УАҺҺАБИ СЕНІМДЕРІ ЖӘНЕ ӘҺЛИ СҮННЕТ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ОЛАРҒА БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ (26)26) «Фәтх-ул мәжид» атты уаһһаби кітабының төрт жүз сексен бесінші және одан кейінгі беттерінде де хақ болған Әһли сүннет мағлұматтарын жазуға мәжбүр болып, олардың арасына қате, улы жазбаларын да қосып жіберген. Былай жазған: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қабірді зиярат еткенде ахиретті еске алуды, мәйітке дұға етіп, оны сыйлауды, оған жанашыр болып, истиғфар етуді әмір еткен. Зиярат етуші әрі өзіне, әрі мәйітке жақсылық жасаған болады. Мүслимнің Әбу Хурайрадан (радиаллаһу анһ) жеткізген хадисінде «Қабірлерді зиярат етіңдер! Қабір зияраты өлімді еске салады» делінген. Абдуллаһ ибн Аббастың айтуынша, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинада мазардың қасынан өтіп бара жатқан еді. Қабірлерге қарап «Әссәламу алейкум йа әһләл-қубур! Яғфируллаһу ләна уә ләкум, әнтум сәләфуна уә нахну бил-әсәр» деді. Бұл хадис шәрифті Имам Ахмед және Тирмузи жеткізген. Ибнул-Қайим Жәузияның Имам Ахмедтен жеткізген хадис шәрифінде «Сендерге қабірді зиярат етуге тыйым салған едім. Ал енде қабірлерді зиярат етіңдер! Осылайша ахиретте еске аласыңдар» деді. Ибн Мажаның Абдуллаһ ибн Мәсудтан жеткізген хадис шәрифінде «Қабір зияратына әуелі тыйым салған едім. Ал қазір зиярат етіңдер! Осылайша дүниеге көңіл бөлуден құтылып, ахиретті ойлайсыңдар» делінген. Имам Ахмедтің Әбу Саидтен жеткізген хадис шәрифінде «Қабірлерді зиярат етуді сендерге тыйым салған едім. Бұдан былай зиярат етулеріңе болады. Осылайша ғибрат алып, ғапілдіктен оянасыңдар» делінген. Ибнул Қайим Жәузия Сәләмә-тәбни Уәрданнан хабар беріп айтып бергені бойынша, Әнәс бин Маликті көрдім. Расулуллаһқа сәлем берді. Кейін бір қабірдің қабырғасына сүйеніп, дұға етті. Мүшриктер қабір зияратын өзгертті. Дінді теріске аударды. Қабірге барып, мәйітті Аллаһқа серік қылуда. Мәйітке дұға етуде. Мәйіт арқылы Аллаһқа дұға етеді. Қажеттіліктерін мәйіттен сұрайды. Берекеттің одан келетінін күтеді. Дұшпандарына қарсы оның көмектесуін тілейді. Осылайша, өздеріне де, өліге де жамандық жасайды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұл жаман әдеттердің алдын алу үшін қабір зияратын еркектерге тыйым салған еді. Кейіннен тәухид жүректерге орныққанда қабір зияратына рұқсат берді. Бірақ қабірде хужр [бос, жаман сөз] айтуға тыйым салынды. Хужрдың ең үлкені – қабір басында сөз және әрекетпен ширк жасау. Қазір адамдар кесенелерді безендіріп, мешіттерге қарамайды. Аллаһтың пайғамбарлар арқылы көрсеткен дінін теріс өзгертіп тастады. Шиилер адамдардың ең сауатсыздары және діннен ең алыс қалғандары болғандықтан, кесенелер жасап, мешіттерді құлатуда» дейді. Сауатсыздар мен адасушылардың қабір басында және кесенелерде шектен шығуына, ширкке және Аллаһу та'ала жаратқанын ойламайтындарға қатысты біз де уаһһабилермен бір пікірдеміз. Әлбетте ширктің және мүшриктердің дұшпанымыз. Мұны Имам Раббани (рахметуллаһи та'ала алейһ) әртүрлі хаттарында және ең көп үшінші томның қырық бірінші хатында өте жақсы, айқын түсіндірген. Бұл хат «Сәадати Әбәдия» кітабының үшінші томы, екінші бөлімінде жазылған. Бірақ уаһһабилер қабір зияратына, Құран кәрім оқып, сауабын