28 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     31 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Ораза / Тарауих намазын оқудың құндылығы

Тарауих намазын оқудың құндылығы

Сұрақ: Рамазан айында құптан уақытында оқылатын тарауих намазының әр түніне жеке-жеке сауабы мен құндылығы бар ма?

Жауап: Рамазан айында әр түні тарауих намазын оқудың құндылығы хазреті Әлиден сұралғанда былай жауап берген:

«Кімде-кім Рамазан айының бірінші түнінде тарауих намазын оқыса, Аллаһу та'ала ол адамның барлық тәубелерін қабыл етіп, күнәларын кешіреді. Екінші түнінде оқыған адамның ата-анасының күнәлары кешіріледі. Үшінші түні оқыса, періштелер ол құлға қарап: «Саған сүйінші болсын, Хақ та'ала сенің ғибадатыңды қабыл етті, қалаған құрметіңе қолжеткіздің, күнәларыңды кешірді» дейді. Төртінші түні тарауих намазын оқығанда Құран кәрімді хатым еткендей сауап оған беріледі. Бесінші түні оқыса, Мешіт Ақсада, Меккеде, Мәдинада оқығандай сауапты Хақ та'ала береді. Алтыншы түні оқыса, Бәйт-ул-мамурды (Қағбаны) тауаф еткендей, жетінші түні оқыса, Перғауынға қарсы соғысқа қатысқандай, сегізінші түні оқыса, Бәдір соғысында Расулуллаһ алейһиссаламмен бірге болғандай, тоғызыншы түнінде оқыса, Дауд пайғамбармен (алейһиссалам) бірге ғибадат еткендей, ал оныншы түнінде дүниенің саламаттығы мен бақыты нәсіп болады.»

Қасиетті Рамазан айының соңына дейінгі барлық түндердің осындай жеке-жеке құндылықтары мен жоғары дәрежелері, сауаптары бар. Осылайша әдебіне, шарттарына мән беріп, оразаны толықтай, бүкіл мүшелерімен ұстап, тарауих намаздарын оқып және харамдардан сақтанып отызыншы түнін толықтырса, Аллаһу та'аланың бұйрығымен Арштың астынан бір жаршы үндеу шығарып: «Әр түні тарауих оқыған құлдар – тозақтан құтылған құлдар. Олар қорққан тозақтарынан құтылып, аңсаған ниғметтері, жәннат пен Аллаһтың жамалы оларға нәсіп болды» дейді. Сонда Аллаһу та'ала ұлылығымен: «Ізетім мен жалалым хаққы үшін бұл құлдарыма кешіріммен қарадым» дейді. Бұдан кейін Хақ та'аланың бұйрығымен сол құлдарға жеке-жеке бәрат (құтылу құжаты) жазылады. Барлық еркек пен әйелдерден осы шарттармен ғибадаттарын орындап, Аллаһу та'аланың осы мейіріміне ілінгендерге тозақ отынан құтылып, сыратты оңай өтуі үшін қолдарына жеке-жеке бәрат (құтылу құжаты) беріледі.

Олай болса, ықыласпен Рамазан оразасын ұстап, қаза намаздарын, кейін тарауихты оқып, харамдардан сақтанып, Аллаһу та'аланың мейіріміне қауышуға тырысу керек.