Таяқ жеген шайтанның масқара болған кезі
Аят-ул курсидің (Бақара сүресінің 255 аятының) қасиеті өте көп. Ықыласпен оқыған адамның адам мен жануар ақылары және парыз амалдан қарыздарынан басқа бүкіл күнәлары кешіріледі. Яғни тәубелері қабыл болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Мүмин Аят-ул курсиді оқып, барша өлгендердің рухына бағыштаса, мүминдердің қабірлері көз көре алмайтындай түрде кеңейеді, өлілер оның рухына дұға етеді.» «Фатиха мен Аят-ул курси оқыған кісіге сол күні көз тимейді.» (Дәйләми) Расулуллаһ (алейһиссалам) Әбу Хурайраға (радиаллаһу анһ) Мәдинада зекет ретінде алынған құрмаларды қорғау міндетін тапсырған еді. Түндердің бірінде Әбу Хурайра құрма ұрлап жатқан бір адамды ұстап алды. «Сені Расулуллаһқа алып барамын» деп еді, ұры «Мен кедеймін, бала-шағам көп» деп жалынғандықтан, босатып жіберді. Ертеңіне Расулуллаһ Әбу Хурайраны шақырып, «Кеше түнде жіберген адамың не істеген еді?» деп сұрады. Әбу Хурайра мән-жайды айтып бергенде пайғамбарымыз: «Сені алдап кетті. Ол тағы келеді» деді. Ертеңіне түнде әлгі ұры тағы келіп, қайтадан ұсталып қалды. Жалынып, жалбарынып «Аллаһ үшін жіберші» деп тағы құтылып кетті. Үшінші түні қайтадан келіп, ұсталып қалғанында жалынуы еш пайда бермеді. Ұры «Мені жіберсең, біраз нәрсе үйретемін, саған көп пайдасы тиеді» деді. Әбу Хурайра келісті. Ұры: «Түнде жатарда Аят-ул курсиді оқысаң, Аллаһу та'ала сені қорғайды, саған шайтан жақындай алмайды» деп, кетіп қалды. Ертеңіне Расулуллаһ алейһиссалам хазреті Әбу Хурайрадан жағдайды сұрап, жауабын алғаннан кейін: «Бұл жолы дұрыс айтқан екен. Негізінде ол қып-қызыл өтірікші. Үш түн бойы кіммен сөйлесіп жүргеніңді білесің бе?» деп сұрады. Әбу Хурайра «Жоқ, білмеймін» деп еді, пайғамбарымыз: «Ол шайтан еді» деп жауаптады. Дін ғұламалары әрдайым үйден шығарда міндетті түрде Аят-ул курсиді оқитын еді. Аят-ул курси толық қорғаушы. Бір күні Имам Раббани хазреттері жұбайымен бірге отырғанында терезеден көшеде өтіп бара жатқан адамдарға қарап отырып күліп жіберді. Жұбайы: «Неге күлдіңіз?» деп сұрады. Сонда былай жауаптаған екен: «Бір мұсылман кісіні көрдім, жүріп бара жатқанында шайтан оң жағынан тиіспекші болды, қасындағы періште шайтанның басынан бір ұрды. Шайтан сол жаққа өтіп, сол жақтан тиіспекші болып еді, адамның сол жағындағы періште тағы бір ұрды. Шайтан алдына өтті. Тағы таяқ жеді де, артына өтті. Артынан да таяқ жеп, масқара болып, жоғалып кетті. Әлгі адамға зиян тигізе алмады. Өйткені, мұсылман үйінен шығарда Аят-ул курси оқыған еді. Аят-ул курси оқыған адамның айналасын періштелер қоршап алады, шайтан оған жақындай алмайды. Жатарда оқыса да жақындай алмайды. Тиіспекші болған шайтандарды періштелер осылай масқаралайды. Сондықтан, үйге кірерде, шығарда, ұйықтарда Аят-ул курсиді оқу керек.» |