Нәпіс жаратылмағандаСұрақ: Жамандықтардың қайнары болған нәпіс жаратылмағанда жақсырақ болмас па еді? Жауап: Бұл дүниеде барлық нәрседе Аллаһу та'аланың әрі рахмет ету, әрі ашулану сипаты көрініс алып тұр. Су – адамдардың, жануарлардың және өсімдіктердің өмір сүруіне, тазалыққа, тамақ, дәрі-дәрмек жасауға қажет болуымен қатар, теңізде мыңдаған адам батып өлуде, сел ағып, үйлерді қиратуда. От – нан, тамақ пісіруге, қыста жылынуға қажет болуымен қатар, ішіне түскендерді өртейді. Электр тоғы көп жерде пайдасы тиюімен қатар, өртке себеп болады, тоқ ұрғанда адамды өлтіреді. Барлық дәрілер ауруға шипа болуымен қатар, артық мөлшері зиянды болады. Барлық нәрсе осындай. Нәпіс те осылар сияқты. Әрі пайдалы, әрі зиянды жақтары бар. Нәпістің жаратылуы адамдардың өмір сүруі, көбеюі және дүние үшін жұмыс істеп, ахирет үшін жиһад сауабын алуы үшін. Аллаһу та'ала нәпісті осындай әртүрлі пайдалары үшін жаратты. Аллаһу та'ала барша адамзатқа мейірім етіп, жанашырлық танытып, нәпіске ие болу, зиянды қалауларының алдын алу үшін ақылды да жаратты. Ақыл – адамның миы арқылы сезім мүшелерінен, шайтаннан және нәпістен жүрекке келетін қалауларды тексеріп, жақсыларын жамандарынан ажырататын қуат. Аллаһу та'ала сондай-ақ пайғамбарлар жіберіп, ненің пайдалы, ненің зиянды екендігін және нәпістің барлық қалауларының жаман екендігін үйретті. Ақыл нәпістің қалауларын пайғамбарлар жақсы деген нәрселерден ажыратып, жүрекке білдіреді, жүрек ақылдың білдіргенін құптаса, нәпістің қалауларын істеуді қаламайды. Жүрек Ислам діні жақсы дегендерін қалап, істеткізсе, адам бақытқа бөленеді. Жүректің жақсы мен жаманның біреуін таңдауына және қалауына «Кәсб» делінеді. Адамның әрекет мүшелері миға, ал ми жүрекке бағынышты. Жүрек – ми арқылы сезім мүшелерінен және рух арқылы Аллаһ тарапынан, ақылдан, періштеден, өз жадынан, нәпістен және шайтаннан келген әсерлердің жиналатын орталығы. Жүрек ақылға бағынса, нәпістің жаратылған болуы адамдардың шексіз ниғметтерге қауышуына кедергі болмайды. Жүректің нәпіске алданбауы, оған бағынбауы нәпіске қарсы жиһад-и әкбар болады. (Нәпіспен күресу үлкен жиһад болады.) Аллаһу та'ала жиһад етушілерге жәннатта үлкен дәрежелер беретіндігін айтқан. Нәпіс адамдардың жиһад сауабын алуына, періштелерден де үстем болуына себеп болуда. |