УАҺҺАБИЛІКТІҢ БАСТАЛУЫ ЖӘНЕ ЖАЙЫЛУЫ (6)41) Османлы мемлекеті сол жылдары сыртқы мемлекеттермен әуре болып, британдықтар алаулатқан бүлікті басуға тырысып жатқан еді. Осы себептен хижаздағы қарақшыларға қарсы мұсылмандарға көмектесу мүмкіншілігін таба алмады. [Мәктәб-и сұлтани (Сұлтандық Галатасарай лицейі) басшысы Абдуррахман Шереф бек 1325 хижри және 1909 милади жылында басылған «Фәзләкә-и тарих-и дәулет-и Османия» кітабында былай дейді: «1213 [м.1798] жылы француздар Мысырды жаулап алды. Ұзақ қақтығыстардан кейін Мысыр 1216 жылы кері қайтарылды. Мемлекет Анатолияда және Румелияда пайда болған қарақшылармен айналысты. 1221 жылы Ресей империясы еліміздің Хотин және Бендер қамалдарына шабуылдады. Британия флоты бұл мүмкіндікті пайдаланып, Мармараға шекараны бұзып кірді. Едикулеге дейін келіп, жағажайға зеңбірекпен оқ жаудырды. Стамбұлдағы флоттың оларға бағынуын талап етті. Патша үшінші сұлтан Сәлим басшылығында бүкіл қызметкерлердің қайратымен жағажайға мыңнан астам зеңбірек орналастырылып, британдық флотқа оқ жаудырды. Флот он күнге жетпей қашты. Бірақ, іштегі дұшпандар Стамбұлда көтеріліс шығарып, 1223 жылы сұлтан шәһид етілді. Ресей 1224 жылы елімізге қайтадан шабуылдады. Бұл соғыс 1227 жылғы Бухарест бітім шартына дейін жалғасты.»] 1226 [м.1811] жылы Саудтың мұсылмандарды азаптауы мен Ислам дінін қорлауы тым шектен шыққандықтан, мұсылмандардың халифасы сұлтан ІІ-Махмұд хан Адли (рахметуллаһи алейһ) Мысыр әкімі Мұхаммед Әли пашаға (рахимә-һуллаһу та'ала) бұйрық жолдап, қарақшылардың сазайын беруді әмір етті. Мұхаммед Әли паша өз ұлы Тосун пашаның қолбасшылығында бір топ әскерді Рамазан айында Мысырдан жолға шығарды. Тосун паша Мәдинаның айлағы Янбу қаласын алды. Жудәйдә жолымен Мәдинаға бара жатқанда Сафра алқабы мен Жудәйдә бұғазы арасында 1226 жылы Зүл-хиджа айының басында үлкен соғыс орын алып, әскер жеңіліс тапты. Тосун пашаға ештеңе болмағанымен, Османлы мұсылмандарының көбі шәһид болды. Мұхаммед Әли паша бұған қатты қайғырды. Тағы үлкен әскер жинап, өзі жолға шықты. Әскерде он сегіз зеңбірек, үш мортира және өте көп қару-жарақ бар еді. 1227 [м.1812] жылының Шабан айында Сафра мен Жудәйдә бұғаздарынан өтті. Рамазан айында көптеген ауылдарды соғыссыз қайтарып алды. Мұхаммед Әли паша қулық қолданып, бұл жетістіктерге ақша арқылы қолжеткізді. Дәлірек айтқанда, бұл қулықты оған Шәриф Ғалиб мырза (рахимә-һуллаһу та'ала) үйретті. Ақша беру арқылы ауылдарды қайта халифатқа бағындырды. Бұл жолда жүз он сегіз мың риял таратты. Тосун паша да, әкесі сияқты, Шәриф Ғалиб мырзамен көріскенде, үлкен әскерден айрылмас еді. Шәриф Ғалиб мырза Меккеде уаһһабилердің әмірі еді. Бірақ, Меккенің сол азғындардан құтылуын бар көңілімен қалайтын еді. Мұхаммед Әли паша Зүл-қада айының соңында Мәдинаны да қан төкпей қайтарып алды. Бұл жеңісті халифаға хабар беру үшін Мысырға хабарлады. Мысырда үш күн, үш түн тойланды. Жеңіс сүйінші хабары барша Ислам мемлекеттеріне таралды. Мұхаммед Әли паша бір топты Жидда жолымен Меккеге жіберген болатын. Бұл топ 1228 жылдың Мухаррам айының басында Жиддаға келді. Меккеге аттанды. Шәриф Ғалиб мырзаның жасырын түрде жіберілген жоспарын ұстанып, Меккеге оңай кірді. Османлы әскерінің Меккеге аттанғандығы туралы хабар қалаға тарағанда Саудтың әскері қолбасшыларымен бірге тауларға қарай қашты. Сауд бин Абдулазиз 1227 жылы