19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Күпірге түскен адам не істеу керек?

Күпірге түскен адам не істеу керек?

Сұрақ: Біліп-білмей көп сөздер айтып, қате-дұрыс көп істер жасаймыз. Өзіміз білмей күпірге түскен болсақ, не істеуіміз қажет?

Жауап: Ислам ғалымдары айтқан:

«Әрбір мұсылманның Аллаһу та'аланың әмірлеріне бағынуы, тыйым салғандарынан сақтануы керек. Ғибадаттарды орындауға, харамдардан сақтануға мән бермейтін адамның иманы кетіп кәпір болады. Ал кәпір болып өлген адам ахиретте мәңгілікке тозақта әртүрлі азаптарға душар болады. Кешірілуіне және тозақтан шығуына мүмкіндік пен ықтимал жоқ.

Мұсылманның күпірге түсуі, яғни кәпір болуы өте оңай. Өйткені әр сөзде, әрбір әрекетте кәпір болу ықтималы жоғары. Сондықтан, күпірдің себебі белгілі болмаса да, күнде бір рет «Йа, Раббым, біліп-білмей күпірге (кәпірлікке) себеп болған сөз айтқан немесе бір іс-әрекет істеген болсам, өкіндім, мені кешіре гөр» деу керек. Осылай тәубе еткен кісі міндетті түрде кешіріледі, тозақтан құтылады. Тозақта мәңгі қалмау үшін күнде міндетті түрде тәубе етуі керек. Мұсылманның осы тәубеден де маңызды міндеті жоқ.

Құл (кісі) ақысы бар болған күнәларға тәубе еткенде сол ақыларды өтеу керек, оқылмаған намаз қарыздарына тәубе еткенде олардың қазасын өтеуге тырысу керек.» (С.Әбәдия)

 

Ғибадаттары жойылады ма?

Сұрақ: Бір адам кәпір болса, кейін мұсылман болса, ғибадаттары жойылады ма?

Жауап: Діннен шыққан адамды мүртәд дейді. Мүртәдтің әуелгі ғибадаттарының сауаптары жоқ болады. Мүлкі мемлекетке өтіп кетеді. Қайтадан иманға келсе, бай болған жағдайда қайтадан қажылыққа баруы керек. Мал-мүлкі оған кері қайтарылады. Намаздарының, оразаларының, зекеттерінің қазасын өтеуі қажет емес. Мүртәд болғанға дейін қазаға қалдырғандарының қазасын өтеуі керек. Өйткені мүртәд болғанда алдыңғы күнәлары жойылмайды. Мүртәд иманға келсе, мүртәд кезде оқымаған намаздарының қазасын өтемейді. Өйткені кәпірлер ғибадаттарға жауапкер емес. Яғни олардан ең алғаш талап етілетіні – иман келтіруі. (Хиндия)

Күпірге түсіретін сөздерді үйреніп, күпірге түспеуге мұқият болу керек.

 

Күпірге түсіп қалмау үшін

Сұрақ: Күпірге түспеу үшін не істеу керек?

Жауап: Күпірге түсіретін сөз бен іс-әрекеттерді үйреніп, олардан сақтану қажет. Мұсылман біліп тұрып күпірге түспейді, әдейілеп өзін кәпір қылмайды, бірақ білместен күпірге түсіп қалуы мүмкін. Білмей күпірге түскен адам мына дұғаны ықыласпен оқыса, иманы қайтып келеді:

«Аллаһумма инни әузу бикә мин ән үшрикә бикә шәй-ән уә әнә а'ламу уә әстағфирукә лимә лә а'ламу иннакә әнтә алламул ғуйуб.»

 

Шыққан есігінен кіру

Сұрақ: «Күпірге түскен адам шыққан есігінен кірмегенше тәубесі қабыл болмайды» дегеннің мағынасы қандай?

