2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


ҮШІНШІ ТАҚЫРЫП

Кәпірдің рухы дөрекі түрде азаппен алынады және оның беті Әбу Жәһл сияқты болады. Періштелер оған қарап «Ей, лас болған рух! Лас болған денеңнен шық» дейді. Ол есек сияқты ақырады. Рухы шыққанда Әзрейіл алейһиссалам оны жаман, қара киімді және сасық иісті забанилерге (яғни азаптаушы періштелерге) тапсырады, олардың қолында жүннен жасалған ескі киіз сияқты шүберек болады. Рухты осыған орайды. Осы кезде шегірткедей адам күйіне айналады. Мұның себебі, кәпірдің денесі ахиретте мүминнің денесінен үлкен болады. Хадис шәрифте: «Тозақта кәпірдің бір азу тісі Ухуд тауындай» делінген.

Жәбрейіл алейһиссалам бұл жаман рухты көтеріп, дүние аспанына шығарады. Олардан «Сен кімсің?» деп сұралады. «Мен Жәбрейілмін» деп жауаптайды. «Қасыңдағы кім?» дегенде «Пәленше ұлы пәленше» деп оны жаман, жағымсыз және дүниеде жақтырмаған есімдерімен атайды. «Оған аспан есігі ашылмайды және түйе ине тесігінен өтпегенше осы сияқты адамдар жәннатқа кіре алмайды» делінеді.

Жәбрейіл алейһиссалам бұл сөзді естігенде оны тастап жібере салады. Жел оны алысқа алып кетеді. Міне осы жағдай Хаж сүресінде: «Аллаһу та'алаға серік қосқан адамның жағдайы мынаған ұқсайды: аспаннан түсіп, оны не құстар жалмайды, не жел оны алыс жерге апарып тастайды да, ол сол жақта құриды» деген отыз бірінші аяти кариманың мағынасы. Ол адам жерге түскенде бір забани оны алып сижжинге алып кетеді. Сижжин – жердің астындағы немесе тозақтың түбіндеге үлкен тас, кәпір мен күнәхарлардың рухтары сол жаққа апарылады.

Яһуди мен насараның (христиандардың) рухтары күрсиден қабірлеріне кері қайтарылады. Егер олар өз діндерінде (бұзылмаған яһудилік пен христиандықта) болса, өздерінің жуындырылғанын және жерленгенін көріп тұрады.

Мүшрик, яғни діндерге сенбейтіндер бұлардың ешбірін көре алмайды. Өйткені олар дүние аспанынан қорланып жерге тастап жіберілгендер.

Мүнафиқтар, мүшриктер сияқты Аллаһу та'аланың қаһарына ұшыраған және қабыл алынбаған халде мазарына кері қайтарылады.

Мүминдердің құлшылықта кемшілік жібергендері де әртүрлі болады. Кейбірлерін оқыған намаздары кері қайтарады. Себебі бір адам намазын қораз жем шоқығандай тез-тез оқыса, намазынан ұрлаған болады. Оның намазы ескі шүберек сияқты жұмарланып бетіне ұрылады. Кейін көтеріледі және «Мені зая еткеніңдей, Аллаһу та'ала да сен зая етсін» дейді.

Кейбірлерін зекеті кері қайтарады. Себебі ол адам зекетін адамдар «Пәленше кісі қайырымдылық жасап жатыр, зекет беріп жатыр» деп айтсын деп беретін еді.

Көбінесе әйелдердің махаббатын тарту үшін зекетін оларға беретін еді. Біз оларды көрдік. Біз бұған куә болдық. Халал болған нәрселермен Аллаһу та'ала баршаға саламаттық берсін.

Кейбірлерін оразасы қайтарады. Өйткені ол адам ораза ұстау мақсатында тек тамақтан тиылған, бірақ бос сөз, ғайбат айтудан және күнә істеуден тиылмаған еді. Міне осындай ораза адам үшін зиянды және пәлекет болмақ. Кісі осылай ораза ұстап жүріп, Рамазан айын тауысады. Сырттан қарағанға ораза ұстаған, ал негізінде ораза ұстамаған болады.

