19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   


НӘПІСПЕН ЕСЕПТЕСУ

Үлкен Ислам ғалымы Имам Мұхаммед Ғазали (рахметуллаһи алейһ) [450] хижри жылы Тус қаласында туылып, 505 [м.1111] жылы сол жерде қайтыс болған. Жүздеген кітаптарының ішінде соңғы жазған «Кимия-и сәадат» атты кітабында төртінші томның алтыншы бөлімінде парсы тілінде былай жазған:

Әнбия сүресінің қырық жетінші аятында: «Қиямет күні таразы құрамын. Ол күні ешкімге зұлымдық жасалмайды. Әр адамның дүниеде жасаған түйірдей жақсылығы мен жамандығын шығарып, таразыға қоямын. Әр адамды есепке тартуға үлгеремін» деді. Әркім дүниеде өзін есепке тартып жүрсін деп осылай хабар берген. Пайғамбарымыз (алейһиссалам) айтқан: «Мына адам ақылды: күнді төртке бөліп, біріншісінде істегендерін және істемекші болғандарын есепке тартады. Екіншісінде Аллаһу та'алаға жалынып жалбарынады. Үшіншісінде бір кәсіпте немесе саудада жұмыс істеп, халал ақша табады. Төртіншісінде демалады және мубах болған нәрселермен айналысып тынығады, харам істемейді және оларға бармайды».

Екінші халифа Омар-ул-Фаруқ (радиаллаһу анһ) [23 жылы Мәдина қаласында қайтыс болды, қабірі Хужрә-и сәадатте] айтқан, есепке тартылмай тұрып өздеріңді есепке тартыңдар! Аллаһу та'ала: «Шәһуаттарыңды [яғни нәпсінің қалауларын] харамдардан алмауға тырысыңдар және осы күресте берік, төзімді болыңдар!» деген. Сондықтан дін ғұламалары бұл дүниенің базар орнындай болғанын және бұл жерде нәпіспен сауда-саттықта болғанын түсінген. Бұл сауданың табысы – жәннат. Ал зияны – тозақ. Яғни түсіретін пайдасы мәңгі бақыт, ал зияны шексіз пәлекет. Олар нәпістерін саудадағы серіктес орнына қойған. Серіктеспен әуелі келісім шарт жасалады. Кейін іс-әрекетіне, сөзінде тұратындығына мән беріледі. Соңында, есептесіп, қиянат жасаса, сотқа беріледі. Олар да нәпістерімен серіктес сияқты ретімен мыналарды жасайды: Серіктестік құру, мурақабә – оны тексеріп бақылау, мухасәбә – есептесу, муақабәт – жазалау, мүжаһадә – онымен күресу және муатәбәт – оған ұрсу.

1) Бірінші іс – серіктестік құру. Саудадағы серіктес адамның ақша табудағы серіктесі болуымен қатар, кейде қиянат жасағанда дұшпаны болады.

Алайда дүниеде түскен пайдалар өткінші. Ақылды адам бұған мән бермейді. Тіпті кейбірлері «Өткінші болған қайыр мәңгі қалған жамандықтан да құнсыз» деген. Адамның әрбір тынысы құнды гауһар сияқты, олардан қазына жинауға болады. Негізінде осыны есептеу қажет. Ақылды адам күнде таң намазынан кейін ойына ештеңе алмастан серіктесі болған нәпсіне былай айтуы керек: «Менің капиталым – тек қана өмірім. Басқа ештеңем жоқ. Бұл капитал сондай құнды, әр шыққан демді ештеңемен қайтарып алуға болмайды, әрбір тыныс санаулы, бара-бара азаюда. Өмір біткенде сауда тоқтайды. Саудаға кірісейік, өйткені уақытымыз аз, ал ахирет ұзын болса да, ол жақта сауда мен кіріс болмайды. Бұл дүние күндері сондай қымбат, ажал келгенде бір күн рұқсат сұрасаң да берілмейді. Қазір бұл ниғмет қолымызда. Әй, нәпсім, өте мұқият бол, осы үлкен капиталды қолдан жіберіп алма! Артынша жылау, қайғыру пайдасыз. Қазір ажалыңның келгенін, тағы бір күн беруін сұрап, жалынып жалбарындың және саған бір күн берілді, бүгініңді сол саған берілген күн деп ойла! Олай болса, осы күнді қолдан жіберіп алудан, онымен бақытқа қолжеткізбеуден үлкен шығын болуы мүмкін бе? Ертең өлетіндей тіліңді, көздеріңді және жеті мүшеңді харамнан сақта!»

