21 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     23 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Қиямет және Ахирет" кітабы / УАҺҺАБИ СЕНІМДЕРІ ЖӘНЕ ӘҺЛИ СҮННЕТ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ОЛАРҒА БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ (19)

УАҺҺАБИ СЕНІМДЕРІ ЖӘНЕ ӘҺЛИ СҮННЕТ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ОЛАРҒА БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ (19)

19) Кітаптың үш жүзінші бетінде «Керемет – Аллаһу та'аланың тақуа болған мүминдерге берген сыйы. Мұны дұға мен ғибадат еткенде нәсіп етеді. Бұл әулиенің тілегі және күшімен іске аспайды. Мен әулиемін, ғайыпты білемін деп шыққандар әулие емес, шайтан» деп жазған.

Кітаптың авторы бұл жерде шындықты айтуға мәжбүр болған. Алайда әулиелердің керемет көрсетем деп мақтанады дегені өтірік. Әулие мен тасаууфты жоққа шығару үшін өтірік айтуға еш қысылмайтынын көрсетіп тұр. Әулиелік пен кереметтің не екенін білмегендіктен, дін дұшпандарының, дінсіздердің қисыңсыз, жиіркенішті сөздерін тасаууф ғұламаларына жұқтырғысы келеді. Енді қараңыз, тасаууф ғұламалары әулиелік пен кереметті қалай түсіндірген: Үлкен Ислам ғалымы, әулиелердің көсемі Мұхаммед Масум (рахимә-һуллаһу та'ала) «Мәктубат» кітабының бірінші том, елуінші хатында былай дейді:

Аллаһу та'аланы тану кәшф пен керемет иесі болудан құндырақ. Өйткені Аллаһу та'аланы тану - Оның затындағы және сипаттарындағы жасырын білімдерді түсіну деген сөз. Ал керемет махлұқтардың (жаратылыстың) жасырын жайттарын түсіну деген сөз. Аллаһу та'аланы танып, марифат пайда қылу мен керемет арасындағы айырмашылық Жаратушы мен жаратылыс арасындағы айырмашылық сияқты. Марифат – Аллаһу та'аланы тану деген сөз. Ал керемет – махлұқтарды тану. Дұрыс болған марифат иманды арттырып жетілдіреді. Керемет ондай емес. Адамның дәрежесінің өсуі кереметке байланысты емес. Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарының көбінде керемет пайда болған. Әулиелердің бір-бірлерінен үстемдіктері Аллаһу та'алаға деген рухани қурбтарымен (жақындығымен), марифаттарымен өлшенеді. Кереметтерімен өлшенбейді. Кереметтер марифаттан құндырақ болғанда еді, Жуқия және Брахман деп аталатын үнді кәпірлер әулиелерден үстем болар еді. Өйткені олар риязат шегіп (шілдеге отырып), нәпістің қалауларын істемейді. Осылайша оларда таңғажайып құбылыстар пайда болады. Ал әулиеде қурб, марифат пайда болған. Олар ондай таңғажайып құбылыстардың пайда болуын қаламайды. Аллаһу та'аланы тану тұрғанда махлұқтарды тануды қаламайды. Керемет аштықпен және риязат шегумен кезкелген адамда пайда болуы мүмкін. Мұның Аллаһу та'алаға жақын болуға, тануға еш қатысы жоқ. Кәшф пен кереметке қол жеткізуге ұмтылу – махлұқтармен айналысу деген сөз. Өлең:

 

Сорлы, лағнеттелген шайтаннан,

Ғажайыптар көрінеді әр сәтте.

Кірер ол есіктен, әрі мұржадан,

Отан болады оған жүрек пен дене.

Тасаууф сөздерін ойлама!

Нұрдан, кереметтен сөз қозғама!

Керемет – Хаққа құл болу,

Қалғаны ақымақтық пен рия!

