Аллаһу та'ала қаласа, себепсіз де жаратады!Ұлы Раббымыз бір нәрсенің пайда болуы үшін себептер жаратқан. Біз себептерге жүгінуіміз керек, оларсыз болмайды. Бірақ нәтижені себептерден күтпей, себептерді Жаратқаннан күтуіміз қажет. Ол қаламағанша ештеңе пайда болмайды. Біз үшін себептер маңызды, бірақ Раббымыздың барлық нәрсеге құдіреті жетеді. Қаласа, себепсіз де жаратады. Себептерден берген күшін алып қоя алады. Мысалы, от күйдіреді, тиген жерін өртейді. Бірақ Ибраһим пайғамбарды (алейһиссалам) жақпады. Адамдардың дүниеге келуі үшін ата-ана – себепкер. Олар болмаса немесе екеуінің бірі болмаса, іске аспайды. Бірақ ата-ана бар бола тұра, ұзақ жылдар бойы некеде болғанына қарамастан бала сүйе алмай жүргендер көп. Оған көп ақша жұмсап, көп шаралар қолданып, сонда да нәжите көре алмай жүрген отбасылар аз емес. Бұл бізге бала сүю ата-ананың қолында емес екенін үйретіп тұр. Бұл Раббымыздың бұйыруы және қалауымен жүзеге асады. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) айтқан: «Сабыр етсең, тағдырдың жазғаны болады, сауап аларсың. Егер сабыр етпесең, сонда да тағдырдың жазғаны болады, бірақ күнә аласың.» Аллаһу та'ала құдіретін көрсету үшін ата-анасыз да жарата алады – Адам алейһиссалам сияқты. Анасыз жарата алады – Хауа анамыз сияқты. Әкесіз жарата алады – Иса алейһиссалам сияқты. Ата-анамен жарата алады – бәріміз сияқты... Ақылды, тәжірибелі болу – бизнестегі жетістіктің себебі. Алайда, кейде ақылды және тәжірибелі адамдар жетістікке жете алмай жүргенін, ал ақылы мен тәжірибесі азырақ болғандар үлкен жетістікке жетіп, бай болғанын көріп жүрміз. Мұның хикметін ғұламалардың бірінен сұрағанда ол былай жауап берген екен: «Ақылдының, қабілеттінің бәрі жетістікке жете берсе, ал ақылы азырақ болғандар табысқа жете алмаса, адамдар мұны ақылдан деп білетін еді. «Ақылды болғаны үшін табысқа жетті, зердесіз болғаны үшін табыс көрмеді» дейтін еді. Раббымыз адамдардың өзінен емес, ниғметтердің Аллаһу та'аладан келгенін білсін және соған шүкір етсін деп кейде осылай жаратады...» Дәрігерлер мен дәрі-дәрмек шипаға себепші, бірақ егер Раббымыз қаласа ғана. Әйтпесе ауру кісінің жазылуы, шипа табуы мүмкін болмайды. Расында әлемдегі ең озат, ең заманауи ауруханаларында да өлім үзіліп жатқан жоқ. Егер өмір бітпеген, ажал келмеген болса, дәрігерлер көмектеседі, дәрі-дәрмек пайдасын тигізеді. Олай болмаса, дәрігер не істерін білмей қалады, дәрілер керісінше ауруды асқындырады. Дәрігерлер үмітін үзіп, бірнеше күн өмірі қалды деген ауру кісінің жазылып кетіп, тағы жылдар бойы өмір сүргені байқалғанымен қатар, барлық талдаулары (анализдері) жақсы шығып, денсаулығы мықты талай адамның бір инфарктпен дүниемен қоштасқандығына куә болып жүрміз. Жаңбыр көп жауатын жерлерге кейде айлар бойы жаңбыр жаумай қояды, ал шөл далаға сел болып аққанша жауады. Бұлардың бәрі біздің күшіміздің үстінде Аллаһу та'аланың құдіреті бар екенін көрсетіп тұр... |