Тозақтың жеті есігі бар делінген. Бұл есіктер сенің жеті мүшең. Бұл мүшелерді харамнан сақтамайтын болсаң және бүгін ғибадат жасамайтын болсаң, сені жазалаймын! Нәпіс бағынбайды, әмірлерді орындағысы келмейді, дегенмен насихат тыңдайды және риязат жасау, қалағандарын бермеу оған әсер етеді. Міне, нәпіспен есептесу осылай болады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Ақылды кісі – өлмей тұрып өзін есепке тартқан, өлімнен кейін өзіне пайдасы тиетін, жарайтын нәрселерді жасаған адам» деген. Тағы бір ретінде: «Жасамақшы болған әр ісіңді алдымен ойлан, Аллаһу та'ала разы болған, рұқсат берген іс болса, онда істе! Ондай болмаса, ол істен аулақ бол!» деген. Міне, күнде нәпіспен осылай келісім жасау керек.

2) Екінші іс – мурақабә. Яғни нәпісті тексеру, оны бақылаусыз қалдырмау. Егер оны бақылаусыз қалдырсаң, ол өз шәһуеттеріне және жалқаулығына қайтады. Аллаһу та'аланың әр ісімізді, әр ойымызды білетіндігін ұмытпауымыз керек. Адамдар бір-бірінің сыртқы көрінісін көреді. Ал Аллаһу та'ала әрі сыртқы көрінісін, әрі ішкі дүниесін көреді. Мұны білетін адамның іс-әрекеттері мен ойлары әдепті болады. Бұған сенбейтін адам – кәпір. Ал сеніп, бірақ қарсылық білдіру үлкен батылдық. Аллаһу та'ала «Ей, адам! Сені әр сәтте көріп тұрғанымды білмейсің бе?» деген. Бір Хабәштік кісі Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп: «Көп күнә істедім. Тәубем қабыл болады ма?» деп сұрағанында пайғамбарымыз «Иә, қабыл болады» деді.

Әлгі кісі «Сол күнәларды істегенімде Ол мен көріп тұрған ба еді?» деп сұрады, «Иә» деген жауапты естігеннен кейін хабәштік бір күрсініп құлады да, қайтыс болды. Иман мен ұяттылық осындай болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Аллаһу та'аланы көріп тұрғандай ғибадат етіңдер! Сендер Оны көрмесеңдер де, Ол сендерді көріп тұр.» Оның көріп тұрғанына сенген кісі Ол ұнатпайтын нәрсені істей алады ма? Ғұламалардың бірі бір шәкіртін басқаларына қарағанда көбірек жақсы көретін еді. Басқалары бұл жағдайға ренжитін еді. Сонда ұстазы әр шәкіртіне бір-бір құс ұстатып «Мынаны ешкім көрмейтін бір жерде сойып алып келіңдер» деді. Бәрі ешкім көрмейтін оңаша жер тауып, құсты сойып алып келді. Ал әлгі жақсы көретін шәкірті соймай алып келді. Ұстазының «Неге айтқанымды істемедің, неліктен соймай алып келдің?» деген сұрағына «Ешкім көрмейтін жер таба алмадым. Ол (Аллаһу та'ала) барлық жерді көріп тұр» деп жауап берді. Басқа шәкірттер оның мушаһада дәрежесінде екенін түсінді. Мысырдың қаржы уәзірінің әйелі Зәлиха Юсуф пайғамбарды (алейһиссалам) бөлмесіне шақырған кезде алдымен үйде тұрған бір мүсіннің (пұттың) бетін жауып қойды. «Неге оның бетін жауып қойдың?» деген сұраққа «Одан ұялғаным үшін» деп жауап берді. Сонда Юсуф алейһиссалам «Сен бір тастан ұяласың, ал мен жерді және жеті қабат аспанды жаратқан Раббымның көруінен ұялмаймын ба?» деді.

