Саудада ант ішуСұрақ: Бір тауарды алушыға ұнатқызу мақсатымен ант ішуге болады ма? Жауап: Шындық болса да, сауда-саттықта ант етпеу керек! Хадис шәрифтерде айтылған: «Тауарын ант етіп ұнатқызған адамға қияметте мейірім көрсетілмейді.» (Мүслим) «Саудада "Ант етемін осындай, құдай ақы ондай емес" деп ант ішкендерге және ұсталардан "Ертең кел, бүрсігүні кел" деп сөзінде тұрмайтындарға обал болсын!» (Дәйләми) «Өтірік антпен көп тауар сатылса да, ондай табыстың берекеті болмайды.» (Бұхари) «Сатып алушы мен сатушы бір-біріне шын сөйлеп, насихат еткенде табыстары берекетті болады, заттың кемшілігін жасырып, өтірік сөйлеген кездерінде бұл берекет кетеді.» (Бұхари) «Сауда-саттықта көп ант ету заттың берекетін кетіреді.» (Мүслим) «Бір заман келеді, адамдар тек қана мал-мүліктің, ақшаның келуін ойлап, халалын, харамын ойламайтын болады.» (Р. Насихин) «Тауарын сатып алушыға көрсеткен кезде саудагердің Аллаһ деуі, калима-и тауһид айтуы күнә болады. Бұларды ақша табуға құрал ету болып саналады.» (Әл-Ихтияр) «Әл-Ихтияр» кітабындағы осы үкімнен адамдарды дүкеніне тарту үшін діни жазулар асудың да дінді саудада құрал ету болып саналатындығы аңғарылуда. Әсіресе діннен, иманнан хабары жоқ адамдардың бұл әрекеті дінді теріс пайдалану болады. Ақылды адам ахиреттің шексіз табысын дүниенің өткінші табысына ауыстырмайды. Бүкіл жақсылықтардың діннің әмірлеріне бағынуда және орындауда екенін біледі.
Сұрақ: Тауарды сатып жатқан кезде ант етсек, сенімділік пайда болады. Сатылым көбірек болады. Шындықты айтып ант етудің зияны бар ма? Жауап: Шындық болса да, көп ант ету Аллаһу та'аланың есімін және антты құрметтемеуге жатады. Бұларды құрметтемей ант ету өте жаман. Тауарды сату үшін Аллаһтың есімін құрал етпеу керек. Екі хадис шәриф: «Тауарды сатқанда көп ант етуден сақтаныңдар! Көп табыс көрсеңдер де, бұған өкініп қаласыңдар.» (Мүслим) «Ант ету тауарды сатқызса да, тауардың берекетін кетіреді.» (Бұхари, Мүслим) Демек, көп табыс көру емес, табыстың берекетті болуы маңызды. Берекет – аз ақшаның көп пайдасы тиюі, көп нәрсеге жарауы деген сөз. Әсіресе өтірік ант ету және қулық жасау өте қауіпті. Екі хадис шәриф: «Тауарын өтірік антпен сатқан адамға ахиретте ауыр азап бар.» (Мүслим) «Саудаға қиянат араласқанда берекет кетеді.» (Ихия) Таразыда қулық жасау да үлкен күнә. Бір аяти кариманың мағынасы: «Бергенде кем, алғанда артық өлшегендерге ауыр азаптар беремін.» (Мутаффифин 1)
|