УАҺҺАБИ СЕНІМДЕРІ ЖӘНЕ ӘҺЛИ СҮННЕТ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ОЛАРҒА БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ (18)18) «Фәтх-ул-мәжид» кітабының жүз алпыс сегізінші бетінде: «Әулиелер керемет ретінде тірі немесе өлі кездерінде қалағандарына көмектесе алады екен. Адамдар қиналған кезде оларға жалбарынып, көмек сұрайды. Қабірлеріне барып қиыншылықтан құтылуды тілейді. Өлілерді керемет көрсетеді деп санайды. Оларға Абдал, Нүқаба, Әутад, Нүжәба, Ғайып ерен, жетпістер, шілтен (қырықтар), жетілер, төрттер, Құтыб, Ғаус сияқты атаулар береді. Бұлардың өтірік екенін Ибнул Жәузи және Ибн Тәймия айтқан. Бұлар Құран кәрімге қайшы келуде. Әулиелердің тірі немесе өлі кезде бір нәрсе істей алатынын Құран жоққа шығаруда. Барлық нәрсені істейтін Аллаһ. Басқалары ештеңе істей алмайды. Аяти карималар өліде сезім мен әрекет жоқ екенін хабар берген. Өлі өзіне ештеңе істей алмайды. Ал басқаларға мүлдем ештеңе істей алмайды. Аллаһ рухтардың өзінің қасында екенін айтқан. Ал бұл адасқандар рухтар еркін болып, қалағанын істейді дейді. Мұның керемет екенін айтуы да өтірік. Кереметті Аллаһ қалаған әулиесіне береді. Бұл олардың өз қалауымен болмайды. Қиналған кезде олардан көмек сұрау одан да жаман. Пайғамбар, періште және әулие ешкімге жақсылық пен жамандық істей алмайды. Тірі адамнан заттық көмек сұрауға болады. Бірақ заттық болмаған, көрінбейтін нәрселерге қатысты Аллаһтан басқасына жалбарынуға болмайды. Науқастың, суға батып бара жатқан адамның, кедейдің пайғамбарлардан, әруақтардан, әулиелерден және басқа нәрселерден көмек сұрауы ширк. Бұларды керемет деу пұтқа табынушылар қойған атау. Аллаһтың әулиесі ондай болмайды» деп жазған. Екі жүз тоқсан тоғызыншы бетінде: «Кімде-кім өзінің әулие екенін айтса, ғайыпты білемін десе, ол адам шайтанның әулиесі. Рахманның әулиесі емес. Керемет – Аллаһу та'аланың тақуа құлында пайда болған нәрсе. Бұл дұғасы немесе ғибадаты арқылы пайда болады. Әулиенің бұл жерде күші мен қалауы әсер етпейді. Әулиелер өзінің әулие екенін айтпайды. Олар Аллаһтан қорқады. Сахабалар мен Табиин – әулиелердің ең биіктері еді. Олар ғайыпты білеміз демеді. Аллаһтан қорқып жылайтын еді. Тәмими Дари тозақтан қорққанынан ұйықтай алмайтын еді. Әулиелердің қандай болатынын «Рад» сүресі көрсеткен. Сондай болған тасаууфшыларға әулие делінеді» деп жазған. Бірден айта кетейік, мына соңғы сөйлемдерінде дұрыс жазған. Әулиеден көмек сұрауды, кесенелерде дұға етуді ширк демегенде, күмбездерді құлату керек демегенде еді, қандай жақсы болар еді. Бірақ ол дұрыс жазбаларының арасына у шашуда. Мұсылмандар арасына алауыздық салуда. [Абдуррахман Жәузи ханбали 597 [м.1202] жылы Бағдатта қайтыс болды.] Әулие, керемет деген не? Мұның дұрысын Имам Раббанидің (рахметуллаһи алейһ) «Мәктубат» кітабының әртүрлі хаттарынан алып, төменде келтіреміз: Керемет – хақ. Керемет – ширктен сақтанып құтылу, марифетке қолжеткізу, өзін жоқ деп санау деген сөз. Керемет пен истидражды бір-бірімен шатастырмау керек. Керемет пен кәшф иесі болуды қалау – Аллаһтан өзгені жақсы көру деген сөз. Керемет – қурб және марифет деген сөз. Кереметтің көп болуы тасаууф жолында жоғарылағанда тым ілгері кету және төмендегенде түсуі аз болудан туындайды. Керемет яқинды күшейту үшін қажет. Яқин нәсіп болған әулиенің кереметке қажеттілігі жоқ. Жүректің (көңілдің) зікірге дағдылануының қасында кереметтің ешқандай қадірі жоқ. Әулиелердің кәшфінде (аян алуында) қателіктер болуы мүмкін. Кәшфтің орны – көңіл. Сахих болған кәшфтер қиял емес. Ол аянмен жүректе (көңілде) пайда болады. Қиял араласқан кәшфтерге сенуге болмайды. Әулиелердің кәшфтері, аяндары басқаларға дәлел, құжат бола алмайды. Бірақ мүжтәһидтің сөзі оның мазһабындағыларға дәлел болады. Кәшф пен керемет иесі болу дәреженің жоғары екенін көрсетпейді. Кәшфтер, тәжәллилер тасаууф жолының жолаушыларында пайда болады. Ол жолдың соңында болғандар таңданыста және ғибадатта. Әулиенің алдына мойынды иіп кіру керек, сонда одан