19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Намаз / Ғибадат дегеніміз не?

Ғибадат дегеніміз не?

Ғибадат – бізді және бүкіл жаратылысты жоқтан бар еткен әрі әрқашан бар етіп ұстап тұрған, әр түрлі нығметтер мен жақсылықтар жіберіп, жетілдірген Аллаһу та’аланың әмірі мен тыйымдарын бұлжытпай орындау. Сонымен қатар, Аллаһтың махаббатына қауышқан пайғамбарларға, әулиелерге және ғалымдарға бағыну.

Сансыз нығмет берген Аллаһқа шамасы жеткенше шүкір ету әрбір жанның бірден бір міндеті. Бірақ адам баласы өзінің құсырлы ақылы және қысыр санасымен жаратқанға құрмет амалдарды таба алмайды. Құрмет болып саналатын амалдар Аллаһу та’ала тарапынан білдірілмейінше адам санасында мадақтау болған нәрселер жаратқан үшін мазақ ету, жамандау болуы мүмкін.

Адамдардың Аллаһқа деген діл, тіл және денемен өтеуі және сенуі қажет болған шүкір боршы мен құлдық міндеті, Аллаһу та’ала тарапынан білдірілген және Оның сүйікті Пайғамбары арқылы жеткізілген. Аллаһ білдірген және әмір еткен құлдық міндеттері «Исламият» делінеді. Аллаһу та’алаға шүкір ету, Оның Пайғамбары алып келген дінге бағыну арқылы жүзеге асады. Бұл дінге қайшы немесе бұл жолдың сыртында қалған еш бір шүкіршілік, ғибадатты Аллаһу та’ала қабылдамайды және ұнатпайды. Сондықтан да Ислам дінінен хабарсыз жұртшылықтың өз бетінше әр түрлі ритуалдарды орындауларының Аллаһ құзырында еш бір құны болмайды.

Демек, ақылы бар адамның Аллаһқа шүкір және дұрыс ғибадат етуі үшін Мұхаммед алейһиссаламға бағынуы шарт.

Мұхаммед алейһиссаламға бағынған адам ғана мұсылман деп аталады. Ал Аллаһқа шүкір етуге, яғни Мұхаммед алейһиссаламға бағынуға «Ғибадат ету» делінеді. Ислам екі бөлімнен тұрады:

1- Қалб, яғни жүрекпен сенуді қажет ететін нәрселер.

2- Дене мен жүрек арқылы орындауды қажет ететін ғибадаттар.

Денемен орындалатын құлшылықтардың ең құндысы намаз. Мүкәлләф болған әр кісінің күнде бес уақыт намаз оқуы парыз.