Аллаһу та'ала жайылған қолды бос қайтармайдыДұғаны кезкелген уақытта жасауға болады, бірақ кейбір уақыттардағы дұғалар құндырақ. «Он бір айдың сұлтаны» болған қасиетті айда жасалса, қабыл болу ықтималы көбірек болады. Дұға ету – өзі жеке ғибадатқа жатады, сауап беріледі. Раббымызға деген жақындықты тудырады. Хадис құдсида айтылған: «Құлым мені қандай деп білсе, оған солай қараймын. Маған дұға еткенде онымен біргемін.» Қабыл болмаса да, осы ниғметтің өзі бізге жеткілікті. Бірақ қабыл болмауы мүмкін емес. Бір хадис шәрифте «Аллаһу та'ала кәрім (жомарт), өзіне жайылған қолды бос қайтарғысы келмейді» делінген. Тағы бір риуаят бойынша, жасалған дұғаларға марапат ретінде үш нәрсенің бірі беріледі: 1) Дереу қабыл болады, дәл сұрағанындай беріледі. 2) Кейінге қалдырылады, кейінірек беріледі. Сұраған нәрсе оған сол сәтте пайдалы болмауы мүмкін. Қант диабеті ауруының тәтті жегені сияқты. 3) Дүниеде мүлдем берілмейді, бірақ ахиретте оған сауап күйінде беріледі де, оған «Сен дүниеде дұға еткен едің, қабыл болмаған еді, мына сауаптар соның марапаты» делінеді. Мұны естіген сахабалар (алейһимурридуан) «Олай болса, онда біз көбірек дұға етеміз» десті. Сүйікті пайғамбарымыз (алейһиссалам) жауап ретінде: «Ол да сендерге көбірек береді» деді. Дұғалардың қабыл болуы үшін халал азық жеуіміз керек. Денеміз харамдармен азықтанса немесе үстіміздегі киім харамнан алынса, жасалған дұғалар қабыл болмайды. Мұңды көңілмен және сәре уақытында жасалған дұғалар көбірек қабыл болады. Дұға еткенде қабыл болатынына сену керек. «Менің дұға етуімнен не пайда, мен жаман құлмын, осыншама уақыт бойы дұға етіп жүрмін, ештеңе өзгермеді? Ешқандай нәтижесін көрмедім» деп айту үлкен қателік. Жаратылыстың ең жаманы болған шайтан жәннаттан шығарылғанда «Йа, Раббым, қияметке дейін рухымды алма, маған сондай өмір бере гөр» деп дұға етті. Дұғасы қабыл болды. Тіпті өз дұшпанының да дұғасын қайтармаған Раббымыз біздің дұғамызды қайтарады ма? Дұға еткенде жалбарынып дұға етіп, мұқтаж және әлсіз екенімізді ойлауымыз керек. Бейқам, аман-сау кездері дұға етсек, бұл қиналған және науқастанған кездегі дұғамыздың қабыл болуына себепші болады. Дұға етуді бастамай тұрып алдымен тәубе етуіміз керек. Біліп немесе білмей жүздеген күнәлар істеп жүрміз. Тәубенің шарттары орындалса, мүлдем күнә істемегендей боламыз. Дұғаны Раббымызға мадақтау айтып, салауат оқып бастау қажет, соңында да тағы салауат оқу керек. Салауат – қабыл болған дұға. Раббымыз періштелері арқылы сүйікті пайғамбарымызға салауатты жеткізеді. Қалай дұға етсек те, әрдайым «қайырлы болғанын» сұраған жөн. Ненің қайырлы, ненің қайырсыз екенін біз біле алмаймыз, бірақ Раббымыз біледі... |