Өлімді көп ойлайтын адам қанағатшыл боладыӘр өткен күн бізді өлімге бір қадамға жақындатуда. Адам баласы дүниеге келген күнінен бастап әр сәтте өлімге қарай бағытталуда. Одан қашу мүмкін емес. Бір жерден қашпақшы болған адам бара-бара ол жерден алыстайды. Бірақ өлім ондай емес, қанша қашсақ та, оған қарай жүгіріп бара жатқанымызды күндердің бірінде жақсы түсінген боламыз. Өлімді ойлайтын адам оған дайындығын жасайды. Қабірге түспей тұрып қабірін кеңейтеді, нұрландырады. Өлімді көп ойлайтын кісі бай болса, тәкәппарланбайды, есірмейді, адамдарға жоғарыдан қарамайды. Қолынан келгенше баршаға жақсылық жасайды. Кедей болса, қайғырмайды. Қиыншылықтардың, аурулардың бітетінін және рахаттыққа қауышатынын ойлайды. Өлімді ойлайтын адам тәубесін кешіктірмейді. Өлімнің жас-кәрі таңдамайтынын біледі. Қай кезде, қай жерде, қалай келетіні белгісіз. Кейбір адамдар «Пәлен жасқа келген кезде күнәлардан тыйылып тәубеме келемін, қажылыққа барамын, күнә істемей жүремін» дейді. Алайда, ертеңгі күнді көретіні беймәлім. Тіпті, оның кебіні дайын тұрған да болуы мүмкін. Бейшараның хабары да жоқ... Өлімді ойлайтын адам ғибадаттарын құштарланып орындайды. Онымен бірге қабірге түсетін тек қана оның амалдары. Өмірін жақсы сүрген болса, сұлу жүзді адам кейіпінде қасында болады, өзін таныстырады. «Қияметке дейін сені жалғыз қалдырмаймын» деп егесін жалғыздықтан құтқарады. Ал өмірін жаман сүрген адамның амалдары қорқынышты хайуан кейіпінде келеді, қияметке дейін оны қинап, азап береді. Адамды қаншалықты көп адам жақсы көрсе де, жақындары көп болса да, ешкім онымен бірге қабірге кірмейді. Ол өз амалдарымен оңаша қалады. Өлімді ойлайтын адам мейірімді, қамқор болады. Бүкіл жандыларға жанашыр болып, оларға көмектеседі. Бір күні хазреті Айша анамызға (радиаллаһу анһа) бір әйел келеді. Өзінің тас жүрек болғанына шағымданып, құтылудың шарасын сұрайды. Хазреті Айша анамыз «Бұдан құтылудың жолы – өлімді көп ойлау» дейді. Біраз уақыт өткеннен кейін әлгі әйел келіп алғысын айтып, мақсатына жеткенін білдіреді. Өлімді ойлайтын адам қанағатшыл болады. Кедейліктен құтылады. Қанағатшыл болмаған адамның көзі тоймайды. Әрдайым мұқтаж болып жүреді, оның көзін тек қана қара топырақ тойдырады. Алтын болса ағашың, күміс болса жапырағы, Тойдырар көзіңді тек, бір уыс қара топырағы. |