19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Хазреті Әйюб және Оның сабыры

Хазреті Әйюб және Оның сабыры

Сұрақ: Хазреті Әйюб пайғамбардың ауырып әртүрлі бәле-жалаға ұшырауының себебі неде?

Жауап: Әйюб алейһиссалам намазға тұрған кезде дүниемен байланысын толықтай үзіп,  Аллаһу та'аладан басқа ештеңе ойламайтын еді. Аллаһу та'ала оның ғибадат пен жақсы амалдағы сабырын мақтаған кезде жер мен көктегі барлық періштелер оны зиярат етуге келді. Шайтан Әйюб алейһиссаламды көре алмай, қызғанып, Аллаһу та'аладан сұрады:

- Йа, Раб, бұл құлыңа, періштелер оны зиярат етіп келетіндей, қандай ізгілік бердің?

- Әйюб менің сабырлы құлым. Сабырлы құлдарыма осындай сияпаттар да аз.

- Йа, Раб, оның сабырлы екендігі менің сынауыма байланысты. Рұқсат бер, мен оның сабырын сынап көрейін!

- Ей, малғұн, сынап көр!

Хадис шәрифте айтылған:

«Алтын отпен тексерілгеніндей, адамдар да дертпен, бәле-жаламен емтихан етіледі.» (Табарани)

Шайтан рұқсатты алғаннан кейін Әйюб алейһиссаламның қасына барды. Сабырын бұзып, жолдан шығару үшін алдымен оның мал-мүлкіне тиісті. Тауда жайылып жүрген малдарын (қойлары мен ешкілерін) өлтіріп, Әйюб алейһиссаламның қасына келді. Оны сәждеде екенін көріп:

- Йа, Әйюб, сен әлі ғибадатпен әуресің. Алайда құдайың саған ашуланды. Сенің барлық малыңды қырып тастады. Оған әлі ғибадат етіп отырсың ба? – деді.

Хазреті Әйюб намазын бітіріп, сәлем бергеннен кейін жауап берді:

- Малдың бәрі қырылып қалды дейсің. Бірақ оларға менің не қатысым бар? Мен тек қана әлсіз құлмын. Құлдың несі болады? Барлық мал-мүлік қожайындікі. Қожайын өз малын қырған болса, мен не істейін? Мен құлмын, құл екенімді білемін.

Сөйтіп, қайтадан ғибадатын бастағанда шайтан сасып қалды. Бұл жолы бала-шағасына тиісті. Он баласының бәрін өлтіріп, қайтадан Әйюб алейһиссаламның қасына келіп айтты:

- Ей, Әйюб, жасаған ғибадаттарыңның Аллаһтың алдында шыбынның қанатындай құны жоқ. Құдайың саған ашуланды. Барлық бала-шағаңды өлтірді.

- Бала-шағамның маған не қатысы бар? Жаратқан, жан берген, өмір сүргізген, өлтірген Аллаһу та'ала. Билік тек қана Қаххар болған Аллаһу та'аланікі.

Қайтадан намазға тұрды. Шайтан көздегеніне жетпегендіктен қатты қайғырды. Аллаһу та'аладан сұрады:

- Йа, Раб, Әйюб құлыңның өте сабырлы екенін көрдім. Мал-мүлкі мен бала-шағасын қырған болсам да, көңілін сенен аудыра алмадым. Рұқсат бер, енді барып Әйюбтің денесіне тиісейін, оны ауру қылайын! Бұл жолы сабыр ете ме екен, көрейік?

- Бар, білгеніңді істе!

Шайтан Әйюб алейһиссалам сәжде жасап тұрғанында мұрнына үрледі. Бүкіл денесі қурап кетті. Улы жылан шаққандай болды. Денесінің бүкіл жері жара болды. Соған қарамастан бір рет те ыңырсымай, ауырсынбады. Шайтан дәрігер кейіпіне еніп келіп «Ауруың бар болса айт, дереу емдеймін» деді. Бірақ ауруын айтпады, жағдайына шағымданбады. Жеті жыл бойы науқастанып жатты. Сонда да шамасы жеткенше Раббына ғибадат жасады.