пайдалану мүмкін болады Әулиенің киімін әдеппен және құрметпен кигенде көп пайда әкеледі. Аллаһу та'ала әулиесін үлкен күнә істеуден қорғайды. Әулиелердің бірнешеуі алыс жерлерде байқалған. Бұл көріну – рухтарының өз денелерінің кейіпінде көрінуі. Әулиелер кіші күнәлардан қорғалмаған. Бірақ, олар бірден ғапілдіктен оятылып, тәубе етеді және жақсы амалдар жасап, кешірім сұрайды. Әулиелер адамдарды әрі Ислам дінінің айқын бұйрықтарына, әрі нәзік, жасырын білімдеріне шақырады. Әулиелердің бір бөлігі себептер әлеміне түспеген. Олардың пайғамбарлық үстемдіктерінен хабарлары жоқ. Олар адамдарға пайдалы бола алмайды, фәйз бере алмайды. Әулиелердің көбінде уилаяттың (әулиеліктің) үстемдіктері бар. Құтыбтар, әутад және абдал осыған жатады. Олардың жастарды жетілдіре алуы Әлидің (радиаллаһу та'ала анһ) көмегі арқылы болады. Әулиелердің дәрежелері арасындағы айырмашылықтар Аллаһу та'аланың оларды жақсы көруінің дәрежесіне байланысты. Әулиелік көлеңкелерге қауышу деген сөз. Олардың сүйіспеншілігі мен ләззаттарының бәрі көлеңкеге. Әулиелік – пайғамбарлықтың көлеңкесі. Әулиелікті дәреттей, ал пайғамбарлықты намаздай білу керек. Әулиелік – жаман мінездерден құтылу деген сөз. Әулиенің өзінің әулие екенін білуі қажет емес. Әулиелік беріліп, әулие екені білдірілмесе, ешқандай кемшілік болмайды. Әулие болу үшін дүние мен ахиретке деген сүйіспеншілікті жүректен шығару керек. Пайғамбарлық үстемдіктерінде ахиретке берілу жақсы. Адамда рух әлемінен келген он латифа, он қуат бар. Әулиелік пен пайғамбарлық үстемдіктері осы он латифада болады. Әулиелік фәна мен бәқа деген сөз. Яғни жүректі дүниеге беріліп кетуден құтқарып, Аллаһу та'алаға берілу. Әулиелік ақылмен және ойланумен аңғарылмайды. Әулиелік – Аллаһу та'алаға жақындық деген сөз. Махлұқтарды (жаратылыстарды) ойлауды көңілден шығарғандарға нәсіп етіледі. Махлұқтарды ойлауды көңілден шығаруға «Фәна» делінеді. Әулиеліктің бүкіл үстемдіктері Ислам дінін ұстану арқылы пайда болады. Ал пайғамбарлықтың үстемдіктері Ислам дінінің көрінбейтін, бәрі біле бермейтін нәзік мәселелерін де ұстанатындарға беріледі. Пайғамбарлықтың үстемдіктері дегеніміз пайғамбарлық деген сөз емес. Әулиелік дәрежелерінің бәрін өтіп, соңына барғандардың кәшфтері және аян болған білімдердің барлығы Әһли сүннет ғалымдардың Насстардан, яғни Кітап пен сүннеттен түсініп жеткізген білімдерге толықтай сайма-сай болады. Әулиелікте жетілудің жартысы жоғарылау, жартысы төмендеу. Көп адам тек қана жоғарылауды әулиелік деп санаған, ал төмендеуге пайғамбарлық үстемдіктері деген. Алайда бұл төмендеу де жоғарылау сияқты әулиелікке жатады. Әулиелікте жәзбә мен сүлүк бар. Бұл екеуі әулиеліктің екі негізгі іргетасы, тірегі. Пайғамбарлық үстемдіктері үшін бұл екеуі қажет емес. Әулиелік дәрежелерінің соңы – құлдық дәрежесі. Құлдық дәрежесінің үстінде ешқандай дәреже жоқ. Әулиелер Хаққа қарай бет алған. Ал пайғамбарлықта әрі Хаққа, әрі халыққа бет бұрған, бұл екеуі бір-біріне кедергі болмайды. Әулиелердің нәпістері мутмаинна (тәрбиеленген) болса да, денесінің белгілі бір қажеттіліктері мен қалаулары бар. Әулиелік – бес дәреже. Әрқайсысы бес латифадан біреуінің жоғарылауы болып табылады. Әрқайсысы Улул-азм пайғамбарларының бірінің жолы. Бірінші дәрежесі Адам алейһиссаламның жолы. Әулиелігі бірінші дәрежеде болған пайғамбардың әулиелігі бесінші дәрежеде болған әулиенің әулиелігінен құндырақ. Әулиеліктің «Уилаят-и хасса» деп аталатын ең жоғарғы дәрежесіне қолжеткізу үшін нәпістің фәни болуы қажет. «Өлмей тұрып өліңдер!» бұйрығы осы фәнилікті көрсетіп тұр. Әулиелік не хасса [жеке] болады, не жалпылық болады. «Уилаят-и хасса» – Мұхаммед алейһиссаламның әулиелігі. Оның үмбетінен оған толықтай бағынған әулие де осы әулиелікке қолжеткізе алады. Бұл әулиелік – толықтай фәна және жетілген бәқа. Бұл жерде нәпіс фәни болған, Аллаһу та'аладан разы болған. Аллаһу та'ала да одан разы. Әулиеліктің үстемдігі бес латифаның дәрежесіне, ретіне байланысты емес. Ең жоғары