мәйіттердің рухына бағыштаудың, дұға етудің мәйітке пайдасын тигізетіндігіне сенетінін жаза тұра, мәйіт естімейді, ештеңе сезбейді, оған бір нәрсе айту, Пайғамбардан шапағат сұрау, әулиелердің арашы қылып, Аллаһу та'алаға дұға ету ширк болады дейді. Олардың сөздері бір-біріне сай келмейді. Кітабымыздың басынан бері аңғарылғанындай, уаһһабилердің Әһли сүннеттен айырмашылығы осы мәселеде жинақталуда. Біз дін бауырларымызды қорғау үшін осы мәселеге кеңінен тоқталуды жөн көрдік. Осман Империясы дәуірінде мектеп-медреселердің қазіргі университет денгейінде болған «Медресе-тул-мутәхассисин» атты жоғарғы бөлімінде тасаууф оқытушысы, яғни профессоры болған үлкен Ислам ғалымы және жетік әулие сәйид Абдулхаким Арваси (рахметуллаһи алейһ) 1342 хижри және 1924 милади жылында Стамбұлда басылған «Рабыта-и шәрифа» кітабында былай дейді: Аллаһу та'аланың сипаттарымен сипатталған және мушәһәдә дәрежесіне көтерілген кәміл әулиеге жүрегімен байланып, қасында болғанда немесе қасында болмаған кездері сол кісінің жүзін елестетуге «Рабыта» делінеді. «Оларға қарағанда Аллаһу та'ала еске түседі» және Бұхари мен Мүслимде өткен «Олармен бірге болғандар шақи (тозақтық) болмайды» хадис шәрифтерінде айтылғанындай, бұл кәмілдікке жеткендерді ойлау адамға көптеген пайдалар тигізеді. Адал және таза мұсылман осындай Аллаһ адамын ойлау арқылы оның сипаттары мен жағдайларын өзінің бойында да көре бастайды. Хадис шәрифтер салих мұсылмандармен, яғни Аллаһу та'аланың сүйіктілерімен бірге болуды әмір етуде. [Дәйләмиде, Табараниде және Кунуз-уд-дақаиқта өткен хадис шәрифте «Мен білімнің қаласымын. Әли оның есігі» делінген. Бұл хадис шәриф көрсетіп тұрғанындай, Аллаһу та'аланың шексіз фәйз дариясының есігіндей болған Аллаһ адамдарының жүректерінен оларды жақсы көретін, еске алатын мұсылмандардың жүректеріне фәйз, марифат, нұр ағады. Бұл фәйзге қолжеткізу үшін Әһли сүннет сенімінде болу, Расулуллаһқа толықтай бағыну және Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарын жақсы көру, жүректе оларға деген сүйіспеншілік пен махабаты болу қажет. Бұл шарттардан мақрұм қалғандар Аллаһ адамдарының фәйздерінен, марифаттарынан мақрұм қалған болады. Ондайлар білмейтінін мойындамаудан басқа шара таба алмайды. Аллаһ адамының жүрегінен фәйз алу үшін екінші шарт, ол кісінің Расулуллаһтың толықтай мұрагері болуы, Оның жолында болуы және Аллаһу та'аланың сүйікті құлы болуы керек. Уаһһабилер арасында осындай ерендер, яғни Аллаһ адамдары болмағандықтан, оларға фәйз бен марифат есіктері жабық. Пұттарға, мүсіндерге табынатын мүшриктердің және надандарға, дүмше молдаларға көңіл байлаған бейшара мұсылмандардың еш өніп-өспеуі, фәйз, пайда көре алмауы осы себептен туындауда. Әбу Жәһл, Әбу Талиб және Әбу Ләһәбтардың Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) фәйз және хидаят ала алмауларының себебі бірінші шарттың оларда болмауынан туындаған. Пайғамбарлар (алейһимуссалам) – Аллаһу та'аланың жер бетіндегі халифалары. Әулиелер пайғамбарлардың мұрагерлері болғандықтан, олар да бұл абыройдан үлес алған, мүбәрәк жүректері Аллаһу та'аланың айнасы болған. «Сад» сүресінің жиырма алтыншы, «Әнам» сүресінің жүз алпыс бесінші аяттары және т.