19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Адамдардың ең сараңы – сәлем бермейтіндер

Адамдардың ең сараңы – сәлем бермейтіндер

Дінімізде сәлемдесу өте маңызды. Мұсылмандардың қасына барғанда, кеткенде, кездескенде, қоштасқанда міндетті түрде сәлем беру керек. Хадис шәрифте былай делінген:

«Бір жерге, бір мәжіліске барған кісі сол жердегілерге сәлем берсін. Ол жерден кеткен кезде тағы да сәлем берсін.» (Тирмизи)

Сәлем – сенімділік, бақыттылық, сау-саламаттық, ынтымақ, рахаттық, жақсы нәтиже, құтылу деген сияқты мағыналарды береді. Сәлем беру – бір кісіге жасалған ең жақсы дұға. Сәлем – «Мен мұсылманмын, менен саған зиян тимейді, сенімді бол» және «Сау-саламатта бол, соңғы деміңді мұсылман болып шығар» деген мағыналарды береді.

Сәлем бергенде «Ассаламу алейкум» деп көпше түрде айтылады. Жекеше түрде айтылмайды. Өйткені қасымызда періштелер де бар.

«Ассаламу алейкум» деген кезде «Уа алейкум ассалам» деп жауап беру парыз. Сәлемге жауап бергенде «уа» деген әріпті айту керек! «Уа алейкум...»-дегі «уа» әрпі «сізге де» деген мағынада. Яғни «Аллаһтың сәлемі бізге болғанындай, сізге де болсын!» дегенді білдіреді. Тек қана «Алейкум салам» болса, «Сәлем бізге емес, сізге болсын» дегендей қате мағынаны беруі мүмкін. Осы себептен, «уа» деп қоспай жауап беру рұқсат болғанымен, «уа» деп қосып айтқан дұрыс болады.

Сәлемдегі сүннет бойынша, мансабы мен ниғметі көбірек болғандар бірінші сәлем береді. Үлкен кішіге, басшы қызметкерге, ұстаз шәкіртіне, әке баласына, ана қызына бірінші сәлем береді. Миғраж түнінде бірінші Аллаһу та'ала Расулуллаһқа сәлем берді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Аттахияту лиллаһи, уассалауату, уаттайибату» деп Раббымызды мадақтады. Аллаһу та'ала «Ассаламу алейка әййуһәннәбийу уә рахматуллаһи уәбәрәкәтуһу» дегенде, пайғамбарымыз «Ассаламу алейна уә алә ибадилаһиссалихин» деді. Сонда Жәбрейіл алейһиссалам «Әшһәду әллә илаһа иллаллаһ уә әшһәду әнна Мухаммадән абдуһу уә расулуһу» деді.

Сәлемдесуді жаю үлкен сауап. Хадис шәрифтерде айтылған:

«Сәлемдесуді таратыңдар, ас беріңдер, (салих) туыстарды зиярат етіңдер, түнде бәрі ұйықтап жатқанда намаз оқыңдар, кейін саламаттықпен жәннатқа кіріңдер.» (Дарими)

«Адамдардың ең әлсізі – дұға етпейтін, ең сараңы – сәлем бермейтін кісі.» (Табарани)

Сәйид Абдулхаким Арваси хазреттері айтқан: «Бір мүмин басқа мүминге сәлем бергенде "бүкіл пайғамбарларға, періштелерге, әулиелердің бәріне" деп ойласа, бәрі де сәлеміне жауап береді. Кейбір періштелердің жеке міндеті бар болғандықтан (біреулері қиямда, біреулері сәждеде), олар жауап бере алмайды. "Бүкіл періштелерге" деп ойлағандығынан, олардың орнына Аллаһу та'ала жауап береді.» Бұл не деген үлкен ниғмет!