Бір адам Жүнәйд Бағдадиға (207-298 [м.910] Бағдатта) (қуддиса сиррух) сұрақ қойып: «Көшеде әйелдерге, қыздарға қараудан өзімді тия алмай жүрмін. Бұл күнәдан құтылу үшін не істесем болады?» дегенінде «Аллаһу та'аланың сені сенің сол әйелді көруден де көп көретінін ойла!» деп жауаптады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Аллаһу та'ала Адн атты жәннатты мына адамдар үшін жаратқан: күнә істейтін кезде Оның ұлылығын ойлап, Одан ұялып, күнәлардан тиылады».

[Әйелдердің шаш, аяқ-қолдары ашық күйде көшеге шығуы харам. Иманды әйелдер Аллаһу та'аланың көріп тұрғанын ойлауы керек, бөтен еркектерге жалаңаш көрінбеуі керек.] Абдуллаһ ибн Динар (радиаллаһу анһ) айтып берген: Омармен (радиаллаһу анһ) бірге Меккеге бара жатқан едік. Бір шопан отарын таудан түсіріп келе жатқан еді. Халифа (радиаллаһу анһ) «Мына қойларыңның бірін маған сат!» деді. Сонда шопан «Мен жай бір қызметші құлмын. Бұлар менің малым емес» деп жауаптады. «Қожайының білмейді, қасқыр шауып алып кетті дейсің!» дегенінде әлгі құл: «Ол білмесе, Аллаһу та'ала біледі ғой» деп жауап берді. Омар (радиаллаһу анһ) жылап, құлдың қожайынын тауып, құлды сатып алды да, азат етті. Кейін оған: «Бұл сөзің сені осы дүниеде азат еткеніндей, о дүниеде де азат етеді» деді.

3) Үшінші іс – амалдардан кейін оларды есепке тарту. Күнде жатарда сол күні жасаған істері үшін нәпісті есепке тарту керек, капиталды табыс пен шығыннан ажырату керек. Капитал – парыздар. Табыс – сүннеттер мен нәпілдер. Ал шығын – күнәлар.

Адам серіктесіне алданбау үшін онымен есептескеніндей, нәпіске одан да мұқият қарау керек. Өйткені нәпіс өте қу және өтірікші. Өз қалауларын саған жақсы, пайдалы қылып көрсетеді. Тіпті әрбір мубахты да «Мұны не үшін істедің?» деп сұрау керек. Егер зиянды бір нәрсе істеген болса, өтеткізу керек. Ибнуссамад – ғұламалардан еді. Алпыс хижри жылдық өмірінің есебін жасады. Жиырма бір мың бес жүз күн еді. «Ах! Күнде кем дегенде бір күнә істеген болсам, мен жиырма бір мың бес жүз күнәдан қалай құтыламын? Алайда жүздеген күнә істеген күндерім де болған» деп ойланып, бір айқайлап құлады. Сөйтсе рухын тапсырып қайтыс болған екен.

Алайда, адамдар өздерін есепке тартпайды. Егер әр күнә істегенде бөлмесіне бір түйір құм кіргізсе, бірнеше жылда бөлме құмға толар еді. Егер екі иығымыздағы амал жазатын періштелер әр күнәға бір тиын сұрағанда еді, мал-мүлкіміздің бәрін беруіміз қажет болар еді. Алайда бейқамдықпен, әртүрлі ойлармен бірнеше субханаллаһ десек тәспіні алып санаймыз, жүз рет тәспі санадым дейміз де, күнде әртүрлі бос сөздер сөйлеп, оларды санамаймыз. Санайтын болсақ, күнде бірнеше мыңнан асады. Одан кейін таразыда сауап жағының ауыр басатынына үміттенеміз. Бұл қандай ақыл? Омар (радиаллаһу анһ) осы себептен айтқан: «Амалдарың тартылмай тұрып әуелі өздерің амалдарыңды есепке тартыңдар!» Омар (радиаллаһу анһ) күнде кешке қамшымен аяқтарын ұрып, «Бүгін неге осылай істедің?» дейтін еді. Ибн Сәлам (рахметуллаһи алейһ) арқасына отын жүктеп таситын еді. «Сен жүкшісің бе?» деп сұрағандарға «Нәпсімді сынап көріп жатырмын, қалай болатынын көрейік» деп жауаптаған. Әнас (радиаллаһу анһ) [91 жылы қайтыс болды] айтып берген: «Омарды көрдім (радиаллаһу та'ала анһ), өз-өзіне "Обал болсын саған, ей, нәпсім, саған елдің бәрі әмир-ул-му'минин (мүминдердің әмірі) дейді. Не Аллаһу та'аладан қорқ, не Оның азабына дайындал!" деп айтқан еді.»