дәрежедегі «Ахфа» латифасының әулиелігіне қауышу басқа дәрежеде болған әулиеден үстемірек, жоғарырақ екенін көрсетпейді. Әулиеліктің үстемдігі асылға (негізге) жақындығы және алыстығымен өлшенеді. Жүрек (көңіл) деп аталатын төменгі дәрежедегі латифаның әулиелігіне қолжеткізген әулие асылға (негізге) жақынырақ болғанда ахфа латифасында болған, бірақ соншалықты жақын болмаған әулиеден үстемірек болады. Мұхаммед алейһиссаламның әулиелігіне қолжеткізген әулие кері қайтудан қорғалған. Яғни дәрежесін жоғалтып алмайды. Басқа әулиелер қорғалмаған, әрдайым дәрежесін жоғалту қауіпінде. Әулиелік тек қана жүректің (көңілдің) және рухтың фәни болуы арқылы пайда бола алады. Бірақ олардың фәни болуы үшін басқа үш латифаның да фәни болуы қажет. Әулиенің әулиелігіне «Уилаят-и суғра» делінеді. Пайғамбарлардың әулиелігіне «Уилаят-и кубра» делінеді. Уилаят-и суғраның соңы әнфустегі (адамның ішкі әлеміндегі) және афақтағы (адамның сыртқы әлеміндегі) ілгерілеудің соңына дейін. Уилаят-и суғрада ой-пікірден және қиялдан құтылу жоқ. Уилаят-и кубрада ой-пікір мен қиялдан құтылу бар. Уилаят-и суғра бес латифаның арштың сыртындағы асылдарын (негіздерін) өткеннен кейін басталып, осы асылдардың да асылдары болған Аллаһу та'аланың сипаттарының көріністерін өткенде бітеді. Уилаят-и суғра афақта және әнфусте, яғни адамның сыртындағы және ішіндегі махлұқтарда болады. Яғни көріністерде болады. Мұнда соңына жеткендер «Тәжәлли-йи бәрқи»-ға, яғни найзағайдай жарқ етіп өтіп кететін тәжәллилерге қолжеткізеді. Уилаят-и кубра бұл тәжәллилердің [көріністердің] негізінде болады. Аллаһу та'алаға жақын болған ілгерілеу. Пайғамбарлардың әулиелігі осындай. Бұл жерде тәжәллилер тұрақты. Уилаят-и суғра – «жәзбә» және «сүлүк». Әулиелік кәмілдігіне қолжеткізу сүлүк, яғни еңбектеніп ілгерілеу, жүректің зікір етуі, мүрақаба және рабыта арқылы іске асады. Ал пайғамбарлық кәмілдікте ілгерілеу Құран кәрім оқу және намаз оқу арқылы болады. Бұдан кейін ілгерілеуде ешбір себептің әсері жоқ. Тек қана Аллаһу та'аланың сыйымен және нәсіп етуімен болады. Қаншалықты ілгерілесе де, Ислам дінінен сыртқа шыға алмайды. Ислам дінін ұстануда немқұрайлық болса, бүкіл әулиелік дәрежелері жойылады. Бұдан да жоғары көтерілу махаббат арқылы, жақсы көру арқылы болады. Нәсіп ету мен сыйлау басқа, ғашықтық пен махаббат басқа. Пайғамбарлардың әулиелігі де пайғамбарлық үстемдіктерінің қасында төмен болады. «Уилаят-и Мухаммадия» бүкіл пайғамбарлардың уилаяттарын өзінде жинақтаған. Пайғамбарлардың бірінің уилаятына қолжеткізу осы «Уилаят-и хасса»-ның бір бөлігіне қолжеткізу болып табылады. Әулиенің төмен түсуі көп болса, үстемдігі де көп болады. Әулиенің батыны, яғни жүрегі мен рухы және басқа латифалары захирінен, яғни сезім мүшелерінен және ақылынан ажыралған. Захирінің ғапіл болуы батынына жете алмайды. Ешқандай әулие ешқандай пайғамбардың (салауатуллаһи та'ала алейһим әжмаин) дәрежесіне жете алмайды. Әулие бір мәселеде пайғамбардың үстінде болуы мүмкін. Бірақ барлық тұрғыдан бұл пайғамбар сол әулиеден әлдеқайда үстем. Әулие кіші күнә істеуі мүмкін. Бірақ дереу тәубе етіп, әулиелік дәрежесінен кетпейді. Тасаууф жолында көзделген нәрсе фәна мен бәқаның, тәжәллилердің және зухурлардың, шуһуд пен мушаһаданың, сөз бен мағынаның, білім мен сауатсыздықтың, есім мен сипаттың, ой-пікір мен ақылдың асуында (тысында). Мүршид, яғни ұстаз (жол көрсетуші) – адамды Аллаһу та'аланың разылығына, сүйіспеншілігіне қауыштыратын себепкер. Шәкірт ұстазын қаншалықты жақсы көрсе, Оның жүрегінен фәйз алуы да соншалықты көп болады. Мүршид арашы, Расулуллаһтың мүбәрәк жүрегінен шығып, мүршидтердің жүректері арқылы өзінің жүрегіне келген фәйздерді тарататын себепкер. Мақсат – Аллаһу та'ала. Мүршиди кәміл арашы станция сияқты. Көңіл дәргейіне түсіп, өз мүршидінен алған фәйздерді, марифеттерді шәкіртіне жеткізеді. Ұстаздарын ренжіткен немесе оларға сенбеген адам хидаятқа қолжеткізе алмайды. [Осы себептен уаһһабилер Аллаһу та'аланың фәйздерінен, марифеттерінен