Ұлылардың сөзі – сөздердің ұлысыИбраһим бин Әдхам хазреттері үлкен әулиелердің бірі. Үлкен ғалым болған. Оны танымайтын мұсылмандар өте аз. Қай елде тұрса да, мұсылмандардың көбі оны таниды. Оны жақсы көріп, жақсы сөзбен еске алады. 779 жылы, яғни 1240 жыл бұрын қайтыс болғанына қарамастан, әлі күнге дейін ұмытылмады. Хикметті және даналық сөздері, үлгілі жағдайлары адамдардың сүйіспеншілігі мен таңданысына себеп болды. Бұл сүйіспеншілік пен таңданыс қияметке дейін жалғасады. Оны үлгі қылған адам пайғамбарымызды үлгі қылған болып саналады. Өйткені оның барлық жағдайлары сүннетке сай еді. Бір күні зиярат етіп келгендер одан насихат сұрады. Ол былай деді: 1) Адамдар дүниелік істермен әуре болғанда сендер ахирет істерімен әуре болыңдар! Мақсаттарың дүние болмасын! Мақсаты дүние болғандардың ғибадаттары көп болса да, сауабы аз болады. Немесе мүлдем сауабы болмайды. Жүрегімен дүниені жақсы көрген адамдың ғибадаттары ықыласты болмайды! Ішіндегі рия, тәкәппарлық, көре алмаушылық сияқты жаман қасиеттерден бойын аулақ ұстай алмайды. Бұлар ғибадаттарын бұзады. Ал жүрегінде дүниелікті жақсы көру болмаған адамдардың ғибадаттары Аллаһу та'ала үшін болғандықтан, аз болса да құнды саналады. Адамдардың ұнатуы және құптауы үшін жасалмағандықтан, сауабы да көп болады. 2) Адамдар сыртқы дүниесін көркейтуге тырысып жатқанда сендер ішкі дүниелеріңді көркейтуге тырысыңдар! Ең маңыздысы – жүректің таза болуы. Осындай таза жүрекке Раббымызға деген сүйіспеншілік толады. Ыдыстағы суды төккенде орнына ауа толғанындай болады. Мұндай жүрек Аллаһу та'ала назары түсетін жер болып, шайтан оған жақындай алмайды! 3) Адамдар үйлерін жайластыруға тырысып жатқанда сендер қабірлеріңді жайластыруға тырысыңдар! Дүниедегі үйде қалудың мерзімі қабірдегі қалумен салыстырғанда өте аз. Тіпті бір күннің өзін бұл дүниедегі үйде қалуымыз беймәлім бола тұра, дүниедегі үйімізге осыншалықты мән береміз. Ал қияметке дейін ішінде жатуға мәжбүр болған қабірімізге еш мән бермейміз. Бұл жердегі үйіміз ұнамаса, ауыстыруға мүмкіндігіміз бар. Ал қабірімізді ұнатпасақ, оны ауыстыра алмаймыз да. Адам баласы қандай оғаш жаратылыс, қалдырып кететін жеріне осыншалықты мән береді де, ал баратын жерін еш есепке алмайды. Тапқан ақшасына қуанады, өмірінің азайғанына қайғырмайды. Өмір біткеннен кейін байлықтың не пайдасы бар? 4) Адамдардың көбі басқалардың кемшіліктерін іздейді, ал сендер өз кемшіліктеріңмен әуре болыңдар! Өзгелердің кемшіліктерін іздеу үлкен күнә. Сондай-ақ мұнда құл (кісі) ақысы да бар. Қиямет күні сауаптарымыздың алынуына себеп болуы мүмкін. Адамның екі көзі бар, бірақ көретін нүктесі біреу. Өзгелердің кемшіліктерін іздеген адам өз кемшіліктерін көре алмайды және одан құтылуға тырыспайды. Ақыр соңында қиыншылыққа түсіп, үлкен зиянға ұшырайды. 5) Адамдардың көбі адамдардың разылығын алуға тырысады. Адамдардың разы болуы олар үшін ең құнды нәрсе. Сендер Раббыларыңның разылығын алуға тырысыңдар! Әйел әулиелерден Рабия Адуийя хазреттері бір дұғасында былай деген: «Аллаһым, сенімен арам жақсы болса, маған бұл жеткілікті. Барлық адамдармен арам бұзылса да, еш маңызы жоқ. Сенің сүйіспеншілігіңе қолжеткізсем, маған басқа ештеңе керек емес. Өйткені, топырақтың үстінде жүргеннің бәрі топыраққа айналып кетеді.» Бүкіл әлемді жоқтан бар қылған, тілегенін бір сәтте жоқ қылуға құдіретті болған Раббымыздың разылығына қолжеткізе алсақ, ең үлкен ниғметке қауышқан боламыз. Бұдан асқан бақыт болуы мүмкін емес! |