УАҺҺАБИ СЕНІМДЕРІ ЖӘНЕ ӘҺЛИ СҮННЕТ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ОЛАРҒА БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ (30)30) Кітаптың жүз қырық алтыншы және жүз елу сегізінші беттерінде: «Аллаһтан басқасына арнап мал сою харам. Соярда бұл үмбеттің мұнафиқтарының жұлдыздарға жақындау үшін жасағанындай, Бисмиллаһпен сойса да, мүртәд болады. Сойғандарын жеу халал болмайды. Замахшаридің айтуынша, үй сатып алғанда немесе жаңадан салғанда жын тимесін деп мал сою да осындай. Ибраһим Мәрузидің айтуынша, патша немесе мемлекет адамдары келгенде оларға жақындау үшін мал сою харам. Өйткені, Аллаһтан басқасына арналып сойылған болады. Ихлал дегеніміз – жоғары дауыспен басқа біреу үшін сою деген сөз. Аллаһтан басқасы үшін жасалған нәзір малдары осындай. Соймай тұрып айту, мысалы бұл малды пәленше сәйида үшін, пәленше сәйид үшін деп айту осындай. Ондай нәзірлерді соярда Бисмиллаһ айту пайдасын тигізбейді. Аллаһтан басқасы үшін ас, сусын атап оларға жақындау да осындай. Өлілер үшін және олардан берекеттену үшін кесенелерге алып барып, кесененің маңындағы кедейлерге таратылған ас пен сусындар да Аллаһтан басқасы үшін нәзір еткендер және пұттар үшін, күн, ай үшін, қабірлер үшін және т.б. нәзір еткендер Аллаһтан басқасының атымен ант еткендер сияқты. Екеуі де ширк. Кейбір адасқандардың қабірлердегі шамдарға, шырақтарға май атауы да мұсылмандардың сөзбірлігімен күнә. Кесенелерде қызмет етіп жүрген кедейлерге мал атау шіркеудегі пұттардың қызметшілеріне атау сияқты. Бұлар ғибадатқа жатады. Бұларды Аллаһтан басқасы үшін жасау ширк болады. Ханафи ғалымдарынан Қасым Дүрәр кітабында жазғанындай, алыста жолаушысы болған немесе үйінде науқасы болған немесе малы жоғалған сауатсыздар кейбір салих құлдардың қабірлеріне барып, «Аллаһу та'ала жолаушыма қауыштырса немесе науқасымның ауруын жазса, яки жоғалған малып табылса, саған осыншама алтын немесе ас, сусын немесе шырақ беру нәзірім болсын» дейді. Ондай нәзірлер қате. Нәзір ету ғибадатқа жатады. Аллаһтан басқасына ғибадат етуге болмайды. Өлінің мал-мүлкі жоқ. Оған ештеңе берілмейді. Барлық нәрсені Аллаһ істейді. Өлі ештеңе істей алмайды. Олардың осылай сенуі күпірге жатады. Ибн Нужәйм Бахр кітабында жазғанындай, бұл адасушылықтар Ахмед Бәдәуидің кесенесінде көп. Ханафи ғалымдарынан шайх Сун’уллаһ Халеби «Әулиеге мал сою және нәзір ету жаиз емес» дейді. Ахмед Бәдәуидің кесенесі Танта қаласында. Өзі «Муләссәмә» мемлекетінің тыңшысы. Бұл мемлекет Фас тарапында еді. Бұл тыңшы қулықпен және өтірікпен мұсылмандарды алдады. Қазір кесенесі шіркеу сияқты. Адамдар оған нәзір етеді. Оған табынады. Әр жылы үш жүз мың адам қажылық жасау үшін осы пұтқа келіп тұрады» дейді. Кітаптың жоғарыдағы жазуларына мән берсек, аяти карималар, хадис шәрифтер және Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарынан құнды жазбалар жазып, мұсылмандардың көзін бояуда, харамдарды, мәкрухтарды, тіпті мубах болған нәрселерді ширк, күпір деп жар салуда. Аллаһу та'аланың сүйікті салих құлдарына және олардың кесенелеріне пұт, шіркеу деуде. Адасқан сенімдегі жетпіс екі ағымнан болған сауатсыздардың және ақымақтардың жасаған жаман, қате амалдарын көрсетіп, Әһли сүннеттің әулиелеріне (рахимә-һумуллаһу та'ала) таза, пәк мұсылмандарды кәпір және мүшрик деп атауда. Мұсылмандардың осындай қулықтарға алданбауы және Әһли сүннет ғалымдары