Ниғметтің шүкірі қалай жасалады?Аллаһу та'алаға шүкір ету – Оның дінін қабылдау және дінінің үкімдерін орындау деген сөз. Хадис шәрифте былай делінеді: «Аллаһ құлына үлкен немесе кіші ниғмет берген кезде «Аллаһқа шүкір» десе, оған бергенінен құндырағын береді.» Мұса алейһиссалам Аллаһу та'аладан сұрады: - Йа, Раббым! Адамдарға аяқ-қол, көз, құлақ және осы сияқты көптеген ниғметтер бердің. Бұл ниғметтердің шүкірін олар қалай орындай алады? Аллаһу та'ала жауап ретінде былай деді: - Йа, Мұса! Кімде-кім оған берген ниғметімді менен келгенін біліп, өзінің жетістігі деп білмесе, ниғметтерімнің шүкірін орындаған болады. Егер құлым ризығын өзінің еңбегінің жемісі деп біліп, менен келгенін білмесе, ниғметтің шүкірін орындамаған болады. Мұса алейһиссалам мұны естігенде дереу шүкір сәждесін жасады. Бәни Исраил қауымында бір тақуа (көп ғибадат етуші) бар еді. Аллаһу та'алаға бес жүз жыл ғибадат еткен еді. Кішкентай аралда тұратын. Аралдың теңізге жақын жерінде осы тақуаға арналған тұщы су шығып ағатын. Аллаһу та'ала осы бұлақтың қасына анар ағашын да жаратты. Бұл ағашта күнде бір анар өсіп шығатын. Тақуа әр күні ораза ұстайтын, күнде кешке бұлақтан су алып, өсіп шыққан анарды алып, ауыз ашатын еді. Намаз оқыған кезде үнемі: «Йа, Раббым! Өлген кезімде рухымды сәждеге жығылғанымда ала гөр және ешкімге мені жерлеуге мүмкіндік берме, қияметте сәждеге жығылған күйімде оянып тұрайын» деп дұға ететін. Аллаһу та'ала оның дұғасын қабыл етіп, жанын сәждеге жығылған күйінде алды. Аллаһу та'ала қияметте оны тірілтіп, «Құлымды ізгілігім және ихсаныммен (сыйыммен) жәннатқа алып кіріңдер» дейді. Тақуа «Мен сый сұрамаймын, жәннатқа өз амалыммен кіруді қалаймын» дейді. Сонда Аллаһу та'ала «Ей, періштелер! Құлымды берген ниғметтерімді есепке алып, сұраққа тартыңдар, оның бес жүз жылдық ғибадаты бар» деп бұйырады. Періштелер есепке тартып, санап, тек қана көз ниғметінің бес жүз жылдық ғибадаттан артық екенін көреді. Аллаһу та'ала «Ей, құлым! Тозаққа бар!» дейді. Періштелер оны тозаққа қарай сүйрейді. Сол кезде тақуа «Йа, Раббым! Мені өзіңнің ізгілігіңмен, ихсаныңмен (сыйыңмен) жәннатқа кіргізе гөр!» деп жалбарынады. Кейін Аллаһу та'ала айтады: - Ей, құлым, сені жоқтан кім жаратты? - Сен жараттың, йа, Раббым! - Менің бұл жаратуым сенің жетістігіңмен болды ма, әлде менің сыйыммен, мейіріміммен болды ма? - Сенің мейіріміңмен болды, йа, Раббым! - Құрлықтан өте алыс аралда тұщы су жаратып бердім. Жылына бір рет жеміс беретін анар ағашынан саған күнде анар өсірдім. Кейін рухыңды сәждеге жығылғаныңда алуымды сұрадың, солай істедім. Осылардың бәрін сен үшін кім істеді? - Бәрін сен жараттың, йа, Раббым. Кейін Аллаһу та'ала: «Менің мейірімім және ізгілігіммен жәннатқа кір» деп жәннатқа кіргізеді. |