4) Төртінші іс – нәпісті жазалау. Нәпіспен есептесіп, қателіктерін тауып, жазаланбайтын болса, ол батылдық жинайды, қыңырлана бастайды. Игеріп алу қиынға соға бастайды. Күмәнді нәрсе жеген болса, аш қалдыру керек, бөтен әйелдерге қараған болса, жақсы мубахтарға қаратқызбау керек. Әр мүшеге осылай жаза беру қажет. Жүнәйд Бағдади (рахметуллаһи алейһ) (298 [м.910] жылы Бағдатта қайтыс болды) айтып берген: «Ибнил Кәзити (рахимә-һуллаһу та'ала) бір түні жүніп болды. Ғұсыл алуға тұрмақшы болғанында нәпсі жалқауланып, "күн суық, ауырып қаласың, шыдай тұр, ертең моншада жуынасың" деді. Суық күнде киімімен шомылып, ғұсыл алуға ант етті. Солай істеді және "Аллаһу та'аланың әміріне немқұрайлы қараған нәпістің жазасы осы" деді.»

Бір адам бір бөтен қызға қарап қойды, кейін өкініп, жаза ретінде салқын су ішпеуге ант етті және антын орындап салқын су ішпеді. Әбу Талха (радиаллаһу та'ала анһ) бақшасында намаз оқып жатқан еді. Бір әдемі құс қасына қонды. Құсқа көңілі бөлініп, қанша рәкат оқығанын шатастырды. Нәпсіне жаза ретінде сол бақшаны кедейлерге садақа қылып берді. [Әбу Талха Зәйд бин Сәһли Ансари барлық соғыстарға қатысты. (34) жылы 74 жасында қайтыс болды.] Малик бин Абдуллаһ Хәсами (рахимә-һуллаһу та'ала) айтып берген: «Рәбахул Қайси (рахимә-һуллаһу та'ала) келіп әкемді сұрады. Мен "Ол ұйықтап жатыр" деп едім, "Екіндіден кейін ұйықтауға бола ма екен?" деп кетіп қалды. Мен оның артынан жүрдім. Сөйтсем ол өз-өзіне "Ей, ашық ауыз! Сенің не шаруаң бар, біреудің ұйқысына араласып нең бар? Сөз беремін, бір жыл басыңды жастыққа тигізбейсің" деп сөйлеп бара жатыр екен. Тәмим Дари (радиаллаһу анһ) ұйқы басып, ақшам намазын өткізіп алған еді. Нәпсіне жаза ретінде бір жыл ұйықтамауға уәде берді. [Тәмим Дари сахаба еді.] Мәжма (рахимә-һуллаһу та'ала) ғұламалардан еді. Бір терезеге қарап бір қызды көріп қалды. Ендігәрі жоғары қарамауға ант етті.

