19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Хазреті Әлиді жылатқан түс

Хазреті Әлиді жылатқан түс

Иманы болмаған адамның шексіз тозақ отында мәңгі жанатындығын пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хабар берді. Бұл хабар әлбетте дұрыс. Бұған сену Аллаһу та'аланың бар екеніне, бір екеніне сену сияқты қажет. Отта мәңгі жану деген не? Егер адам мәңгілік отта жану пәлекетін ойлайтын болса, қорқыныштан ақылынан адасады.

Ақырзаманда иманды құтқару өте қиын. Иманды қорғау қолда жанып тұрған от сияқты. Ұстасаң, қолың күйеді, тастасаң сөнеді. Зат неғұрлым құнды болса, оның дұшпаны соғұрлым көп болады. Әлемде иманнан да құнды келетін ешқандай гауһар жоқ. Өйткені, ол кімде болса, сол адам жәннатқа кіреді. Ешқандай ғибадат жәннатқа кіруге себеп емес. Ғибадаттар, сұхбаттар иманды қорғау үшін. Сондықтан үлкен ғалым және әулие Абдулхаким Арваси (қуддиса сиррух) хазреттері «Менің мақсатым – иман. Иман кетсе, бәрі бітеді» деген.

Жиырма төрт сағат бойы негізгі қорқуымыз керек болған нәрсе «Иманымнан айрылып қалмайын, иман ұрылары иманымды ұрламасын» деген қауіп болу керек. Иман ұрылары кімдер? Ең үлкен ұрылар – өз ақылымен сөйлейтін және өзін дін ғалымы етіп көрсететін дүмшелер.

Жабир бин Абдуррахман (радиаллаһу анһ) түнде түс көреді, оянып кетіп, таңға дейін әрең күтеді. Таң атқанда тікелей мешітке хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) алдына асығып барады. Намаздан кейін былай айтып береді:

- Йа, Әмир-әл мүминин, түс көрдім, қатты қорқтым, түсімді жорып беріңізші... Үлкен үлкен сиырлар көрдім, кішкентай сиырларды сауып жатыр... Өзендер көрдім, кеуіп кеткен, бір тамшы суы да жоқ, бірақ жағалары жап-жасыл... Мешіттер көрдім, михрабтарында, мінберлерінде үлкен үлкен пұттар бар еді...

Мұны естіген хазреті Әли жылай бастайды да, былай жориды:

- Көрген түсің бұл үмбеттің соңына таман басына келетін пәлекеттерге ишара! Бірінші белгі, мансап иесі болған, бастық, басқарушы болған адамдар пара алмағанша жұмыс істемейді, парамен күн көреді, абыройын ақшаға ауыстырады. Екінші белгі, іші бос болса да, өздерін өте қасиетті санайтын және өзгелерге өзін солай көрсететін адамдар болады, бәрі оларды әдептілігі, абыройы үшін құрметтейді. Ол адамдар – өздеріне берілген билікке,  беделдікке, әдептілікке сүйеніп, айналасындағыларға зұлымдық көрсететін залым басқарушылар... Мешіт мінберіндегі, михрабтағы пұттар болса, ең үлкен пәлекет болып, дін атынан шығып сөйлейтіндер, жазатындар. Олар өздеріне сенгендердің діннен шығуына, сенімдерінің бұзылуына себеп болады...

Аллаһу та'ала бізді сондай адамдардың зиянынан сақтасын!