көрсеткен дұрыс жолдан айрылмауы үшін Дауд бин Сүлейман Бағдадидің (рахметуллаһи алейһ) «Әшәдд-ул-жиһад фи Ибтал-и Да’уәл-ижтиһад» атты кітабының отыз бесінші бетінен бастап он бетті арабшадан түрікшеге (түрікшеден қазақшаға) аударып жазудамыз. Мұны оқығандар уаһһабилердің өтірік айтқандарын бірден түсінеді. [«Әшәдд-ул-жиһад» кітабы «Минһат-ул-Уәһбия» кітабының жалғасы ретінде «Хақиқат кітап үйі» тарапынан жарыққа шыққан.] [Әуелі бұл кітапта пұт делінген Ахмед бин Әли Бәдәуидің (рахметуллаһи алейһ) өмірбаянын қысқаша жазып өтуді жөн көрдік. Шәмсәддин Сами бек «Қамус-ул'а’лам» кітабында былай жазған: «Ахмед Бәдәуи хазреттері әулиелердің атақтысы және шәрифтерден. Яғни хазреті Хасанның ұрпағы. Үлкен атасы Хажжаждың зұлымдығынан Фасқа қашқан еді. Өзі хижреттің 596 [м.1200] жылында Фаста туылды. Жеті жасында әкесі және бауырларымен бірге Меккеге келді. Алты жүз отыз үшінші (633) жылы көрген түсіне байланысты Иракқа және Шамға барды. Кейін Мысырда Танта қаласына орналасты. Көп кереметтері байқалды. Үлкен әулие екендігі аңғарылды. Аты жан-жаққа тарады. Зияратшылары және шәкірттері мыңдардан асты. Алты жүз жетпіс бесінші (675) [м.1276] жылы Тантада қайтыс болды.» Уаһһаби кітабының Ахмед Бәдәуи хазреттеріне «Мүләссәмә» мемлекетінің тыңшысы деуі өте опасыз және нашар жала болып табылады. Мүләссәмә және басқа аты «Мурабитин» болған Ислам мемлекеті хижреттің төрт жүз қырықыншы жылы Фастың оңтүстігінде құрылды. Астанасы «Мәраккиш» еді. Испанияны жаулап алды. Жүз жылдан кейін хижреттің бес жүз қырықыншы (540) жылы жойылды. Орнына «Муваһһидин» мемлекеті құрылды. Ахмед Бәдәуи хазреттері дүниеге келген кезінде Муләссәмә мемлекетінің орнында ештеңе жоқ еді, өзі жойылып, аты ғана кітаптарда қалған еді. Кітаптың авторы тәфсир және хадис білімдерінде сауатсыз болғанындай, тарих және жаратылыстану білімдерінде де аянышты жағдайда. Араб тілі өзінің ана тілі болғандықтан, аяти карималар мен хадис шәрифтерге және Ислам ғалымдарының кітаптарына қате мағыналар беруде. Олардағы нәзік, жоғары білімдерді күндік газеттегі жаңалық сияқты қабылдап, қысқа ақылымен түсінгеніндей деп ойлауда. Ондай мазһабсыздардан және дін надандарынан Сәйид Кутб есімді біреу өз түсінгені бойынша тәфсир жасаған, «Фи-Зилал-ил-Қур’ан» атты бұл тәфсирін Каир масон ложасының басшысы болған діндегі реформашы Мұхаммед Абдухтың Ислам дінін құлдырататын, араңдататын қате жазуларымен толтырған. Аллаһу та'ала мұсылман балаларын осындай қате, улы кітаптарды оқып алданудан сақтасын! Осындай дін адамдарының тұзақтарына түсірмесін! Әмин!] Сәйид Дауд (рахметуллаһи алейһ) айтқанындай, Аллаһу та'алаға нәзір ету және мал сою және етін кедейлерге таратып, сауабын пайғамбарларға (алейһимуссалауату уәттәслимат) және әулиелерге (рахимә-һумуллаһу та'ала) бағыштау күпір, ширк болады екен. Оларға дереу жауап беру керек. Олай айтатындар – мазһабсыздар. Олар мазһаб имамдарына, Ислам ғалымдарына бағынбайды. Өздерінің қысқа көзқарастарымен, нұқсан ақылдарымен сөйлейді. Бұл жерде олардың сөздерін жоққа шығарамыз. Кейін Ислам ғалымдарының сөздерін жазамыз. «Бақара» сүресінің екі жүз жетпісінші (270) аяти каримасында: «Кедейге берген садақаларыңды және нәзірлеріңді Аллаһу та'ала біледі» және «Хаж» сүресінің жиырма тоғызыншы аятында «Нәзірлерін орындасын» делінген. «Дәһр» сүресінің жетінші аятында: «Олар нәзір еткендерін орындайды» деп мақтауда. Бұл аяти карималарда Аллаһу та'ала нәзір етушілерді білемін дейді. Нәзір етушілерді мақтап жатыр. Нәзірдің кедейлерге напақа екендігін айтуда. Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Еркек немесе әйел кісі Мекке қаласынан басқа жерде түйе союды нәзір етті делік. Бұл жаһилия (сауатсыздық) дәуірінде пұттардың алдында сойылған түйе сияқты болады ма?» деп сұралды. Жауап ретінде: «Жоқ, олай емес, нәзірін орындасын! Аллаһу та'ала барлық жерді біледі және көреді. Әркімнің қалай ниет еткенін біледі» деді. Бұл хадис шәриф адасқан сөздерге жауап ретінде жеткілікті. Аллаһ разылығы үшін сойылуы нәзір етілген малды салих адамдардың қасында сойып, етін сол жердегі кедейлерге тарату және сауабын сол салих адамның рухына бағыштау жаиз (рұқсат). Ешқандай зияны жоқ. Аллаһ разылығы үшін сойылуы нәзір етілген малды, әлбетте, сою керек. Бұл малды сою – ғибадат. Етін кедейлерге тарату да бөлек ғибадат. Бұл екі ғибадаттың жеке-жеке сауабы бар. Автордың өлілерге нәзір жасалуын және мазар маңында Аллаһу та'ала үшін мал союды пұтқа табынуға ұқсатуы мұсылмандарға жабылған үлкен жала. Бұл сөзін аяти каримамен және хадис шәрифпен дәлелдеуі керек. Нәзір үшін ондай дәлел келтіре алмайды. Кәпірлерге, мүшриктерге қатысты келген аяти карималарды мұсылмандарға байланыстыруға тырысып жатыр. Фиқһ ғалымдарының кітаптарында харам немесе мәкрух, тіпті жаиз екендігі жазылған нәрселерді жазып, күпір, ширк деп жар салуда. Онсыз да, мазһаб имамдарын, фиқһ ғалымдарын менсінбейді. Әһли сүннетті алдау үшін, мұсылмандардың көзін бояу үшін өзіне керекті, өзіне пайдасы тиетін жерлерін ғана жазады. Алайда, аяти карималардан және хадис шәрифтерден өз түсінгеніне сенуде. «Бақара» сүресінің жүз жетпіс үшінші аяти каримасында: «Мүшриктер Аллаһтан басқасына ихлал етеді» делінген. Ол осы аяти кариманы көрсетеді. Үнемі осы аяти кариманы бас қаруы ретінде қолданады. Аллаһу та'аладан басқа ниетпен мал сойған адам кәпір, мүшрик болады дейді. Оның айтуынша, бүкіл мұсылмандар кәпір болуда. Өйткені, Ислам мемлекеттерінде күнде ас үшін миллиондаған мал сойылуда. Аллаһу та'аладан басқасына арнап мал сойған адам мүшрик болады дейтін адам бұған қалайша жауап бере алады? Басқа жерлерде сойып, сауабын өлілердің рухына бағыштау жаиз болады дейді. Олардың айтқаны бойынша, мұның да күпір және ширк болуы қажет. Бұларды Аллаһ үшін сойып, етін кедейлерге таратамыз да, сауабын өлілерге бағыштаймыз дейді. Оларға айтарымыз, пайғамбар үшін және әулие үшін дегенде де осындай ниетпен сойылып жатыр. Олар үшін мал сойған адамның ниетінің қате екенін қалай аңғарасыңдар? Әркімнің ниетін тек Аллаһу та'ала ғана біледі және Ол хабар берген адам біледі. Басқа ешкім біле алмайды. Үнемі көрсететін жоғарыдағы аяти карималарындағы «Ихлал» сөзі – айқайлап айту деген сөз. Жаһилия (сауатсыздық) дәуірінде пұттарға табынушылар мал соярда «Лат үшін» және «Узза үшін» деп айқайлайтын еді. Мұсылмандар «Бисмиллаһ» немесе «Аллаһу әкбар» деп сояды. Мүшриктер Аллаһ атының орнына пұттардың атын айтатын. Мұсылман адам Аллаһу та'аланың есімінің орнына, мысалы, Абдулқадир Гейлани (рахметуллаһи алейһ) немесе Ахмед Бәдәуи (рахимә-һуллаһу та'ала) үшін деп сойса, мұны біліп тұрып айтуы харам болады, білмей айтқан болса, ғалымдардың оған үйретуі керек. Оған бірден кәпір деуге болмайды. Бұл сөздерімізді кеңірек түсіндірейік: Ибн Нужәйм Зәйнәлабидин Мысридың «Бахр-ур-раиқ» және бауыры Омар ибн Нужәймнің «Нәһр-ул-фаиқ» кітаптарында және Қасым бин Қатлубұғаның «Дүрәр-ул-бихар» шәрһінен алып «Рәддул мухтар» кітабының ант бөлімінде былай жазған: «Сауатсыздардың өлілерге жасаған нәзірлері және әулиелерге жақындау үшін кесенелеріне алып барған шам майлары, шырақтары мен ақшалары тек өлі үшін ғана болса, қате, харам болады. Бірақ, сонда да күпір емес, ширк емес. Кедейлерге тарату және сауабын әулиенің рухына бағыштау үшін болса, жаиз (рұқсат). Қасым бин Қатлубұға «Нәзір ету – ғибадат. Махлұққа ғибадат жасау жаиз емес» деген. Бұл сөзі «Нәзір пайдасын тигізбейді, сараңның малының кетуіне себеп болады» хадис шәрифіне сай болып тұр. Бұл хадис шәриф нәзірдің мәкрух екендігін көрсетуде. Мәкрух болған нәрсе ғибадат болмайды. Мұсылмандардың мал атауы және басқа нәрселерді атауы бәрі әулиенің кесенесіндегі немесе басқа жерлердегі кедейлерге тарату үшін. Малдың, еттің өліге берілетінін, өлінің қолданатынын ойлайтын ешкім жоқ. Ханафи мазһабында нәзірдің бір жерде жасалатынын белгілеу қажет емес. Белгіленген жерде жасалуы да қажет емес. Мысалы, «Пәленше әулие үшін нәзірім болсын» деп айту жаиз. Бұлай айту «Аллаһ үшін жасаған нәзірімнің сауабы осы әулиенің рухына тисін» деген сөз. Ол малды сол әулиенің қабірінің қасында сою қажет болмайды. Басқа жерде союға, басқа жердегі кедейлерге таратуға да болады. Қайда сойылса да, сауабы ниет етілген әулиенің рухына тиеді. Сонымен қатар, жоғарыдағы жазу Қасымның сөзі. Өзі Камаладдин Мұхаммед ибн Хумамның шәкірті. [Ибн Хумам 790 [м.1388] жылы туылып, 861 [м.1456] жылы қайтыс болды.] Бұрын келген ғалымдардың ешқайсысы Қасым сияқты айтпаған. Тек қана Ибн Тәймия айтты. Ибн Тәймия әртүрлі нәзірлер жасау, әсіресе мал союды атау және қабір зияраты сияқты амалдарда мұсылмандарды жамандауда шектен шығуда. Оған өз дәуірінде және кейіннен келген Әһли сүннет ғалымдарының көбі жауап берген, ортаға тастаған қате пікірлерін жоққа шығарған. Қасымның сөзіне дұрыс делінсе де, бұл сөздің мұсылмандарға дақ түсірмейтінін Ислам ғалымдары айтқан. Өйткені, Қасым да кедейлерге таратуға ниет етілсе, рұқсат болады деген. Бүкіл мұсылмандардың нәзірлерін осы ниетпен жасайтынын жоғарыда жазған едік. Әһли сүннеттің Қасымға ұқсаған сөздерін дәлел ретінде көрсетуі мұсылмандарды алдау үшін. Өйткені, олар Құран кәрімнен және хадис шәрифтерден басқа сөздерді дәлел ретінде қабылдамайды. Біз олардан пайғамбарларға және әулиелерге нәзір етудің ширк екендігін көрсететін аяти карима мен хадис шәриф сұрасақ, алдымызға тек жоғарыда жазған «Ихлал» аяти каримасын ғана шығарады. Бұл аяти каримаға сүйенуі күмән мен ықтимал. Күмәнмен және ықтималмен пайымдауға болмайды. Дәлел ретінде көрсетуге келмейді. [«Дуррул мухтар» фиқһ кітабында бұл аяти карима туралы мал сойып, топырақпен жабу, кедейлерге таратпау деген. Көрініп тұрғанындай, қажылық уақытында Минада сойылған жүз мыңдаған малды топырақ астында қалдыруы, аштарға, мұқтаждарға таратпауы «Ихлал» болуда. Осылай істейтіндердің мүшрик, кәпір болуы керек.] Ас үшін, мысалы қонаққа арнап мал сою ихлал болмайды. Өйткені, бұл Ибраһим алейһиссаламның сүннеті. Тамақ үшін мал сою ихлал болғанда, мүшриктердің ихлалын Ибраһим алейһиссалам әлбетте жасамас еді.» [Зәйнул абидин 970 [м.1562] жылы қайтыс болды.] [Омар 1005 [м.1597] жылы қайтыс болды.] [Замахшари Әбулқасым Махмуд Жаруллаһ Мутәзили 538 [м.1144] жылы Журжанияда Әбу Исхақ Ибраһим Мәрузи Шафии 340 [м.952] жылы, Сунуллаһ Халеби Мекки Ханафи 1117 [м.1705] жылы қайтыс болды. Оның «Сәйфуллаһ алә-мән кәззәбә алә-Әулияиллаһ» кітабы әулиелердің (рахимә-һумуллаһу та'ала) кереметтерін ұзақ түсіндіруде. Шәриф Ахмед Бәдәуи 675 [м.1276] жылы Мысырда Тантада, Шәмсәддин Сами бек 1322 [м.1904] жылы Стамбұлда Эренкөйде қайтыс болды (рахметуллаһи алейһим әжмаин). Сәйид Құтб 1386 [м.1966] жылы Мысырда шығарған бүлігінің соңында өлтірілді. Қасым бин Қатлубұға Мысри Ханафи 879 [м.1474] жылы қайтыс болды. Шәмсуддин Мұхаммед Конеуидің «Дүрәр-ул-бихар» кітабын шәрһ еткен кезде нәзір тақырыбында берген мағлұматтарын Ибн Абидин түсіндіруде.] Қайталап айтайық, әулие үшін, яғни Аллаһу та'аланың сүйікті құлдары үшін мал союды атауда үш ниет бірге ойға келеді: Малды Аллаһу та'ала үшін сою. Етін және басқа нәрселерін кедейлерге тарату. Сауабын әулиенің рухына бағыштау. Әр мұсылман малын осылай нәзір етуде. Осылай мал атау қонақ үшін союдан жақсырақ. Өйткені, көбінесе, қонақ бай болады. Садақа алуы жаиз болмайды. Иә, үкімет адамдары және патша, яки күтілген жолаушы келгенде олар үшін мал сою және етін кедейлерге таратпастан, босқа қалдыру кәпірлердің пұттары үшін мал союына ұқсайды. Бұл Шафии мазһабында харам болып табылады. Ғұлама ибн Хажар Меккиден (рахметуллаһи алейһ) сұралды: «Тірі болған әулие (рахимә-һуллаһу та'ала) үшін нәзір ету жаиз ба? Нәзір етілген нәрселерді ол әулиеге немесе кезкелген кедейге беру қажет пе? Өлген әулие үшін нәзір ету жаиз ба? Нәзір етілген нәрсені әулиенің балаларына және туыстарына, яки оның жолында болғандарға, шәкірттеріне, қызметшілеріне беру керек пе? Қабірдің үстіне кесене, қабырға, қоршау салу, бояу сияқты нәрселерді атап нәзір ету сахих болады ма?» ЖАУАП: Тірі болған әулие үшін нәзір ету сахих. Нәзір етілген малды оған беру уәжіп. Басқа ешбір жерге беру жаиз (рұқсат) болмайды. Өлген әулие үшін нәзір етуге келер болсақ, мал мәйіттікі болсын деп ниет етілсе, нәзір қате болады, сахих болмайды. Басқа қайырымдылық үшін, мысалы, балаларына, шәкірттеріне, кесенесіндегі немесе басқа жердегі кедейлерге беруге, ас беруге ниет етсе, нәзір сахих болады. Ниет еткен нәрселерін беруі уәжіп болады. Нәзір иесі ештеңе ниет етпеген болса, өз заманындағы мұсылмандардың әдетіне қаралады. Мұсылмандардың барлығы дерлік өліге нәзір еттім деп, жазған жерлеріміздің біреуіне беруді және сауабын өліге бағыштауды ойлайды. Нәзір еткен адам да осы әбден қалыптасқан әдеттерді білгендіктен, олар сияқты нәзір еткен болады. Қайырымдылық қорындағыдай, нәзірі сахих болады. Қайырымдылық қорында шарттары айтылмаса, қалыптасқан әдеттердегі шарттар бойынша қайырымдылыққа берілген болып саналады. Мазар жасалуын, боялуын атап жасалған нәзірлер қате. Бірақ, Имам Израи мен Зәркәши және басқаларының айтуынша, пайғамбарлардың, әулиелердің және ғалымдардың қабірлерін, әрі жыртқыш жануарлардың, ұрылардың, дұшпандардың ашуы қаупі бар қабірлерді қорғау үшін үстіне қабырға, қоршау сияқты нәрселер жасау рұқсат. Осындай пайдалы нәрселерді атау сахих, жаиз және жақсы болады. Осыларды өсиет ету де осындай. Ибн Хажар Меккидің фәтуасы ұзынырақ. Кітабымызға осыншалықтысы жеткілікті. Бұл тақырыпта Хайреддин Ремлидің де фәтуалары бар. Бұл фәтуалардың негізі – Имам Рафиидың (рахимә-һуллаһу та'ала) Журжандағы қабірі үшін жасалған нәзірі туралы жазбалар. Ибн