19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Жастық шақта тәубе етушілердің қадірі

Жастық шақта тәубе етушілердің қадірі

Адам пайғамбардан (алейһиссалам) бері барлық пайғамбарлардың үйреткен имандары бірдей еді. Яғни сенетін нәрселердің бәрі бірдей еді. Ешқандай айырмашылық болмаған еді. Иманда айырмашылық болмайды. Бірақ ғибадаттарда өзгешеліктер болған. Алғашқы адам және алғашқы пайғамбар Адам алейһиссаламнан бері намаз бар еді, намаз оқылатын еді. Бірақ қазіргідей бес уақыт емес еді. Кейбір үмбеттер тек таң намазын, ал кейбір үмбеттер тек қана бесінді оқитын. Бұл үмбетке Миғраж түнінде бес уақыт болып парыз болды.

Ахиретте ең алғаш намаз сұралады. Егер адам намаздың есебін бере алса, одан кейін басқа ғибадаттар сұралады. Яғни намаз бөгет сияқты, бөгетті асып өте алғандар басқа ғибадаттардан есепке тартылады.

Намаз – діннің тірегі. Кімде-кім намазын тұрақты түрде және илмихал кітаптарында жазылғанындай кемшіліксіз оқыса, Ислам ғимаратын құрған, құлаудан құтқарған болады. Ал кімде-кім намазын оқымаса немесе кемшілікпен оқыса, дінін құлатқан болады.

Шах Нақшибәнд Мұхаммед Бахауддин Бұхари хазреттері: «Аллаһу та'аланың разылығына қолжеткізу үшін жастық шақта тәубе еткен, намазын үзбей оқыған жас жігіттің аяғындағы бір қылы болуды қалаймын» деген.

Намаз – иманнан кейінгі ең құнды ғибадат. Намаз оқу иманның шарты болмаса да, намаздың парыз екеніне сену – иманның шарты. Намаз оқымайтын адамға имансыз деуге болмайды. Бірақ, намаз оқымайтын адамның иманын сақтап қалуы өте қиын. Намазды біле тұра оқымайтын, қазасын оқуды ойламайтын және ол үшін азапталатынынан қорқпайтын адамның иманы кететіндігі құнды кітаптарда жазылған.

Бұл ғибадаттың әлеуметтік тұрғыда да көптеген пайдасы бар. Намаз оқу –Аллаһу та'аланың ұлылығын ойлап, Оның алдында өзінің кішілігін түсіну деген сөз. Мұны түсінген кісі әрдайым жақсылық жасап жүреді. Күнде бес рет Раббының алдында болуға ниет еткен адамның жүрегі ықыласқа толады. Намазда орындалуы әмір етілген әр әрекет жүрекке және денеге пайдасын тигізуде.

Мешітте жамағатпен намаз оқу мұсылмандардың жүректерін бір-біріне байлайды. Бір-бірінің бауыры екендігін түсінеді. Үлкендер кішілерге қамқор болады, ал кішілер үлкендерге құрмет көрсетеді. Байлар кедейлерге көмектеседі. Дені сау адамдар ауырып қалғандарды мешітте көрмегенде үйлеріне іздеп барады. «Дін бауырына көмектесуге асыққан адамның көмекшісі – Аллаһ» хадис шәрифіндегі сүйіншіге қауышуға жарысады.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) күнде бес уақыт намазды жамағатпен оқыған, соғыстарда және шайқастың ең қиын кезеңдерінде де осы міндетін атқарған...