Жамандықтардан құтылудың жолы
Аллаһу та’ала өлімнен басқа барлық аурулардың дауасын, шипасын жаратқан. Барлық қиыншылықтардың, барлық қасіреттердің шарасы бар. Барлық нәрсе бір себеппен жаратылған. Бір нәрсеге қауышқысы келетін адам ол нәрсенің себебіне жабысады. Кез келген нәрсенің себебіне жабысқан адам ол нәрсенің нәтижесіне қауышады. Барлық дерттің, аурудың, қиыншылықтың дәрісі, шешімі бар болғаны секілді, жамандықтардан құтылудың да жолы, шешімі бар. Дұрыс оқылған намаз барлық жамандықтан құтылудың жолы болып табылады. Өйткені Анкебут сүресінің 45-ші аятында «Дұрыс оқылған намаз адамды үлкен күнәлардан және Аллаһу та’аланың разы болмаған нәрселерінен қалайда алыстатады.» делінеді.
Аят кәримадағы “қалайда” деген сөз міндетті түрде деген мағынаны білдіреді. Яғни намаз адамды жамандықтардан міндетті түрде алыстатады деген сөз. Бірақ аяти кәримада кез-келген намаз емес “дұрыс оқылған намаз” деп бұйырылған.
Шарттары түгел орындалып, дұрыс оқылған намаз барлық жамандықтардан құтылудың емі болып табылады. Адамды әр түрлі жамандықтардан тазалайды. Бұған сену керек. «Сенбеген махрұм қалар» деген аталы сөз бар. Сеніп, шарттары толық орындалып оқылған намаз адамды жамандықтардан міндетті түрде құтқарады. Намаз оқи жүріп жамандықтардан құтыла алмаған адам қатені өзінен іздеуі керек. Ғұсылын, дәретін және намаздарын тексеруі керек. Міндетті түрде бір жерінде қатесі бар. Өйткені Аллаһу та’аланың бұл мәселе жайлы қойған үкімі нақты: «Дұрыс оқылған намаз адамды харамдардан және төменгі нәрселерден алыстатады!» Адамды жамандықтан тыймаған, тыйа алмаған намаз дұрыс намаз емес. Ол тек сырттан қарағанда намаз болып көрінгендіктен көріністе ғана намаз. Алайда дұрыс намаз оқуға қол жеткізгенге дейін көріністегі намазды да қолдан жібермей оқып жүру керек. Намаз тараз сияқты. Кім таразын толтырып дұрыс өлшесе, намазын кітаптағыдай толықтырып оқыса сауаптарға, сияпаттарға қауышады. Кімде-кім кем өлшейтін болса, яғни намазын шарттарына және сүннеттеріне сәйкес оқымаса, Аллаһу та’аланың дайындаған тозағын еске алсын. Сондықтан ата-аналардың балаларына намаздың маңыздылығын үйретуі және міндетті түрде намаз оқытулары керек. Балалардың намаз оқуына кедергі болатын барлық нәрсе, оның пәлекетіне де себеп болатынын білуі керек. Балалардың болашағын кепілге алу оны жақсы мұсылман етіп тәрбиелеумен ғана жүзеге асады. Тек жоғарғы білімді деген дипломмен баланың болашағы кепілге алынған болмайды. Тәрбие көрмеген адамның қолына диплом беру ақымақтың қолына пышақ берумен бірдей. Олай болса балаға алдымен мұсылмандықты үйрету одан кейін жоғары оқу орнына беру керек. Жақсы мұсылман болғаннан кейін барып дипломның пайдасы тиеді. Сонда ғана адам өзіне де, халыққа да пайдалы бола алады. Егерде бір ата-ана перзентіне намаз оқытпаса, бұл оны өз қолымен жаһаннамға тастап жатыр деген сөз. Адамды дүниеде және ахыретте пәлекеттерден, қиыншылықтардан құтқаратын жалғыз амал – намаз. Муминун сүресінің басындағы аяти кәримада «Мұсылмандар міндетті түрде құтылады. Олар намаздарын хушумен оқитындар» делінген. Хушу – намазды кемшіліксіз, беріліп тұрып оқу деген сөз. Дүние жұмыстарында бір келеңсіз жағдайға, қиыншылыққа тап болған адам истиғфарға және намазға бет бұруы керек. Дұрыс оқылған намаз барлық дертке дауа болады. Дүниелік қиыншылықтарды сылтау етіп намазға немқұрайлы қарау ақылды адамның ісі емес. Қиын күндердегі келеңсіз жағдайлардың ықпалына түспеу керек. Жақсы мұсылман болуға тырысу керек. Өмірде болатын қиыншылықтармен бәлелерге сабырсыздық етпеу керек. Дүниенің қуанышы да, қайғысы да, кеңдігі де, тарлығы да тұрақты емес. Дүниенің бұл өткіншіл жағдайларына алданбау керек. Бұларды сылтау етіп барлық жамандықтардан құтқаратын дәрі болған және де ең бастысы Раббымыздың әмірі болған намазды тәрк етпеу керек. Әр күні бес уақыт намаз оқу қиын емес. Күнә кірлерімен көңілдер (жүректер) қарайған болса, сол кезде қиын болып сезіледі. Намаз оқу Аллаһу та’аладан қорқатын мұсылмандарға оңай болады, қиын келмейді. Өйткені Бақара сүресінің 45-ші аятында «Намаз оқу тек мұсылмандарға, Аллаһу та’аладан қорқатындарға оңай болады.» делінген. Хазреті Имам Раббани былай дейді: «Парыздардың ең үстемі намаз болып табылады. “Намаз мұсылманның миғражы” және “Құлдың Аллаһу та’алаға ең жақын болған уақыты намазда болған кезі!..” деген хадис шәрифтер мұны хабар беруде. “Аллаһу та’аламен сондай уақыттарым бар..” деп басталатын хадис шәрифте білдірілген Расулуллаһ алейһиссаламның ең құнды уақыттары намаздағы уақыты. Намаз – күнәларды перделейді, адамды жаман, лас нәрселерді істеуден қорғайды. Пайғамбарымыздың “Ей Билал, мені рахатқа бөле!” деп көңілін жайландырғысы келген нәрсесі намаз еді. Діннің тірегі – намаз. Мұсылмандықпен кәпірлікті бір-бірінен ажырататын да намаз болып табылады.» Хазреті Абдуллаһ Дәхләуи былай дейді: «Бүкіл ғибадаттар намаз ішінде жиналған. Құран кәрім оқу, тәсбих айту яғни “субханаллаһ” деу, расулуллаһ алейһиссаламға салауат айту, күнәларға истиғфар айту және қажеттіліктерді тек Аллаһу та’аладан сұрап Оған дұға ету намаз ішінде біріккен. Ағаштар, шөптер, намазға тұрғандай тік тұрады. Жануарлар “руку” халінде, жансыздар “жәлсәда” отырғандай жерге төселген. Намаз оқыған адам бұлардың ғибадаттарының барлығын орындайды. Намаз оқу миғраж түні парыз болды. Сол түні миғражға шығумен мәртебеленген Аллаһу та’аланың сүйікті пайғамбарына мойынсұнуды ойлап, намаз оқыған мұсылман сол ұлы пайғамбар секілді Аллаһу та’алаға жақындататын мәртебелерге көтеріледі.» Қысқаша айтқанда намаз мұсылманның миғражы, барлық дерттің және барлық жамандықтардың шипасы болып табылады. |