Сені нәпсім үшін өлтірген болар едім!
Дін ғұламалары айтқан: «Діннің негізі – білім, амал және ықылас. Ең қиыны – ықылас. Ықылас – әрбір іс-әрекетте Аллаһу та'аланың разылығын көздеу деген сөз. Аллаһу та'ала ықыласты адамның жәрдемшісі, қорғаушысы. Ықылас болмаса, барлық іс нұқсан болады, адам дерттен құтыла алмайды. Ықылассыз жасалған көп амалдың Аллаһу та'аланың дәргейінде құны жоқ.» Соғыстардың бірінде хазреті Әли (радиаллаһу анһ) бір кәпірді жерге жығып құлатты. Тура өлтіретін кезінде өмірден үмітін үзген адам жатқан жерінен хазреті Әлидің бетіне түкіріп жіберді. Бет-аузы түкірік болған имам сол сәтте кәпірді өлтіруден бастартып, оны жібере салды. Ақылы кеткен кәпір сасқанынан: «Неге өлтірмедің, әлде қорқтың ба?» деп сұрады. Хазреті Әли кәпірге қарап: «Сені алдымен мұсылман болмағаның үшін Аллаһу та'аланың бұйрығымен, Оның разылығы үшін өлтірмекші едім. Ал енді мына ісіңнен кейін саған нәпсім дұшпан болды. Қазір өлтірсем, нәпсім үшін өлтірген боламын. Аллаһу та'аланың әмірін емес, нәпсімнің қалауын істеген боламын. Осылайша, сауап алудың орнына күнәға батқан боламын» деді. Кәпір бұл сөздерді естігеннен кейін хазреті Әлидің ар-ожданы негізделген Ислам дінінің үстемдігіне таңырқап, шын көңілімен сол сәтте калима-и шаһадатты айтып, мұсылман болды. Иә, бірнеше минут бұрын қас дұшпан бола тұра, енді құшақтасып, бауыр болған еді. Әмәуи мемлекетінің халифасы Омар бин Абдулазиз хазреттері құптан намазынан кейін шығып, үйіне қайтып бара жатады. Жолда мас адамды көреді, өлең айтып, айқайлап жүр екен. «Менің халифалық дәуірімде алдымнан мас адам шыққаны несі» деп, дереу әскерге «Қамаңдар!» деп бұйрық береді. Әскер адамды ұстап алып, кісендеп, алып бара жатқанында мас адам «Құдай үшін, мені халифаның алдына алып барыңдаршы, бір ауыз сөзім бар» деп жалынады. Әскер халифаға хабар беріп, «Әлгі мас адам сізге айтар бір ауыз сөзім бар деп жалынып жатыр, не істейік?» деп сұрайды. Халифа «Келсін, айтсын» дейді. Мас адам халифаның дәл алдына келген кезде кенеттен бетіне түкіріп жібереді. Мұны көрген бәрі бұл тірліктен кейін мастың құтыла алмайтынын ойлайды. Бірақ халифа «Оны кешірдім, босатыңдар, кете берсін!» дейді. Бәрі таңқалып: «Патшам, оған екі есе жаза керек емес пе, неліктен кешірдіңіз, түсіне алмадық» десті. Омар бин Абдулазиз хазреттері: «Ертең ахиретте амалдар Аллаһу та'алаға екі түрде ұсынылады, Аллаһ үшін болғандар және жеке нәпсі үшін болғандар. Менің оған беретін жазам Аллаһ үшін еді, бірақ түкірген кезінде нәпсім араласты. Нәпсім үшін жаза берсем де болады, бірақ мен ахиретте мұның есебін бере алмаймын. Адамдар әрбір іс-әрекетінің есебін береді, тек қана Аллаһ үшін жасағандарынан құтылады. Мен неге оның кесірінен Раббымның алдында қиналайын?» дейді. |