Ас беру және жомарттық
Сұрақ: Ас берудің қандай сауабы, қандай пайдалары бар? Жауап: Билеуші (басқарушы, бастық) болған кісі қолынан келгенше көп ас бергені жөн. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Аллаһтың құлдарына көп ас беру билік пен басқарудың мерзімін ұзартады» және «Ең жақсыларың – ас бергендерің» деген. Адам – жақсылықтың құлы. Перғауын, ысырапшы болғанына қарамастан, жомарттығы да бар еді. Күнде 4000 қой, 400 сиыр, 200 түйе сойып, дәмді тағамдар пісіріп, халуа, тәттілер, салаттар әзірлетіп, дастархан жаятын. Мысыр халқы және әскер осы дастарханнан күнде тамақтанатын. Перғауын осындай дастарханның арқасында 400 жыл өмір сүрді. Хазреті Мұса пайғамбар «Йа, Раббым, перғауынның көзін құрт» деп дұға етті. Аллаһу та'ала хазреті Мұсаға «Оны суға батырып, бүкіл мал-мүлкін сенің қаумыңа және әскеріңе ризық қылып беремін» деді. Хазреті Мұса Аллаһу та'аланың уәдесінің орындалуын күте бастады. Бірақ бірнеше жыл өтсе де, перғауын әлі тірі еді, уақытын сол адасушылығымен өткізіп жатқан еді. Хазреті Мұса 40 күн ораза ұстап, кейін Тури Сина тауына барды, Аллаһу та'алаға жалбарынды: - Йа, Раббым, перғауын өзін құдай деп жариялады, доғаратын түрі де жоқ, оның көзін қашан құртасың? – деп сұрады. - Йа, Мұса, сен үшін дереу оның көзін құртуым керек. Ал бір миллион халық үшін оны құртпауым керек. Өйткені, бәрі күнде оның жайған дастарханынан тамақтануда, оның үстіне халық амандықта. Ант етемін, менің құлдарыма дастарханын мол жайған мерзімі бойынша мен оның көзін құртпаймын. - Йа, Раббым, уәдең қашан орындалады? - Йа, Мұса, перғауын дастарханындағы асын халықтан тартқан сайын, ас беруді азайтқан сайын мен оның өмірін азайтамын. Осылайша билігінің соңы жақындайды. Бір күні перғауын Хаманға былай деді: - Мұса Исраил ұлдарын қарамағына жинап алды, мазамызды ала бастады. Қаншалықты зиянын тигізетінін білмеймін. Сондықтан, қазір қазынамызды және қоймаларымызды толтырып, сол күйде сақтауымыз керек, өйткені әрдайым кезкелген жағдайға дайын болуымыз қажет. Осы себептен, асханаға бөлінетін қаражатты және дастархандағы асты күн сайын азайтып тұрайық, дайындығымызды жасайық. Қаражаттың жартысын қазынада қалдырайық, ал жартысын азайтайық. Бұдан хабардар болған хазреті Мұса осылайша Аллаһу та'аланың уәдесінің орындалуының жақындағанын түсінді. Өйткені, шамадан тыс үнемшілдік мал-мүліктің құруының белгісі. Перғауын суға батқан күні асханасында екі арық қой ғана сойылған еді. Қай жерден қай жерге келді. Аллаһу та'ала хазреті Ибраһим пайғамбарды (алейһиссалам) ас беруі және қонақжайлығы үшін мақтады. Хатым Таи да жомарттығы мен қонақжайлығы себебінен мақталған, халық арасында аңызға айналған. Әлі күнге дейін оның жомарттығы ел аузында. Хазреті Әли ақшасы жоқ кезде көп жомарттық жасаған. Аллаһу та'ала оны Құран кәрімде мақтады. Қияметке дейін оның жомарттығы, мәрттігі, ержүректігі айтылады. Жомарттық және ас беру ең құнды амалдардың бірі. Хадис шәрифте: «Аллаһу та'ала жомарт кісіге жомарт болып қарайды», «Жомарт кісінің иманы күшті» және «Ең құнды амал – мұсылманға ас беру немесе басқа бір қажеттілігіне көмектесу арқылы оны қуанту» делінген. Күнде ас беруге тырысқан жөн. Әлемде аты шыққан әр адам атақ-даңқына ас беру арқылы қолжеткізген. Рахметі жоқ және сараң адамдардың жамандығы екі жаһанда да айтылады. Хадис шәрифте: «Сараң және рахметі жоқ адам жәннатқа кірмейді» делінген. |