Әйюб алейһиссалам Аллаһу та'аладан үмітін үзбей сабыр етіп, емтиханнан өткеннен кейін бүкіл мал-мүлкі мен бала-шағасы өзіне қайтарылды. Аллаһу та'ала сабыр етушілермен бірге. Оның тағдырына сабыр еткендер шексіз ниғметтерге қолжеткізеді. Құран кәрімде айтылғанындай:

«Сабыр етушілерге марапаттар есепсіз беріледі.» (Зумәр 10)

Хадис шәрифте де айтылған:

«Аллаһу та'ала былай деді: Кімнің денесіне, бала-шағасына немесе мал-мүлкіне қиыншылық келіп, ол сабри жәмил көрсетсе (жақсылап сабыр етсе), Қияметте оған есеп сұрауға ұяламын.» (Хаким)

Әйюб алейһиссалам денсаулығына, мал-мүлкі мен бала-шағасына қауышқанда сол түні сәре уақытында өкініп жылады. Себебін сұрағанда былай жауап берді:

«Әр түні сәре уақытында «Ей, науқасымыз, қалайсың?» деген дауыс еститін едім. Қазір сол уақыт келді, бірақ ол дауысты естімедім. Сол үшін жылап жатырмын.» (Р.Насихин)

 

Хазреті Әйюбтің жылауы

Сұрақ: Құран аудармасында Әйюб пайғамбардың ауруына шағымданғанын оқыдым. Пайғамбардың ауруына шағымдануы дұрыс па? Әлде аудармада қателік орын алған ба?

Жауап: Қайта қайта жазғанымыздай, Құран аудармасы деп шығарылған ешбір аударманы оқуға кеңес бермейміз. Өйткені Құран кәрім қысқа немесе ұзақ қылып аударуға келмейді. Тек маманы болған ғалымдар нақылды негізге алып, тәфсирін, тәуилін жасайды. Аудармадан дін үйренуге болмайды.

«Сад» сүресінің 44-аяти каримасында «Әйюбтің (малына, жанына және жанұя мүшелеріне келген қиыншылықтарға) сабыр етуші екенін көрдік. Ол қандай жақсы құл еді, әрдайым Аллаһқа бет бұратын, Оған сиынатын еді» делінген. Бұл аяти каримада Аллаһу та'ала Әйюб алейһиссаламның сабырын мақтауда, «Ол қандай жақсы құл еді» деп жатыр. Егер Әйюб алейһиссалам ауруына шағымданғанда, Аллаһу та'ала оны мақтамас еді.

Бұл жайтты ғалымдар былай түсіндірген:

Ауруына наразы болып адамдарға айтып беру шағымдануға жатады. Дәрігерге айтып беру басқа адамдарға айту сияқты емес. Ешкім жоқ жерде «Йа, Раббым, ауруым себебінен ғибадаттарымды орындай алмай жатырмын» деп жылау ауруға шағымдану емес, ғибадат жасай алмағаны себебінен жағдайын айту. Бұл кешірім сұраудың бір түрі. Жағдайын Аллаһу та'алаға айтып, дұға етудің ешқандай зияны жоқ. Расында, Құран кәрімде Яқуб алейһиссаламның «Мен үлкен қайғым мен мұңымды (өзгелерге емес) тек қана Аллаһу та'алаға айтамын» дегенін хабар беруде. (Юсуф 86)

 

Ауруына қынжылмады

Құран кәрімді ең жақсы білген, тәфсир еткен ол күмәнсіз пайғамбарымыз алейһиссалам еді. Дәл осы сұрақ одан да сұралғанда жауап ретінде былай деді:

«Аллаһу та'алаға ант етемін, Әйюб алейһиссалам ауруы үшін ыңырсып қиналмады. Жеті жыл, жеті ай, жеті күн, жеті сағат бойы сол бәлеге ұшырағандықтан, түрегеп тұрып намаз оқи алмай жерге құлады. Ғибадатта кемшілік жібергенін көріп, «Шынымен де маған ауру келіпті» деді.»