Хажар Мекки бұларды «Тухфә» кітабында және фәтуаларында ұзақ жазған. Шафии мазһабында бірауыздан жаиз (рұқсат). [Ахмед Израи Шафии 783 [м.1381] жылы Шамда, Мұхаммед Зәркәши Шафии 794 [м.1392] жылы Мысырда, Абдулкәрим Рафии Шафии 623 [м.1227] жылы Казвинде қайтыс болды (рахметуллаһи та'ала алейһим әжмаин).] [Ханафи мазһабындағы фиқһ кітаптарының ең құндыларынан болған «Дүрәр уә Гүрәр» кітабында Молда Хусрев (рахметуллаһи алейһ) антты түсіндірген жерінде жазғаны бойынша, парыз немесе уәжіп болған ғибадаттардың біріне ұқсайтын және намаз, ораза, садақа, итиқаф сияқты жеке ғибадат болған амалды нәзір етушінің оны орындауы қажет болады. Науқастың көңілін сұрап бару, жаназада мәйітті тасу, мешітке кіру, жол салу, су көзін ашу, аурухана, мектеп, мешіт құру сияқты парыз немесе уәжіп категориясынан болмаған амалдар нәзір етілмейді. Бұлар нәзір етілсе, орындау қажет болмайды. «Аллаһ разылығы үшін Ражаб айында ораза ұстаймын» дегендей «Мутлақ нәзір» және «Сапардағы жақыным келсе, Аллаһу та'ала үшін садақа беру нәзірім болсын» дегендей талап етілген бір шартқа байланыстырылған «Муаллақ нәзір» айтылған болса, шарт орындалған кезде нәзір етілген ғибадаттарды орындау уәжіп болады. Хадис шәрифте: «Нәзір етілгенді орындау керек» делінген. «Аурудан құтылсам, бір қой сою нәзірім болсын» деп айту нәзір болмайды және қой союы қажет болмайды. «Аллаһу та'аланың разылығы үшін бір қой сою» деп айту керек. Аллаһу та'ала үшін деген кезде нәзір болып, союы қажет болады. Он мың теңге садақа беруді нәзір еткен адамның мың теңгесі бар болса, мың теңге беруі керек болады. Заты бар болса, сатып, он мың теңгесін садақа қылып береді. Пәлен мың теңгені, пәлен күні, пәленше кедейге беруді нәзір етіп, басқа мың теңгені басқа күні, басқа жерде, басқа кедейге беруі рұқсат болады. [Молда Мұхаммед Хусрев 885 [м.1480] жылы Бурсада қайтыс болды.] Ибн Абидин нәпіл намаздарды түсіндіргенде «Нәзір бір нәрсенің жүзеге асуына бөгет болмайды» хадисін көрсетіп, «Бұдан нәпіл намазды оқудан бұрын мұны шартқа байланыстырып нәзір етуге тыйым салынғандығы аңғарылып тұр» дейді. Өйткені, нәзір етілген намаз бір қалауының орындалуының өтемі болғанына ұқсап тұр. Бұхари кітабын шәрһ еткендер бұған тыйым салынуы нәзір етілген намаздың шарт етілген нәрсенің орындалуына әсер ететінін ойлайтын адамдар үшін деген болса да, хадис шәриф нәпілдердің мутлақ нәзір етіліп оқылуына да тыйым салуда дейді. Бұдан аңғарылып тұрғаны, шартқа байланыстырылып жасалған нәзір ғибадатты шарт етілген нәрсенің өтемі қылу емес. Аллаһу та'алаға шүкір ретінде жасалуда. Шүкір сәждесін жасау сияқты. Ғибадатпен және ғибадаттың сауабы бағышталған салих кісінің дұғасымен Аллаһу та'аланың мейірімін тілеу болып табылады.] Малики мазһабының ғалымдарынан шайх Халилдың «Мухтасар-и Халил» кітабының шәрһінде былай жазылған: «Ниет етіп немесе айтып Меккеден басқа жерге, мысалы, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) немесе бір әулиенің қабіріне сою үшін түйе, қой сияқты мал алып барса, оларды сойып, етін кедейлерге таратады. Бұл қабірлерге киім, ақша, ас сияқты нәрселер жолдағысы келсе, ол жақтағы қызмет етушілерге, олар бай болса да, таратуға ниет еткен болса, оларға жібереді. Егер сауабын оларға бағыштауға ниет еткен болса, бұларды өз жерінде кедейлерге таратады. Ешқандай ниет етпеген болса, яки ниетін айтпай өлген болса, тұрғылықты