Бәрат түні…Адамдардың өмірі бұрынғы замандарда өте ұзын болатын. Нұх алейһиссаламның 950 жыл пайғамбар болғаны аяти каримамен бекітілген. Шит алейһиссалам 500 жыл шатыр астында өмір сүрген. Оған жанашырлары «Жайсыз жерде өмір сүріп жатырсыз, сізге үй соғып берейік» деген екен, сонда ол «Өміріміздің жартысы өтіп кетті, бар қалғаны 500-ақ жыл, өміріміздің қалғанын да осында өткіземіз» деп жауаптады. Үмбеті оған «Ақыр заманда адамдарды орташа есеппен өмірі 60 жыл болады, соған қарамастан олар үлкен үйлер, зәулім сарайлар соғады екен...» деді. Мұны естіген пайғамбар қатты таңқалып: «Менің өмірім 60 жыл болса, бүкіл өмірімді бір сәждеде өткіземін» деген екен. Басқа үмбеттердің өмірінің ұзақ, ал біздің өміріміздің қысқа болуы біздің сүйікті пайғамбарымызды мұңайтты. Олардың ұзақ өмір сүріп, көбірек ғибадат жасайтынын және сауапта бізден озатынын ойлаған еді. Раббымыз сүйікті пайғамбарын ренжіткісі келмеді. Бізге сондай қасиетті күндер мен түндер нәсіп етті – әр түн бір өмірге тең. Мысалы, Қадір түні мың айдан да қайырлы. Бұл Құран кәрімде анық айтылған. Мың ай шамамен 80 жылға тең. Бір мұсылман 10 Қадір түнін ғибадатпен өткізе алса, 800 жылдан артық ғибадат етудің сауабын алады. Басқа үмбеттерге мұндай ниғмет берілмеген. Бәрат түні де осындай қасиетті түндердің бірі. Осы түнде бір жылдың ішінде болатын құбылыстардың, ризықтардың, ажалдардың, аурулардың, зілзала және сол сияқты орындалатын нәрселердің тізімі тиісті періштелерге тапсырылады, олар күні келгенде бұйырылғандарды орындайды. Құран кәрім де осы түні Ләух-и махфуздан тұтас күйде осы дүниенің аспанына түсірілген, кейіннен 23 жыл ішінде әртүрлі жерде және әртүрлі уақытта пайғамбарымызға түскен. Бәрат түніне пайғамбарымыз ерекше мән беріп, ғибадат ететін еді. Хазреті Айша анамыз айтып берген: «Бір түні пайғамбарымыз төсегінен тұрды, дәрет алып, намазға тұрды. Намазды ұзақ оқыды, сәждеде ұзақ қалғаны соншалық, мен қайтыс болды ма деп ойлап қалдым. Мүбәрәк аяғын ұстап едім, қимылдағанын көріп, қуандым. Намазы біткенде «Сәждеде ұзақ қалғаныңыздан, сізді уайымдап кеттім. Неге ұзақ сәжде еттіңіз, бұған дейін сізден ондайды байқамаған едім?» деп сұрадым. Сонда пайғамбарымыз: «Йа, Айша! Бұл түннің қандай түн екенін білесің бе? Бұл түн – Шабан айының 15 түні болған Бәрат түні. Бұл түнде амалдар ұлы Раббымызға ұсынылады. Келер жылда кімнің ризығы қанша болатыны жазылған тізім Микайл періштеге (алейһиссалам) беріледі. Қайтыс болатын адамдардың тізімі Әзірейіл періштеге (алейһиссалам) тапсырылады» деп жауап берді. Егер Бәрат түніне дейін аман-есен жеткен болсақ, демек өткен жылдың тізімінде біздің атымыз жазылмаған деген сөз. Келер жылы немесе одан кейінгі жылдары жазылатын тізімде міндетті түрде біздің есіміміз де жазылады. Әр сәтте өлімге дайын болуымыз қажет. Қолымызда осындай мүмкіндік тұрғанда, жіберіп алмауымыз керек. Ондай мүмкіндіктер ендігәрі келмеуі де мүмкін. Тағы Бәрат түні келеді, бірақ біз көрмеуіміз мүмкін. Расында, өткен жылдың қасиетті түндерінде бірге болғандарымыздың кейбірлері бұл жылы арамызда жоқ. Хадис шәрифте «Бәрат түнін ғибадатпен, ал күнін оразамен өткізіңдер» делінген. Бәрат түнінде күн батқаннан кейін Раббымыз мейірімімен осы дүниенің аспанына назар салып: «Кешірім сұраушылар жоқ па? – Оларды кешірейін. Ризық сұраушылар жоқ па? – Оларды ризықтандырайын. Аурулар немесе дерттілер жоқ па? – Оларға шипа және дертіне дауа берейін. Менен тілейтіндер жоқ па? – Құлдарымның қалағанын берейін...» дейді. Бұл таңға дейін жалғасады. Оған жайылған қолдар (әсіресе осындай түндерде) бос қайтарылмайды. Көп тәубе етейік, дұға етейік. Ренжіскендер татуласуы қажет, үлкендерімізді және сүйіктілерімізді қасиетті түнмен құттықтап, дұғасын алуымыз керек. Қазірден барша мұсылмандарды Бәрат түнімен құттықтаймыз! Бұл қасиетті түн бәрімізге және Ислам әлеміне мүбәрәк болсын! |