 

Адамның кәмілдігі, жоғары дәрежелігі фәнаға қауышу, барлық нәрсені көңілден шығару деген сөз. Ғибадаттарды орындау тасаууф жолында жүру және нәпіске риязат шеккізу, адамның өзінің ешкім емес екенін түсінуі, әрі болмыстың және болмыс сипаттарының тек қана Аллаһу та'алаға тән екенін түсінуі үшін қажет. Кімде-кім керемет көрсетіп, адамдардың бәрін айналасына жинап, осылайша өзін өзгелерден үстем қылып көрсеткісі келсе, тәкәппарлық еткен, өз-өзін ұнатқан болады. Ғибадаттардың, сәйр мен сүлүктің (тасаууф жолында ілгерілеудің) және риязат шегудің пайдаларынан мақрұм қалады. Аллаһу та'аланың марифатына қауыша алмайды. Тасаууф ғұламаларынан Шихабуддин Сухрауарди (рахимә-һуллаһу та'ала) «Ауариф-ул-мәариф» кітабында жазғанындай, кереметтер жүректің Аллаһу та'аланы зікір етуінің қасында түк болмай қалады. [Шихабуддин Сухрауарди Абдулқадир Гейланидің (рахимә-һуллаһу та'ала) шәкірті. 632 [м.1234] жылы Бағдатта қайтыс болды.] Шайх-ул-ислам Абдуллаһ Хирауидің (рахимә-һуллаһу та'ала) айтқанындай, марифат иесі болғандардың парасаты, яғни кереметі – Аллаһу та'аланың марифатыне қауышуға бейім болған-болмаған жүректерді бір-бірінен ажырата алуларында. Ал аштық пен риязат шеккендердің парасаты – махлұқтардың жасырын нәрселерін сезіп хабар беру. Олар Аллаһу та'аланың марифатына қолжеткізе алмайды. Марифат иесі болған әулиелер (рахимә-һумуллаһу та'ала) үнемі Аллаһу та'ала туралы айтады. Сауатсыз бұқара махлұқтардың жасырын нәрселерін хабар бергендерді әулие деп санайды.

[Ктаптың авторы да әулие дегенде осындай сауатсыздарды ойлауда, сол төмен адамдарды мысал қылып, Ислам ғалымдарын, тасаууф ғұламаларын жамандауда.]

Олар әулиелердің (рахимә-һумуллаһу та'ала) Аллаһу та'аланы тану яғни марифат жайлы айтқандарына сенбейді. «Олар егер әулие болса, махлұқтардың жасырын нәрселерін білетін еді. Махлұқтардың жасырын нәрселерін білмеген адам Аллаһты мүлдем біле алмайды» деп ойлайды. Осы қате пікірлерінің кесірінен әулиелерге (рахимә-һумуллаһу та'ала) сенбейді. Аллаһу та'ала өз әулие құлдарын өте жақсы көргендіктен, оларды махлұқтардың сырымен айналыстырып қоймаған. Махлұқтарды олардың тіпті ойына да салмайды. Аллаһтың сүйікті пенделері махлұқтар әлеміне, яғни дүниелікке беріліп кеткендерді ұнатпағанындай, махлұқтарға беріліп кеткендер де Аллаһтың сүйікті құлдарын тани алмайды және көрсе жақтырмайды. Негізінде егер Аллаһтың әулие құлдары махлұқтардың жасырын нәрселері, сырлары жайлы ойласа, өзгелерден жақсырақ түсінеді.

Риязат шегіп, өз-өзін қинап мүжаһада жасағандар қолжеткізген көріпкелдік, жұрттар ойлағандай құнды бір қасиет емес. Сондықтан ондай ерекшеліктер мұсылмандар, яһудилер, христиандар және кезкелген адамдарда болуы мүмкін. Бұл тек Аллаһтың сүйікті құлдарына ғана тән емес. Шайх-ул-ислам Хирауидың сөзі осы жерде тәмәм болды.

[Абдуллаһ Ансари 481 [м.1088] жылы Хиратта қайтыс болды.]

Аллаһу та'ала пайдалы болатын кезде әулие құлының керемет көрсетуін қалайды. Марифаттар жайлы естіген жаман адамдардың осыларды айтып, өзін әулиедей көрсетуі бұл марифаттарғе дақ түсіре алмайды. Бағалы гауһар тас қоқысқа түссе де, құнын жоғалтпайды.

Тасаууф жолында ұстаз (жол көрсетуші) қажет. Фәйз ұстаз арқылы келеді. Егер ұстаз дұрыс болмаса, Хаққа апарар жолды табу мүмкін болмайды. Асхаби кирам (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұхбатының берекетімен тасаууфтың жоғары дәрежелеріне жетті. Елуінші хаттан аударма тәмәм болды.

