Дүниені жақсы көру имансыз кетуге себепАдамның мақсаты дүниелік болса, қауіп-қатер дабылы қағылып жатыр деген сөз. Біз дүние үшін жаратылмадық. Бұл жақта мәңгі қалмаймыз. Қатты қаласақ та, бізді бұл жерде қалдырмайды. Дүниеге келуіміздің себебі – ахиретімізді жайландыру үшін. Хуләфа-и рашидиннің үшіншісі хазреті Осман (радиаллаһу анһ) бір хұтбасында былай деген: «Аллаһу та'ала сендерге дүниелікті және дүниедегі ниғметтерді ахиреттеріңді жайландыру үшін берді. Дүниеге беріліп кетсін деп бермеді!» Кейін жалғастырып: «Дүние – ақша сияқты. Адамға ақша берілсе, ол қалағанын алуы үшін қажет.» Әйтпесе ақшаның өзін жеуге де, киюге де болмайды. Ол ақшаға азық пен киім алуға болады. «Дүниелікті өзіне мақсат қылған кісі ақшаның өзін жемекші болған адамға ұқсайды, топастық істеген болады.» Дүниелікті жақсы көру ең үлкен қауіп-қатер. Құлдың имансыз кетуіне де себеп болуы мүмкін. Адам жақсы көрген нәрсесінен айрылғысы келмейді, мәңгі өзімен бірге болуын қалайды. Сади Ширази айтқан: «Көңіліңді дүниеге байлама, дүние мәңгі емес, өтіп жатыр. Көңіліңді халыққа да байлама, халықтың адалдығы жоқ... Көңіліңді Раббыңа байла! Құлға Одан жақсы пана жоқ.» Көбімізде қалыптасқан қате пікір бар. Бай біреуді көргенде оны дүниеге беріліп кеткен деп ойлаймыз. Ал кедейді көргенімізде оны дүниеге қызықпайды деп ойлаймыз. Сондай бай адамдар бар, дүниелікті мүлдем жақсы көрмейді. Сондай кедейлер бар, олардан асқан сараң өте сирек кездеседі. Бар ойы, бар қалауы тек қана ақша. «Қалай байып кетсем екен?» деген оймен өмірін өткізеді. Дүниені жақсы көру адамды дүниеде, қабірде және ахиретте қиыншылықтарға душар қылады. Дүниеде адамға күндіз-түні жұмыс істеткізеді. Әртүрлі қауіптерге түсіреді. Тапқан мал-мүлкін қорғаудан қолы босамай абыржиды. Бүкіл өмірі «ешкім ұрлап кетпесін, ешкім алып қоймасын» деген уайыммен өтеді. Егер дүниелік мүлкімізді аманат деп біліп, иеленбейтін болсақ, рахат өмір сүреміз. Балаға ойыншық берген кезде ол ойыншықтың уақытша берілгенін білсе, қайтарған кезде мұңаймайды. Бірақ бала ойыншықты өзінікі деп білсе, қайтып алғанда қайғыға түседі. Ойыншықпен ойнап көрген қызығынан мың есе артық қайғырып, айқайлап, жылайды. Адамның қабір өміріндегі қиыншылығы – өзімен бірге кебіннен басқа ештеңе алып кіре алмауы. Адам қаншалықты әдемі киінсе де, соңғы киімі «Кебін». Қанша үй ауыстырса да, соңғы үйі «Қабір». Ал ахиретте көретін қиыншылығы – дүниеде тапқан әр тиынына есеп беруге мәжбүр болуы. Әрі табыстың халал болуы, әрі тапқанын жұмсауының да халал болуы керек. Хадис шәрифте былай делінеді: «Қанша өмір сүрсең де, бір күні өлесің! Қаншалықты жақсы көрсең де, бір күні одан айрыласың! Не істесең де, жақсы болсын, жаман болсын, сол амалыңның қайтарымын көресің!» |