Біз дүниеде қонақпыз...Мақаламызды бір хадис шәрифпен бастайық. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Егер менің білгенімді сендер білсеңдер, аз күліп, көп жылайтын едіңдер.» Абдуллаһ бин Аббас та: «Күліп күнә істеген адам жылап тозаққа кіреді» деген. Мұхаммед бин Уаси айтқан: «Жәннатта біреудің жылап отырғанын көрсең, таң қалмауың мүмкін емес! Бұл адам не себеппен жылап отыр? Тозақтан құтылды, жәннатқа кіру нәсіп болды, яғни бұдан кейін ол мәңгі бақытқа қолжеткізді деген сөз. Оның үстіне ниғметтердің ең үлкені – Аллаһу та'аланы көре алу құрметіне қауышты, пайғамбарлармен, періштелермен, салих адамдармен бірге болды. Бірақ сонда да жылап отыр. Жәннатта жылап отырған адамға қалай таңқалсақ, дүниеде қарқылдап күлген адамға да солай таңқалу керек. Өйткені адам соңының қандай болатынын білмейді, қандай пәлекеттердің, қандай қиыншылықтардың, қандай аурулардың оны күтіп тұрғанынан хабары жоқ. Бәлкім, оны орайтын кебін матасы тоқылып дайын тұрған да шығар!» Хасан Басри хазреттері бір жас жігіттің қарқылдап күліп жатқанын көріп қалады да, оған айтады: - Саған бірнеше сұрағым бар. Біріншісі: Бұл дүниеге біз осында қаламыз деп келмедік, біз қонақпыз. Бір күні осы жақтан ана дүниеге көшеміз, бәлкім тым жақын арада болуы да мүмкін. Иманмен соңғы демін бере алмаған пенде мәңгі тозаққа кіреді және онда үздіксіз жанады. Дүниедегі жанудың қаншалықты қиын екенін білесің, бірақ ол үш-бес минут қана жалғасады, адам өлгенде ауру сезбейді. Бірақ ана дүниедегі жану бірнеше минутпен, бірнеше сағатпен, бірнеше күнмен бітпейді. Сен өзіңнің иманмен жан тапсыратыныңды кепілдікке ала алдың ба? Жігіт «Жоқ» деп жауаптайды. - Екінші сұрағым: Қабірде Мүнкәр-Нәкір періштелері қоятын сұрақтарға дұрыс жауап бере алатыныңа сенімдісің бе? Жігіт бұл сұраққа да «Жоқ» деп жауап береді. - Үшіншісі: Қиямет күні – өте ауыр күн. Оның қайғысы жас балаларды қартайтып жібереді! Ол күні амал дәптерлеріміз таратылады, есебі жақсы шықпағандар баршаның көз алдында тозаққа тасталады да, шытырлап жанады. Сен есебіңнің жақсы шығатыны және тозақтан құтылатының туралы хабар алдың ба? Жігіт бұл сұраққа да «Жоқ» деп жауаптайды. - Олай болса, неліктен осылай қарқылдап күліп жатырсың? – деп жігітке ескертпе жасады. Жігіттің одан кейін қарқылдап күлгені еш байқалмады... |