б. бұл сөзіміздің дәлелі. Кәміл әулиенің (рахимә-һуллаһу та'ала) жүрегіне байланған мұсылман оның мүбәрәк жүрегі арқылы Аллаһу та'аладан келетін фәйздерге қауышады. Дәйләмиде және "Кунуз-уд-дақаиқ"та (рахметуллаһи алә муәллифәйһима) жазылған хадис шәрифте: «Халқының арасындағы ғалым үмбеті арасындағы пайғамбар сияқты» делінген. Жүректің фәйздерге, марифаттарға қауышуында Аллаһ адамының тірі және өлі болуы арасында еш айырмашылық жоқ. Оның кәмілдігі руханиятынан еш айрылмайды. Ал руханият уақытқа, мекенге, өлі немесе тірі болуға байланысты емес. Егер жоғарыдағы екі шарт бар болса, қайда болса да, тірі болса да, өлі болса да, Аллаһ адамдарына байланған, яғни оларды жақсы көріп, еске алған мұсылмандар бірден фәйз бен марифатқа қауышады. Олардың рухтарының қабілеттілігі Аллаһу та'аланың рұқсаты мен құдреті арқылы болатындығына сену керек. Адам Аллаһу та'аладан арашысыз фәйз алатындай жағдайға жетпегенше Аллаһу та'аланың сүйікті ерендеріне, Аллаһу та'аладан фәйз алып, шәкіртіне бере алатын арашыға мұқтаж.] Бұхара, Хиуа, Самарқанд және Үндістан ғалымдарының (рахметуллаһи та'ала алейһим әжмаин) хижреттің екі жүз жылынан мың екі жүз жылына дейін бірауыздан айтулары, өздері де орындаулары және әмір етулері жоғарыдағы жазбамызға ең үлкен дәлел болмақ. Бұлардан артық басқа дәлел іздеуге тырысу мың жылдан астам уақыт бойы үлкен Азия материгінде жетілген миллиондаған Ислам ғалымдарын кемсіту, тіпті жамандау болады. Олардың ұлы ғалым және көбісінің жетілген әулие екендігін көрсететін кітаптары баршаға мәлім. «Маида» сүресінің отыз бесінші аятында: «Оған қауышу үшін арашы іздеңдер» делінген. Бұл әмірдегі арашы ешқандай шартқа байланыстырылмай, абсолютті түрде, яғни бәріне қатысты айтылған. Ғибадаттар, зікірлер, дұғалар және әулиелердің рухтары осы әмірдің ішінде. Баршаға қатысты болған бұл әмірді шектеуге тырысу аяти каримаға жала жабу болады. Арашының Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) екендігін «Али Имран» сүресінің отыз бірінші аяти каримасы көрсеткен. Бұл аятта: «Аллаһу та'аланы жақсы көрсеңдер, маған бағыныңдар! Аллаһу та'ала маған бағынғандарды жақсы көреді» делінген. Мұсылман екендігін айтатын әр адамның бұған сенуі керек. «Ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері» хадис шәрифі ғалымдардың, әулиелердің (қаддәсаллаһу та'ала әсрараһум) де арашы екендігін көрсетіп тұр. Аяти каримадағы «Бағыныңдар» әмірін орындау үшін жақсы көрмей тұрып бағыну мүмкін емес. «Бұхари» кітабында жазылғанындай, Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) көңілі мен ойынан Расулуллаһтың мүлдем кетпейтіндігін айтты. Тіпті дәретханада да ойында тұратынына айтып шағымданды. «Тәубе» сүресінің жүз жиырмасыншы аятында «Ей, иман келтіргендер! Аллаһтан қорқыңдар! Садықтармен бірге болыңдар!» делінген. Бұл аяти каримада да «Бірге болу» ешқандай шартқа байланыстырылмаған, абсолютті түрде, баршаға әмір етілген. Сондықтан бұл дене және рухпен бірге болу деген сөз. Денемен бірге болу – садықтардың қасында әдеппен, құрметпен, сүйіспеншілікпен болу деген сөз. Ал рухпен бірге болу – Аллаһу та'аланың сүйікті садық құлын құрметпен еске алу деген сөз. «Юсуф» сүресінің жиырма төртінші аятында «Юсуф (алейһиссалам) Раббының дәлелін көрмегенде...» делінген. Бұл жердегі дәлел – Яқуб алейһиссаламның кейіпінің оған көрінуі екендігі бірауыздан