Елу бірінші хатта былай жазылған: «Зарият» сүресінің елу алтыншы аятында: «Жындар мен адамдарды маған ғибадат етуі үшін жараттым» делінген. Тасаууф ғұламаларының бірнешеуі бұл аяти кариманы «Мені тануы үшін жараттым» деп түсінген. Жақсы ойланып қарасақ, екі түсінік те бірдей. Өйткені ғибадаттардың ең жақсысы – зікір ету. Зікірдің ең жоғары дәрежесі – зікір етілген Затты ойлаудан өзін ұмытып кету. Бұл болса марифат деген сөз. Көрініп тұрғанындай, ғибадаттың ең жоғарғы дәрежесінде марифат пайда болуда. Аяти каримада нәпіс пен шайтан араласпай ықыласпен ғибадат ету әмір етілуде. Ал фәнаға қолжеткізбей және марифатсыз ондай ғибадатты жасау мүмкін емес. Демек, марифатсыз ғибадат таза бола алмайды.

Имам Раббани мүжәддид әлфи сани Ахмед Фаруқи Сәрһәнди (рахимә-һуллаһу та'ала) «Мәктубат» кітабының екінші том, тоқсан екінші хатында былай дейді: Әулиенің [яғни Аллаһу та'аланың разы болған, сүйікті құлының] керемет көрсетуі шарт емес. Ғалымдардың керемет көрсетуі қажет болмағанындай, әулиелердің (рахимә-һумуллаһу та'ала) де керемет көрсетуі қажет емес. Өйткені, әулиелік – «Қурб-и илаһи» деген сөз. [Яғни Аллаһу та'алаға жақындау, Оны тану деген сөз. Екі жүз алпыс алтыншы хатта жазылғанындай, «Зарият» сүресіндегі «Жындар мен адамдарды маған ғибадат етуі үшін жараттым» деген аяти карима «оларды маған жақын болуы үшін жараттым» деген сөз. Көрініп тұрғанындай, адам мен жынның жаратылуы Аллаһу та'аланың кәмілдігіне марифат пайда қылу, Оны танумен кәмілдікке жету үшін екен.]

Кей бір адамға қурб-и илаһи нәсіп болады, бірақ мүлдем керемет берілмейді. Мысалы, ғайып болған нәрселерді білмейді. Басқасына әрі қурб, әрі керемет беріледі. Ал үшіншісіне қурб берілмей, тек кереметтер, ғайыптан хабар беру қасиеті беріледі. Осы үшінші адам әулие емес. Ол истидраж иесі. Нәпсінің жылтырауы ғайыпты білуіне себеп болған, ол адасушылыққа түсіп, хақ жолдан айрылған. Бірінші және екінші адамдар қурб ниғметіне қауышумен абыройланып, әулие болған. Әулиелердің бір-бірінен үстемдіктері қурбтары, яғни Аллаһқа болған жақындықтарының дәрежесімен өлшенеді.

Мұхаммед Масум Фаруқи (рахимә-һуллаһу та'ала) 1079 [м.1668] жылы Үндістанның Сәрһәнд қаласында қайтыс болды. «Мәктубат» кітабының екінші томы, жүз қырқыншы хатында былай деген: «Хадис құдсида: «Әулиелерімнің біріне дұшпандық еткен адам мааған қарсы соғыс ашқан болады. Құлымды маған жақындататын нәрселердің арасында маған ең сүйікті болғандары – оған парыз қылған нәрселерім. Құлым нәпіл ғибадаттарын орындаумен маған жақындайтындығы соншалық, оны қатты жақсы көремін. Оны жақсы көргенде оның еститін құлағы, көретін көзі және ұстайтын қолы мен жүретін аяғы боламын. Не қаласа беремін. Менен жәрдем сұрағанда көмекке келемін» делінген. [Бұл хадис құдси «Хадиқа» кітабының жүз сексен екінші бетінде де жазылған және «Бұхари»-де бар екені айтылған, әрі «Бұл жерде аталып өткен нәпілдер – парыздармен бірге орындалатын нәпілдер. Осы құлымның көзіне, құлағына, аяқ-қолына сондай күш беремін, басқа ешкім жасай алмайтын нәрселерді нәсіп етемін деген сөз» деп жазылған. Бұл сыйға қауыша алу үшін Әһли сүннет сенімінде болу және ғибадаттарды шарттарына сай және ықыласпен орындау керек. Бұл дұрыс сенімге, ғибадаттардың шарттарына, ықыласқа тек қана Әһли сүннет ғалымдарының сұхбаттары мен кітаптары арқылы қолжеткізу мүмкін. Қысқасы, адамды Аллаһу та'аланың разылығына жеткізетін «Уәсилә-Арашы» – Әһли сүннет ғалымдары. Бұл ғалымдар «Мүршид» және «Әулие» деп аталады. Осы арашыны, яғни мүршидті іздеп табуымызды Аллаһу та'ала «Маида» сүресінде әмір еткен.] Парыздардың адамда қурб пайда қылуы [Құдайға жақындатуы] және оны дамытуы үшін амал-и муқаррибиннен болуы керек. Ол үшін мүршидтер үйреткен нәпіл ғибадаттарды орындау шарт. Намаз оқуға дәрет алу қажет болғанындай, парыздардың қурб пайда қылуы үшін де алдымен тасаууф жолында ілгерілеу қажет. Жүрек (көңіл) пен рух тасаууф [мамандарының, яғни ұстаздардың берген міндетін атқару] арқылы тазаланбағанша, парыздардың қурбына қолжеткізу мүмкін болмай, әулие болу абыройы пайда болмайды.»

