Үш түрлі ораза барИмам Ғазали (рахметуллаһи алейһ) «Кимия-и саадат» кітабында, ораза бөлімінде былай жазған: Үш түрлі ораза бар: Біріншісі, ауамның, яғни ижтиһад дәрежесіне көтерілмегендердің (қарапайым халықтың, қатардағы мұсылмандардың) оразасы. Қазіргі таңдағы барлық молдалардың, имамдардың, қарилардың, мүфтилердің, уағызшылардың оразалары да осы бірінші дәрежеде. Олардың оразасы денеге бір нәрсенің кіруімен, яғни азық немесе дәрі қабылдаумен және жыныстық қатынаспен бұзылады. Инемен дәрі қабылдау Ханафиде де, Шафииде де оразаны бұзады. Надандардың фәтуаларына алданбау керек. Екінші дәреже, хауастың, яғни мүжтәһидтердің (ұлы ғалымдар) оразасы. Олардың оразасы кезкелген мүшесінің күнә істеуімен бұзылады. Мысалы, ғайбат етумен, өтірік айтумен, сөз тасумен, намахрамға (бөтен әйелдерге, бөтен еркектерге) қараумен бұзылады. Кейбір ғалымдар бұл істер ауамның (қарапайым халықтың) да оразасын бұзатынын айтқан, дегенмен Ханафи мазһабында бұлар ауамға тек мәкрух. Имам Ағзам Әбу Ханифа (рахметуллаһи алейһ) осыны көрсеткен хадис шәрифте «Оразаның сауабын бұзады» деген мағынада алған. Яғни бұлар оразаның өзін емес, кәмілдігін бұзады... (Имам Ағзам Әбу Ханифа 80 жылы туылып, 150 жылы қайтыс болды. Қабірі Бағдадта.) Үшінші дәреже, әхассулхауас (ұлылардың ұлысы) оразасы, олардың оразасы Аллаһу та'аладан басқа нәрсені ойлаумен, жүрекке Аллаһтан басқа нәрсенің келуімен бұзылады...
Ислам ғалымдарының айтуы бойынша, тамақтанудың жеті дәрежесі бар: Біріншісі, өмір сүруге қажетті шамада тамақтану. Екіншісі, парыз намазды оқитындай және парыз болған оразаны ұстайтындай шамада тамақтану. Бұл екі дәрежеде тамақтану парыз. Үшіншісі, нәпіл болған намазды және нәпіл оразаны ұстай алатындай шамада тамақтану. Осыншалықты тамақтану мүстаһаб. Имам Ғазали бұл туралы: «Ақылды адамдардың мақсаты – жәннатта Аллаһу та'алаға қауышу. Ал Аллаһу та'алаға қауышу білім және амалмен мүмкін. Бұлар дененің сау-саламаттылығы арқылы орындалады. Ал дененің сау-саламаттылығы тамақтан алынған азық арқылы болады. Бірақ азық қажетті шамада алынуы керек. Осы тұрғыдан, сәләф-и салихиннан кейбір ғалымдар дененің қажеттілігі болған азықтануды діни амалдан санаған» деген. Төртіншісі, жұмыс істеп, ақша табуға күш алу үшін тамақтану. Бұл дініміз құптаған тоқтық. Бесіншісі, асқазанның үштен бірін толтыратындай тамақтану. Алтыншысы, асқазанның үште бірінен артығын толтырып тамақтану, бұл мәкрух. Көп тамақ жегенде адамда баяулық және ұйқы туындайды. Лұқман Хаким айтқан: «Асқазан толғанда адамның ой-өрісі, зейіні тежейді. Ондай адамнан хикмет шықпайды. Мүшелері ғибадат жасауда жалқауланады. Адамдардың көбісі осындай жағдайда.» Жетіншісі, зиян беретіндей дәрежеде көп тамақтану, шамадан тыс тойып кету. Расулуллаһ алейһиссалам айтқан: «Барлық аурудың негізі – көп тамақ жеу.» Бұл харам болып табылады. |