетінен Әһли сүннет сенімінде болған мүминдердің көбі есепке тартылмастан жәннатқа кіреді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Аллаһ разылығы үшін және өз қалауымен намазын оқыған, оразасын ұстаған, қажылығына барған, зекетін берген кісі есепсіз және азапсыз жәннатқа кіреді» деген.

Қияметте інжу-маржаннан жасалған минберлердің үстінде отырған, жүздері нұрдай жарқырап тұрған адамдар көрінеді. Оларға тіпті пайғамбарлар мен шәһидтер де әуестенеді.

Олардың кім екендігі сұралғанда пайғамбарымыз алейһиссалам: «Елдері әр жақта болса да, бір жерге жиналған, Аллаһ разылығы үшін бір-бірін жақсы көрген және Аллаһу та'аланы еске алған адамдар» деді.

Демек, туысқандық, ауылдастық (жерлестік) сияқты жақындықтары болмаса да, тек қана Аллаһ разылығы үшін бірін-бірі жақсы көрген адамдар қандай бақытты.

«Қияметте бір топ адам махшардағы халықтың үстінен жел сияқты өтіп жәннатқа кіреді. Олар әр сәтте өлімге дайын болған адамдар» хадис шәрифі мойнындағы құл (кісі) және хақ қарыздарын өтеп, әр сәтте өлімге дайындалып күтіп жүрген бақытты адамдарды білдіруде.

Пайғамбарымыз алейһиссалам қияметте әр түрлі қиындықтардың болатынын білдіргенде Асхаби кирам құтылудың шарасын сұрайды. Расулуллаһ алейһиссалам айтады:

«Дүниеде ғалымдардың етегіне жармасу. Қиямет күні Аллаһу та'ала ғалымдар мен тақуаларды жинайды. Тақуалардың жәннатқа кіруін әмір етеді. Тақуалар жәннатқа кіреді. Ғалымдар қалады. Аллаһу та'ала ғалымдарға айтады: "Сендерді осында қалдыруым қамап қою мақсатында емес. Тақуалар дүниеде тек өздерін түзетумен ғана әуре болды. Ахиретте олардың өздерін ғана кешірдім. Бірақ сендер дүниеде өздеріңнен басқа өзге адамдармен де әуре болдыңдар, оларға құтылу жолын көрсеттіңдер. Енді сендерге ерген адамдарды да бірге алып жәннатқа кіріңдер!" Ғалымдар достарын алып, жәннатқа кіреді.» (Әл-Әнуар)

«Қияметте нұрдан жасалған орындықтар үстінде жүздері айдай жарқырап тұрған кісілер көрінеді. Барша халық есепке тартылып жатқанда, олар өте қуанышты отырады. Періштелер олардан "Қай амалдарың үшін осы дәрежеге көтерілдіңдер?" деп сұрайды. Олар: "Біздің соншылықты көп амалымыз жоқ еді. Тек қана бес уақыт намазымызды дұрыс оқып, Расулуллаһтың есімі аталғанда оған деген құрметімізден жылап, Аллаһу та'аланың бергеніне шүкір етіп, жоқшылығымызға сабыр ететін едік. Аллаһу та'аланың бізге берген бұл сияпаты екі нәрсенің марапаты. Біріншісі, дүниеге көңілмен байланбағанымыз үшін, екіншісі, Хабибуллаһты жақсы көргеніміз үшін" дейді.» (Әл-Әнуар)

Есепке тартылмай жәннатқа кіретіндерге қатысты хадис шәрифтердің бірнешеуі төменде:

«Тозақтық 70 мың адам Османның шапағатымен есепке тартылмай жәннатқа кіреді.» (И.Асакир)

«Күнәларын есіне түсіріп жылаған адам есепке тартылмай жәннатқа кіреді.» (И.Ғазали)

«Ілім үйренген шәкірт, күйеуіне бағынған әйел, ата-анасына жақсылық жасаған перзент пайғамбарлармен бірге есепсіз жәннатқа кіреді.» (И.Рафии)

«Халал болу шартымен, ораза ұстап, аузын ашқан, сәре асын жеген және Аллаһ жолында қарауылдық жасаған адамдардың жегендеріне есеп-қисап жоқ.» (Бәззар)

«Құл сәрелік, ауызашар және достарымен бірге жеген тамаққа жауапкер емес.» (И.Ғазали)

Негізінде бәрі есепке тартылады. Бірақ біреулердің есебі сондай жеңіл болады, бұған есепке тарту делінбейді. Мысалы шәһидтердің, сахабалардың есептері өте оңай болады. «Сен сахабасың ба, сен шәһидсің бе?» деп сұралады, ол «Иә» деп жауаптайды, ешқандай қиыншылық көрместен жәннатқа кіреді.