19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Нақыл еткен адам үстем болады

Нақыл еткен адам үстем болады

            Ғалым – дұрысты бұрыстан ажырататын, ислам ғалымдарынан нақыл ететін кісі дегенді білдіреді. Ғалым жарықты, қараңғылықты көре алатын адам деген сөз. Көзі көрмейтін адам жарықты көрмейді. Өйткені көзі көр адамға барлық нәрсе қараңғы.

 

            Шынайы ғалым бұрынғы өткен ғалымдардан нақыл етуші, солардың білдірген ілімін жеткізуші, көшіруші адам. Өзінің ойын, пікірін айтып, адамдарды өзіне байлайтын емес. Сондықтан діни тақырыптарда өз ойымыз, өз пікіріміз қосылмауы керек. Өйткені дініміз нақыл діні. Иман, ғибадат ілімдері қияметке дейін сол қалпы қалады, өзгермейді. Дінде тұжырым, көзқарас болмайды. Менің пікіріммен немесе сенің пікіріңмен дін болмайды. Аллаһу та’ала және Оның пайғамбары Мұхаммед алейһиссалам қалай білдірген болса солай қалады. Дінге ешнәрсе қосылмайтыны секілді, ешнәрсе одан алынбайды. Сол себепті нақыл еткен адам үстем болады, ал нақылға сүйенбей өз пікірін дін деп түсіндірген адам опат болады, құриды. Әһли сүннет ақидасын әһли сүннет ғалымдарының кітаптарынан нақыл ету керек және осындай құнды еңбектерді, кітаптарды тарату керек. Өйткені дұрыс иман, дұрыс ғибадат ілімдерін есіту, үйрену, адамдардың жаратылысындағы ең маңызды құқы, ақысы болып табылады.

 

            Адамда екі нәрсенің біріне мойынсұну мәжбүрлігі бар. Не өз ойына, пікіріне, түсінігіне мойынсұнады немесе шынайы бір ғалымға мойынсұнады. Өзіне мойынсұнған адам өзі бойынша қалады. Ал шынайы ғалымға мойынсұнған адам, мәселен хазреті Имам Раббанидің сөздерімен әрекет еткен адам ақырын ақырын жетіледі, уақытымен жоғары дәрежелерге жетеді. Өйткені ғалымның көңілімен мойынсұнған адамның көңілі арасында рухани желі құрылады. Ол ғалымның көңілінен тарайтын иманға толы ықыласы, Аллаһу та’алаға деген махаббаты, пайғамбарымызға деген мойынсұнушылығы оған ұйыған адамның көңіліне құйылады, әсер етеді. Күннің әсерінен жемістердің пісіп жетілгені секілді.

 

Адамдардың тартып жатқан қиыншылықтарының себебі нақыл етуді ығыстырып қойып, өз ой-пікірлерін, тұжырымдарын, көзқарастарын дін деп түсіндіріп, уағыздап жүрген дүмшелердің кесірі. Мұндай адамдарға “Уләма-и су” яғни жаман дін дүмшелері делінеді. Жаман дін адамдары егістікке келетін суды бөгеп тұрған тастарға ұқсайды. Су бармағаны үшін егістік өнбейді. Тас болғандығы үшін өзі де судан пайда көрмейді.   

Хазреті Әбул Аббас Мүрси айтқан уағыздарында үнемі сөзін: «Ұстазым хазреті Әбул Хасан Шазили былай деп айтты, ұстазым былай деп түсіндірді» деп бастап, үнемі ұстазынан нақыл ететін еді. Бір күні бір адам: «Сіз неге үнемі ұстазыңыздан нақыл етесіз, неге өзіңізден ешнәрсе айтпайсыз?» дегенінде хазреті Абул Хасан былай дейді: «Мен үйімнен ешнәрсе алып келмедім. Не үйренсем де, қандай жетістікке жетсем де ұстазымның дәрістерінің арқасы. “Аллаһу та’ала былай деді, Расулуллаһ былай деді” немесе “Мен былай деймін” деп көп нәрсе айта аламын. Бірақ бүкіл бұл ілімдерді үйренуіме, бұл дәрежеге жетуіме себепші болған ұстазыма әдебімді, құрметімді сақтай отырып, үнемі одан нақыл етіп айтамын. Ең дұрысы да осы. Ұстазы туралы айтпайтын, үнемі “мен” деп сөйлейтін адамнан қайыр болмайды. Ең жақсы ғалым өзінен айтып, өзіне байлайтын емес, нақыл ететін адам. Дініміз нақыл діні. Иман, ғибадат ілімдері қияметке дейін сол қалпы болады, өзгермейді. Нақыл еткен адам үстем, нақылсыз сөйлеген адам төмен болады.»  

Ғалымдардың қасиеті, көркі “білмеймін” деуі. Надандардың қасиеті білсе де білмесе де кез-келген тақырыпта аузын көпіртіп сөйлей беруі. Ғалым айтатын әрбір сөзінен қорқады, дәлелі, негізі болмай сөйлемейді. Кез-келген сұраққа жауап беру ғалым үшін ақымақтықтың белгісі. Білмеймін деу әдептіліктің және көп нәрсе білетіндігінің белгісі. Білетін және әдепті адам қарапайымдылық танытады, білмейтін нәрсесін айтпайды, білмеймін дейді. Ілімнен бұрын әдеп керек. Өйткені хазреті Омар: «Әдеп – ілімнен алдын келеді.» деп бұйырған.

 

Ислам ғалымдарынан хазреті Ибни Мубарәк: «Бүкіл ілімдерді білетін адамның әдебінде кемшілік бар болса, онымен көріспегеніме өкінбеймін, мұны өзіме зиян деп білмеймін. Бірақ әдепті адаммен көріспесем өкінемін.» дейтін еді.  

Әр уақытта, әр жерде әдепті, ұятты болуға тырысу керек! Ұятсыз адам уақыт өтуімен күпірге дейін баруы мүмкін. Хадис шәрифте «Ұятсыздық адамды күпірге түсіреді» делінеді.  

Ұят – ғимаратты ұстап тұрған тіреу секілді. Тіреусіз ғимараттың құламай тұруы оңай болмағаны секілді ұятсыз адамның да иманын сақтап тұруы қиын болады. Ұяты бар адам Аллаһтан ұялғаны үшін күнәдан тартынады. Адамдардан ұялмаған адам Аллаһтан да ұялмайды. Адамдардан ұялып істеген күнәсын жасыру да ұяттылықтың нышаны. Адамдардан ұялатын кісінің Аллаһу та’аладан да ұялатындығы аңғарылады.

 

Ешкім жаңбыр астына тегіс тақтай ұстап тұрып су біріктіре алмайды. Хақ та’ала бұл жаңбырды топыраққа жаудыруда. Бұл жаңбыр топырақтан сүзіліп жер асты каналдар пайда болуда. Бұл каналдар қайта жер бетіне шығып, таза су бір жерге жиналып жан-жаққа таралуда. Және барлық адамдар краннан су ішуде. Яғни негізінде барлық жерге жауатын рахмет, су бір краннан ішілуге мұқтаж. Кранга бармаған адам суға қауыша алмайды. Сондықтан да қауышқан крандардың, яғни мазһаб имамдарымыздың, әһли сүннет ғалымдарының қадірін білейік. Өйткені таза су сонда.