Умраға барудың маңызы
Сұрақ: Үндістанға, Бұхараға және Парижге туристтік саяхатқа баруды ойлап жүр едім, бұл жерлерге барғанға дейін умраға барып, көп сауап алуды ұйғардым. Кейін Ислам Ахлақы кітабындағы «Имам Раббани хазреттері 29, 123, 124 хаттарында және Мақамат-и Мазһарийа 26 хатында нәпіл қажылыққа және умраға баруға рұқсат бермеген» дегенді оқығанда умраға барудан бас тарттым. Умраға баруға неліктен рұқсат берілмеген сонда? Жауап: Умраға бару өте сауапты. Умраға баруға рұқсат берілмеуі мүмкін бе? Садақа беру де өте сауапты. Парыз болған зекет қарызы бар кезде садақа беруге болмайды. Ол жерде «Садақа бермеңдер, умраға бармаңдар» деп айтылмаған, «Екі амалдың маңыздырағын, сауаптырағын таңдаңдар» делінген. Парыз ғибадаттың қасында нәпіл ғибадаттың еш қадірі жоқ. Теңіздің қасында бір тамшыдай да бола алмайды. Шайтан алдап, қазаларды орындатпайды, нәпілді орындауды (нәпіл қажылыққа және умраға) баруды керемет қылып көрсетеді. Зекет бергізбей, нәпіл қайырымдылықтарды көзге жағымды қылып көрсетеді. Мешіт, Құран кәрім курсы және осы сияқты Исламға пайдасы көп тиетін нәрселерді жасау нәпіл қажылықтан және умрадан сауаптырақ. Нәпіл қажылық пен умраны орындағанда жұмсалған ақша мұсылмандардың мұқтаждарына берілсе, нәпіл қажылық пен умра жасау өз мемлекетінде садақа беруден абзалырақ болады. Өйткені әрі мүлікпен, әрі денемен ғибадат жасалған болады. Мақамат-и Мазһарийа кітабында, 26 хатта «Қажылықта бір парызды немесе уәжіпті үзірсіз тәрк етпеу немесе харам, мәкрух істемеу керек. Әйтпесе нәпіл қажылық пен умра жасау сауап емес, күнә болады» делінген. (С.Әбәдийа) Нәпіл ғибадаттың сауабы парыз ғибадаттың сауабының жанында дарияның жанындағы бір тамшы судай өте аз. Ислам ғалымдары Меккеден алыс мемлекеттерде тұратындардың қайтадан қажылыққа баруына рұқсат бермеген. Абдуллаһ Деһлеуи хазреттері 63 хатында «Қажылық жолында, көбінесе, ғибадаттар толық орындалмайды. Сондықтан хазреті Имам Раббани 123 пен 124 хаттарында умраға және нәпіл қажылыққа барудан разы емес екенін білдірді» деген. Бір парыздың орындалуына, мысалы әйелдердің орануына тосқауыл болған нәпіл қажылық харам болады. Ондай нәпіл қажылыққа бару сауап емес, күнә болады. Умраға бару да осындай. (Ислам Ахлақы) Имам Раббани хазреттері былай деген: «Бір нәпіл қажылық жасау үшін көптеген тыйымдар, харамдар жасалуда. Жақсылап ойлануыңыз керек! Ақылды адамға бір ишара жеткілікті. Умра парыз, уәжіп емес, нәпіл ғибадат. Нәпіл ғибадатты орындау бір парыздың тәрк етілуіне немесе харам істеуге себеп болса, ғибадат болудан шығады. Күнә істеуге жатады.» (1/123) «Парыздардың жанында нәпілдердің еш қадірі жоқ. Бір парызды уақытылы орындау (уақыты шыққан болса, бірден қазасын өтеу) мың жыл нәпіл ғибадат жасаудан әлдеқайда сауаптырақ. Қай нәпіл болса да, басқа нәпіл түрлері болса да, бәрі осындай. Тіпті парыздарды орындағанда бұл парыздың сүннеттерінің бірін және әдептерінің бірін мән беріп орындау да өте пайдалы. Тәнзиһән мәкрухтан сақтану зікірден пайдалырақ. Тахримән мәкрухтан сақтанудың пайдасын осыдан түсіне беру керек. Иә, бұл нәпіл амалдар парыздарды мән беріп орындаумен және харамдардан, мәкрухтардан сақтанумен бірге орындалса, әрине өте жақсы болады, бірақ бұлай болмаса, өте зиянды болады. Мысалы, зекет ретінде бір даңқты (жарты грамм күмісті) мұсылман кедейге беру нәпіл ретінде таулардай алтын садақа таратудан және қайырымдылықтан қаншама есе жақсырақ, қаншама есе сауаптырақ. Осы бір даңқ зекетті бергенде бір әдепке мән беру, мысалы туысқандардың арасынан бір кедейге беру де нәпіл жақсылықтардан әлдеқайда пайдалырақ. (1/29) Хадис шәрифте «Дін бауырын қиыншылықтан құтқарған адамға (нәпіл) қажылық және умра сауабы беріледі» делінген. Хазреті Хасан Сәбит Бәнаниден бір қажеттілігін жасап беруін өтінді. «Мешітте ғибадат жасап жатырмын, басқа уақытта істеймін» дегенде «Дін бауырының қажеттілігін кетіруге барудың (нәпіл) қажылық сауабынан әлдеқайда қайырлы екенін білмейсің бе?» деді. Мансап иелерінің мұқтаждарға және ұстаздардың шәкірттеріне лауазымдарымен және мал-мүліктерімен көмектесуінің өте сауапты болуы осы хадис шәрифке сүйенеді. (Ислам Ахлақы) Тағы Ислам Ахлақы кітабындағы хадис шәрифте «Ата-анаға жақсылық жасау нәпіл ретінде орындалған намаз, ораза, қажылық (және умрадан) құндырақ» делінген. Әһли хикмет ғұламалар айтады: Біреуге дұрыс жазылған бір дін кітабын беру мың рет умраға барудан сауаптырақ. Олай болса, мұсылман пайдалы, табысты болған амалды таңдау қажет. Алдында теңіз тұрғанда бір тамшымен әуре болмау керек. Қандай да бір мекеме тарапынан ақшасы өтеліп, жіберілетін болса немесе Меккеге жолы түссе, сол кезде умра жасаудың зияны болмайды, умра жасаудың сауабы өте көп. |