мақрұм қалған.] «Ұстазын ренжіткен адамнан көңілің қалмаса, ит сенен жақсырақ» делінген. Ұстазына сенуде, жүгінуде немқұрайлық бар болса, фәйз ала алмайды. Бұл немқұрайлықтың емі жоқ. Ұстаздан фәйз алу үшін оның ілтипатынсыз тек қана оны жақсы көрудің өзі жеткілікті. Ұстазбен бірге болғандардың имандары күшейеді. Ислам дінін ұстану қалауы пайды болады. Ұстаздың сөздері, жағдайлары, іс-әрекеттері, ғибадаттары, бәрі Исламға сай. Оған ерген, оны тыңдаған адам Расулуллаһқа бағынған болып саналады. Ондай болмаған адамдар ұстаз бола алмайды. [Дұрыс жолда болмай, тек сөзде ғана өзін ұстаз көрсетіп жүргендер шәкіртін тура жолдан адастырады. Керісінше зиянды болады.] Тасаууф – Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жолында болу деген сөз. Адамдардың жаратылысына қарай бөлек жолдар пайда болған. Тасаууф ықыласты арттыру үшін қажет. Тасаууф жолында жол көрсетуші (ұстаз) қажет. Ұстаз – он екі имам және Абдулқадир Гейлани және солар сияқты болғандар (рахимә-һумуллаһу та'ала). Аллаһу та'алаға қауыштыратын екі жол бар: Нубуввәт жолы, Уилаят жолы. Нубуввәт жолында ұстаз қажет емес. Бұл жол асылға (негізге) қауыштырады. Ал уилаят жолында ұстаз қажет. Нубуввәт жолында фәна, бәқа, жәзбә және сүлүк сияқты нәрселер жоқ. Уилаят жолында ілгерілеу үшін барлық нәрсені [дүние мен ахиретті] ұмыту керек. Жүректің бұларға байланбауы керек. Нубуввәт жолында ахиретті ұмыту қажет емес. Тасаууф – иманды күшейту және Ислам дінін ұстануда жеңілдік сезу үшін қажет. Тариқат пен ақиқат – Ислам дінінің қызметшілері. Тариқат – махлұқтарды (жаратылысты) жоқ деп білу. Ақиқат – Аллаһу та'аланы бар деп білу. Біріншісі, бәрінен қашып, бір жерге тығылу деген сөз емес. Әмри маруф, нәхий мүнкәр, жиһад пен сүннеттерді ұстану деген сөз. «Мәктубат» кітабынан аударма осы жерде тәмәм болды. Ислам ғалымдарының (рахимә-һумуллаһу та'ала) ешқайсысы «Менің кереметтерім бар, тілектеріңді орындаймын» демеген. Олар кереметтерін жасыруға тырысқан. Олар Ислам дінін, Құран кәрімнің және хадис шәрифтердің білімдерін жаюға тырысқан. «Фәтх-ул мәжид» кітабының авторы адасушылардың, мұнафықтардың, дін дұшпандарының қате, бұзылған сөздерін және сауатсыз мұсылмандардың білмей істерген қате әрекеттерін жазып, Ислам ғалымдарына, тасаууф ғұламаларына тиісуде, дұрыс жолдағы мұсылмандарға жала жабуда. Өтіріктеріне аяти карималар мен хадис шәрифтерді де құрал етуде. Ал бұл адасушылықтың ең төмен, ең жиіркенішті және ең жаман көрінісі. Ислам ғалымдарының ешқайсысы ләуһил махфузды білемін демеген. Аллаһу та'ала қалаған, сүйген, таңдаған құлына ғайыптан мәлімет береді. Кереметтер нәсіп етеді. Бірақ олар бұл кереметтерді ешкімге айтпайды. Өздері қаламай пайда болады. Мұнафықтардың, күнәхарлардың хақ сөзді де айтатындығы хадис шәрифте хабар берілген. Бұл хадис шәриф мазһабсыздардың, дін дұшпандарының аяти карималар мен хадис шәрифтерді айтып, мұсылмандарды алдайтынын хабар беруде. Аллаһу та'ала сүйікті құлдарының дұғаларын қабыл ететініне сөз берген. Мұсылмандар Аллаһу та'аланың осы уәдесіне сеніп, Ислам дінін ұстанған, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жолында жүрген Ислам ғалымдарының дұғаларының қабыл болатынына сенеді. Осы мүбәрәк адамдардан өздеріне дұға және шапағат етуін сұрайды. «Фатиха» сүресінде «Тек Аллаһтан ғана жәрдем сұраймыз» деуіміз әмір етілді. Бұл аяти кариманың көрсетіп тұрғаны, Аллаһу та'аладан басқа ешбір махлұқ (жаратылыс) ештеңе жарата алмайды. Аллаһтан өзгесінен бір нәрсе істеуін сұраған адам мүшрик болады. Кітаптың авторы адамдарды өлі және тірі деп екіге ажыратқан. Өліден және алыста болған кісіден бір нәрсе сұраған адам мүшрик болады. Қасындағы тіріден заттық көмек сұрауға болады дейді. Осылайша, «Фатиха» сүресіне қарсы келуде, Құран кәрімді өзгертуде. Өйткені бұл аяти карима қасындағы тіріден де бір нәрсе істеп беруін сұрауға болмайтындығын, Аллаһтан өзгесінің ештеңе жарата алмайтындығын көрсетіп тұр. Сондықтан, осылай айтқандардың өздері мүшрик