Ғибадаттарды ынтамен орындау керекСұрақ: Діни кітаптарда ғибадаттарды шамаларың жеткенше және қуанып, ынтамен орындаңдар делінген. Мұның мағынасы қандай, ынтасы болмаған адамның ғибадаттарды орындамауы керек пе? Жауап: Хадис шәрифте «Ғибадаттарды шамаларың жеткенше орындаңдар. Қуанып, ынтамен орындалған ғибадат өте құнды болады» делінген. Дене тыныққан кезде ғибадаттар рахат орындалады. Дене мен зейін шаршап тұрғанда жасалған істен адам жалығады. Шаршағанды басу үшін анда-санда мубах болған нәрселермен денені ынталандыру керек. Имам Ғазали хазреттері былай деген: «Көп ғибадат жасағанда дене шаршап, әрекет етуді қаламайды. Осы кезде ұйықтап немесе салихтардың өмірбаяндарын оқып, яки мубах болған нәрселермен көңіл көтеріп, денеге ынта беру керек. Осылай жасау жалығып ғибадат етуден абзал.» Ғибадат етудің мақсаты – әрі нәпіспен күресу, нәпісті тәрбиелеу, әрі жүрекке шаттық беру, жүректі Аллаһу та'алаға байлау үшін. «Намаз адамды жаман істерден қорғайды» делінген. Қуанып, ынтамен оқылған намаз осындай болады. Бұл ынтаны пайда қылу үшін нәпістің мубахтардағы қалауларын қажеттілік шамасында орындау керек болады. Бұл әрекет Ислам дініне бағыну болып саналады. Ғибадаттарға себеп болатын мубахтар да ғибадатқа жатады. «Ғалымның ұйқысы сауатсыздың ғибадатынан қайырлы» деген хадис шәриф мұны растап тұр. Ұйқысырап, қалғып-мүлгіп тарауих намазын оқу мәкрух. Ұйқының қысуы басылғанда сергек күйде оқу керек. Ұйқы қысып оқылған намазда немқұрайлық пен ғапілдік пайда болады. Бірақ бұларды қате түсінбеу керек. Шаршау мен жалығу пайда болған кезде ғибадаттарды кешіктіруге болады, бірақ тәрк етуге болмайды. (Яғни өз уақытының ішінде орындау шартымен біраз кешіктіруге болады. Бірақ мүлдем орындамай қоюға немесе уақыты шығып кеткеннен орындауға болмайды. Әр ғибадатты өз уақыты ішінде орындау керек.) Парыздарды үзірлі себепсіз тәрк ету үлкен күнә. Қазасын оқу парыз болады, уәжіптердің де қазасын оқу уәжіп болады. Сүннеттерді тәрк еткен адам оның сауабынан мақрұм қалады. Үзірсіз тәрк етуді әдетке айналдырса, сол сүннеттерге тән болған шапағаттан мақрұм қалады. Шаршаған, әлсіз, көңілсіз болу парыздарды уақытынан кейінге қалдыруға үзір болмайды. Уақытынан кейінге қалдыру күнәсынан және азабынан адам құтыла алмайды. Парыздарға және харамдарға мән бермеудің күпір екендігі, иманнан айыратындығы ақида кітаптарында жазылған. Осы себептен, Әһли сүннет ғалымдары жазған фиқһ және илмихал кітаптарын оқып, иманды, парыздарды, харамдарды жақсылап үйреніп, жақындарға да үйрету керек. |