Хадис шәрифте «Ұмытылған бір сүннетімді жандандырған адамға жүз шәһид сауабы беріледі» делінген. Ұмытылған сүннетті жандандыру не оны орындау арқылы, не әрі орындау, әрі басқаларға үйретіп, олардың да жасауына себеп болу арқылы жүзеге асады. Ислам дінін жандандырудың осы екінші түрі – үстемірек. Жалпылық болған бірінші түрінен әлдеқайда құндырақ. [Сүннетті үстем түрде жандандырғандарға, яғни Әһли сүннет сенімін, парыздарды, харамдарды, сүннеттерді, мәкрухтарды, қысқасы «Илмихал» кітаптарын жазғандарға, таратқандарға және оларға ақшалай көмектескендерге, әрі өздері де оларға ергендерге сүйінші болсын!]

Аллаһу та'аланың разылығына қауышу және қурб дәрежелерінде ілгерілеу тек сүннетке [яғни Расулуллаһтың жолына] берілу арқылы іске асады. «Али Имран» сүресінің отыз бірінші аяты болған «Оларға айт: Аллаһты жақсы көрсеңдер, маған бағыныңдар! Сонда Аллаһ та сендерді жақсы көреді» деген бұйрық осы сөзіміздің дәлелі. [Хадис шәрифтегі «сүннет» сөзінің «Ислам діні, яғни бүкіл Ахками Исламия (Ислам үкімдері)» деген сөз екенін осы аяти карима айқын көрсетіп тұр.]

Бидғаттан аса сақтану керек. Бидғатшымен достық құрмау, онымен көріспеу қажет. [Яғни сенімі қате мұсылмандармен, мазһабсыздармен және бидғат істейтіндермен сөйлеспеу керек. Мысалы, сақалын бір ұстамнан қысқа қылғандардың сақал өсіру сүннетін орындағанын айтуы бидғатқа жатады. Өйткені «Сақалды ұзын қылу» әмір етілді. Бұл әмірдің бір ұстамнан қысқа қылмаңдар деген сөз екені «Бәриқа» және басқа да кітаптарда жазылған. Бір ұстам дегеніміз – сақалды астыңғы ерін шетінен ұстап, алақан енінен асқанын қырқу деген сөз. «Бидғат» – әмір етілмеген нәрсені немесе әмірді өзгертіп, ғибадат ретінде жасау деген сөз. Әмірді орындамау бидғат болмайды. Бұл күнә болады. Пасық (күнәхар) ғибадат еткеніне емес, кінәлі екеніне сенуде. Үзірлі себепсіз сақал қыру бидғат емес, күнә, айып. Ал үзірлі себеппен қыру күнә да емес. Бидғат істеу – ең жаман күнә. Ол адам өлтіруден де үлкен күнә. Микрофонмен ғибадат жасау, сазды аспаптармен Құран, салауат, азан және илаһи (нашида) оқу және солай зікір ету де бидғатқа жатады. Кейбір бидғаттар күпірге себеп болады. Бидғат істеген және басқалардың істеуіне себеп болған адамды дін ғалымы санамау керек, одан ештеңе сұрамай, оның кітаптарын оқымау қажет.]

Хадис шәрифте «Бидғатшылар – тозақтағылардың иттері» делінген.