қажылықтан кейін Таифқа барып, Ислам қаны төгілген жерлерді кезіп, бүлік ордасы болған Дәрийяға қайтқан еді. Дәрийяға келгенде Мәдинаның және кейіннен Меккенің Османлылар қолына өткенін естігенде абыржып қалды. Сол кезде Османлы әскері Таифқа аттанды. Таиф залымы Осман Мудайықи әскерімен бірге қорқып қашып кеткендіктен, қала уаһһабилерден соғыссыз азат етілді. Сүйінші хабар Стамбұлға, мұсылмандардың халифасына жіберілді. Сұлтан Махмұд хан Адли (рахимә-һуллаһу та'ала) бұл сүйіншіге қатты қуанды. Аллаһу та'аланың бұл сыйына шүкір етті. Мұхаммед Әли пашаға алғысы мен сый-сияпаттарын жолдап, Хижазға қайтадан барып, қарақшыларды тексеріп бақылауын әмір етті. Мұхаммед Әли паша сұлтан Махмұд ханның бұйрығы бойынша, Мысырдан қайтадан жолға шықты. Сол кезде Шәриф Ғалиб мырза Османлы әскерімен бірге Таифқа барып, қанішер Осман әкімге іздеу салған еді. Жоспармен әрекет етіп, оны ұстап алды. Қанішер Мысырға, ол жақтан Стамбұлға жіберілді. Мұхаммед Әли паша Меккеге барғанда Шәриф Ғалиб мырзаны Стамбұлға жіберді. Орнына бауыры Яхия бин Мәсуд мырзаны (рахимә-һуллаһу та'ала) әмір қылды. 1229 жылдың Мухаррам айында Мубәрәк бин Мағиян оңбағаны да ұсталып, Стамбұлға жіберілді. Мыңдаған мұсылманның қанын төккен бұл екі тозақтық Стамбұл көшелерінде халық алдында кездірілгеннен кейін, жазалары берілді. Жиырма алты жыл Меккеде әмір болған Шәриф Ғалиб мырзаға құрмет пен қошемет көрсетіліп, Солоник (қазір Грекия құрамында) қаласына жіберілген, сол жерде демалып, 1231 [м.1815] жылы қайтыс болды. Солоникте кесенесі зиярат етілуде. Хижаздың берекетті қалалары қарақшылардан тазаланғаннан кейін Йеменге дейінгі жерлерді де тазалау үшін бір топ (әскер) жіберілген болатын. Мұхаммед Әли паша өз әскерімен бірге бұл топқа көмектесуге аттанды. Ол жақтарды да толық тазалап, Меккеге қайтты. 1230 жылдың Ережеп айына дейін сол жерде қалды. Өз ұлы Хасан пашаны Мекке әкімі тағайындап, Мысырға қайтты. Әйелдердің, балалардың, мыңдаған мұсылмандардың қанын төккен британдықтардың қуыршағы Сауд бин Абдулазиз 1231 жылдың орталарында өлді. Орнына Абдуллаһ бин Сауд отырды. Мұхаммед Әли паша Мысырға келгенде ұлы Ибраһим пашаны бір топ әскермен Абдуллаһқа қарай жолдады. Абдуллаһ ибн Сауд одан бұрын Тосун пашамен келісіп, Дәрийя әмірі болып қалу шартымен Османлыларға бағынатынын айтқан болатын. Бірақ, Мұхаммед Әли паша бұл келісімді қабылдамаған еді. Ибраһим паша 1231 жылдың соңында Мысырдан жолға шығып, 1232 жылдың басында Дәрийяға барды. Абдуллаһ ибн Сауд бүкіл әскерімен алдынан шықты. Үлкен қанды шайқастан кейін 1233 [м.1818] жылдың Зүл-қада айында Абдуллаһ ибн Сауд қолға түсті. Бұл жеңіс сүйінші хабары Мысырға жеткенде қамалдан жүз зеңбірек атылып, жеті күн, жеті түн тойланды. Бүкіл жерлерге байрақтар асылды. Мұнараларда тәкбір айтылып, дұға етілді. Мұхаммед Әли паша Арабстанның берекетті қалаларының қарақшылардан тазалануына аса мән беріп, бұл істі жүзеге асыруға көп еңбек салып, бұл жолда сансыз алтын жұмсаған. Қазіргі таңда да Сауд үкіметінің көп мөлшерде алтын жұмсап, адасқан сенімдерін бүкіл әлемге таратуға тырысып жатқанын өкінішпен көрудеміз. Мазһабсыздық пәлекетінен құтылу үшін «Әһли сүннет» ғалымдары (рахметуллаһи алейһим әжмаин) жазған діни кітаптарды оқып, Ислам дінін дұрыс үйренуден басқа шара жоқ. Абдуллаһ бин Сауд қолға түскеннен кейін мұсылмандарға қорлық көрсеткен азғындармен бірге Мысырға жіберілді. 