болуы тиіс. Алайда барлық нәрсені жаратқан, істейтін тек қана Аллаһу та'ала. Бірақ Аллаһу та'ала барлық нәрсені белгілі бір себеппен жаратуда. Осындай екендігін аяти карималар, хадис шәрифтер және күнделікті құбылыстар айқын көрсетіп тұр. Сауатсыздар да ғалымдар сияқты осындай екенін біледі. Сондықтан дүние өміріне «Алеми әсбаб» (себептер әлемі) делінген. Бір нәрсеге қолжеткізу үшін сол нәрсенің жаратылуына себеп болатын істі жасау керек. Бір нәрсенің себебіне жүгіну «Фатиха» сүресіне қайшы келу болмайды. Хадис шәрифтерде: «Барлық нәрсеге апаратын өз жолы болады. Жәннаттың жолы – білім», «Кешірімге қауышудың себебі – мұсылманды қуанту», «Кешірімге қауыштыратын себептердің бірі – аш болған мұсылманды тойғызу», «Біз мүшриктен көмек сұрамаймыз», «Білім үйрену – үлкен күнәнің кешірілуіне себепші», «Барлық аурудың емі бар», «Есте сақтау қабілетін арттырғысы келген кісі бал жесін!», «Шарап ішу жамандықтарға себепші» делінген. Хадис шәрифтер Аллаһу та'аланың барлық нәрсені себептермен жарататындығын көрсетіп тұр. Аллаһу та'ала «Кәһф» сүресінде «Зұлқарнайнға барлық нәрсенің себебін үйреттім» деді. Кіріспеде жазғанымыздай, жанды-жансыз, жақын-алыс барлық нәрсе бір құбылысқа, реакцияға себепші. Жансыздардың және жануарлардың біреуге пайдалы себеп болуы үшін ол адамның оларды ақылға сай қолдануы қажет. Адамның бір нәрсеге себеп болуы үшін алдымен себеп болуды қабылдауы, кейін іспен айналысуы немесе дұға етуі керек. Адамның бір нәрсеге себеп болуды қабылдауы оған қажет екенін өздігінен түсінуімен немесе өзінен талап етуімен іске асады. Кітаптың авторы жансыздардың және жануарлардың Аллаһу та'аланың жаратуына себеп болатынына Әһли сүннет мұсылмандар сияқты сенеді. Бұл себептерге жүгінуді ширк демейді. Бұл себептерден күтілетін нәрселерді Аллаһу та'аланың жарататынына сенеді. Тірі және қасындағы адамның жәрдем сұрағанын естіген кезінде оның дұғамен көмектесетініне де сенеді. Ал алыстағы адамның және өлілердің әрі еститініне, әрі дұғамен көмектесетініне сенбейді. Көрініп тұрғанындай, уаһһаби автор Әһли сүннет сияқты себептердің жаратушы емес екеніне сенуде. Осылайша мүшрик болудан құтылуда. Бірақ алыстағы адамның және өлінің еститініне және өлінің дұға ететініне, әрі олардың дұғасы қабыл болатынына сенбегендіктен, Әһли сүннеттен айрылуда. Әһли сүннетке осыларға сенгені себебінен мүшрик дейді. Алыстағы адамның және өлілердің еститінін және салихтардың дұғаларының қабыл болатынын жиырма төртінші бөлімде дәлелдедік. Хадис шәрифтерде: «Дін бауырына оның хабарынсыз артынан жасалған дұға қайтарылмайды», «Мазлұмның (зұлымдық көргеннің) дұғасы қабыл болады», «Үмбетімнің күнә істемейтін жастарының дұғалары қабыл болады», «Әкенің баласына жасаған дұғасы пайғамбардың үмбетіне жасаған дұғасы сияқты», «Дұға бәле-жаланы қайтарады» делінген. Жоғарыдағы хадис шәрифтердің барлығы «Кунуз-уд-дақаиқ» кітабынан алынды. «Тәнбиһ-ул-ғафилин» кітабындағы хадис шәрифтерде: «Мұсылман дұға еткенде әлбетте қабыл болады», «Бір үзім харам жеген кісінің қырық күн дұғасы қабыл болмайды» делінген. «Бостан» кітабындағы хадис шәрифте: «Бисмиллаһилләзи лә йәдурру мә асмиһи шәй-ун фил арди уәлә фиссама-и уә һууәс-сәмиул алим дұғасын таңертең үш рет оқыған кісі кешке дейін, кешке оқыған кісі таңға дейін бәле-жаладан құтылады» делінген. Бұл хадис шәрифтер салихтардың, әулиелердің дұғаларының қабыл болатынын көрсетіп тұр. Кітаптың авторы басынан соңына дейін барлық жерінде осыған тиісіп жатыр. Аллаһу та'аланың сүйіктілеріне жалбарынуға ширк дейді. Аллаһу та'аланың сүйіктілеріне жалбарыну, олардың себепкер болуын сұрау Аллаһу та'аланың дұшпаны болған пұттарға жалбарынуға, пұттардың жаратуын сұрауға ұқсатуға болады ма? Дұрыс пен қатені бір-бірімен араластыруға болады ма? Аллаһу та'ала уаһһабилерге және барлық мазһабсыздарға ақыл берсін, ынсап берсін, дұрыс жолға түсірсін! Мұсылмандарды осы пәлекеттен құтқарсын! Бұл пәлекетті шығарған адам Ислам дінінде үлкен жара ашты. Қазір сауатсыздар Ислам