 5) Бесінші іс – мүжаһадә, кейбір ғұламалар нәпістері қателік жібергенде жаза ретінде көп ғибадат жасайтын еді. Абдуллаһ ибн Омар (радиаллаһу анһума) намазда жамағатқа үлгере алмай қалса, сол күні түні бойы ұйықтамайтын еді. Омар (радиаллаһу анһ) жамағатқа үлгермегені үшін екі жүз мың дирхам күміс құнында затын садақа қылып таратты. Абдуллаһ ибн Омар (радиаллаһу анһума) бір ретінде ақшам намазын кешіктірген еді. Далаға қараңғы түсіп, екі жұлдыз көрінген еді. Осыншалықты кешіктіргені үшін екі құл азат етті. Осылай жасағандар көп. Нәпсіне ғибадаттарды жақсы көргізіп жасатқыза алмаған адамға ең жақсы шарасы – бір салих кісінің қасында болу. Оның ғибадаттарды рахаттанып орындап жатқанын көріп, өзі де соған дағдыланады. Бір кісі айтқан: «Ғибадат жасауға нәпсімнің жалқауланғанын байқаған кезімде Мұхаммед бин Уасимен (рахимә-һуллаһу та’ала) сұхбаттасамын. Онымен бірге болу арқылы нәпсімнің бір аптада ғибадаттарды қуанып орындағанын байқаймын.» Ондай Аллаһтың сүйікті құлын таба алмағандар бұрын өмір сүрген салих кісілердің өмірбаяндарын оқуы керек. Ахмед бин Зәрин (рахимә-һуллаһу та’ала) жан-жағынаеш қарамайтын еді. Мұның себебін сұрағандарға «Аллаһу та'ала екі көзді дүниедегі реттілікке, әр нәрсенің хикметіне және Оның құдіреті мен ұлылығына ғибратпен қарау үшін жаратты. Ғибрат алмай, жай ғана қарау қателік саналады» деді. Әбуддәрда (радиаллаһу та’ала анһ) айтқан: «Дүниеде үш себеппен өмір сүргім келеді: ұзын түндерде намаз оқу үшін, ұзын күндерде ораза ұстау үшін және салих адамдардың қасында отыру үшін.»

[Әбуддәрда (радиаллаһу та’ала анһ) Асхаби кирамнан. Хазреж тайпасынан. Шам қаласының әкімі еді. (33) жылы қайтыс болды.] Алқама бин Қайс (рахимә-һуллаһу та’ала) нәпсімен көп күресетін еді. «Неліктен нәпсіңді осыншалықты қинайсың?» деп сұрағандарға «Оны жақсы көргенім үшін, оны тозақтан қорғау үшін» дейтін еді. «Саған осыншалықты қиыншылық көру бұйрылмаған ғой» дегенде «Ертең басымды ұстап неге істемедім демеу үшін» деп жауаптайтын еді. [Алқама табииннің ұлыларынан. Ибн Мәсудтың (радиаллаһу та’ала анһ) шәкірті. 61 жылы қайтыс болды.]

[Мұхаммед бин Уаси 112 [м.721] жылы қайтыс болды.]

6) Алтыншы іс – нәпіске ұрсу, оны кінәлау.

Нәпіс – жаратылысында жақсы амалдардан қашатын, жамандықтарға ұмтылатын болмыс және үнемі жалқауланып, шәһуаттарына жетуді қалайды. Аллаһу та'ала бізге нәпістерімізді осы мінезінен бастартқызуды, қате жолдан тура жолға түсіруді бұйырған. Бұл міндетімізді орындай алуымыз үшін оны кейде құптауымыз, кейде қинауымыз, кейде сөзбен, кейде амалмен алдауымыз керек. Өйткені нәпіс сондай жаратылған, өзіне жағымды нәрселерге ұмтылады және бұған қолжеткізу жолында көретін қиыншылықтарға төзеді. Нәпістің бақытқа қауышуына тосқауыл болған ең үлкен перде – ғапілдігі мен сауатсыздығы. Ғапілдіктен оятып, бақыттың қайда екені көрсетілсе, ол қабылдайды. Сондықтан Аллаһу та'ала «Зарият» сүресінде: «Оларға насихат ет! Насихат мүминдерге әлбетте пайдасын тигізеді» деген. Сенің нәпсің де бәрінің нәпсі сияқты. Оған насихат әсер етеді. Олай болса, өз нәпсіңе насихат айт және оны айыптап ұрыс! Тіпті оған айыптап ұрсуды еш тоқтатпа!

Оған айт: «Ей, нәпсім! Ақылдымын дейсің және саған ақымақ дегендерге ашуланасың. Алайда сенен асқан қандай ақымақ бар, өміріңді бос нәрселермен, ойын-сауықпен өткізудесің. Сенің жағдайың полиция іздеп жатқанын, ұстап алса өлім жазасын беретінін білсе де уақытын ойын-сауықпен өткізетін қылмыскердің жағдайына ұқсайды. Бұдан асқан ақымақ бар ма? Ей, нәпсім! Ажал саған жақындап келуде, жәннат пен тозақтың бірі сені күтуде. Ажалыңның бүгін келмейтіні қайдан мәлім? Бүгін келмесе де, бір күні міндетті түрде келеді. Басыңа келетін нәрсені келді деп біл! Өйткені өлім ешкімге уақытын белгілеп келмеген, күндіз немесе түнде, тез немесе кеш, жазда немесе қыста келемін демеген. Әр адамға әп-сәтте еш күтпеген кезде келеді. Егер осыған дайындалмаған болсаң, бұдан асқан ақымақтық болуы мүмкін бе? Олай болса, сенің обалың жоқ, ей, нәпсім!

