УАҺҺАБИ СЕНІМДЕРІ ЖӘНЕ ӘҺЛИ СҮННЕТ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ОЛАРҒА БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ (31)31) «Әшәдд-ул-жиһад» кітабында жазылғанындай, Мұхаммед бин Сүлейман Мәдәни Шафииден (рахметуллаһи алейһ) Мұхаммед бин Абдулуаһһаб Нәжди туралы сұралды. Жауап ретінде: «Ол адам соңғы замандағы сауатсыздарды адасқан жолға түсіруде. Аллаһу та'аланың нұрын сөндіруде. Аллаһу та'ала, мүшриктер қаламаса да, нұрын сөндірмейді, барлық жерді Әһли сүннет ғалымдарының нұрларымен жарқыратады» деді. Мұхаммед бин Сүлейманның фәтуаларының соңындағы сұрақ пен жауап мынадай: СҰРАҚ: Үлкен ғұламалар! Жаратылыстардың ең жақсысының жолын көрсетуші жұлдыздар! Сіздерден сұраймын, бір адам әртүрлі кітаптар оқып, мағлұматтарын қысқа ақылымен және шектеулі көзқарасымен өлшеп, бұл үмбеттің бәрінің діннің негізінен және Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жолынан айрылғандығын, адасқандығын айтса, әрі өзінің мүжтәһид екендігін, Аллаһ сөзінен және Расулуллаһтың хадистерінен үкім шығарғанын айтса, алайда ғалымдардың мүжтәһидте болуы қажет деген шарттарының ешқайсысы онда болмаса, бұл сөздерді таратуына рұқсат беріледі ме? Әлде бастартып, Ислам ғалымдарына бағынуы керек пе? Өзінің имам болғанын, әр мұсылманның оған бағынуы уәжіп екенін, мазһабының керек екендігін айтуда. Мұсылмандарды өзінің мазһабына кіргізуге мәжбүрлеп жүр. Өзіне бағынбағандарды кәпір дейді. Оларды өлтіріп, мал-мүлкін бөлісу керек дейді. Бұл адам дұрыс айтады ма? Әлде қате ме? Бір адамда ижтиһад етуге қажет болған шарттардың барлығы бар болса, мазһаб құрса, бәрін осы мазһабқа кіруге мәжбүрлеуі рұқсат болады ма? Белгілі бір мазһабқа кіру қажет пе? Әлде әркім қалаған мазһабын таңдауға ерікті ме? Салих құлдың немесе сахабаның қабірін зиярат еткен, оған нәзір еткен, қабір қасында мал сойған, оны арашы қылып дұға еткен, топырағын алып, берекеттену үшін сақтаған, қауіп-қатерден қорғану үшін Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) немесе сахабадан көмек сұраған мұсылман діннен шығады ма? «Мен бұл қабір иесіне табынбаймын, оның бір нәрсе істей алатындай күш-құдіреті бар екеніне сенбеймін. Оның Аллаһу та'аланың сүйікті құлы екендігіне сенгендігімнен Аллаһу та'аланың тілегімді орындауы үшін оны арашы, себеп қыламын» деген болса да, осылай істеген адамды өлтіру халал болады ма? Аллаһтан басқа нәрсемен ант еткен адам діннен, иманнан шығады ма? ЖАУАП: Білімді ұстаздан үйрену керек екенін жақсылап түсініп алу қажет. Білімді, дінді өзбетінше кітаптан үйренетіндер қателеседі, қателігі дұрысынан көп болады. Қазіргі таңда ижтиһад ететін адам жоқ. Имам Рафии, Имам Нәуәуи және Фахреддин Рази айтқанындай, қазіргі таңда мүлдем мүжтәһид қалмаған кезде ғалымдар бір келісімге келген. Имам Суюти сияқты барлық білімде теңіздей үлкен болған ғалым нисби мүжтәһид, яғни мазһаб ішінде мүжтәһид екендігін айтқанда ешқай ғалым бұл сөзін қабыл етпеді. Алайда, мутлақ мүжтәһид екендігін, мазһаб иесі екендігін айтпаған еді. Бес жүзден астам кітап жазды. Әр кітабы оның тәфсир және хадис білімдерінде, әрі