1234 жылдың Мухаррам айында тамашалап тұрған өте көп адамдардың арасымен Каирге әкелінді. Мұхаммед Әли паша Абдуллаһ бин Саудты қуанышты күйде және сыпайылықпен қарсы алды. Араларында былай сөйлесті: Паша: - Көп күш салдыңдар ғой! Ибн Сауд: - Соғыс – тағдырға, нәсіпке байланысты. - Ұлым Ибраһим паша туралы не дейсің? - Өте батыл екен. Қулығы көбірек. Біз де көп күш салдық. Бірақ, Аллаһтың жазғаны болды. - Мұңайма! Мұсылмандардың халифасына сенің кешірілуіңді сұрап хат жолдаймын. - Тағдырда не жазған болса, сол болады. - Мына сандықты неге өзіңмен бірге алып жүрсің? - Әкемнің Хужрә-и нәбәуиден алған өте құнды заттарын ішіне салдым. Мәртебелі патшамызға тапсырмақшымын. (Пашаның бұйрығымен сандық ашылды. «Хужрә-и Нәбәуиден» ұрланған заттар шықты. Арасында құнсыз әшекейлі үш мусхаф (Құран кітабы) және өте ірі үш жүз отыз інжу-маржан, үлкен зүбаржат және одан бөлек алтын шынжырлар бар еді.) Мұхаммед Әли паша бұларды көргеннен кейін сұрады: - Пайғамбарымыздың қазынасынан алынған құнды жәдігерлер мұншалықты емес. Көбірек болуы керек емес пе? - Дұрыс айтасыз, мырзам. Бірақ, мен әкемнің қазынасынан осыларды ғана таптым. «Хужрә-и саадат» тоналғанда әкем жалғыз емес еді. Араб бектері, Меккенің зиялылары, «Харам-и саадат» ағалары және Меккенің әмірі болған Шәриф Ғалиб мырза бәрі тонағанда бірге еді, ортақ болды. Заттар, бірінші кім алса, соныңкі болды. - Иә, рас. Шәриф Ғалиб мырзадан (рахметуллаһи алейһ) көп заттар тауып алдық. (Шәриф Ғалиб мырзадан табылған заттарды уаһһаби тонауынан сақтап қалу үшін алынғанын ойлау керек. Мұхаммед Әли пашаның «Иә, рас» деуі Шәриф Ғалиб мырзаның бірге тонағанына сенгені емес, заттардың аз болуының себебін растағанын көрсету үшін еді.) Осы диалогтардан кейін Абдуллаһ бин Сауд ортақ қылмыскерлерімен бірге Стамбұлға жіберілді. Мыңдаған мұсылманды өлтірген азғын қанішерлердің «Топкапы сарайы» есігінің алдында өлім жазасы іске асырылды. Ибраһим паша Дәрийя қамалын бұзды. 1235 жылы Мухаррам айының басында Мысырға қайтты. Мұхаммед бин Абдулуаһһабтың басқа бір ұлы да Мысырға жіберіліп, өлгенге дейін қамауға алынды. Абдуллаһ ибн Саудтан кейін сол әулеттен Тәрки бин Абдуллаһ 1240 [м.1824] жылы уаһһабилерге көсем болды. Әкесі Абдуллаһ Сауд бин Абдулазиздың көкесі еді. 1249 жылы Саудтың ұлы Мәшари Тәркиді өлтіріп, оның орнына отырды. Тәркидің ұлы Файсал да Мәшариді өлтіріп, 1254 жылы уаһһабиліктің басына өтті. Мұхаммед Әли пашаның жаңадан жіберген әскеріне қарсы төтеп беруді көздегенімен, 1254 [м.1838] жылы Хуршид пашаның қолына түсіп, Мысырға жіберілді. Қамауға алынды. Саудтың Мысырдағы ұлы Халид бек Дәрийяның әмірі ретінде тағайындалып, Рияд қаласына жіберілді. Халид бек Мысырда Османлы тәрбиесімен жетіліп шыққан, Әһли сүннет сеніміндегі сыпайы кісі еді. Сондықтан, әмір болып тек бір жарым жыл ғана қала алды. Абдуллаһ ибн Сәзиан есімді адам Османлы мемлекетіне адал болып көрініп, көптеген ауылдарды басып алды. Кенеттен Дәрийяға басқыншылық жасап, Нәжд әмірі болды. Халид Меккеге қашты. Мысырда зындандағы Файсал қашып, «Жәбәл-и Сәмр» әмірі Ибнуррашидтың көмегімен Нәждке барып, Ибн Сәзианды өлтірді. Османлы мемлекетіне адал болатынына ант етіп, 1259 жылы Дәрийя әмірі болып тағайындалды. 