мемлекеттерінде у шашып жүр. Мұсылмандардың оларға алданбауы үшін Ислам дінін Әһли сүннет ғалымдарының (рахимә-һумуллаһу та'ала) кітаптарынан дұрыс күйде үйренуі қажет. Ислам дінін дұрыс күйде үйренгендер уаһһабилердің өтіріктеріне, сәнді жазбаларына алданбайды. Олардың адасушы, араңдатушы екенін, мұсылмандарды бөлуге тырысқанын түсінеді. Уаһһабилердің құрушысы Мұхаммед бин Абдулуаһһаб жас кезінде Басрада Хемфер есімді британдық тыңшының тұзағына түсті. Исламның дұрыс иманынан, таза ахлақынан айрылды. Британдықтардың «Ислам дінін жою» еңбектеріне құрал болды. Тыңшы жаздырған қате нәрселерін «Уаһһабилік» атауымен таратты. «Ағылшын тыңшысының мойындаулары» атты кітабымызда уаһһабиліктің құрылуы ұзақ баяндалған. Мәһди (рахимә-һуллаһу та'ала) «Дәжжал»-ды өлтіргеннен кейін Меккеге, Мәдинаға барып, мыңдаған уаһһаби дін адамдарын қылыштан өткізетінін хадис шәриф айқын хабар берген. Имам Раббани (рахимә-һуллаһу та'ала) бұл хадис шәрифті «Мәктубат» кітабында ұзақ түсіндірген. Уаһһабилер Әһли сүннетке, тура жолдағы мұсылмандарға тиісудің орнына кәпірлерге және адасқан ағымдарға тиіскенде, Ислам дініне қызмет еткен болар еді. Алайда, Ислам дінін құлатқандарға Ислам дініне қызмет ету нәсіп болмайды. Үлкен Ислам ғалымы имам Қасталанидің (рахимә-һуллаһу та'ала) «Мәуаһиб-и ләдунния» кітабының аудармасының бес жүз он бірінші бетінде жазылғанындай, Аллаһу та'ала бұл үмбетке сыйлаған кереметтердің бірі – бұл үмбеттің арасында Құтбтар, Әутад, Нүжәба және Абдал (рахимә-һумуллаһу та'ала) бар. Әнәс бин Маликтің (радиаллаһу анһ) айтуынша: «Абдал» - қырық кісі. Имам Табарани (рахимә-һуллаһу та'ала) «Әусат» кітабында жазған хадис шәрифінде: «Жер бетінде әр уақытта қырық кісі бар болады. Олардың әрқайсысы Ибраһим алейһиссалам сияқты берекетті. Олардың берекетімен жаңбыр жауады. Олардың бірі қайтыс болса, Аллаһу та'ала оның орнына басқасын қояды» делінген. Ибн Адидің (рахимә-һуллаһу та'ала) айтуынша, «Абдал – қырық кісі.» Имам Ахмед (рахимә-һуллаһу та'ала) жеткізген хадис шәрифте: «Бұл үмбетте әрдайым отыз адам бар болады. Олардың әрқайсысы Ибраһим алейһиссалам сияқты берекетті» делінген. Әбу Нуаймның (рахимә-һуллаһу та'ала) «Хиля» атты кітабында көрсеткен хадис шәрифінде «Үмбетімнің арасында әр жүз жылда жақсылар бар болады. Олар бес жүз кісі. Қырығы абдал. Олар барлық мемлекетте болады» делінген. Оларды хабар берген тағы әртүрлі хадис шәрифтер бар. Тағы «Хиля» кітабында Әбу Нуайм мәрфу қылып жеткізген хадис шәрифінде «Үмбетімнің арасында әр уақытта қырық кісі бар болады. Олардың көңілі Ибраһим алейһиссаламның көңілі сияқты. Аллаһу та'ала олардың себебімен құлдарынан бәле-жаланы кетіреді. Олар абдал деп аталады. Олар бұл дәрежеге намаз арқылы, ораза арқылы, зекет арқылы жетпеді» делінген. Ибн Мәсуд (радиаллаһу та'ала анһ) пайғамбарымыздан: «Йа, Расулаллаһ! Олар не арқылы бұл дәрежеге жетті?» деп сұрады. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Жомарттықпен және мұсылмандарға насихат айтумен жетілді» деп жауаптады. Бір хадис шәрифте: «Үмбетімнің арасындағы абдал болғандар ешнәрсеге лағнет етпейді (қарғамайды)» делінген. Хатиби Бағдади (рахимә-һуллаһу та'ала) «Тарихи Бағдад» кітабында: «Нүқаба» - үш жүз кісі. «Нүжәба» - жетпіс кісі. «Бүдәла» - қырық кісі. «Ахияр» - жеті кісі. «Амәд» - төрт кісі. «Ғаус» - бір кісі. Адамдарға бір нәрсе қажет болса, әуелі Нүқаба дұға етеді. Қабыл болмаса, Нүжәба дұға етеді. Тағы қабыл болмаса, Абдал, кейін Ахияр, кейін Амәд дұға етеді. Қабыл болмаса, Ғаус дұға етеді. Оның дұғасы әлбетте қабыл болады, – деді. [Ахмед Қасталани 923 [м.1517] жылы Мысырда қайтыс болды.] Көрініп тұрғанындай, уаһһаби автор хадис шәрифтерде айтылған тасаууф білімдерін жоққа шығаруда. Кейін біз аяттармен, хадистермен жүреміз деп мұсылмандарды алдауда. Кереметтерді жоққа шығару Ислам дінінен хабарының болмауын және өте сауатсыз екенін айқын көрсетіп тұр. Асхаби кирам (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) мүлдем керемет көрсетпеді