Өмірде бәрі тұрмысынан наразы...Бұл дүние рахаттық пен шаттық мекені емес. Бір күн қуансақ, бірнеше күн жылаймыз. Біздің ешқандай қиыншылығымыз болмаса да, жақындарымыздың басына келген дерттері бізді қинайды. Хасан Басри хазреттері айтқан: «Дүниеде рахаттық күтпе, егер табатын болсаң, көшеден ақша тауып алғаныңдай оны олжа деп сана.» Егер дүние рахаттық мекені болса, онда рахаттың үлкенін пайғамбарлар көретін еді. Алайда бәрінен көп қиыншылықты, қайғы-қасіретті Олар шеккен. Мысалы, Адам алейһиссалам ғасырлар бойы жылап көз жасын тоқтатпады. Нұх алейһиссаламды бәрі мазақтады, қорлады. Кеме соққан кезде қандай үлкен қиыншылықтар көрді... Ибраһим алейһиссаламды адамдар отқа тастап, өртемекші болды. Өзінің жалғыз баласын құрбандыққа шалуы әмір етілді. Бұл ең ауыр емтихан. Егер балаңды біреуге сойғыз немесе таудан таста деп айтылса оңайрақ болар еді. Бірақ әмір бойынша өз қолымен құрбандыққа шалуы керек еді... Иса алейһиссаламның тұратын үйінің болмауы және өмірін кедейлікте өткізуі. Яһудилер мен пұтқа табынушылардан көрген азаптары мен қорлықтары... Біздің пайғамбарымыз алейһиссалам көрген қиыншылықтар бәрінен көп еді. Таиф сапарында көрген қорлықтары, сол жақтың балаларының Оған тас лақтыруы, мүбәрәк аяқ киімінің қанға толуы және пайғамбарымыздың оларға қарғыс айтпауы. Ухуд соғысында жақсы көрген көкесі хазреті Хамза және басқа сахабалардың мерт болуы сияқты төтеп беру қиын болған қиыншылықтар... Демек, өмір сүріп жүрген осы дүниеміз рахаттану, зауықтану мекені емес. Ниғметтерінің өзі тек ләззаттан құралған емес. «Әрі тістерім бар болсын, әрі ауырмасын» деп, барлық нәрсеміздің түгел болуын талап ете алмаймыз! Дүниеде рахаттық күту сағымнан су үміттенуге ұқсайды. Өкінішден басқа адамға ештеңе бермейді. Бір кісі досына дұға етіп: «Аллаһ саған дүниеде еш қиыншылық бермесін!» дейді. Сонда досы «Сен менің өлуімді тіледің» дейді. Яғни дүниеде өмір сүріп, қиыншылық көрмеу мүмкін бе? Онда рахаттыққа қалай жетеміз? Құбылмалы тұрақсыз өмір сүріп жатырмыз. Ешкім өзінен сенімді емес. Бәрі өз жағдайына, тұрмысына шағымдануда, келген ниғметтерді азсынады, көзі басқа ниғметтерге түседі. Ондайлардың көзін тек қана қара топырақ тойдырады. Барлық адамдарда қорқыныш бар. Мысалы, өлімнен қорқу, аурудан қорқу, кедейліктен қорқу, жақындарынан айрылып қалудан қорқу. Бітпейтін қорқу! Осындай қорқынышпен өткен өмірдің қызығы қанша? Бір хадис шәрифте айтылған: «Мүмин кісі қандай нәсіпті, ниғметке қауышқанда шүкір етеді – сауап алады. Ауруға, қиыншылықтарға душар болғанда сабыр етеді – тағы сауап алады.» Сабыр ететін болсақ, қиыншылықтарымыз азаяды, жеңілдейміз, оның үстіне үлкен сауап аламыз. Сабыр етпесек, ауруларымыз, қиыншылықтарымыз артады, әрі күнәхар боламыз... |