жерінің әдеті бойынша жасалады.» Ибн Арафа және Бирзули де осылай жазуда. [Ибн Арафа Ахмед Әндалуси 536 [м.1142] жылы Мәракешта, Әбулқасым Мұхаммед Бирзули Малики 844 [м.1438] жылы Туниста қайтыс болды.] Ханбали мазһабына келер болсақ, Мансұр Бәһути «Иқна» кітабының хашиясында және Ибн Муфлих «Фуру» кітабында Ибн Тәймиядан алып былай жазады: «Белгілі бір әулиеге қиыншылықтан құтқаруы немесе аңсағанына қауыштыруы үшін бір нәрсе нәзір ету – Аллаһтан басқасы үшін нәзір етуге жатады. Аллаһтан басқасы үшін ант ету сияқты. Басқалардың айтуынша, бұл нәзір сахих. Бірақ күнә.» Бұл жерден де аңғарылып тұрғаны, әулиелерден көмек алу үшін оларға нәзір ету Ибн Тәймияның айтуынша тәнзиһән мәкрух. Ханбали ғалымдарының басқаларының айтуынша күнә деуі Ибн Тәймияның күнә демегендігін аңғартуда. Пайғамбарға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шам, шырақ атаған адамның бұларды Мәдина қаласындағы кедейлерге беруін Ибн Тәймия айтқандығы «Иқна» хашиясында жазулы. [Мансұр бин Юнус 1051 [м.1642] жылы Мысырда, Шамсуддин Мұхаммед бин Муфлих 763 [м.1361] жылы Шамда қайтыс болды.] [Шайх Халил 767 [м.1365] жылы қайтыс болды.] Пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәттәслимат) және әулиелер (рахимә-һумуллаһу та'ала) үшін мал союды атау – Аллаһу та'аланың разылығы үшін сойып, сауабын оларға бағыштау деген сөз. Хадис шәрифте: «Аллаһтан басқасы үшін мал сойған адамға Аллаһ лағнет етсін» делінген. Ибн Қайим Жәузия «Китаб-ул-Кәбаир» кітабында, Имам Зәһәби «Кәбаир» кітабында, Ибн Хажар Мекки «Зәуажир» кітабында осы хадис шәрифті түсіндіруде. Аллаһу та'аладан басқасы үшін сою дегеніміз – соярда пәленше әулие үшін деген сөз дейді. Кәпірлер де соярда пұттың атын айтып сояды. Аллаһу та'аланың есімінің орнына басқа аттар айтып сою осындайға жатады. Имам Нәуәуи (рахметуллаһи алейһ) «Рауда» кітабында: «Бәйтуллаһ болғандықтан, қағба үшін деп сою және Расулуллаһ болғандықтан, пайғамбар үшін деп сою жаиз (рұқсат). Меккеге немесе қағбаға сыйлық жолдау да осындай» деп жазылған. [Мұхаммед Зәһәби 748 [м.1348] жылы Мысырда қайтыс болды.] Сұлтан немесе үкімет адамдары келгенде оларға жағымпаздану үшін мал союдың харам екендігін жоғарыда жазған едік. Олар келген кезде қуанып сою және баласы туылғанда қуанып сою немесе ашуланған адамның көңілін аулау үшін сою жаиз (рұқсат). Көңілін аулау басқа, жағымпаздану басқа. Пұт үшін сою мүлдем басқа. Жынға қарсы сойылған құрбандықтарға келер болсақ, Аллаһ үшін сойып, Аллаһтың осылайша жыннан қорғауын көздеу жаиз. Олай ойламай союы харам болады. Көрініп тұрғанындай, Ислам ғалымдары барлық мәселенің жауабын берген, ешкімнің ештеңе айтуына қажеттілік қалдырмаған. Әркім іздегенін кітаптарда тапқан. Бір ақымақ және сауатсыз адам майданға шығып, мұсылмандарды бөлу, араңдату, Ислам ғалымдарын жамандау және хақ жолында еңбектеніп жүргендердің қадірін түсіру үшін қате пікірлер жаятын болса, оның адасушы және дүмше екендігі аңғарылады. Ақылы бар адам оған сенбейді және алданбайды. Дәжжалдың әскері сияқты болғандар ғана сол ақымаққа сенеді. Дұрыстың бәріне қате, жақсының бәріне жаман дейді. Муәззин (азаншы) азан айтып жатқанда, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) есімін атаған кезде мұны естігендер екі қолдың бас бармақтарының тырнақтарын көздеріне қойып «Екі көзімнің нұрысыз сіз, Йа, Расулаллаһ!» дейді. Мұны кейбір ғалымдар, мысалы Дәйрәби «Мүжәррабат» кітабында жазған. Мұны хабарлаған ешқандай хадис шәриф көрмедік. Бірақ, «Салихтар еске алынғанда мейірім түседі» хадис шәрифі бұл амалдың жаиз (рұқсат) екенін көрсетуде. Имам Ахмед ибн Ханбал, Ибн Жәузи, Ибн Хажар мұның хадис екенін хабарлаған. Имам Суюти де бұл хадисті «Жами-ус-сағир» кітабында жазып көрсеткен. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) еш күмәнсіз пайғамбарлардың және салихтардың ең үстемі. Оның есімі аталған кезде Аллаһу та'ала мейірім мен қамқорлық етеді. Аллаһу та'ала мейірім еткен сәтте жасалған дұға қабыл болады. Азан айтылғанда «Сізбен көзім нұрланады, жүрегім шаттанады, Йа, Расулаллаһ!» деп айту дүние мен ахиретте қуану үшін дұға. Бұлай дұға ету Ислам дініне сай. Ханафи ғалымдарынан Тахтауи «Мәрақил-фәлах» хашиясында Кухистаниден хабар бергені бойынша, азан айтылып жатқанда Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) есімін екінші рет естігенде екі бас бармақты көзге қойып «Қуррат айнәйя бикә йа Расулаллаһ, Аллаһумма мәттиъни биссәмъи уәл-басари» деп айту мүстаһаб. Өйткені, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) осылай жасаған адамды жәннатқа алып кіреді. Шайхзада Мұхаммед Ханафи Бәйдәуи тәфсирі хашиясында Әбил Уәфадан алып хабар бергеніндей, кейбір фәтуаларда көрдім, Әбу Бәкір Сыддық азан айтылғанда Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) есімін естіген кезінде екі бас бармағының тырнағын сүйді. Кейін көздеріне тигізді. «Неге олай істедің?» деп сұрағанда: «Сіздің мүбәрәк есіміңізбен берекеттену үшін, Йа, Расулаллаһ!» деді. Сонда пайғамбарымыз: «Жақсы істедің. Осылай істеген адам көз ауруын көрмейді» деді. Тырнақты көзге тигізгенде: «Аллаһуммахфаз айнәйя уә нәууирһума» деу керек. Дәйләми «Фирдаус» кітабында Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) хабар берген хадис шәрифті жазуда. Бұл хадис шәрифте: «Муәззин «Мухаммадән Расулуллаһ» дегенде кімде-кім екі бас бармағын сүйіп, кейін көздеріне тигізіп, «Әшһәду әннә Мухаммадән абдуһу уә Расулуһ, Радийту биллаһи раббән уә бил-ислами динән уә би-Мухаммадин саллаллаһу алейһи уәсәлләм» десе, шапағатым оған халал болады» делінген. Тахтауидың жазбасы тәмам болды. Бір хадис шәрифте: «Азан айтылғанда есімімді естігенде екі бас бармағын көзіне тигізген адамды қиямет күні іздеп тауып, жәннатқа алып кіремін» делінген. Кухистани «Кәнз-ул-ибад» кітабынан алып айтуынша, азан айтылғанда Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) есімін екінші рет естіген кезде «Саллаллаһу уә сәлләмә алейка йа Расулаллаһ!» деп айту және екінші естуінде «Қуррәт айнәйя бикә йа Расулаллаһ!» деп айту, кейін екі бас бармағын көздеріне қойып, алмай тұрып «Аллаһумма мәттиъни биссәмъи уәл-басари» деп айту мүстаһаб. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ол адамды жәннатқа алып кіреді. [Ахмед Тахтауи 1231 [м.1815] жылы, Шайхзада Мұхаммед Ханафи 951 [м.1544] жылы Стамбұлда, Әбулуәфа 896 [м.1490] жылы Стамбұлда, Кухистани Мұхаммед Ханафи 962 [м.1508] жылы Бұхарада, Мұхаммед бин Сүлейман Мәдәни Шафии 1164 [м.1780] жылы Мәдинада, Мұхаммед бин Абдулазим Мекки 1052 [м.1643] жылы, Ибн Хазм Әли Захири 456 [м.1064] жылы, Дауд захири Исфехани 270 [м.883] жылы Бағдадта, Ахмед ибн Хиллиған 681 [м.1281] жылы Шамда, Хажжажи залым Сәкафи Абдулмалик және баласы Уәлид заманында Мәдина мен Ирак әкімі кезеңінде 95 [м.714] жылы қайтыс болды.] |