діни білімдердің барлығында өте жоғары дәрежеде екендігін көрсетуде. Имам Суюти сияқты ғалымның нисби мүжтәһид екендігі қабыл етілмеген болса, оның жоғары дәрежесінен өте алыс болғандардың ондай сөздеріне сенуге болады ма? Тіпті тыңдауға да арзымайды. Әсіресе, Ислам ғалымдарының кітаптарының қате екендігін айтса, оның ақылының және дінінің бар екеніне күмән бар. Өйткені, ол адам Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және сахабалардың ешқайсысын көрмеген болса, білімін қайдан алды? Біраз нәрсе үйренген болса, Ислам ғалымдарының кітаптарынан үйренген. Ол ғалымдардың кітаптарына қате десе, өзі дұрыс жолды қайдан тапқан екен? Осы жайтты бізге түсіндіріп берсін! Төрт мазһабтың имамдары және олардың мазһабтарында жетілген үлкен ғалымдар барлық білімдерін аяти карималар мен хадис шәрифтерден шығарған. Бұл адам оларға сай келмейтін білімдерін қайдан шығарды? Оның ижтиһад дәрежесіне жете алмағандығы мәлім. Оның істеуі керек болғаны – сахих хадис көріп, түсінбеген кезінде мүжтәһидтердің бұл хадис шәрифтен түсініп жеткізгендерін іздестіру. Олардың арасында ұнатқанын ұстануы керек. Осылай істеу керектігін үлкен ғалым Имам Нәуәуи (рахимә-һуллаһу та'ала) «Рауда» кітабында жазған. Аяти карималарды және хадис шәрифтерді тек қана ижтиһад дәрежесіне көтерілген үлкен ғалымдар түсіне алады. Мүжтәһид болмағандардың аяти карималарды және хадис шәрифтерді өзбетінше түсінуге тырысуы рұқсат емес. Абдулуаһһаб ұлының дұрыс жолға түсуі, қате сөздерінен бастартуы қажет. Уаһһаби кітабын жазған автордың мұсылмандарды кәпір деп атауына келер болсақ, хадис шәрифте: «Кімде-кім мұсылманға кәпір десе, екеуінің бірі кәпір болады. Айтқан адамы мұсылман болса, онда өзі кәпір болады» делінген. Имам Абдулкәрим Рафии (рахметуллаһи алейһ) «Шәрһ-ул-кәбир» кітабында «Тухфа»-дан алып былай дейді: «Мұсылманға кәпір деп, себебін түсіндіріп бера алмаған адамның өзі кәпір болады. Өйткені, Исламға күпір деген болады.» Имам Нәуәуи де «Рауда» кітабында осылай деген. Әбу Исхақ Ибраһим Исфәраини, Хусейн Халими Журжани, Наср-ул-муқаддеси Наблуси, Ғазали, Ибн Дақиқ-ил-ийд және басқа да көптеген ғалымдар, түсіндірсе де, түсіндірмесе де, кәпір болады деді. [Насрул-муқаддеси 490 [м.1096] жылы қайтыс болды.] Мұсылмандардың қаны мен мал-мүлкі халал болады дегеніне келер болсақ, хадис шәрифте: «Кәпірлерге лә илаһа иллаллаһ деп айтқызғанға дейін соғысуым әмір етілді» делінген. Бұл хадис шәриф мұсылманды өлтіру жаиз (рұқсат) емес екендігін көрсетіп тұр. Бұл хадис шәриф «Тәубе» сүресінің алтыншы аятының «Тәубе еткендерді және намаз оқып, зекет бергендерді еркін жіберіңдер» мағынасынан алынған. «Тәубе» сүресінің он екінші аятында: «Олар – дін бауырларың» делінген. Бір хадис шәрифте: «Біз сыртқы көрінісіне қарап білеміз. Жасырын болғандарын Аллаһу та'ала біледі» делінген. [Кітаптың авторы бұл хадис шәрифке де сенбейді. Жүз қырық алтыншы бетінде «Біз мәтініне қарамаймыз, мақсатына және мағынасына қараймыз» дейді. Осы сияқты, кітабының көптеген жерінде аяти карималарға және хадис шәрифтерге сай келмейтін жазулары бар.] Бір хадис шәрифте: «Адамдардың жүректерін жару, жасырын нәрселерін білу маған әмір етілмеді» делінген. Усама хазреттері «Лә илаһа иллаллаһ деген адамды өлтіріп, себебі жүрегінде иман жоқ еді» деген кезде пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Жүрегін жарып көрдің бе?» деді. Бір мүжтәһидтің адамдарды өз мазһабына кіргізуге мәжбүрлеуі рұқсат емес. Мүжтәһид болған кісі сотта қазы болса, сол кезде өз ижтиһадымен шешім қабылдайды және осы шешімінің орындалуын әмір етеді. Әулиеге нәзір ету мәселесіне келер болсақ, Шафии ғалымдары мұны ұзақ түсіндірген. «Хибә» кітабы «Тухфа» кітабынан алып жазғаны бойынша, қайтыс болған әулиеге нәзір етіп атаған малының өлінікі болатынын ниет етсе, бұл нәзір сахих болмайды. Өлінікі болатынына ниет етпесе, нәзірі сахих болып, нәзір етілген малы қызметшілерге, кесене маңындағы мектеп шәкірттері мен ұстаздарына, кедейлерге беріледі. Кесене маңайында нәзір етілген малды алуға әдеттенген адамдар жиналса, әулиеге нәзір етілген малдың оларға берілуі әдетке айналса, соларға беріледі. Ондай әдет жоқ болса, нәзір жарамсыз (қате) болады. Сәмлауиден және Рәмлиден де осындай хабарлар келген. Баршаға мәлім, әулие үшін нәзір етушілердің арасында нәзір етілген малдың өліге берілетінін ойлайтын ешкім жоқ. Өйткені, өлінің ештеңе алмайтындығын, ештеңе қолданбайтындығын бәрі біледі. Бұл малдардың кедейлерге немесе кесенеде қызмет ететіндерге берілетінін білмейтіндер жоқ. Сондықтан, бұл ғибадат болуда. Өйткені, Шафии мазһабында мубах болған, мәкрух және харам болған нәрселердің нәзір етілуі сахих болмайды. Орындалуы онсыз да парыз және уәжіп болмаған ғибадаттар және сүннеттер нәзір етіледі. [Рафии 623 м.1226 жылы Қазуинде қайтыс болды.] [Исфәраини 418 [м.1027] жылы Нишапурда қайтыс болды.] [Халими 403 [м.1012] жылы қайтыс болды.] Қабірлерді сүю, бетін, көзін сүрту мәселесіне рұқсат болады деп те айтылды. Рұқсат емес деп те айтылды. Рұқсат емес дегендер мәкрух деді. Харам деген ешкім болмады. Пайғамбарларды (алейһимуссалауату уәссәләм) және салих құлдарды тәуәссул ету, оларды арашы қылып Аллаһу та'алаға жалбарыну жаиз (рұқсат). Бұл хадис шәрифпен хабарланған. Бұларды кітабымыздың басында жазған едік. Салих амалдармен тәуәссул етудің жаиз екендігін көрсететін көп хадис шәрифтер бар. Жақсы амалдармен тәуәссул ету жаиз болса, жақсы адамдармен тәуәссул ету көбірек жаиз болады. Аллаһу та'аладан басқа нәрселермен ант етуге келер болсақ, ант етілген нәрсеге тағзым етілетін болса, Аллаһу та'алаға серік, ортақ ретінде қаралса, тек сол кезде ғана күпір болады. Хаким мен Имам Ахмед хабар берген және Мунауиде жазылған «Аллаһтан басқасымен ант еткен адам кәпір болады» хадис шәрифі де осыны көрсетіп тұр. Бірақ, Имам Нәуәуи (рахметуллаһи алейһ) ғалымдардың көбіне сүйеніп, мұның мәкрух екендігін айтқан және мұсылмандардың ижмасы бұған дәлел деген. «Ниса» сүресінің жүз он төртінші аятында: «Тәухид және дұрыс жол көрсетілгеннен кейін Расулуллаһтың дұрыс жолынан адасқан және ақида мен амалда мұсылмандардан айрылған адамды ахиретте кәпірлермен бірге тозаққа кіргіземіз» делінген. Әр мұсылман «Әһли сүннет