Жауап: Күпірге түсіретін бір сөз айтқан немесе бір іс-әрекет істеген адам мүртәд болады. Мүртәд күпіріне себеп болған нәрсеге тәубе етпегенше, кәлима-и шаһадат айтумен және Исламның кейбір әмірлерін орындаумен, мысалы намаз оқумен, ораза ұстаумен, қажылыққа барумен, қайырымдылық жасаумен қайта мұсылман болмайды. Сол қате сенімімен өлсе, иманмен өлмейді. Сенбеген нәрсесіне тәубе етуі, өкінуі, Ислам дінінен шыққан есіктен қайтып кіруі қажет. Яғни қай сөзді айтып діннен шыққан болса, сол сөзіне тәубе етуі керек. Мысалы, бір мұсылман шарапқа халал десе немесе жын мен періштенің бар екеніне сенбесе, мүртәд болады. Енді ол кәлима-и шаһадат айтса да, намаз оқыса да, басқа әмірлерді ұстанса да, сол сенімі жалғасса, кәпір болып қала береді. «Шарап харам», «Жын мен періште бар» деп сенуі керек. Күпіріне табан тіреп жүріп «Мен күпірдің барлық түріне тәубе еттім» деп айтуымен күпірден құтылмайды. Сөзіне өкініп, «Жын мен періште бар» деп сенсе, тәубе еткен болып саналады.

 

Білместен күпірге түсу

Сұрақ: Бір сөз немесе әрекеттің күпір екенін білмей істеген адам кейіннен «Йа, Раббым, біліп-білмей істеген күпірлеріме тәубе еттім» десе, күпірі кешіріледі ме?

Жауап: Иә, кешіріледі.

 

Сұрақ: Еуропада тұратын мұсылман кісі қоршаған ортасы себебінен күпір екенін білмейтін бір сөзді айтса немесе күпір екенін білмейтін бір іс-әрекет жасаса, иманы кетеді ме?

Жауап: Бір адам қолынан келгенше үйренуге тырысып, сонда да күпір сөз бен әрекеттердің не екенін үйрене алмаған болса, білмей күпір сөз немесе іс-әрекет жасаса, кейбір ғалымдардың үкімі бойынша оған кәпір деуге болмайды. Өйткені әдейі ештеңе істемеген, бірақ сонда да ықтияттылық ретінде тәждид-и иман жасауы (иман жаңалауы) жақсы болады. Үйленген болса, тәждид-и никах да жасауы (неке жаңартуы) керек. (Хадиқа)

 

Дінсіз адамның әйелі

Сұрақ: Мен әлі дінімді білмейтін кезімде атеист адамға күйеуге шыққан едім. Кейіннен білдім, ондай адамға күйеуге шығуға шешім қабылдаған сәттен бастап мүртәд болады екенмін. Енді қазір дінімді үйрендім. Бұрынғы күпір күйіме тәубе еттім. Кәрі және дінсіз күйеуім белсіз (импотент). Яғни жыныстық өміріміз жоқ. Дәл қазір діни тұрғыдан некеміз жоқ. Мен бұрынғы жағдайыма тәубе еткен болсам, демек мұсылманмын ғой, иә?

Жауап: Әрине мұсылмансыз. Күйеуіңізбен араңызда некеңіздің сахих емес екенін қабылдауыңыз жеткілікті.

 

Күпірден қорғану үшін

Мұхаммед алейһиссаламның Аллаһу та'аладан әкеліп хабарлаған нәрселерінің бәріне жүрекпен сеніп, тілмен айтуға «Иман» делінеді. Иманның орны – жүрек (көңіл). «Көңіл» – жүрек деген ет бөлшегінде орналасқан қуат. Иманды айтуға тосқауыл бар болған кезде айтпау кешіріледі. Мысалы, қорқытылғанда, ауру, тілсіз болған, айтуға уақыт таба алмай өліп кеткен кезде айту қажет емес. Ұғынбай, еліктеп сену де иман болады. Аллаһу та'аланың бар екенін түсінбеу, ойланбау күнә болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тарапынан айқын хабарланғандарының тіпті біреуіне де сенбеу бәріне сенбеу болып саналады. Әрқайсысын жеке жеке білмей «Бәріне сендім» деп айту да иман болады.

