Тәкәппарлықтың үш түріСұрақ: Тәкәппарлықтың қанша түрі бар? Жауап: Тәккәппарлану – өзін басқалардан үстем санау деген сөз. Жасалған жеріне қарай үшке бөлінеді: 1) Аллаһу та'аланың алдында тәкәппарлану: Тәкәппарлықтың ең жаманы осы. Нәмруд, перғауын осындай еді. Өздерін құдай деп жариялады. Кейбір дінсіздер иманды, ғибадатты, намаз оқуды төмендік, керітартпалық деп санап тәкәппарланады. Аллаһу та'ала айтқан: «Тәкәппарланып маған ғибадат жасамағандар қор болып тозаққа түседі.» (Мүмин 60)
2) Пайғамбарлардың алдында тәкәппарлану: Кейбір адамдар пайғамбарларды өздері сияқты адам деп көргендіктен, тәкәппарланып, оларға бағынуды қабылдамайды. Мысалы, пайғамбарымыз алейһиссалам туралы айтылған: «Ол да сендер сияқты адам. Өздерің сияқты бір адамға бағынсаңдар, зиянға ұшырайсыңдар.» (Мүминун 33, 34)
3) Адамдардың алдында тәкәппарлану: Қандай да бір тұста өзін өзгеден үстем санаған адам тәкәппар саналады. Шам әскерінің қолбасшысы Әбу Убәйда бин Жәррах хазреттері көп халықпен бірге хазреті Омарды қарсы алды. Хазреті Омар құлымен кезектесіп түйеге мінгендіктен, халифа түйесінен түсті. Орнына құлы мінді. Хазреті Омар түйенің жүгенін ұстады. Аяқ киімін шешіп, арықтағы суды кешіп өтті. Мұны көрген қолбасшы айтты: - Мырзам, бүкіл шамдықтар, әсіресе византиялықтар мұсылмандардың халифасын көру үшін жиналды. Сізге қарап тұр. Бұл әрекетіңізді қалай түсінсек болады? Хазреті Омар жауап берді: - Йа, Әба Убәйда! Сенің осы сөзіңді естігендер адамның қадірі көлікке мініп жүруде және сәнді киім киюде деп санайды. Біз бұған дейін бейшара және қорланған қауым едік. Аллаһу та'ала бізді мұсылмандықпен қадірлі қылды. Бұдан басқа абырой іздесек, Аллаһу та'ала бізді бейшара қылады, бәрінен төмен етеді.
Тәкәппарлық және қарапайымдылық Ақылды, өзін және Раббысын таныған кісі тәкәппарлана алады ма? Адам өзінің төмен, әлсіз екенін Раббының алдында әр сәтте көрсетуге мәжбүр. Сондықтан әр сәтте барлық жерде әлсіздігін көрсетуі, қарапайым болуы керек. Хадис шәрифте былай делінген: «Аллаһ разылығы үшін қарапайым болған (өзін мұсылмандардан үстем санамаған) адамды Аллаһу та'ала көтереді.» (Бәззар) Әһли сүннет ғалымдары айтқан: Аллаһу та'ала ілім, құдірет сияқты барлық сипаттарынан құлдарына біразын нәсіп еткен. Бірақ тек үш сипаты ғана өзіне тән. Бұл үш сипатты ешбір жаратылысына бермеген. Бұл үш сипаты: кибрия, ғани болу және жарату сипаттары. Кибрия – ұлылық, үстемдік деген сөз. Ғани болу – өзгелерге мұқтаж болмау, барлық нәрсе Оған мұқтаж болу деген сөз. Адам барлық нәрсеге мұқтаж. Аллаһ жаратушы, ал адам жаратылыс, фәни (өткінші). Сондықтан тәкәппарлану Аллаһу та'аланың сипатына, ақысына оқталу болып саналады. Құлға тәкәппарлану жараспайды. Бұл ең үлкен күнә. Хадис құдсида былай делінеді: «Азамәт және кибрия маған тән. Бұл екі сипатта маған ортақ болуды қалағандарға өте ауыр азаптар беремін.» (Мүслим) Қарапайым адам бола алу үшін дүниеге не үшін келгенін, қайда кететінін білу керек. Адам мүлдем жоқ еді. Әуелі қолынан ештеңе келмейтін, әрекет ете алмайтын сәби болды. Ал қазір әр сәтте ауырып қалудан, өлуден қорқып жүр. Ақыр соңында өледі, шіриді және топыраққа айналады. Дүние зынданында әр сәтте қашан азапқа апарылатынын күтуде. Өледі, өлексе болады, жәндіктерге жем болады, қабір азабын шегеді, кейін тіріліп, қиямет азаптарын көреді. Тозақта мәңгі жанудан үнемі қорқып өмір сүретін адамға тәкәппарлану жарасады ма, әлде қарапайымдылық па? Тәкәппарлық қаншалықты жаман болса, қарапайымдылық соншалықты жақсы. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Аллаһ үшін кешірген кісінің қадірі артады, қарапайым болған кісі де жоғарылайды.» (Мүслим) «Адам тәкәппарланған кезде екі періште "Йа, Раббым, мына адамды төмен қыл!" дейді. Қарапайымдылық танытса "Йа, Раббым, мына адамды жоғары қыл!" дейді.» (Бәйһақи)
Сұрақ: Мойнында ақысы бар адамдарды зиярат етпеу, хал-жағдайын сұрамау тәкәппар болудан туындайды ма? Жауап: Мойнында ақысы бар адамдарды, яғни таныстардан хабар алмау, хал-жағдайын сұрамау тәкәппарлықтың белгісі. Ал өзінен төмен болғандарды зиярат ету қарапайымдылықтың белгісі. |