айтылған. Кәшшаф тәфсирінің авторы Зимахшәри мүтәзила ағымының адасушыларынан бола тұра, ол да муфәссирлердің (тәфсиршілердің) көпшілігіне қосылып, Иорданияда болған Яқуб алейһиссалам Мысырда, бөлмеде Зылиханың қасындағы Юсуф алейһиссаламға көрінді деген. Ханафи ғалымдарының және Әшбах кітабына хашия жазған Ахмед Хамауи (рахметуллаһи алейһ) «Нәфәхат-ул-қурб уәл иттисал би-исбат-ит-тәсаррифу ли-әулияиллаһи та'ала уәл-карамати бә’дал-интиқал» кітабында Әулиелердің руханияттарының денелерінен қуаттырақ екендігін, сондықтан бір уақытта әртүрлі жерлерде көріне алатындығын хабар беруде. Бұл жазбаларына дәлел ретінде мына хадис шәрифті жазған: «Жәннатта барлық есіктен бірдей кіретіндер бар. Әр есік оларды өзіне шақырады.» Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) «Сегіз есіктің бәріне бірден кіретіндер болады ма, йа Расулаллаһ?» деп сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Сен солардан боласын деп ойлаймын» деді. Адамның рухы «Алем-и әмр»-дегі негізгі мәртебесімен байланыс құра алатындай күшке ие болғанда адам бір сәтте әртүрлі жерлерде көріне алады. Адам өлгенде рухының дүниемен байланысы азайғандықтан, қуаттырақ болады. Бір сәтте әртүрлі жерлерде көрінуі оңайрақ болады. [Сәйид Ахмед Хамауи Мысри 1098 [м.1686] жылы қайтыс болды.] Ахмед ибн Хажәр Мекки (рахметуллаһи алейһ) Шәмаил шәрһінде және Жалаледдин Суюти «Тәнуир-ул-халәк» кітабында Абдуллаһ ибн Аббастың «Расулуллаһты түсімде көрдім. Маған ілтипат етті. Оянғанымда мүбәрәк жұбайларының бірін зиярат еттім. Айнаға қарағанымда айнада Расулуллаһты көрдім, өзімді көрмедім» дегендігі жазылған. Бұл жағдай тек Расулуллаһқа ғана тән болған нәрселерден емес. Өйткені, Ислам ғалымдары Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасиеттерін (Расулуллаһқа тән нәрселерді) жинақтаған. Бұл жағдайды Хасаис (пайғамбарымызға тән ерекшеліктер) кітаптарына қоспаған. Фиқһтың және усули фиқһтың негізгі қағидалары бойынша, Расулуллаһтың жеке өзіне тән қасиеттеріне жатпайтын барлық жағдайларына үмбетінің ғалымдары мен әулиелері мұрагер болады. Мысалы, намазда Расулуллаһпен сөйлесу намазды бұзбайды. Бұл Расулуллаһқа ғана тән болған жағдай. Ғалымдармен, әулиелермен сөйлесу намазды бұзады. Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көз алдына елестетіп көріп тұрғандай сәлем беріп салауат айту Оған ғана тән қасиет емес. Әулиені де көз алдына елестетіп, руханиятынан көмек күту жаиз. Шафии ғалымдарынан Жалаледдин Суютидің «Китаб-ул-Мунжәли фи татаууирил уәли» кітабында Субқидың «Табақат-ул-Кубра» кітабынан келтіріп, «Кереметтің жиырма екіншісі – әулиенің әртүрлі адамдардың кейіпінде көрінуі» деген. «Мәриәм» сүресінің он алтыншы аятында «Оған адам кейіпінде көрінді» делінген. Яғни Жәбрейіл алейһиссалам хазреті Мәриямға адам кейіпінде көрінді аяти каримасынан әулиелердің рухтары әртүрлі кейіптерде көрінетінін аңғарған. Қадиб-ул-Бан Хасан Мусулидің әйгілі оқиғасы да кереметтің осы түріне жатады. [Осы оқиға мен басқа да кереметтері Юсуф Нәбханидің «Жамиул-карамат-ул-әулия» кітабында ұзақ жазылған. Бес жүз жетпісінші [570] жылы Мусулда қайтыс болған. Шафии ғалымдарынан ғұлама Жәйли «Бұхари» кітабын шәрһ еткенде шайтан Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кейіпіне ене алмағанындай, Оның