Мұхаммед Масум Фаруқи (рахимә-һуллаһу та'ала) екінші томның жүз он үшінші хатында былай дейді: «Жүрекпен (көңілмен) атқарылатын міндеттер бес түрлі: Біріншісі, Аллаһу та'аланың есімін зікір ету. Адамның жүрегінде көңіл деген латифа бар. [Латифа – заты болмаған, дене саналмайтын нәрсе деген сөз. Рух та латифа саналады.] Дауыссыз қиялмен көңілде «Аллаһ, Аллаһ» делінеді. Екінші міндет, тағы да қиял жолымен калима-и тәухидті зікір ету. Осы екі зікірде де еш дауыс шығарылмайды. Үшінші міндет, «Вуқуф-и қалби». Бұл әрдайым жүрегін ойлап, Аллаһтан басқа ештеңені еске алмауға мұқият болу деген сөз. Жүрек (көңіл) деген латифа ешқашан бос қала алмайды. Махлұқтарды ойлаудан тазаланған көңіл өздігінен Аллаһу та'алаға бет бұрады. [Босатылған ыдысқа ауаның өздігінен кіруі сияқты.] «Жүрегіңді дұшпаннан босат! Сонда досты жүрекке шақыруға қажеттілік қалмайды» делінген. Төртінші міндет, «Мүрақаба». Бұл «Жәмият» және «Агаһи» деп те аталады.

Аллаһу та'аланың әр сәтте барлық нәрсені көретінін, білетінін әрдайым ойлап жүру деген сөз. Бесінші міндет, «Рабыта». Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) толықтай бағынған әулиенің алдында отырғанын, оның жүзіне қарап отырғанын ойлау деген сөз. Осылай ойлау оның алдында үнемі әдепті болуды қамтамасыз етеді. Әдеп пен сүйіспеншілік жүректерді біріктіреді. Ол әулиенің жүрегінен өзінің жүрегіне фәйздің, берекеттің келуіне себеп болады. Осы бес міндеттің ең оңайы, ең пайдалысы – рабыта. Расулуллаһқа толықтай бағынбаған адам өзіне рабыта жасатқызса, екеуіне де зиянын тигізеді.»

Имам Раббани (рахметуллаһи та'ала алейһ) бірінші томның екі жүз сексен алтыншы хатында былай дейді: «Тасаууф жолында ілгерілеу үшін кәміл және мүкәммил, жолды білетін ұстаздың бақылауы, жол көрсетуі керек. Осындай шынайы жол көрсетуші (ұстаз) табу өте үлкен ниғмет. Ұзтаз оған қабілетіне қарай міндет береді. Қабілетіне қарап, мүлдем міндет бермей, тек қана сұхбатына қатысуын жеткілікті санауы да мүмкін. Ол оның жағдайына лайықты деп санағанын әмір етеді. Ұстаздың сұхбаты мен бақылауы басқа міндеттерден пайдалырақ.

Бес міндет пен ұстаздың сұхбаты Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бағынуды жеңілдету үшін қажет. Ислам дінін ұстанбағанша бұл міндеттер мен сұхбат пайдасын тигізбейді.»

Жоғарыда жазылған түрлі хаттардан аңғарылып тұрғаны, адамдардың бірінші міндеті – Аллаһу та'аланың қурбына, яғни марифеттеріне, разылығына, сүйіспеншілігіне қолжеткізу. Ал мұның жалғыз жолы – Расулуллаһқа бағыну және бидғаттардан сақтану. Расулуллаһқа оңай және дұрыс бағына алу үшін ықылас қажет. Ықыласпен жасалмаған ғибадаттар пайдасын тигізбейді, қабыл болмайды. Қурб ниғметіне қауыштырмайды. Ықыласқа қолжеткізу тасаууф жолында күш жұмсау арқылы нәсіп болады. Көрініп тұрғанындай, тасаууф көрсеткен міндеттерді атқару ғибадаттардың ықыласпен жасалуы және қабыл болуы үшін қажет. Қабыл болған ғибадаттар адамды Аллаһу та'аланың қурбына, марифетіне, разылығына қауыштырады. Асхаби кирамның бәрі сұхбат және рабыта міндеттерін орындап, ықыластың ең үстем дәрежесіне жетті. Олардың бір уыс арпа садақа беруінің сауабы басқалардың таудай алтын беруінен әлдеқайда көп болды. Көрініп тұрғанындай, тасаууф жолы бидғат емес. Ол Ислам дінінің негіздерінің бірі. Асхаби кирам (радиаллаһу та'ала алейһим әжмаин) тасаууф жолындағы міндеттерді орындаған, соның арқасында бұл үмбеттің ең үстемдері болған.