19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Құран Кәрім / Құран кәрімді өзгертуге болмайды

Құран кәрімді өзгертуге болмайды

Сұрақ: «Тәубе» сүресінің соңғы екі аяты артық деген, Құранның өзгергенін айтқан адам кәпір болады ма?

Жауап: Ондай сөзді мұсылман айтса, кәпір болады. Ал кәпір онсыз да имансыз, қайтадан кәпір болмайды. Әмірлер мен тыйымдар мұсылмандарға ғана қатысты.

Әуелі Құран кәрімнің қазіргі күйіне қалай келгенін айта кетейік:

Ямама соғысында Құран кәрімді жаттаған сахабалар шәһид болып, азая бастағанда хазреті Омар халифа хазреті Әбу Бәкірге Құран кәрімді жазып, кітап күйіне келтіруге кеңес берді. Хазреті Әбу Бәкір Расулуллаһтың хатшысы болған Зәйд бин Сабитке сүрелерді бөлек-бөлек жазғызды. Кейін сахабалардың келісімімен құрылған алқа тарапынан кітап жазылды. Хазреті Осман заманында бұл Құран кітаптан алты дана тағы жазылып, аймақтарға жіберілді. Қазір барлық Ислам аймақтарында Құран кәрімдердің тәртібі мен түрі осы кітапқа толықтай сай. Сол заманнан бері бірде-бір әрпі өзгермеген. (Мират-и каинат)

Құран кәрімнің өзгергенін айту бірнеше тұрғыдан күпір болады:

1) Аллаһу та'ала Құран кәрімді ешкім өзгерте алмайтындығын және оны тікелей өзі қорғайтындығын айтуда:

«Раббыңның сөзі дұрыстықпен және әділеттікпен толық болды. Оның сөздерін (Құранды) өзгерте алатын (ешнәрсе, ешқандай күш) жоқ.» (Әнам 115)

«Құранды біз түсірдік, әлбетте оны біз қорғаймыз.» (Хижр 9)

«Құран – теңдесі, ұқсасы жоқ кітап. Оған алдынан, артынан (ешбір тараптан, ешбір түрде) қателік келе алмайды (ештеңе қосылмайды және шығарылмайды. Өйткені) Ол әлем мадақтаған билік пен даналық иесі Аллаһ тарапынан түсірілген.» (Фуссиләт 41-42) (Құранды Аллаһ түсіргендіктен, оны бұза алатын ешкім шықпайтындығы анық айтылуда. Мәселен, адасқан секталардың бірі «Тәубе» сүресіндегі екі аятты немесе басқа да аяттарды алып тастап, Толық Құран деген атпен бастырса, сатуға шығарғанда қулығы әшкере болып, ешқандай маңызы қалмайды.)

Осы үш аяти каримаға қарамастан Құран өзгерді деп айту өте үлкен жала болады.

2) Құран кәрімді Расулуллаһ өзгертті дегендер де шығып жатыр. Бұл әлемдерге мейірім болып жіберілген соңғы пайғамбарға өте нашар түрде жала жабу болып табылады. Тіпті бұл мәселеде тоқталу да қажет емес. Аяти карима:

«Егер Ол (пайғамбар) біздің атымыздан (Құранға) кейбір сөздер қосқанда, біз оны күшпен ұстап алып, күре тамырын жұлып, құртатын едік, ешбірің бұған тосқауыл бола алмас едіңдер.» (Хаққа 44-47)

Расулуллаһ Құранды өзгертті деген адам осы аятты жоққа шығарған болады.

3) Көбінесе Рафизи сектасы үш халифа мен сахабалар өзгертті дейді. Үш халифа аяттармен мақталғанындай, сахабалар да түгелдей мақталған. Бәрінің жәннаттық екендігін көрсететін аяти карима мынадай:

«(Асхаби кирамның) бәріне хуснаны (жәннатты) уәде еттік (сөз бердік) (Хадид 10)

Бәрі жәннаттық болған осы құрметті адамдарға қалайша жала жабуға болады?

4) Мұғжиза болуы тұрғысынан да өзгертіле алмайды. Екі аяти карима мынадай:

«Құлымызға (пайғамбарға) түсіргенімізден (Аллаһтан келгенінен) күмәндарың бар болса, бұл көзқарастарың рас болса, Аллаһтан басқа куәгерлеріңді (білгіштеріңді) де көмекке шақырып, қане оның ұқсасы болған бір сүре шығарыңдар! Мұны істей алмассыңдар, мүлдем істей алмайсыңдар да.» (Бақара 23, 24)

«Оларға айт: Құранның ұқсасын шығару үшін адамдар мен жындар жиналып, бір-бірін қолдаса да, ант болсын, ұқсасын шығара алмайды.» (Исра 88) (14 ғасырдан бері дін дұшпандары Аллаһу та'аланы (астағфируллаһ) өтірікші қылып шығаруға қанша тырысса да, істей алмады. Ешкім істей алмайды да.)