Кейбір адамдарды жасаған қажылығы кері қайтарады. Өйткені ол кісі жұрттар «Қажылыққа барып келді» деп айтсын деп немесе харам мүлкімен қажылық жасаған.

Кейбір адамдарды ата-анаға қарсы шығу сияқты күнәлары кері қайтарады. Бұл жағдайларды сырлар әлемінен хабары болғандар және Аллаһу та'аланың разылығы үшін ілім үйренген ғалымдар біледі.

Осы жерге дейін жазғандарымыз туралы пайғамбарымыздан (саллаллаһу алеһи уәсәлләм) хадистер, сахабалар мен табииндерден хабарлар келген. Муаз бин Жәбәлдің (радиаллаһу анһ) риуаятында хабар берілгеніндей, амалдардың кері қайтарылуы және одан басқа мәселелер туралы көп хабарлар келген. Менің бұл мәселені қысқаша ажыратып түсіндіргім келді. Егер қысқартпасам, көп кітаптарды толтыратын едім. Әһли сүннет сенімінде болғандар, яғни дұрыс сенім мен иманға ие болғандар, өз балаларын білгендей, баяндағандарымыздың дұрыс екенін біледі.

Рух денеге кері қайтарылған кезде денесінің жуылып жатқанын көреді және басының тұсында жуынып болғанша күтіп тұрады. Аллаһу та'ала жақсылық тілеген адамының көзінің пердесін алады да, ол өлінің рухын дүниедегі адам кейіпінде көреді. Бір кісі баласын жуындырып жатқанда басының тұсында тұрғанын көрді. Қорққанынан көрген жерінен басқа жерге ауысты. Кебінге оралғанға дейін осы жағдайды көріп тұрды. Кебінделгенде әлгі адам кейіпіндегі рух кебінге кері оралды. Табыттың ішіне қойып жатқанда да рухты көргендер болды. Расында, көптеген салих кісілерден риуаят етілген, табыттың үстінде жатқанда «Пәленше қайда, рух қайда?» деген дауыс естілді. Кебін кеуде жағында екі немесе үш рет қимылдады.

Рәби бин Хәйсәмнен (рахимәхуллаһ) риуаят етілген, бір кісі жуып жатқан адамның қолында қимылдаған. Тағы Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) заманында бір өлінің табытта жатып сөйлегені байқалға, Әбу Бәкір мен Омардың (радиаллаһу анһума) жақсы қасиеттерін айтқаны байқалған.

Мәйіттің осындай жағдайларын көргендер – періштелер әлемін көретін әулиелер. Аллаһу та'ала қалаған адамының көзінен және құлағынан пердені алып тастайды, ол бұл жағдайды көреді және біледі.

Мәйіт кебінделген кезде рух сырттан кеудеге жақындайды. Бұл кезде ол айқайлайды немесе ыңырсынады. «Мені Раббымның мейіріміне тезірек алып барыңдар. Егер маған берілген ниғметтерді білсеңдер, мені алып баруға асығатын едіңдер» дейді.

Егер азаппен қорқытылған болса, онда «Мені Аллаһу та'аланың азабына асықпай апарып, біраз уақыт беріңдер. Егер қайда апара жатқандарыңды білсеңдер, әлбетте мен иықтарыңда көтермес едіңдер» дейді. Сондықтан Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) табыт көргенде дереу орнынан тұрып, қырық қадамдай бірге жүретін еді.

Сахих хадисте хабар берілді. Пайғамбарымыздың алдынан бір табытта мәйіт өтті. Құрмет үшін пайғамбарымыз орнынан тұрды. Асхаби кирам (алейһимурридуан) «Йа, Расулаллаһ, бұл яһудидің жаназасы» деді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Нәпіс емес пе?», яғни «Адам емес пе?» деді. Расулуллаһтың осы әрекеттерінің себебі, Оған періштелер әлемі аянмен білдірілген, көрсетілген. Сондықтан жаназа көрген кезінде қуанышты болатын еді.

