19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Дұғаның қабыл болуы үшін

Дұғаның қабыл болуы үшін

Дұға – Аллаһу та’алаға жалбарынып, тілегін, қалауын сұрау деген сөз. Аллаһу та’ала дұға етіп жүретін құлын қатты жақсы көреді. Дұға етпейтін құлына ашуын түсіреді. Дұға мұсылманның қаруы, діннің негізі, тірегі және жерлермен көктерге жарық шашатын нұр болып табылады. Дұға – басқа келген бәлелерді қайтарады, келмегендерінің келуіне тосқауыл болады. Аллаһу та’ала Құран кәрімде «Маған халис (таза) көңілмен дұға етіңдер! Мұндай дұғаларды қабыл етемін.» деп бұйырған.

 

Аллаһу та’ала барлық нәрселерді себеппен жаратуда, ниғметтерін себептері арқылы жіберуде. Сол секілді зияндарды, дерттерді кетіру үшін және пайдалы нәрселерді беру үшін де дұғаны себеп қылған. Бүкіл пайғамбарлар дұға еткені секілді үмметтеріне де дұға етулерін әмір еткен.

 

Дұғаның қабыл болуы үшін алдымен күнәларға өкініп, тәубе ету керек, истиғфар (әстағфируллаһ) айтып, садақа беру керек, иманын әһли сүннет ғалымдарының білдіргендеріне сәйкес түзету керек, дұғаның қабыл болатынына сену керек, тізерлеп қыблаға қарап отырып, алдымен хамд (шүкір) және салауат айту керек. Осылай айтылған дұға қабыл болмаса да сауабы мол болады. Дұғаның қабыл болуы үшін халалдан тамақтанып, халалдан киіну керек. Харам азық жеген адамның дұғасы қырық күн қабыл болмайды.

 

Дұға еткенде көңіл ояу, сергек болуы, ой жинақы болуы керек. Не айтқанынан хабары болмаған ғафылдың, көңілі басқа жақта болған адамның дұғасы қабыл болмайды. Дұғаның қабыл болуы үшін асықпау керек, дұға етуді тоқтатпауы керек, жалықпауы керек. Аллаһу та’ала дұға етуді және дұға еткен адамды жақсы көреді. Дұғаны қабыл еткенімен де сұралған нәрсені кешіктіріп, дұғаның және сауабының көп болуын қалайды. Дұғаны ең болмағанда 7 рет қайталау керек. Рахаттық, тыныштық кезінде көп дұға еткен адамның дерт, бәле келген кезіндегі дұғалары тез қабыл болады.

 

Бір замандарда Мысырда жұт болып, жаңбыр да жаумай қояды. Адамдар жаңбыр жаууы үшін шара іздеп, дұға етеді, бірақ еш жаңбыр жаумайды. Салих бір кісі мешітте жамағатқа қарата «Мен мұның шарасын, жаңбырды қалай жаудыру керектігін білемін. Әрбір адам садақа берсін, сонда дұға қабыл болады» дейді де «Менің мына шапанымнан бақа ешнәрсем жоқ, мен шапанымды беремін» деп шапанын шешіп ортаға қояды. Одан кейін адамдар несі бар болса ортаға жинап, мұны кедейлерге таратады. Кейін қолдарын жайып «Уа Раббым, құлдарыңды қуантқан адамдардың дұғасын қабыл ететініңді білдіргенсің, біз сенің кедей құлдарыңды қуанттық Йа Рабби» деп жатқанда көкпеңбек, ашық аспан бірден қара бұлттармен қапталып жаңбыр жауа бастайды.

 

Себептеріне жүгінбей жасалған дұғаны “пайдасыз тәмәнни” деп атайды. Үміттенбей сұралған нәрсеге “тәмәнни” делінеді. Үміттеніп сұралған нәрсеге “рәжа” делінеді. Дұғада сұралған нәрсенің себептеріне қауыштыруын тілеу керек. Хадис шәрифте: «Еңбек етпестен дұға еткен адам, қарусыз соғысқа аттанған адаммен бірдей.» деп бұйырылған.

 

Дәрі қабылдау, аяти кәрималарды оқу, дұға ету адамдардың өмірін ұзартпайды, өліміне кедергі болмайды, ажалын кешіктірмейді. Бірақ ажалы келмеген адамның дерттерін кетіріп, ауырын жеңілдетіп, денісау, рахаттықта және қуанышта өмір сүруіне себеп болады. Науқасқа сау адамның органдарын алып салу секілді операциялар, вакциналар, медициналық шаралар өлімге кедергі болмайды, тек өмірі барларға пайдалы болады. Ажалы келген көп адамның операция кезінде өлгендерін білмейтін адам жоқ. 

 

Дұғаның қабыл болуы үшін сұраған нәрсенің себебіне жабысу керек. Аллаһу та’ала барлық нәрсені себептерімен жаратқан. Дұға етумен қатар шарасын қамдану, себебін іздеу керек. Дұға еткенде Аллаһу та’ала адамды сол тілеген нәрсесінің себебіне қауыштырады және себебіне әсер, қуат береді. Намаздардан кейін жасалған, пайғамбарымыздың және әулиенің қабірлерінің жанында, олардың құрметіне деп айтылған дұғалар тез қабыл болады.

 

Егер дұғаларымыздың қабыл болуын қаласақ, шарттарына мойынсұнуымыз, біреудің дұғасын, разылығын алуымыз керек, біреуді қуантуымыз керек. Ерлі-зайыптылар бір салих, мүбәрәк кісіге келіп: «Ұстаз баламыз қатты ауырып жатыр, жазылуы үшін дұға етесіз бе?» дегенде ол кісі «Пәлен жерде бір кедей бар, алдымен соны қуантыңдар сосын келіңдер» дейді. Кедейді қуантқаннан кейін айтылған дұғамен бала жазылып орнынан тұрып кетеді. Аллаһу та’аланың дұғамызды қабыл етуі үшін, бізді жақсы көруі үшін дұғаның шарттарына мойынсұнуымыз және Оның құлдарын қуантуымыз керек.