Фиқһ ілімін үйренбеу адасушылықтың белгісіФиқһ – исламды білу, түсіну дегенді білдіреді. Исламның үкімдерін білетін ғалымдар факих деп аталады. Фиқһ ілімі адамдардың жасауы керекті нәрселерді, жасауға болатын және болмайтын істерді үйретеді. Фиқһ ілімдері Құран кәрімнен, хадис шәрифтерден, ижма-и үмметтен және қиястан құралады. Хадис шәрифте «Фиқһ ілімі үйретілетін мәжілісте болу, бір жылдық ғибадаттан да абзал болады.» делінген. Хазреті Ибни Абидин: «Фиқһ ғалымының мұсылмандарға келтірген пайдасының сауабы, жихад сауабынан да көп болады» деген. Хазреті Имам Малик: «Фиқһты үйренбей тұрып тасаууфпен айланысқан адам діннен шығып, зындық болады. Фиқһты үйреніп, тасаууфтан бейхабар қалғандар бидғатшы, адасқан ағымдарға түседі. Екеуін де меңгерген ақиқатқа қауышады» деп бұйырған. Хазреті Әбу Бәкір Уәррақтың да осылай дегені кітаптарда өткен. Фиқһты дұрыс үйренген және тасаууфтың зауқын алған адам кәміл, жетік адам болады. Хазреті Ибни Абидин былай деген: «Фиқһ ілімі нан секілді баршаға керек. Бұл ілімнің дәнін еккен хазреті Абдуллаһ ибни Мәсуд еді, сахабалардың ұлыларынан және ең ғалымдарынан еді. Оның шәкірті Алқама бұл дәндерді суарып егістік халіне келтірді және оның шәкірті болған Ибраһим Нахаи бұл егіншілікті орды, яғни бұл ілімдерді бір жерге жинады. Хаммад Куфи қырмандады және оның шәкірті болған имам Ағзам Әбу Ханифа диірменнен өткізді. Әбу Юсуф қамыр қылып, имам Мұхаммед пісірді. Осы түрде дайындалып жетіп келген өнімдермен адамдар азықтануда. Яғни бұл ілімдерді үйреніп дүние және ақырет бақытына қауышуда.» Фиқһты үйренбей тек қана хадис жаттау адасушылықтың белгісі. Өйткені парыздарды, харамдарды ғалымдардан немесе олардың жазған кітаптарынан оқып үйрену парыз болып табылады. Өзі орындап және басқаларға да үйрету үшін фиқһ кітаптарын оқу нәпіл намаз оқудан да үлкен сауап болады. Хадис шәрифте: «Ілім үйрену бүкіл нәпіл ғибадаттардан да артық сауап болады. Өйткені өзіне де, үйрететін адамдарына да пайдалы болады.» делінеді. Хазреті Абдулғани Наблуси былай деген: «Әһли сүннет ақидасын, парыздарды және харамдарды үйрену парыз болып табылады. Бұларды үйрету, өзіне керекті мөлшерінен артығымен үйрену және Құран кәрімнің тәфсирін және хадис ілімін үйрену парыз кифая болады. Намаз оқитындай мөлшерде Құран кәрімнен сүрелер жаттаған адамның бос уақыттарында одан да көп жаттауы нәпіл намаз оқуынан да көп сауап болады. Ал ғибадаттарында және күнделікті істерінде керекті болған фиқһ ілімдерін үйренуі одан да көп сауап болады. Керегінен көп фиқһ үйрену нәпіл ғибадаттардан артық сауап болады. Керегінен көп фиқһ ілімін үйренгенде тасаууф ілімдерін яғни Аллаһу та’аланың марифатына қауышқандардың сөздерін және өмір баянын оқуы, үйренуі де мүстаһаб болады. Бұларды оқу адамның көңілінде дінге деген ықыласын көбейтеді. Ислам ғұламалары фиқһ ілімдерін, үкімдерін аяти кәрималардан және хадис шәрифтерден шығарған. Сондықтан бұларды тек фиқһ кітаптарынан және фиқһ ғалымдарынан үйрену керек.» Хазреті Жалаледдин Руми баласы Сұлтан Уәләдқа былай деп насихат айтқан: «Балам! Қашанда ілім, әдеп және тақуалықты ұстануыңды өсиет етемін. Әрдайым өткен дін ғалымдарының еңбектерін оқып, зерттеп әһли сүннет уәл-жамағат жолынан айрылмауды өзіңе міндет деп біл. Фиқһ және хадис шәриф үйрен, надан сопыларға ұқсама. Намазды әрқашан жамғатпен оқы. Атаққа құмар болма өйткені атақ адамды опат қылады. Мансапқа байланба, көп сөйлеме. Аз сөйле және адамдардың жаманынан, бұзықтарынан арыстаннан қашқандай қаш, шетте тұр. Халал тамақтанып күмәндылардан аулақ бол. Дүние мүлкіне әуес болма. Дүние құмарлығы діннің зая болуына себеп болады. Сыртыңды сәндеме. Өйткені сырттың сәні іштің, көңілдің, рухтың төмендігін көрсетеді. Адамдармен таласып-тартыспа, ешкімнен ешнәрсе сұрама. Ешкімге жүк болма, ешкімді өзіңе қызмет еткізбе. Ғалымдарға, әулиелерге жан-тәніңмен, мал-мүлкіңмен қызмет ет. Олардың әулиелік халдеріне сен, мүнкір (сенбеуші) болма. Өйткені сенбейтіндер екі дүниеде де құтыла алмайды.» Фиқһтың ғибадат бөлімін қысқаша үйрену әрбір мұсылманға парыз. Мунакәхат және муамелат бөлімдерін үйрену парыз кифая. Яғни сол жағдайлар басына келген адамдардың үйренуі парыз болады. Тәфсир, хадис және кәлам ілімдерінен кейінгі ең құнды ілім фиқһ ілімі болып табылады. Хадис шәрифте былай делінеді: "Әрбір нәрсенің сүйенген бір тірегі болады. Діннің негізгі тірегі фиқһ ілімі." (Байхаки) "Ғибадаттардың ең құндысы фиқһ үйрену және үйрету." (Ибн Әбдилбәрр) Хазреті Имам Раббани былай деген: «Дүние және ақырет бақыттарына қауышу үшін дүние және ақыреттің сұлтаны Расулуллаһ алейһиссаламға мойынсұну керек. Оған мойынсұну үшін әһли сүннет ғалымдарының білдіргені бойынша ақиданы, сенімді түзелту керек. Одан кейін бұл ғалымдардың Құран кәрімнен және хадис шәрифтерден түсініп бізге білдірген халал, харам, парыз, уәжіп, сүннет, мәкрух, мубах ілімдерін үйреніп, бүкіл әрекеттерімізді осыларға сай істеу керек.» |