19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Қияметтің басталу уақыты

Қияметтің басталу уақыты

Сұрақ: Қиямет басталатын кезде жер бетінде иманды адам қалмайтындығы айтылады, бұл рас па?

Жауап: Имам Раббани хазреттері Мәктубат кітабында былай дейді:

«Ислам діні әлсірей бастады. Мұсылмандар ешкімсіз қалды. Бұдан кейін де әлсіреп кете береді. Жер бетінде «Аллаһ» дейтін ешкім қалмайтын дәрежеге дейін жетеді. Хадис шәрифте: «Ислам діні әлсіз, ешкімсіз болып басталды. Соңғы уақыттарында, басталғанындай әлсіз, ғаріп болып қайтады. Ғаріп болған мұсылмандарға сүйіншілер болсын!» делінген. Қиямет әлемде жақсы адамдар қалмай, барлық жерді жамандық қаптаған кезде басталады делінген.»

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан:

«Бір заман келеді, үмбетімде мұсылмандықтың тек аты ғана қалады. Мүмин болғандар тек бірнеше Ислам әдетін ғана жасайды, имандары қалмайды. Құран кәрім тек қана оқылады. Бұйрықтарынан, тыйымдарынан олардың тіпті хабары да болмайды. Есіл дерті тек қана ішіп-жеу болады. Олар Аллаһу та'аланы ұмытады. Тек ақшаға табынады. Әйелдері құл болады. Аз табысқа қанағат етпейді. Көп табысқа қолжеткізгенде тоймайды.»

Абдулуаһһаб Шарани (рахметуллаһи алейһ) Тәзкирә-и Қуртуби мұхтасарында айтады:

«Ибн Мажа жеткізген хадис шәрифте: «Бір заман келеді, киімнің түсі, реңі оңып кеткеніндей, жер бетінде Ислам діні де солып қалады. Намаз, ораза, қажылық, садақа ұмытылады. Құран кәрімнен жер бетінде бір аят қалмайды» делінген.» Имам Қуртуби айтады:

«Исламның ұмытылуы Иса алейһиссалам аспаннан түсіп, өлгеннен кейін болады. Одан бұрын мұсылмандар ешкімсіз, ғаріп болады. Құран кәрімді ешкім ұстанбайтын болса да, толықтай ұмытылмайды.»

Марифетнамада былай жазылған: «Қияметтің белгісі көп. Мешіттер көп, жамағат аз болады. Ғимараттар биік, киімдер жұқа, әйелдер басқарушы болады. Еркектер әйел сияқты болады.»