19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ислам діні ешқашан қиындықты бұйырмайды

Ислам діні ешқашан қиындықты бұйырмайды

Ислам дінінің әрбір әмірінде, бұйрығында түрлі пайдалар бар. Мысалы, дәрет пен тазалық көріністе тек денсаулыққа ғана аса пайдалы болуымен қатар, рухани жағынан да жүректің тазалығы мен рахаттығының белгісі болып табылады.

Намаз – Аллаһу та'аланың алдында тұру деген сөз. Аллаһу та'аланың алдында тұрғанда жүректің тазаланатыны анық. Жамандықтардан тазаланбаған жүрекпен Аллаһу та'аланың алдына шығуға болмайды. Дүниедегі жұмыстарда да осындай.

Дәрет алудың тән тазалығы екендігі, күнде бес рет денедегі бактерия көздерін тазалайтындығы баршаға мәлім. Ақылы мен білімі бар әр адам мұны біледі. Дәреттің жүрекке күш беретінін, рухты тазалайтынын бұрынғы замандарда тіпті поптар да білетін еді.

Имам Жафәр Садық хазреттері насихат айту үшін бір монахқа келді. Есікті қақты, бірақ есік кеш ашылды. Сонда Жафәр Садық хазреттері:

- Ей, монах, неліктен есікті кеш аштың, неге мені есік алдында күткізіп қойдың? – деп сұрады.

Сонда монах былай жауап берді:

- Терезеден сені көргенімде айбаттылығыңнан қатты қорқтым. Дереу дәрет алдым. Мен Тауратта оқығанмын, біреуден немесе бір нәрседен қорққан кезде дәрет алу керек. Дәрет адамды қауіп-қатерден қорғайды деп жазылған еді.

Жафәр Садық хазреттерінің насихаттарын тыңдаған монах бірден мұсылман болды. Жүрегі дәреттің берекетімен тазаланды.

Дінімізде көптеген жеңілдіктер де бар. Мысалы, солтүстіктегі суық мемлекеттерде өмір сүретін адамдар дәрет алғанда тек таңертең жылы сумен дәрет алып мәсілерін киеді. Қалған төрт уақытта дәреттерін бұзбай намаздарын оқи алады, әрі дәреттері бұзылған кезде мәсінің үстіне мәсіһ тартып дәрет алуына болады. Бұл жеңілдікті тек олар ғана емес, жағдайға қарай әрбір мұсылман пайдалана алады.

Егер су тигізу зиянды болса, онда топырақпен тәйәммум алуға да болады. Күніне бес рет сумен дәрет алу керек деген шарт жоқ. (Дәрет бұзылмаса, бір дәретпен қалағанынша намаз оқуға болады.)

Бір адамның денесінде ауру бар болып, дәрет алу, яғни сумен жуыну денсаулығына зиянды болса, тәйәммум алуына болады. Өйткені негізгі мақсат тек қана бетті, аяқ-қолды жуу емес, жүректің тазалануы, яғни Аллаһу та'аланың алдына шығу үшін дайындық жасау және Аллаһу та'аланы ойлау.

Зәру жағдайларда Ислам діні ешқашан қиындықты бұйырмайды. Расында «Дінде қинау жоқ» делінген. Құран кәрімде Бақара сүресінің 286-аятында «Аллаһу та'ала адамға шамасы жетпейтін нәрсені бұйырмайды» делінген. Яғни Аллаһу та'ала адамдарға шамасы жететін, істей алатын нәрсені әмір етеді, істей алмайтындарын әмір етпейді.

Ниса сүресінің 28-аятында «Аллаһу та'ала ғибадаттарыңның жеңіл, оңай болуын қалайды. Адам әлсіз, шыдамсыз етіп жаратылды» делінген.