Иман ниғметінен мақрұм қалдыратын күнә – тәкәппарлық
Тәкәппарлық Аллаһу та'ала жақсы көрмейтін күнәлардың басында тұрады. Бізді екі дүние бақытына қауыштыру үшін жіберілген пайғамбарларға иман келтірмеген, қарсы шыққан, оларды қинап, жапа шектіргендердің көбісі мұны тәкәппарлықтары себебінен істеді. Нәмрудты, перғауынды, Әбу Жәһл сияқтыларды иман ниғметінен мақрұм қалдырған нәрсе – олардың тәкәппарлықтары еді. Әйтпесе олар да пайғамбарымыздың және айтқандарының хақ екенін білетін еді. Әбу Жәһлдің нағашы ағасының баласы айтып берген: «Бір күні оны көруге бардым, екеуміз оңаша қалдық. Әбу Жәһлден: «Сен Мұхаммед туралы не ойлайсың? Шыныңды айтшы, екеуміздің арамызда қалады!» деп сұрадым. Ол маған жауап ретінде: «Оның шыншыл екендігі айдын анық. Біз Оны «Мухаммад-ул әмин» (сенімді Мұхаммед) дейтін едік, сондай-ақ айтқан сөздері адамның сөзі болуы мүмкін емес!» деді. Осылай жауап береді деп еш ойламаппын, таңқалып: «Олай болса, неліктен оған иман келтірмейсің?» деп сұрадым. Бұл сұрағыма: «Біз бұл іске Әбу Талибтың жетімінен лайықтырақ едік. Пайғамбарлық келсе, бізге келуі керек еді, біз пайғамбар болу керек едік! Мен осы байлығыммен, мына абыройыммен қалай оған бағынамын, мүмкін емес!» деп жауап берді.» Бір күні Құрайштың беделділері жиналып, «Қауіп бар екенін өтірікші хабар берсе де, бұл хабар адамды үрейге түсіреді. Мұхаммед те үлкен қауіпті ескертуде. Тозақ туралы айтып жатыр! Шын айтып жатқан болса, біздің жағдайымыз не болмақ? Біз одан да барып оған иман келтірейік» десті. Бір топ болып сүйікті пайғамбарымызға барып: «Біз дінге шақырғаныңды естіп, саған иман келтіруге шешім қабылдадық, бірақ бір шартымыз бар! Саған иман келтіргендердің көбісі құл және кедей адамдар. Біз олармен бір жерде отыра алмаймыз. Бұл біздің даңқымызға жараспайды, оларды қу да, бізді қабылда, бізбен сұхбаттас!» деді. Бұл ұсынысты пайғамбарымыз қабылдамады. Сонда олар екінші ұсынысын айтты: «Онда бізді бір күні, оларды басқа күні қабылда!» деді. Бұл ұсынысты да пайғамбарымыз ұнатпады, бірақ «Белгілі бір уақыт осылай бола тұрсын, бәлкім келешекте тәкәппарлықтары мен қырсықтықтарынан бастартатын шығар» деген үмітпен сүйікті пайғамбарымыз оларды қабылдады. Олар «Күндерімізді анықтап алайық, қағазға жазып қояйық, біз қай күндері келеміз?» деп сұрады. Әлемдерге мейірім ретінде жіберілген пайғамбарымыз қағаз сұрады. Қағаз келмей тұрып Оған Жәбрейіл періште (алейһиссалам) келді де, Аллаһу та'аланың әмірін білдірді. Бұған разы емес екенін көрсететін аяти кариманы оқыды. Ол аятта: «Таңертең-кешке Раббыларын шақыратын, оған дұға ететін, оның разылығын қалайтындарды алдыңнан қума!» делінген еді. Осылайша қалталары кедей, бірақ көңілдері бай болғандар пайғамбарымызбен бірге қалды, ал тәкәппарлар қуылды. |