Раббымыз берген ең үлкен ниғметРаббымыздың бізге берген ниғметтерін санап бітіру мүмкін емес. Қолымыздағы біз білмейтін ниғметтер білетіндерімізден әлдеқайда көп. Бұл ниғметтердің ең үлкендерінің бірі – ақыл ниғметі өте маңызды. Бірақ ол да жалғыз өзі ештеңе істей алмайды, оның да басқа мүшелеріміз сияқты белгілі бір шектеуі бар. Көзімізбен белгілі бір қашықтыққа дейін көре аламыз, құлағымыз белгілі бір қашықтықтан дауыс ести алады. Мұрнымыз да сондай. Ақылымыздың да дәл осылай, түсіне алмайтын көп нәрселері бар. Мұны ұлы Раббымыз білгендіктен, бізге жанашыр болып, ең үлкен ниғмет ретінде бізге пайғамбарлар жіберді, кітаптар түсірді. Егер бұл іс ақылымызға жүктелсе, жақсы мен жаманды қалай ажырата алар едік, көзімізбен көре алмағандарымызды қалай танитын едік? Мысалы, иманның шарттарының бірі – періштелерге иман келтіруге қалай қолжеткізер едік? Раббымызды, Оның сипаттарын, қиямет күнін, қайта тірілуімізді және амалдарымыздан есепке тартылатынымызды олар айтпаса, өз ақылымызбен қашан түсініп алар едік? Пайғамбарлардың саны жүз жиырма төрт мыңнан астам, олардың үш жүз он үші Расул. Бәрі иманның алты шартын (яғни Әмәнтуді) қауымдарына үйретті, сол шарттарға иман келтіруге оларды шақырды. Осы себептен бұл пайғамбарлардың біреуін жоққа шығарған адам бәрін жоққа шығарған болып саналады. Құран кәрімде Нұх алейһиссаламның қауымының жағдайын баяндаған жерінде «Нұх қауымы пайғамбарларды өтірікке шығарды» деген сөйлем өткен. Алайда ол қауымға Нұх алейһиссаламнан басқа пайғамбар жіберілмеген еді, олар тек Нұх алейһиссаламға ғана қарсы шыққан. Бірақ оған қарсы шығу – барлық пайғамбарларға қарсы шығу деген сөз. Бүкіл пайғамбарлардың ешқандай айырмашылықсыз бәрінің бір ауыздан үйреткен негіздері мыналар: 1) Бізді және бүкіл әлемді жаратқан, әрі өмір сүргізген Раббымыздың бар екеніне және бір екеніне иман келтіру. 2) Раббымыздың бұйрықтарын, не істеуіміз керек, не істемеуіміз керек екенін үйретті. Қалай амал етсек жәннатқа немесе тозаққа кіретінімізді үйретті. 3) Жаратылыстардың мақсатын пайғамбарлардан үйрендік. Жер мен көкте не бар болса, бәрі біз үшін жаратылған, бізге қызмет етуде. Бізді де Аллаһу та'аланы танып, Оған ғибадат етуіміз үшін жаратқанын үйретті. 4) Сүріп жатқан осы дүние өміріміздің өткінші екенін, емтихан орны екенін үйрендік. Шынайы өмірдің ахирет өмірі екенін, ол жақтағы өмірдің дүниедегідей қысқа болмайтынын, мәңгі екенін үйретті. Сондай-ақ, жасағандарымызға есеп беретінімізді, сыйын немесе жазасын көретінімізді сол ұлы тұлғалардан үйрендік. Пайғамбарлардың арасында өмірбаяны айқын болған жалғыз пайғамбар – біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм). Оның сүннетін үйреніп, ұстана алған адамға екі өмірде де бақыт есіктері ашылады. |