[«Халеби» кітабында былай жазылған: «Алдынан мәйіт өткен кісі табыттағы мәйітке құрмет үшін орнынан тұрып, сол қалпында қимылсыз тұрып қалмауы керек. Табытты көтеру және артынан жүру үшін тұру керек. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) табыт көргенде орнынан тұрғаны, өткеннен кейін отырғаны және сендер де осылай істеңдер деп бұйырғаны хабар берілген болса да, бұл бұйрық кейіннен нәсһ етілді (үкімі өзгертілді). Яғни біраз уақыттан кейін бұл әмірін өзгертті.» «Мәрақ-ил-фәлах» және «Дуррул мухтар» кітаптарында мәйіт көрген адамның құрмет үшін орнынан тұруының жаиз (рұқсат) емес екендігі жазылған.]

Мәйіт қабірге түсірілген кезде, үсті топырақпен жабылғаннан кейін қабір мәйітке айтады: «Менің үстімде рахаттанып жүрген едің. Енді астымда қайғылы боласың. Менің үстімде түрлі тағамдар жейтін едің, ал қазір менің астымда құрттар сені жейді.» Қабір толып, үсті топырақпен жабылғанға дейін осындай ащы сөздер айтады.

Ибн Мәсудтан (радиаллаһу анһ) риуаят етілген: «Йа, Расулуллаһ, өлі қабірге түсірілген кезде ең алғаш немен кездеседі?» деп сұрады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтты: «Йа, Ибн Мәсуд! Мұны сенен басқа ешкім менен сұрамады. Тек сен ғана сұрадың. Өлі қабірге түсірілген кезде әуелі бір періште сөйлейді. Ол періштенің есімі "Руман". Қабірлердің арасына кіреді де: "Йа, Абдаллаһ! Амалыңды жаз!" дейді. Мәйіт айтады: "Менің бұл жерде қағазым да, қаламым да жоқ. Не жазайын?" Періште айтады: "Бұл сөзің қабылданбайды. Сенің кебінің – қағазың. Түкірігің – сияң. Саусақтарың – қаламың." Періште кебіннен бір парша кесіп береді. Ол құл дүниеде жазуды білмейтін болса да, ол жақта сауабы мен күнәларын бәрін бір күнде істегендей қалдырмай жазып береді. Бұдан кейін періште сол жазған кебін паршасын түріп, өлінің мойнына асады.» Бұдан кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Әр адамның жасаған амалдарын көрсетіп тұратын парақтарды біз оның мойнында қылдық» деген Исра сүресінің оныншы аяти каримасын оқыды.

Кейін өте қорқынышты екі періште келеді. Адам кейіпінде көрінеді. Беттері қап-қара болып, тістерімен жерді жыртады. Бастарындағы шаштары жер бетіне жайылған болып көрінеді. Сөздері аспан күркірегендей, көздері найзағайдай. Тыныстары үскірік желдей. Әрқайсысында үлкен темір қамшы бар, оны адамдар мен жындар жиналып күш салса да, жерден көтере алмайды. Таулардан да үлкен және ауыр. Онымен бір рет біреуді ұрса, Аллаһ сақтасын, бөлшектеп тастайды. Рух осыларды көргенде бірден қашады. Мәйіттің мұрнынан кеудесіне кіреді. Кеудесінен жоғары жақтар тіріледі. Өлетін кезіндегі жағдайындай болады. Әрекет етуге шамасы жетпейді. Бірақ не айтылса, соны естиді және көреді. Олар оны азаппен сұраққа тартады. Жапа шектіріп, оны қайғыртады. Топырақ оған су сияқты болады. Қимылдаған сайын жер ашылып, бос кеңістік пайда болады.

Бұл екі періште «Раббың кім? Дінің не? Пайғамбарың кім? Құбылаң қай жақта?» деген сұрақтар қояды. Аллаһу та'ала кімге сәттілік беріп, жүрегіне хақ сөзді орнықтырса, сол айтады: «Сендерді өкіл қылып маған кім жіберген болса, Раббым сол. Менің Раббым Аллаһ, пайғамбарым Мұхаммед алейһиссалам, дінім Ислам». Бұған тек ілім иесі қайырлы ғалымдар ғана осылай жауап береді.

