19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Мансап, атақ-даңқ иесі болуды қалау

Мансап, атақ-даңқ иесі болуды қалау

Сұрақ: Мансап, абырой иесі болудың себебі, пайдасы мен зияндары қандай?

Жауап: Мансап пен атақ-даңқ иесі болу қалауы адамдарда үш себеппен пайда болады:

1) Бірінші себеп: нәпістің қалауларына қолжеткізу. Нәпіс қалауларына харам жолдармен қолжеткізгісі келеді.

2) Екіншісі: өзінің және өзгелердің құқықтарын залымдардан құтқару және мүстаһаб болған, мысалы садақа беру, қайырымдылық жасау немесе мубах болған амалдар жасау үшін, мысалы жақсы тамақтану, жақсы киіну, жақсы үйде тұру, бала-шағалы болып, бақытты өмір сүру үшін немесе ғибадаттарына тосқауыл болатын нәрселерден құтылу, Ислам дініне және мұсылмандарға қызмет ету үшін мансап иесі болуды қалау. Осы ниетпен мансапқа қолжеткізгенде рия сияқты, дұрыс пен бұрысты араластыру сияқты Исламда тыйым салынған нәрселерді істемесе және уәжіптерді, сүннеттерді тәрк етпесе, оның мансап иесі болуы рұқсат, тіпті мүстаһаб болады. Өйткені, рұқсат және қажет болған нәрселерге қолжеткізетін себептерді жасау да рұқсат және қажет болады. Аллаһу та'ала Құран кәрімде жақсы адамдардың қандай екендігін айтқанда олардың:

«Мұсылмандарға имам болуды қалағандығын» да айтуда. Сүлейман пайғамбар (алейһиссалам):

«Йа, Раббым! Менен кейін ешкімге нәсіп етпейтініңдей мүлікті маған нәсіп ете гөр!» деп тілеп, патша және билеуші болуды қалаған.

Алдыңғы діндерде айтылған және жоққа шығарылмаған хабарлар біздің дінімізде де құнды. Хадис шәрифтерде:

«Хақ пен әділет бойынша бір күн басқаруды бір жыл үздіксіз соғысудан көбірек жақсы көремін.»

«Бір сағат әділетпен басқару алпыс жыл нәпіл ғибадат жасаудан жақсырақ» делінген.

3) Мансап иесі болуды қалаудың себептерінің үшіншісі: нәпсінің құмарын қандыру. Нәпіс мал-мүліктен ләззат алғанындай, мансаптан да ләззат алады. Арада Исламға қайшы іс-әрекеттер болмаса, нәпісті құмарын қандыратын нәрсеге қауыштыру харам болмайды, дегенмен тақуалықтың аз екендігін көрсетеді. Мансапқа қолжеткізгеннен кейін адамдардың көңілінен шығу үшін рия, көзбояушылық жасауы қаупі бар. Тіпті, екіжүзділік, дұрыс пен бұрысты араластыру, қулық, өтірік сияқты қауіпті жағдайлар орын алуы да мүмкін. Халал мен харам аралас болған нәрсені істемеу керек. Мансап иесі болудың осы үшінші себебі харам болмағанымен, жақсы болмағандықтан, емін білу және жасау қажет.