деп айту да қып-қызыл өтірік. Сахабалардың әрқайсысының жүздеген кереметтері құнды кітаптарда жазылған. Юсуф Нәбханидің (рахметуллаһи алейһ) «Жами-ул кәрамат» атты кітабында елу төрт сахабаның кереметтері дәлелдерімен бірге араб тілінде жазылған. Олардың бірнешеуін жазып кетейік: [Ахмед хатиб Бағдади 463 [м.1071] жылы қайтыс болды.] «Жамиул кәрамат» кітабының тоқсан үшінші және «Қысаси әнбия» кітабының бес жүз сексен тоғызыншы беттерінде жазылған: «Хижреттің жиырма үшінші жылы Сария есімді қолбасшы Нехавендте бір жазықта жаумен айқасып қалды. Ирандықтар мұсылмандарды қоршап алмақшы еді. Сол кезде хазреті Омар (радиаллаһу та'ала анһума) Мәдинада минберде хұтба оқып тұрған еді. Аллаһу та'ала оған сол сәтте әскердің жағдайын көрсетті. Хұтба арасында «Ей, Сария, тауға қарай, тауға қарай!» деді. Халифаның дауысын Сария естіді де, таудың бөктеріне жанасты. Сөйтіп жауға қарсы шабуылдап, талқандады.» Бұл керемет «Шәуаһид-ун-нубуввә» кітабында ұзақ баяндалған. «Иршад-ут-талибин» кітабында да бар. Бәйһақидың Ибн Омардан (рахметуллаһи алейһима) хабар бергендігі осында жазылған. Мұхаммед Масум Фаруқи (рахметуллаһи алейһ) «Мәктубат» кітабының үшінші том, он тоғызыншы хатында жазған: «Осман (радиаллаһу анһ) халифа кезінде Әнәс бин Малик (радиаллаһу та'ала анһ) қасына келді. Жолда бір әйелді көрген еді. Хазреті Осман оған қарап «Көздеріңде зинаның әсері көрініп тұр» деді. Бұл хазреті Османның кереметтерінің бірі еді.» Бұл «Жами-ул кәрамат» кітабында да жазылған. Молда Жами «Шәуаһид-ун-нубуввә» кітабында жазған: «Имам Ахмед бин Ханбалдан (рахимә-һуллаһу та'ала): «Асхаби кирам (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) көп керемет көрсетпеді. Олардан кейін келгендерде көп керемет байқалды. Мұның себебі қандай?» деп сұралды. Сонда ол жауап ретінде: «Асхаби кирамның имандары өте күшті болғандықтан, иманды күшейту үшін оларға керемет көрсетуге қажеттілік жоқ еді. Кейіннен келгендердің имандары сондай күшті болмағандықтан, оларға керемет берілді» деді.» «Шәуаһид-ун-нубуввә» кітабында былай жазылған: «Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) қайтыс болатын кезінде балаларын хазреті Айшаға (радиаллаһу та'ала анһ) қалдырды. «Бір балам мен екі қызым саған аманат» деді. Алайда хазреті Айшадан басқа тек Әсма есімді бір қызы ғана бар еді. «Менің бір қыз бауырым ғана бар ғой» деп сұрағанында: «Жарым жүкті, қыз туады деп ойлаймын» деді. Хазреті Әбу Бәкір қайтыс болғаннан кейін, өзі айтқанындай, қызы туылды.» «Шәуаһид-ун-нубуввә» кітабында жазылған: «Әли қайтыс болатын кезінде Хусейнге (радиаллаһу та'ала анһума): «Менің табытымды «Арнәйн» деген жерге апарыңдар. Ол жерде ақ жартас көресіңдер, ол айналасына нұр шашып тұр. Сол жерді қазып, мені сонда жерлеңдер» деді. Айтқанындай істеді, айтқанындай болды.» «Шәуаһид-ун-нубуввә» кітабында жазылған: «Хазреті Хасан Абдуллаһ бин Зубәйрмен (радиаллаһу та'ала анһума) бірге жолға шыққан еді. Бір құрма бауына демалуға отырды. Ағаштар қурап тұрған еді. Абдуллаһ бин Зубәйр «Ағашта құрма болғанда қандай жақсы болар еді» деді. Хазреті Хасан дұға етті. Бір ағаш бірден жасарып, құрмаға толды. Айналадағылар «Бұл сиқыр» деп еді, Хасан «Жоқ, Расулуллаһтың немересінің дұғасымен Аллаһу та'ала жаратты» деп жауап берді.» [Абдуллаһ бин Зубәйр 73 [м.692] жылы шәһид етілді.] Тағы да «Шәуаһид-ун-нубуввә» кітабында жазылған: «Әли Зәйнәлабидин бин Хусейн (радиаллаһу та'ала анһума) бала-шағасымен қырда тамақтанып отырған еді. Бір бөкен жақындап тұрды. «Ей, бөкен! Мен Зәйнәлабидин Әли бин Хусейн бин Әли, анам Фатима бинти Расул. Кел, сен де бізбен бірге тамақтан» деді. Бөкен келіп, тамақтанып кетіп қалды. Дастархан басындағы балалар тағы шақыруын сұрап жалынды. «Оған тиіспесеңдер шақырамын» деген еді, балалар «Тиіспейміз» деп келісті. Сөйтіп тағы шақырды, бөкен келді. Бір бала бөкеннің арқасын сипап еді, үркіп қашып кетті.» Мұхаммед бин Ханафия, Әли бин Хусейнге (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) «Мен