Сонда олар айтады: «Дұрыс айтты. Дәлелін келтірді. Біздің қолымыздан құтылды.» Бұдан кейін оның үстіне қабірді үлкен күмбездей қылады. Ол үшін оң жағына екі есік ашады. Кейін қабіріне хош иісті райхан төсейді. Жәннат хош иістері әлгі мейіттің үстіне келеді. Дүниеде жасаған жақсы амалдары ең сүйікті досы кейіпінде келіп, оның көңілін көтереді және оған жақсы хабарлар айтады. Қабірі нұрға толады. Қиямет басталғанға дейін қабірінде қуанышты және мәз халде жатады. Ол кісіге қияметтің басталуынан да жағымдырақ ештеңе болмайды.

Білімі мен амалы аз болған және білім мен мәләкут сырларынан хабары болмаған мүминдердің дәрежесі бұдан төмен, оның қасына Руманнан кейін әдемі кейіпте, хош иісті және әсем киімді амалы келеді, «Мені білмейсің бе?» дейді.

Ол айтады: «Сен кімсің, Аллаһу та'ала сені маған осы жалғыз қалған кезімде нәсіп етті.» Ол: «Мен сенің салих амалдарыңмын. Қорқпа, мұңайма! Біраздан кейін Мүнкәр мен Нәкир періштелері келеді де, сені сұраққа тартады. Олардан қорқпа» дейді.

Бұдан кейін сұрақ періштелеріне беретін жауаптарды үйретіп жатқанда Мүнкәр мен Нәкир періштелері келеді. Төменде баяндайтынымыздай оны қыспаққа алады. Оны отырғызады. Одан «Мән Раббукә», яғни «Раббың кім?» деп сұрайды. Ол басында айтқанындай жауаптайды: «Раббым Аллаһ. Пайғамбарым Мұхаммед алейһиссалам, имамым Құран кәрім, құбылам Қағба, атам Ибраһим алейһиссалам, Оның ұлты менің ұлтым» дейді. Оның тілі еш тұтылмайды. Періштелер «Дұрыс айттың» дейді. Бұған дейінгі періштелер сияқты мәміле жасайды. Бірақ оған сол тарапынан тозақтың бір есігін ашады. Тозақтың жылан, шаян, шынжыр, ыстық суы мен заққумы (тозақ өсімдігі), яғни не бар болса, бәрін көреді. Ол адам мұны көріп көп айқайлайды.

Оған «Қорқпа, бұл жердің үрейлі жағдайлары саған зиян бере алмайды. Бұл жер сенің тозақтағы орның, Аллаһу та'ала мұны сенің жәннаттағы орныңмен ауыстырды. Ұйықта, сен саидсың (жәннаттықтың)» дейді. Кейін тозақ есігі жабылады. Айлап, жылдап өткен уақытты білмейді, сол күйде қалады.

Көптеген адамның өлерде тілі тұтылады. Егер сенімі (ақидасы) бұзылған болса [Әһли сүннет ғалымдарының үйреткеніне сай сенбеген, бидғатшыларға ерген болса], «Раббым Аллаһ» деп айта алмайды. Басқа сөздер айта бастайды. Періштелер бір рет ұрады, қабірі отқа толады. Кейін сөнеді. Бірнеше күн сөніп тұрады. Кейін қайтадан қабірде оның үстінде от пайда болады. Қиямет басталғанға дейін осы жағдай жалғасады.

Және көптеген адам «Дінім Ислам» деп айта алмайды. Олар не күмәнмен қайтыс болған, не қайтыс боларда фитналардың бірі жабысқан. [Әһли сүннет болмаған адамдардың сөздеріне, жазбаларына алданған.] Оны бір рет ұрады. Қабірі, жоғарыда айтылғандай, отқа толады.