уәл жамағат» мазһабын ұстануы керек екендігі осы аяти каримадан да аңғаруға болады. «Отардан ажыраған қойға қасқыр шабады» мақалын ұмытпау керек. Әһли сүннет уәл жамағаттан ажыраған адам да тозаққа түседі. Үлкен ғалым Мұхаммед бин Сүлейман Мәдәнидің фәтуасы ұзақ. Біз қысқартып жаздық. Аллаһу та'ала хидаят (тура жол) нәсіп еткен адамға осы мөлшері де жеткілікті. Бұл ғалым 1195 [м.1780] жылы қайтыс болды. Мұхаммед бин Абдулуаһһаб 1111 [м.1699] жылы Нәжд шөлінде туылып, бір мың екі жүз алтыншы (1206 [м.1792]) жылы өлді. Мұхаммед бин Сүлейман оның сауатсыздығын көрсетіп берді. Сөздерінің далбаса екендігін далелдеп, ижтиһад етіп жатырмын дегенінің өтірік екендігін ашып берді. Оның ешқандай Ислам ғалымынан білім мен фәйз алмағандығын, мұсылмандарға кәпір дегені үшін өзінің адасқандығын жариялады. Ханафи ғалымдарынан Мұхаммед бин Абдулазим Меккидің (рахметуллаһи алейһ) «Әл-Қаул-ус-Сәдид» кітабында Ибн Хазм Мұхаммед Әлидің адасқан жазбалары келтіріліп, оларға жауап берілген. Ибн Хазм елдің бәріне ижтиһад етуді бұйыратын еді. Өзгенің үкімін ұстану харам дейтін. Бұл сөздерін «Ниса» сүресінің елу сегізінші аятының «Келісімге келе алмаған амалдарыңды Аллаһу та'ала мен Расулы көрсеткендей орындаңдар!» деген мағынасымен дәлелдеуге тырысатын. Абдулазим оған жауап бергенде «Біз, әлхамдулиллаһ, үлкен Ислам ғалымы Имам Ағзам Әбу Ханифаға (рахимә-һуллаһу та'ала) бағыну мәртебесінен құр қалмадық. Біз ол ұлы имамға және оның үлкен шәкірттеріне, әрі кейіннен келген Шәмсуләимма сияқты әлемге нұр шашқан үлкен ғалымдарға және он ғасырдан бері жетіліп шыққан осындай шынайы ғалымдарға (рахимә-һумуллаһу та'ала) бағыну құрметін иеленудеміз» дейді. Ибн Хазм Әндулустік (испаниялық). Захирия деген адасқан ағымда еді. Бұл ағымды Дауд Исфәхани құрған еді. Өзі де, жолы да жоқ болып, ұмытылып кетті. Ибн-ул-Әхад, Зәхәби, Ибн Хиллиған айтқанындай, Ибн Хазмға сәлем бергендер оны жек көретін еді. Сөздерін жақтырмайтын. Оның адасқандығын барлығы бірауыздан растаған. Оны жамандап, патшаларға одан абай болуларын ескерткен. Мұсылмандарға оған жоламауды кеңес берген. Ибн-ул-Арифтың айтуынша, Ибн Хазмның тілі мен Хажжаждың қылышы бірдей нәрсені істеді. Ибн Хазмның хадис шәрифтерге қайшы келетін жаман, адасқан көп сөздері бар. Хажжаж залым жүз жиырма мың кінәсіз жанды себепсіз, жазықсыз өлтірді. Ибн Хазмның тілі де хадис шәрифпен хабарланған қайырлы дәуірлерден кейін жүзмыңдаған мұсылманды дұрыс жолдан адастырды. Өйткені, өзі 456 [м.1064] жылы өлді. Аллаһу та'ала барша мұсылман бауырларымды адасқан және бұзылған жолға түсуден сақтасын! Баршамызға төрт мазһаб ғалымдарының хақ болған ижтиһадтарына сай иман мен амалдар нәсіп етсін! Қиямет күні олардың мазһабында болып, пайғамбарлармен, сыддықтармен, шәһидтермен, салихтармен бірге тірілтсін! Әмин! Дауд бин Сүлейманның «Әшәдд-ул-Жиһад» кітабынан аударма осы жерде тәмам болды. Бұл кітаптың жазылуы хижреттің бір мың екі жүз тоқсан үшінші [1293] жылы аяқталған. Араб тілінен түрік тіліне 1390 [м.1970] жылы аударылған және басылып шығарылған. [Ибн Абдулазим 1052 [м.1642] жылы қайтыс болды.]
|