сенің көкеңмін және жасым сенен үлкен. Халифалықты маған қалдыр» деді. Әли бин Хусейн «Хажәр-ул-әсуад» тасынан сұрайық деді. Мұхаммед сұрады, тастан үн шықпады. Әли бин Хусейн қол жайып дұға етті. Кейін «Ей, тас! Халифалық кімнің ақысы екенін Аллаһ үшін айт» деді. Хажәр-ул-әсуад тасы дірілдеп, «Халифалық Әли бин Хусейннің ақысы» деген дауыс шықты. Имам Әли Рыза (рахметуллаһи алейһ) бір қабырғаның қасында отырған еді. Алдына бір құс қонып, сайрай бастады. Имам қасында отырған адамнан «Мына құс не деп жатқанын түсініп жатырсың ба?» деп сұрады. Ол «Жоқ, Аллаһ және Расулы және Расулының немересі біледі» деп жауаптады. Сонда имам «Ұяма жылан келді, балапандарымды жеп қоймақшы. Бізді дұшпаннан құтқар, - деп жатыр. Құспен бірге бар, жыланды тап та, өлтір!» деді. Әлгі адам барды, айтқанындай көрді. [Имам Әли Рыза (рахметуллаһи алейһ) он екі имамның сегізіншісі, 203 [м.818] жылы Тус, яғни Мешхед қаласында қайтыс болды.] Абдуллаһ ибн Омар (радиаллаһу анһума) сапарда еді. Жолда бір топ адамды көрді. Неліктен жиналғанын сұрады. Сөйтсе, жолда арыстан бар екен, ешкім өте алмай жатқан екен. Абдуллаһ ибн Омар барып, арыстанның қасына жақындады. Арқасын сипап, жолдан алыстатты. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) азат еткен құлдарынан Сәфина (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Теңізде сапарда едім. Дауыл басталды. Кеме батып кетті. Мен бір тақтайдың үстінде қалдым. Толқындар мені жағаға шығарды. Орманның ішіне түстім. Алдымнан арыстан шықты. Оған «Ей, арыстан! Мен Расулуллаһтың сахабасымын» дедім. Ол бірден мойнын иіп, маған үйкелді. Сөйтіп маған жол көрсетті, кететін кезінде мысықтай пырылдады, қоштасқанын түсіндім.» Әйюб Сахтияни (рахимә-һуллаһу та'ала) бір досымен бірге шөл далада қалған еді. Досының шөлдегеннен тілі салбырап қалды. «Қиналып тұрсың ба?» деп сұрап еді, ол «Шөлден өлейін деп жатырмын» деп жауаптады. «Егер ешкімге айтпасаң, саған су тауып берейін» дегенде «Ешкімге айтпаймын» деп ант етті. Аяғын жерге ұрған кезде су шықты, екеуі бірге ішті. Әйюб қайтыс болғанға дейін досы мұны ешкімге айтпады. Көрініп тұрғанындай, Аллаһу та'ала сүйікті құлдарына кереметтер сыйлайды. Әулиелер кереметтерін жасырады, ешкімге көрсеткісі келмейді. Хамид Тауил айтып берген: «Сабит Бәнаниді (рахимә-һумуллаһу та'ала) қабірге кіргізіп, лахд жағын кесекпен жауып болғанымызда бір кесек түсіп қалды. Сабит Бәнанидің қабірде намаз оқып жатқанын көрдік. Қызынан сұрап едік, «Әкем елу жыл үздіксіз түнде намаз оқып, сәре уақыттарында "Йа, Раббым! Пайғамбарлардан басқа құлдарыңа қабірде намаз оқуды нәсіп еткен болсаң, маған да нәсіп ет" деп дұға ететін еді» деді. Хабиб Ажемиді (рахимә-һуллаһу та'ала) адамдар Тәруия күні Басрада, ертеңіне Арапа күні Арафатта көрген. [Хабиб Ажеми – Хасан Басридің шәкірті.] Фудайл бин Аяз (рахимә-һуллаһу та'ала) айтып берген: «Көздері көрмейтін бір соқыр адам Абдуллаһ бин Мубарак (рахимә-һуллаһу та'ала) хазреттеріне келіп, көздерінің көруін тілеп дұға етуін сұрады. Абдуллаһ ұзақ дұға етті. Көздері бірден көріп кетті. Көздерінің ашылғанын көргендер көп еді.» [Абдуллаһ бин Мубарак – Имам Ағзамның (рахметуллаһи алейһима) шәкірті. 181 [м.797] жылы қайтыс болды.] «Шәуаһид-ун-нубуввә» кітабынан алынып жоғарыда жазылған Асхаби кирам мен табииннің (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) кереметтері мазһабсыздардың өтірік айтып жатқанын көрсетуде. Олар «сахабалар мен табиин еш керемет көрсетпеді» деп мұсылмандарды алдағысы келеді. [«Шәуаһид-ун-нубуввә» кітабын Нуреддин Жами (рахметуллаһи алейһ) жазған, 898 [м.1492] жылы Хиратта қайтыс болған. 1417 [м.1996] жылы Стамбулда бұл кітаптың офсеттік басылымы жарыққа шыққан.] Ахи-зада Абдулхалим 1013 [м.1604] жылы қайтыс болған. «Риядуссадат фи-исбат-ил-кәрамат» атты кітабында әулиелердің қайтыс болғаннан кейін де керемет көрсете алатындықтары дәлелдеген. [Әйюб Сахтияни 131 [м.748] жылы Басрада қайтыс болды.] [Фудайл 187 [м.803] жылы Меккеде қайтыс болды.] |