Бұл өмірде бәрі емтиханда!Барлық адамдар емтихан орны болған бұл дүниеде сынақта, емтиханда. Әркімнің сынағы, емтиханы әртүрлі өтуде: біреулер байлықпен, біреулер кедейлікпен, дені сау болғандар денсаулықпен, ауру болғандар ауруларымен сыналып жатыр. Емтиханнан өте алғандармен қатар, емтиханды тапсыра алмағандар да көп. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ғибрат болсын деген мақсатпен сахабаларына, әрі біз үмбетіне өткен замандарда орын алған оқиғаларды айтып берген. Хадис шәриф болғандықтан, ол хикая емес, оқиға болып саналады. Мынадай оқиға айтып берген: Аллаһу та'ала Бәни Исраил (Исраил қауымы) заманында өмір сүрген үш құлын ерекше емтиханмен сынаған. Біріншісі, денесін теміреткі қаптаған тері ауруы, жүзі мен денесіндегі терісі қабыршықтанып, бет-әлпеті ұсқынсыз еді. Ол бұған қатты қысылып, адамдардың арасына шыққысы келмей ұялатын. Аллаһу та'ала ол адамға адам кейіпінде періште жібереді. Одан «Ең көп нені қалайсың?» деп сұрады. Ол «Бәрінен де жүзімнің сұлу болуын және терімнің таза болуын қалаймын. Адамдар маған жиіркеніп қарамаса екен...» деп жауап береді. Періште оның бетін сипады, ұсқынсыздығы кетіп, терісі тазарып, қалағаны орындалды. Әрине ол бұған қатты қуанды. Періште тағы да «Жануарлардан қайбірін бәрінен қатты жақсы көресің?» деп сұрады. Сонда адам «Бәрінен де түйе ұнайды» дейді. Оған буаз түйе беріп «Мүбәрәк болсын» деп дұға етеді. Періште одан кейін басы тақыр адамға келіп, ең сүйікті нәрсесін сұрайды, ол «Тақырбас болғым келмейді, шаш өсуін қалаймын» деп жауап береді. Оның басын сипайды, бір сәтте әдемі шаш өсіп шығады. Одан да «Қай жануарды жақсы көресің?» деп сұрағанда, ол «Сиыр қалаймын» деп жауап береді. Оған да буаз сиыр беріп, берекелі болуына дұға етіп, кетіп қалады. Періште одан кейін соқыр адамға келіп, тілегінің көздерінің ашылуы екенін, ең сүйікті жануары қой екенін біліп, оның да тілегін орындап, қой беріп, дұға етеді. Жылдар өткеннен кейін кезінде періште берген үш түлік малдан үлкен табындар пайда болады. Періште ең алғаш келген кейіпінде тері ауруына келеді, кедей екенін айтып, садақа сұрайды. Адам «Кедейлер көп қой, қайбіріне көмектесе беремін?» дейді. Сонда періште оған бұрынғы жағдайын есіне түсіреді. Ол «Жоқ, маған бұл байлық әкемнен қалған» деп жауаптайды. Періште «Егер өтірік айтқан болсаң, онда бұрынғы жағдайың қайтып келсін!» деп теріс бата береді, адам бұрынғы жағдайына қайтады. Дәл осындай оқиға басы тақыр адамда да орын алғандықтан, ол да бұрынғы жағдайына оралады. Емтиханнан тек соқыр ғана өте алады. «Иә, рас, мен кезінде соқыр едім, кедей едім. Бұл ниғметтерді бізге Раббымыз нәсіп етті. Қалағаныңша ала ғой!» дейді. Сол кезде періште «Байлығың берекелі болсын, Аллаһу та'ала сендерді сынады. Сен сынақтан өттің, бірақ екі досың өте алмады!» деді. Емтиханнан өте алғандар қандай бақытты, өте алмағандар қандай бейбақ. |