19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Жүректің (көңілдің) азығы – діни білім

Жүректің (көңілдің) азығы – діни білім

Барлық үстем сипаттардың және қасиеттердің негізі – білім. Осы сияқты, барлық кемшіліктер мен қадірсіздіктің негізі – сауатсыздық. Хадис шәрифте «Аллаһу та'ала бір құлды төмен қылғысы келсе, оған білім нәсіп етпейді» делінген. Аллаһу та'ала бір құлын көтергісі келсе, оған пайдалы білім береді, барлық білімді әркімге бермейді. Аллаһу та'аланың төмен адамдарға бермеген ілімі – иман мен марифет, яғни Аллаһу та'аланы тану ілімі.

Білімнің өзі қайыр. Өйткені білімді адам харам мен халалды, діннің әмірлері мен тыйымдарын біледі және осыларға қайшы ештеңе істемейді. Білімді адам өзінің кемшіліктерін де біледі. Білімді адам мейірімі мен кешірімі мол Аллаһу та'алаға бет бұрып, білімімен амал етсе, нұр үстіне нұр болады.

Ал сауатсыз адам ондай емес. Адам сауатсыздығы себебінен әр сәтте харамға, күпірге кезігу қауіпінде. Жүректің (көңілдің) ризығы – діни білім. Адам кітап оқымаса, ризықсыз қалады. Адамның рухани ризығы болмаса, күнә істей бастайды. Күнә істеген сайын жүрегі қараяды, одан кейін күнә істеу оған қалыпты жағдай сияқты болып қалады. Осындай жағдайға түскен адамның жүрегі де өледі. Яғни кәпір болып, діннен шығады. Хадис шәрифте «Кіші күнәні жалғастыру үлкен күнәға себеп болады. Ал үлкен күнәні жалғастыру күпірге себеп болады» делінген.

Харамға, күпірге түспеу үшін дінімізді жақсылап үйренуіміз қажет. Ол үшін құнды илмихал кітабынан күнде ең болмағанда бірнеше бет оқуды әдетке айналдыру керек. Ислам ғалымдарының бірінен шәкірттері сұраған екен:

– Ұстазым, сізді жиі көріп, сізбен сұхбаттасуға, құнды насихаттарыңызды тыңдап пайдалануға мүмкіндік болмай жатыр, біздің жағдайымыз не болмақ?

Сонда ұстазы шәкірттеріне:

– Мені көргісі келген, менімен сұхбаттасқысы келгендер біздің кітаптарымызды оқысын. Мен сол кітап қатарлары арасындамын, – депжауап берді.

«Әл мукатәбә нисфул мукаләмә», яғни оқу сөйлесудің, сұхбаттасудың жартысы делінген.

Адам білімімен амал етіп, Аллаһ разылығы үшін мұсылман бауырын жақсы көретін болса, ахиретте үлкен ниғметтерге қауышады. Ахиретте кейбір адамдардың есебі, сыраттан өтуі сондай жылдам, сондай оңай түрде болады, тіпті олар өздері байқамай да қалады. Періштелер олардан:

– Сендер бұл дәрежеге қалай жеттіңдер? – деп сұрайды. Сонда олар:

– Біз дүниеде тек қана Аллаһ разылығы үшін бір-бірімізді жақсы көретін едік. Біз сол бір-бірімізге деген сүйіспеншіліктің арқасында осы дәрежеге жеттік, – деп жауаптайды.

Мұсылман әр ісін Аллаһ үшін жасауы керек. Мұны ұғыну және бұған қол жеткізу Әһли сүннет ғалымдардың кітаптарына ықыласпен жүгінуге байланысты.