Періштелер не үшін жаратылған?Сұрақ: Аллаһ ешқандай жәрдемге мұқтаж болмаса да, неліктен періштелерді жаратты? Жауап: Иә, Аллаһу та'ала ешкімнің көмегіне мұқтаж болмауымен қатар, барлық нәрсені бір «Бол» деуімен жарата алады. Бір аяти кариманың мағынасы мынадай: «Аллаһ бір нәрсені жаратуды қалағанда "бол" дейді, ол нәрсе бірден болады.» (Бақара 117) Бірақ Аллаһу та'аланың әдеті бойынша Ол барлық нәрсені себеппен жаратады. Мысалы, Жәбрейіл алейһиссаламды пайғамбарларға уахи жіберумен, Әзірейіл алейһиссаламды адамдардың рухын алумен міндеттеген. Қаласа, Жәбрейіл алейһиссаламсыз да пайғамбарларына уахи жібере алатын еді, расында олардың мүбәрәк жүрегіне шабыт арқылы уахи жібергені де болған. Әзірейіл алейһиссаламсыз да жанымызды ала алады. Бұлтсыз да жаңбыр жаудырады. Бала туылуға ата-ананы себеп ретінде жаратқан. Оның әдеті себептерімен жарату болса да, қаласа Ол себепсіз де жаратады. Кезінде хазреті Исаны әкесіз, хазреті Адам пайғамбарды әкесіз және анасыз жаратқан. Аллаһу та'ала нанды тоюдың себебі қылып жаратқанындай, дәрілерді де аурулардан жазылудың себебі қылып жаратқан. Барлық себептерді жарататын, оларға әсер ету күшін беретін – Аллаһу та'ала. Мұса алейһиссалам Аллаһу та'аладан: - Йа, Раббым, ауруды беретін кім, ауруды жазатын кім? – деп сұрады. Аллаһу та'ала былай жауап берді: - Екеуін де беретін мен. - Онда дәрігердің не қажеті бар? - Дәрігерлер шипа болсын деп жаратқан себептерімді біледі және құлдарыма береді. Ал мен оларға осы жолмен ризық пен сауап беремін. (Кимия-и саадат) Демек, періштелер «неліктен жаратылды» деген сұрақ «Аллаһ дәрілерге неліктен пайдалы әсерін тигізу күшін берді» дегенге ұқсайды. Сондықтан да ата-бабаларымыз «Жаратқанның хикметі жайлы сұрау орынсыз» дейтін еді. |