19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Үш нәрсе өте сирек кездеседі

Үш нәрсе өте сирек кездеседі

Дүниеге келген әр жанды азыққа мұқтаж. Ішіп-жемей өмір сүре алмайды. Өсімдіктер, жануарлар және біз – адамдар өмір сүре алу үшін тамақтануға мәжбүрміз. Жануарлар не тапса, соны жей бастайды. Олардың азығының халал немесе харам болуының маңызы жоқ. Ақылдары болмағандықтан, олар жауапкер де емес. Өсімдіктер әрекет ете алмайды, олардың ризықтары түбіне өзі келеді. Олар да келген ризықтарын ажыратып отырмайды. Періштелерде ішу, жеу деген нәрсе жоқ. Олар нұрдан жаратылған, нәпсілері де жоқ, әрдайым ғибадатпен айналысады.

Біз – адамдар, тамақсыз өмір сүре алмаймыз. Бірақ мән беруіміз керек болған нәрсе – асқазанымызға түсетін әр азыққа қараймыз, харам болғанынан сақтанамыз.

Халал азық табу, өзінің және бағуға жауапты болған адамдарының ризықтарын табу – ғибадат. Хадис шәрифте айтылған: «Халал напақа іздеу әрбір мұсылманға парыз». Басқа бір хадис шәрифте: «Сондай күнәлар бар, олар тек бала-шағаның ризығын халалдан табуда көрген қиыншылықтар арқылы ғана кешіріледі» делінген.

Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) айтқан: «Жұмыс істеңдер, ешкімге мұқтаж болмай өмір сүріңдер. Жұмыс істемей отырып алып "Йа, Раббым, маған ризық бер" деп ешкім дұға етпесін! Аспаннан алтын да, күміс те жаумайтынын сендер жақсы білесіңдер».

Сүйікті пайғамбарымыз алейһиссалам сахабаларымен бірге отырғанда бір жас жігітті көреді, таңертең ерте уақытта жылдам жүріспен базарға кетіп бара жатқан еді. Кейбір адамдар: «Мына жас жігіт жастық шағын, күш-қуатын Аллаһ үшін жұмсағанда жақсырақ болмас па еді?» десті. Мұны естіген пайғамбарымыз алейһиссалам оларға: «Олай айтпаңдар, оның осы құлшынысының өзі ғибадат және Аллаһ үшін саналады» деді.

Бір адам Суфиян Сәури хазреттерінен «Жамағатпен намаз оқығанда қай сапта тұрудың сауабы көбірек болады?» деп сұрады. Сонда оған Суфиян Сәури хазреттері «Сен жеген тамағыңа мән бер, халал болсын, одан кейін қай сапта тұрсаң да бәрібір» деп жауаптаған екен.

Хадис шәрифте айтылған: «Табысы харам болған адам оны садақа қылып таратса, садақасы қабыл болмайды. Егер өзіне алып қалса, оған бұл табыс тозақ азығы болады.»

Қазіргі заманда табысты және азықты халалдан табу өте қиын екенін мойындау керек. Хадис шәрифте бұған ишарат бар: «Үмбетіме сондай бір заман келеді, үш нәрсе өте сирек кездеседі, сол себептен өте құнды саналады: Халал ақша, Аллаһ үшін жақсы көретін дос және бидғаттардан аулақ сенім мен ғибадат».

Бәрінен де мұқият болуымыз керек болған нәрсе: асқазанымызға түсетін әрбір азықты, әмиянымызға немесе қалтамызға түсетін әрбір тиынды қадағалап, күмәнді болғандарынан сақтану болуы керек...