 Күнәларға беріліп кеттің. Аллаһу та'ала осы күйіңді көріп тұрған жоқ деп ойласаң, онда сен кәпірсің! Егер көріп тұрғанына сенсең, демек сен өте аусар және ұятсызсың, Оның көріп тұрғанына мән бермейсің! Олай болса, сенің обалың жоқ, ей, нәпсім!

Қызметшің саған бағынбаса, оған қалай ашуланасың! Онда Аллаһу та'аланың саған ашуланбайтынына қалайша сенімдісің? Егер Оның азабын жеңіл деп санасаң, саусағыңды оттың алауында ұста! Немесе қызып тұрған күннің астында бір сағат отыр! Яки моншаның шабыну бөлмесінде ұзақ отыр да, әлсіздігіңді, шыдай алмайтыныңды түсін! Жоқ, егер дүниеде жасағандарыңа жаза бермейді деп ойласаң, Құран кәрімге және жүз жиырма төрт мыңнан астам пайғамбарға (алейһимуссалауату уәттәслимат) сенбеген боласың, бәрін өтірікші қылған боласың. Өйткені Аллаһу та'ала «Ниса» сүресінің жүз жиырма екінші аятында «Күнә істеуші жазасын тартады» деген. Жамандық жасаған адам жамандық көреді. Олай болса, обалың жоқ сенің, ей, нәпсім!

Күнә істеген кезде Ол мейірімді, рақымды, мені кешіреді десең, дүниеде жүз мыңдаған адамға Ол неліктен қиыншылық, аштық және ауру беріп жатыр, неліктен егін екпегендерге өнім бермейді? Шәһуаттарыңа қауышу үшін барлық қулықтарды істейсің және ол кезде Аллаһу та'ала рақымды, мейірімді, қалағандарымды маған оңай бере салады демейсің. Олай болса, сенің обалың жоқ, ей, нәпсім!

Бәлкім, «Сенемін, бірақ қиыншылыққа шыдай алмаймын» дейтін шығарсың. Демек сен үлкен қиыншылыққа шыдай алмайтындардың аздаған бейнетпен осы қиыншылықтың алдын алу керек екенін, тозақ азабынан құтылу үшін дүниеде қиындыққа төзудің парыз екенін білесің. Қазір дүниенің біршама қиындығына шыдай алмасаң, ертең тозақ азабына және ахиреттегі қорлық пен жәбірге, қуылуға қалай шыдамақшысың? Олай болса, сенің обалың жоқ, ей, нәпсім!

Ақша табу үшін көптеген қиыншылық пен қорлыққа шыдап, аурудан құтылу үшін бір яһуди дәрігердің сөзімен барлық зауық және шәһуаттарыңнан тыйыласың, ал тозақ азабының ауру мен кедейліктен де ауыр екенін және ахиреттің дүниеден әлдеқайда ұзақ екенін білмейсің. Олай болса, сенің обалың жоқ, ей, нәпсім!

Кейін тәубе етемін, жақсы амалдар жасаймын десең, өлім одан бұрын келуі мүмкін, өкініп қаласың. Ертең тәубе етуді бүгін жасаудан оңайрақ деп санасаң, онда сен алдандың. Өйткені тәубе уақыт өткен сайын қиындай береді, өлім жақындаған сайын малға жар ауызындажем бергендей пайдасы болмайды. Сенің бұл жағдайың сабағын оқымай, емтихан күні бәрін үйреніп аламын деп ойлайтын және білім алуға ұзақ уақыт керек екенін білмейтін оқушыға ұқсайды.