Шайтан Әйюб алейһиссаламды алдау үшін қасына барып «Малыңа, жаныңа, жанұя мүшелеріңе келген осы бәледен құтылғың келсе, маған сәжде ет, саған бұрынғы жағдайыңды қайтарайын» деді. Шайтанның бұл ауыр сөзі Әйюб алейһиссаламның ашуына тиді. Үлкен бәлеге ұшырағанын түсініп, «Шынымен де маған ауру келді» деді.

Ауру ұзақ жалғасқан сайын таныстары да одан алыстай бастады. Бірақ адал жары оны тастамады. Қаланың шетінде лашық жасатты. Қажетті заттарын қаладан алып келіп жүрді. Бір күні қалаға кеткен кезінде хазреті Жәбрейіл періште хазреті Әйюб пайғамбарға Аллаһу та'аланың мейірімін сүйіншіледі:

«Йа, Әйюб, басыңа бәле бердім, сен сабыр еттің, енді не қаласаң да сұра, берейін.»

Әйюб алейһиссалам аяттағыдай жағдайын айтып дұға етті. Аллаһу та'ала «Оның дұғасын қабыл еттік» деді. (Әнбия 84)

 

Жерден су шықты

«Сад» сүресінде айтылғанындай, Жәбрейіл алейһиссалам хазреті Әйюбке аяғымен жерде ұруын айтты. Аяғымен жерде ұрғанда жерден тап-таза су шықты. Бұл су ішетін кезде салқын, жуынатын кезде жылы болып ағатын. Бұл судан бір жұтым ішіп, біразын басына құйған кезде ауру дереу жазылды, күш-қуаты қалпына келді. Жас жігіт бола қалды. Хазреті Жәбрейіл оған таза және қымбат киім кигізді.

Біраз уақыттан кейін жұбайы қаладан азық-түлік алып, үйіне кіріп, оны төсекте көрмегеннен кейін жылай бастады. «Науқасыма не болды екен, жануарлар сүйреп алып кетті ме екен?» деп айқайлап жатқанда хазреті Әйюб оған қарап сұрады:

- Ей, әйел, сен кімді іздеп жүрсің?

- Өмірлік жолдасым науқасым бар еді. Оны жоғалтып алдым.

- Есімі кім еді?

- Сабырлы Әйюб.

- Түрі қандай еді?

- Сау кезінде саған қатты ұқсайтын.

- Ей, Рахима, сол бәле-жалаға ұшыраған Әйюб менмін.

Сөйтіп, жұбайымен екеуі Аллаһу та'алаға шүкір етіп жылады. Қалаға қайтқан кездерінде бұрынғы үйлерінің жаңаланғанын, өлген жеті баласы мен үш қызының тірілгенін, қырылған түйелерінің, қойларының және басқа малдарының бәрінің қайтарылғанын көрді. Оның үстіне тағы қоймалары алтын мен күміске толы екенін көрді. Әйелі де жасарып, 26 бала-шағасы болды. (Р.Насихин, Тибиян)

 

Әйюб алейһиссалам

Сұрақ: Әйюб пайғамбардың ауырған кезде жараларының құрттағандығы рас па?

Жауап: Кейбір адамдар «Пайғамбарларға ондай ауру келмейді» дейтін болса да, жараларына құрт түспейді деген нәрсе жоқ. Бұл пайғамбарлық сипатына қайшы емес. Пайғамбарлықтың 7 сипаты бар: 1) Аманат, 2) Сыдқ, 3) Тәблиғ, 4) Әділет, 5) Исмет, 6) Фәтанат, 7) Әмн-ул азл. Жараларының құрттауы бұл сипаттарға қайшы емес.

Әйюб алейһиссаламның жараларының құрттағандығын үлкен ғалым Алауддин Аттар хазреттері де хабар берген. (С.Әбәдия)