мұрагерлері болған кәміл әулиелердің кейіпіне де ене алмайды деген.] Ханафи ғалымдарынан ғұлама Сәйид Шәриф Әли Журжани (рахметуллаһи алейһ) «Шәрһи Мәуақиф» кітабының соңына таман мұсылмандардың жетпіс үш тобын жазардың алдында және одан бөлек «Шәрһи Мәтали» кітабына жасаған хашиясында әулиелердің (рахимә-һумуллаһу та'ала) әртүрлі кейіптерде шәкірттеріне көрінгендігін және тірі кезінде де, өлі кезінде де көрінген осы кейіптерінен шәкірттері фәйз алғандығын, пайдаланғандығын жазған. Малики ғалымдарынан Тажеддин Ахмед ибн Атауллаһ Искандери (рахметуллаһи алейһ) «Тажия» рисаласында кәміл әулиені (рахимә-һуллаһу та'ала) көру және ойлау арқылы олардан пайдалануға болатынын айтқан. [Атауллаһ Искандери Малики Шазили 709 [м.1309] жылы Мысырда қайтыс болды.] Ханафи ғалымдарынан ғұлама Шәмсәддин ибн-ун-Нуайм (рахметуллаһи алейһ) «Китаб-ур-Рух»-та жазғанындай, рух денеде болған халінен басқа жағдайда да бола алады. Әулиелердің рухтары «Рәфиқ-и алә»-да болады, алайда бір жағынан өлі денесіне де байланған. Кімде-кім сол рух иесінің қабіріне келіп сәлем берсе, Рәфиқ-и аләдағы рухы сол жерден бұл сәлемге жауап береді. Осындай екендігі Имам Суютидің «Китаб-ул-Мүнжәли» кітабында жазылған. Осылардың барлығынан аңғарылып тұрғаны, әулиелер қайтыс болғаннан кейін біз білмейтін күшті әсерге ие болады. [Сәйид Шәриф 816 [м.1413] жылы Ширазда қайтыс болды.] Малики ғалымдарынан «Мұхтасар» кітабының авторы Халил бин Исхақ Жәндидің (рахимә-һуллаһу та'ала) айтуынша, әулие жетілгенде оған Аллаһу та'ала тарапынан әртүрлі кейіптерде көріну мүмкіндігі беріледі. Бұл болмайтын нәрсе емес. Өйткені, басқа-басқа болып көрінетін кейіптер – руханият, дене емес. Рухтар материя емес. Олар орын қаптамайды. [Халил Малики Мысри 767 [м.1365] жылы қайтыс болды.] Осыншама үлкен ғалымдар мен әулиелердің анық келтірген мағлұматтары мен дәлелдеріне сенбеу – дінге бағынбау және ақылға ермеу болып табылады. Осы сенімдері үшін Әһли сүннет болған мұсылмандарға кәпір және мүшрик деп атаған уаһһабилерге Аллаһу та'ала ақыл мен ынсап берсін! Бұған сенген мұсылмандарды қабірлерге табынатын, мүсіндерді, махлұқтарды жаратушы деп санайтын мүшриктерге ұқсататындарға обал болсын! Жүрегі Расулуллаһқа және Оның мұрагерлері болған әулиелерге деген сүйіспеншілікке толған, «Султан-ул-ашықин» атымен танылған Малики және Қадири Омар бин Фарид (рахметуллаһи алейһ) «Хамрия» атты әйгілі қасидасында тасаууф ғұламаларын құрметтеріне лайықты түрде мақтаған. [Омар бин Фарид 576 [м.1180] жылы Мысырда қайтыс болды.] Ежелде маңдайларына мүнкір, имансыз, адасқан және пәлекет деп мөр басылған бетбақтарға қанша түсіндірілсе де, дәлелдер, тіпті кереметтер көрсетілсе де, олар сену ниғметіне қауыша алмайды. Мәулана Абдуррахман Жами (рахимә-һуллаһу та'ала) төмендегі өлең шумағында оларға тамаша жауап берген.
Әлемнің арыстандары, бәрі бұл шынжырға байланған. Бұл шынжырды қулықпен түлкі қалай жұла алмақ? Әулиеге тіл тигізер болса, егер бір адасқан, Оларға еш зияны жоқ, тек ақымақ болғаны қалмақ.
[Молла Жами (рахметуллаһи алейһ) 898 [м.1492] жылы Гератта қайтыс болды.] Аллаһу та'ала жаққан шырақты үрлеп өшіруге ұрынғандар сақалдарын күйдіріп алудан басқа ешнәрсеге жете алмайды. «Рабыта-и шәрифа» кітабының жазбасы осы жерде тәмәм болды. |