Иманның пайда болуы үшін Ислам дінінің күпір, жоққа шығару белгісі деген нәрселерінен сақтану да қажет. Исламның әмірлері мен тыйымдарына жеңіл қарау, Құран кәрімді, періштелерді, пайғамбарлардың бірін мазақ қылу күпір, имансыздық белгілерінен. Жоққа шығару, яғни естігеннен кейін сенбеу – растамау деген сөз. Күмәндану да жоққа шығару болып саналады.

Күпір, яғни иманның кетуіне себеп болатыны баршаға мәлім бір нәрсені естімегені, ойламағаны үшін кәпір болғандардың, иманы кеткендердің күпірі «Күфри жәһли»-ге (Сауатсыздықтан туындаған күпірге) жатады. Сауатсыздық екі түрлі:

Біріншісі, өзі сауатсыз екенін біледі, бірақ бұл сауатсыздықтан құтылуға тырыспайды. Ондай адамдар туралы «Жануарлар сияқты, тіпті жануарлардан да төмен» делінген. Өйткені адамды жануардан ажырататын нәрсе – білім мен ұғыну қабілеті. Жануарлар жаратылысында ілгеріде. Өздеріне пайдалы нәрселерді біледі де, соған ұмтылады. Зиянды болғандарды да біліп, олардан аулақ жүреді. Алайда әлгі сауатсыздар білмейтіндерін біле тұра сол жаман жағдайдан бойын аулақ ұстамайды, білімге ұмтылмайды.

Сауатсыздықтың екіншісі, «Жәһли мүрәккәп». Грек философтарынан және мұсылмандардан жетпіс екі адасқан топтағылардан иманы кеткендер осындай. Бұл сауатсыздық біріншісінен жаманырақ. Бұл емі жоқ ауру. Иса алейһиссалам: «Керең-мылқау адамды емдедім, өліні тірілттім, бірақ жәһли мүрәккәптің емін таба алмадым» деген. Өйткені ондай адам өз сауатсыздығын білім мен жетілгендік, үстемдік деп санауда. Сауатсыз және рухани ауру екенін білмейді, қалай емін іздейді?! Тек қана Аллаһу та'аланың хидаятымен ауруын түсінген адам осы дерттен құтылуы мүмкін.

Иман келтіру керек болған нәрселерді және парыздардың, харамдардың баршаға мәлім болғандарын қажетті шамада үйрену парыз. Бұларды үйренбеу харам. Естігеннен кейін үйренуді маңызды деп санамау, мән бермеу күпірге, яғни иманның кетуіне себеп болады. Сауатсыздықтан құтылудың шарасы – Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарын оқып үйрену.

 

Сұрақ: Бір адамның иманы кеткен болса немесе күнә істеген болса, өлмей тұрып бұлардан құтылудың жолы жоқ па?

Жауап: Еркек болса да, әйел болса да, әрбір мұсылманның әр сөзінде, әр іс-әрекетінде Аллаһу та'аланың бұйрықтарына бағынуы керек. Бір парыздың орындалуына, бір харамнан сақтануға мән бермейтін, менсінбейтін адамның иманы кетіп, кәпір болады. Кәпір болып өлген адам қабірде азап шегеді, ахиретте тозаққа түсіп, мәңгі азапталады. Кешірілуіне, тозақтан шығуына мүмкіндік пен ықтимал жоқ. Әр сөзде, әр іс-әрекетте кәпір болу ықтималы көп. Күпірден құтылу өте оңай. Күпірдің, яғни иманның кетуінің себебі белгілі болмаса да, күнде бір рет:

«Йа, Раббым! Біліп-білмей күпірге себеп болатын сөз айтқан немесе іс жасаған болсам, шын көңіліммен өкіндім, мені кешіре гөр» деп тәубе етіп, Аллаһу та'алаға жалбарынса, міндетті түрде кешіріледі. Тозақта мәңгі жанбау үшін күнде міндетті түрде тәубе етіп тұру керек. Осы тәубеден де маңызды міндет жоқ. Құл (кісі) ақысы бар болған күнәларға тәубе еткенде сол ақыларды егелеріне өтеу және оқылмаған намаздарға тәубе еткенде солардың қазасын өтеу қажет.