Осы сияқты, лас нәпісті тазалау үшін де ұзақ уақыт күресу керек. Өмір босқа өтіп кетсе, бір сәтте мұны қалай істей аласың? Қартаймай тұрып жастық шақтың, ауырмай тұрып денсаулықтың, қиыншылық келмей тұрып рахаттықтың және өлмей тұрып өмірдің қадірің неге білмейсің? Олай болса, обалың жоқ сенің, ей, нәпсім!

Неліктен қыста мұқтаж болатын нәрселеріңнің бәрін жаздан бастап дайындап еш кешіктірмейсің және бұларға қолжеткізуде Аллаһу та'аланың мейіріміне, рақымына жүгінбейсің? Алайда, тозақтың зәмһәрирі қыстың суығынан аз емес, ал отының ыстығы шілде күнінен аз емес. Бұлардың дайындығын кемшіліксіз толық жасайсың, ал ахирет амалдарына немқұрайлы қарайсың. Мұның себебі не? Әлде ахирет пен қиямет күніне сенбейсің бе, жүрегіңдегі күпірді өзіңнен жасырып жүрсің бе? Бұл сенің мәңгі пәлекетке ұшырауыңа себепші. Олай болса, сенің обалың жоқ, ей, нәпсім!

Марифет нұрының қамқорлығына жүгінбей, өлгеннен кейін шәһуат отының азаптайтынынан Аллаһу та'аланың рақымы мен мейірімімен құтыламын деп ойлайтын адам қалың киіммен қорғанбай қыстың аязының Аллаһу та'аланың мейірімімен оны жауратпайтынын ойлайтын адамға ұқсайды. Ол адам білмейді, Аллаһу та'ала көптеген пайдалар үшін қысты жаратқан болса да, мейірім танытып, киім тігуге қажет болған нәрселерді де жаратқан, әрі адамдарға киім тігуге ақыл мен ойлау қабілетін берген. Яғни Оның сыйы киім жасау жолын жеңілдетуде, киімсіз жаурамау түрінде емес. Олай болса, сенің обалың жоқ, ей, нәпсім!

Сенің күнәларың Аллаһу та'аланы ашуландырғаны себебінен азапталасың деп ойлама және «Маған ашуланатындай менің күнәларымның Оған қандай зияны бар» деп айтпа! Сенің ойлағаныңдай емес. Сені жағатын тозақ азабы сенің ішіңде және шәһуаттарыңнан пайда болуда. Расында, адамның ауруы ішкен уынан және ішіне кірген зиянды нәрселерден пайда болған, дәрігердің сөзін тыңдамай, оның ашулануы себебінен пайда болмаған. Олай болса, сенің обалың жоқ, ей, нәпсім!

Ей, нәпсім! Түсінгенім бойынша, сен дүниенің қызығына алданыпсың және оған беріліпсің! Жәннат пен тозаққа сенбесең, ең болмағанда өлімді жоққа шығарма! Осы ниғмет пен қызықтардың бәрін сенен алып қояды, сен олардан айрылу азабын шегесің! Оларды қалағаныңша жақсы көр, қалағаныңша байлан, айрылған кезде жақсы көрген шамаңда қиналасың. Олай болса, сенің обалың жоқ, ей, нәпсім!

Неліктен дүниеге жармасасың? Бүкіл дүние сеніңкі болса да, дүниедегі адамдардың бәрі саған сәжде етсе де, аз уақыттан кейін сен де, олар да топыраққа айналасыңдар! Есімдерің ұмытылып кетеді. Өткен патшаларды есіне алып отыратындар бар ма? Алайда саған дүниеліктен аздаған нәрсе берілген. Оның өзі бұзылып өзгеруде. Осылар үшін мәңгі жәннат ниғметтерін пида етудесің. Олай болса, сенің обалың жоқ, ей, нәпсім!

Бір адам өте қымбат гауһартасқа сынған құмыра сатып алса, оған қалай күлесің? Дүние осы алынған құмыра сияқты. Оны сынды деп біл және мәңгі гауһартасты қолдан кетті деп біл, саған өкіну мен азап қалды деп біл!»

Осылармен және осы сияқты сөздермен әркім өз нәпсіне ұрсып, өз ақысын өтеуі керек және насихат айтуда әуелі өзінен бастауы қажет! Аллаһу та'ала дұрыс жолда жүргендерге саламаттық берсін! Әмин.