Кейбір адамдар «Әл Қурани имами», яғни «Құран кәрім менің имамым» дей алмайды. Өйткені олар Құран кәрімді оқитын, бірақ одан насихат алмайтын және Құран кәрімдегі әмірлермен амал етпейтін, тыйым салған нәрселерінен сақтанбайтын еді. Оларға да алдындағыларға жасағандай жасайды.

Кейбір адамдардың амалдары қорқынышты кейіпке енеді. Оны тартады. Қабірінде күнәлары шамасында азапталады. Хабарларда көрсетілгені бойынша, «Кейбір адамдардың амалы хунут кейіпіне айналады.» Хунут – шошқаның баласына айтылады.

Кейбір адамдар «Пайғамбарым Мұхаммед алейһиссалам» деп айта алмайды. Өйткені бұл адамдар дүниеде сүннәти нәбәуияны (яғни Ислам дінінің әмірлері мен тыйымдарын» ұмытқан еді. Заманға, модаға ерген еді. Бала-шағасына Құран кәрім оқытпаған, Аллаһу та'аланың әмірлері мен тыйымдарын үйретпеген еді.

Кейбір адамдар «Құбылам Қағба» дей алмайды. Өйткені намаз оқу үшін құбылаға аз бұрылған немесе дәретінде қателік болған немесе намазында басқа нәрселерге көңіл бөлген, дүниелік істермен әуре болған немесе руку мен сәждесінде кемшілік болып, тадил-и әрканға мән бермеген.

Саған пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) риуаят етілген «Аллаһу та'ала мойнында қазаға қалған намаз қарызы бар болған адамның және харам киім [жилбаб] киген адамның намазын қабыл етпейді» деген хадис шәриф жеткілікті болады. [Бұдан аңғарылғаны, парыз намазды қазаға қалдырған адамдардың сүннеттері мен нәпілдері қабыл болмайды.] Кейбір адамдар «Уә Ибраһими әби», яғни «Ибраһим алейһиссалам менің атам» дей алмайды. Өйткені бір күні Ибраһим алейһиссалам яһуди немесе насрани деген сөз естіген және осы себептен күмәнге түскен еді. [Яки кәпір болған Азер Ибраһим алейһиссаламның әкесі деген еді.] Оған да әуелгілерге жасалғандай жасалады. Бұлардың бәрі «Ихия-ул-улум» атты кітабымызда кеңірек баяндалған.

[Жоғарыдағы хадис шәриф намазын үзірсіз оқымаған және дереу қазасын өтемеген адамның содан кейін оқитын намаздарының ешбірі қабыл болмайтынын білдіруде. Кейін оқыған намаздары шарттарына сай және дұрыс, ықыласпен оқылса, сахих болады, яғни намаз оқу міндеті орындалған, бұлардың күнәсінен құтылған болады. Бұл намаздарының ешқайсысы қабыл болмайды дегені – Аллаһу та'аланың уәде берген сауаптарына қауыша алмайды, олардың пайдасын көре алмайды деген сөз. Бес уақыт намаздың сүннеттері сауап алу үшін оқылады. Ол адамның сүннет намаздары қабыл болмайтындықтан, сүннеттері босқа оқылған болады. Сүннет намаздарының оған еш пайдасы тимейді. Сондықтан парыз намазын үзірсіз оқымаған адам бұл намаздарының дереу қазаларын өтеуі тиіс. Оқымаған намаздарының саны көп болса, сүннеттерді оқығанда сол уақыттың оқылмаған намазының қазасын оқуға ниет ету керек. Осылайша намазының қазасын өтегендіктен мұның үлкен азабынан құтылған болады. Қазалары тез бітіп, сүннеттерінің сауабына да қауыша бастайды. Үзірмен өткізіп алған парыз намаздары мұндай емес. Бұл хадис шәриф үзірсіз, жалқаулықпен оқылмаған намаздарға қатысты. Осы тақырыпта «Сәадәти Әбәдия» кітабында қаза намаздары бөлімінде кеңірек мәлімет бар.]