19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Үй таңдама, көрші таңда!

Үй таңдама, көрші таңда!

Дініміз көрші ақысына аса мән берген. Әр мұсылманның жақсы мінезді, салих көршілер арасында үй іздеуі керек. Ата-бабамыз «Үй таңдама, көрші таңда!» деген. Әрине көрші үйден де маңыздырақ. Адамның көршісі жаман болса, ең жақсы үйде тұрса да, бақытты тұра алмайды.

Пайғамбарымыз хадис шәрифте:

«Үй сатып алудан бұрын көршілердің қандай екенін сұрастырыңдар!» деген. Басқа бір хадис шәрифінде:

«Көршіні құрметтеу ата-ананы құрметтеу сияқты маңызды» деді.

Көршіні құрметтеу дегеніміз – онымен жақсы қарым-қатынаста болу деген сөз. Оның аш екенін біліп, өзі тоқ жатпауы керек. Аллаһу та'аланың берген ризықтарын оған да беру қажет. Оны ренжітетін сөз бен іс-әрекеттен  тыйылған жөн. Басқа бір хадис шәрифте былай делінген:

«Көршісі зиянынан, жамандығынан сақ болмаған адам Аллаһу та'алаға кәміл мағынада иман келтірген болып саналмайды.»

Мұсылман болмаған көршімен де жақсы қарым-қатынаста болу керек. Қолдан келгенше сыйлықтар беріп тұрған жақсы. Көріскен кезде хал-жағдай сұрасып тұрған жөн. «Адам жақсылық жасаушының құлы» деген сөз бар. Мұсылман көршісінен осындай жақсылық көрген адамның иманға келуінің ықтималы көп. Мұсылман болмаған көршінің көршісінің мойнында бір ақысы, мұсылман болса екі ақысы, туысқан болса үш ақысы бар.

 

Қиыншылықтарға сабыр ету керек!

Көршіден келген қиыншылықтарға және надандық әрекеттеріне сабыр етіп, жауап қайтармау керек. Харам істейтін жаман көршіге бұл әрекетінің харам екенін жылы жүзбен, жылы сөзбен түсіндіру керек. Көршімен жақсы тұру дегеніміз тек қана оған жамандық жасамау деген сөз емес. Одан келетін қиыншылықтарға да сабыр ету қажет. Қазіргі заманда Ислам дінін түсіндірудің ең әсерлі жолы – күлімдеген жүзді, жылы сөзді болу.

Көршісінің күнә істегенін көре тұра насихат айтпаған, онымен көріспей қойған адам жауапкер болады. Салих адам – көршісін де тозақ отынан қорғайтын кісі. Әйтпесе ол ахиретте арызданып «Мен онымен жылдар бойы көрші болдым, маған дінімізді үйретпеді. Іс-әрекеттерімнің жаман екенін маған айтпады» деп шағымданады.

Көршінің балаларының басын сипап, жақсы көріп, оларға сыйлық беріп тұру керек. Осылайша өзін жақсы көргізіп, содан кейін оған насихат айту қажет. Қарызға бір нәрсе сұрап келген көршінің қолын бос қайтармай, оның қиыншылықтарына ортақ болған жөн. «Қуаныштар бөліскен сайын көбейеді, ал қиыншылықтар бөліскен сайын азаяды» деген мақал бар.

Ауырып қалған көршінің көңілін сұрап барып, оған көмектесу керек. Оған дұға етіп, оның да дұғасын алуға тырысу қажет. Науқастардың көңілі жабыраңқы болады, ал осындай күйде жасалған дұға қабыл болады.Көршісі сапарға, алыс жолға, іссапарға кеткенде оның жанұясын, бала-шағасын ұрылардың, тәрбиесіздердің зиянынан қорғау керек.

Ол жоқ кезде оның бала-шағасына жаман қарап оған жамандық жасаудан аса сақтану керек. Көршіге бере алмайтын жеміс-жидек, тәтті сияқты нәрселерді үйге жасырып алып кіру қажет.

 

Ең құнды нәрсе

Үйін сататын немесе жалға беретін кезде көршісімен ақылдасып, үйді ол кеңес берген салих адамға беру керек.

Дүниедегі ең құнды нәрсе – мұсылман, салих, дініміздің әмірлерін білетін және ұстанатын көрші. Хадис шәрифте «Аллаһу та'ала салих мұсылманның құрметіне көршілерінен мыңдаған бәле-жаланы алыстатады» делінген.

Адам өзінің жақсы немесе жаман адам екенін білгісі келсе, көршілеріне қарасын. Көршілер арасындағы жақсы болғандары ол туралы «жақсы адам» десе, демек ол шынымен де жақсы адам.

Кезкелген адамға істеуі харам болған жамандық, зиян көршіге жасалса, күнәсі еселеніп көбейеді. Кезкелген адамға жасалуы сауап болған жақсылық көршіге жасалса, сауабы еселеніп артады.

Пайғамбарымыз алейһиссалам айтқан:

«Раббым көрші туралы сондай кеңестер айтты, көршіні көршіге мирасқор қылады деп ойлап қалдым.»

Түрлі себептермен көршісімен көрісуі, насихат айтуы мүмкін болмаса, ең болмағанда Ислам дінін дұрыс үйрететін бір кітап сыйлау қажет.