1282 [м.1865] жылғы өліміне дейін уәдесінде тұрды. Файсалдың «Абдуллаһ, Сауд, Абдуррахман және Мұхаммед Саид» есімді төрт ұлы бар еді. Файсал өлгенде үлкен ұлы Абдуллаһ Нәждтің әмірі болып тағайындалды. Бауыры Сауд Бахрейн аралынан жинаған адамдарымен бірге 1288 [м.1871] жылы оған қарсы шықты. Абдуллаһ інісі Мұхаммед Саидты Саудқа қарсы жіберді. Қақтығыста Саидтың әскері тарап кетті. Сауд бүкіл Нәжд қалаларын басып алуды армандағанымен, Абдуллаһ Османлы мемлекетінің әмірі болғандықтан, алтыншы әскердің қолбасшысы Нафиз паша Саудқа қарсы жіберілді. Сауд пен қасындағы барлық қарақшылардың 1291 [м.1874] жылы көздерін құртты. Нәжд өлкесі рахаттық пен тыныштыққа бөленді. Бүкіл мұсылмандар халифаларына (рахметуллаһи алейһ) жақсылық тілеп дұға етті. 1306 [м.1888] жылдан кейін Мұхаммед ибн Рашид Нәждті басып алды. Абдуллаһты тұтқындыққа алды. Йеменді басып алған кезде Таиф пен Сана қалалары арасындағы «Саууат» тауларында өмір сүретін бір миллионға жуық Асирли жабайы халқын да уаһһаби қылған болатын. Мұхаммед Әли паша қарақшыларды толықтай тазалағаннан кейін бұл тауларды тазалауды кейінге қалдырған еді. 1263 жылы Сұлтан Абдулмәжид хан (рахметуллаһи алейһ) заманында осы жерлер де Османлылардың қарамағы мен иелігіне өтті. Асирилердің өздері сайлаған әмірлері және Османлылар тағайындаған әкімдері бар еді. Жұмсақ мәміле танытатын әкімдерге олар қарсы шығып, өздерінің әмірлеріне бағынудың ғибадат екендігіне сенетін еді. Әкім Курд Махмұд паша заманында көтеріліске шығып, Йемендегі Худәйдә қаласына да шабуылдаған, өлтіруші боран келіп, бәрі құрып кеткен. 1287 жылы да қарсы шығып, Худәйдә қаласына шабуылдағанымен, қаладағы аздаған Османлы әскері ержүректікпен шайқасқандықтан, олар қалаға кіре алмады. Осыған орай Рәдиф пашаның қолбасшылығында бір топ әскер жіберілді. Рәдиф пашаның және Османлы штабтарының жақсы жоспарлары мен басқаруының арқасында тік таулардағы қарақшылардың отауы жеке-жеке қолға түсті. Фитна мен бүлік отаулары тазаланды. Рәдиф пашаның науқастануына байланысты Йемен шөлдеріндегі және Асир тауларындағы жабайылардың сауатын ашу, Ислам білімдері мен ахлақын сол жерлерге орнықтыру үшін Ғази Ахмед Мұхтар паша жіберілді. Арабстан жарты аралының, Мысырдың жаулаушысы және алғашқы Түркі халифасы Явуз Сұлтан Сәлим ханның (рахметуллаһи алейһ) заманы болған 923 [м.1517] жылынан бері Османлылардың қарамағында қалды. Қалалар толықтай бейбітшілік пен еркіндікте басқарылғанымен, шөлдердегі, таулардағы көшпенді сауатсыз болғандары өз шайхтарының және әмірлерінің қарамағында қалдырылған болатын. Ол әмірлер анда-санда қарсы шығатын. Көбі уаһһаби болды. Халыққа шабуылдауды, мұсылмандарды қырып, өлтіруді бастады. Қажылардың жолын кесіп, тонап, өлтіретін еді. 1274 [м.1858] жылы ағылшындар Үндістанда көтеріліс шығарып, ол жақтағы Ислам мемлекетін құлатып жатқан кезде Жиддада да бүлік шығарды, дегенмен Мекке әкімі Намық пашаның саясатымен бейбітшілік орнады. 1277 жылы осы көтерілісші, қанішер әмірлер Османлы мемлекетіне бағындырылды. «Мират-ул-харамәйн» кітабы жазылған 1306 [м.1888] жылы Арабстан жарты аралында он екі миллион адам өмір сүргендігі мәлімденген. Олар өте зерек және түсінігі мол кісілер болса да, тым сауатсыз, қарақшы және қанішер болған. Сауд деген ақымаққа еріп кетулері олардың осы жабайылығын одан сайын арттырған еді. Бірінші дүниежүзілік соғыста Османдықтар сапында ағылшындарға қарсы соғысқан әмір Ибн-ур-Рашидтың үлкен атасының есімі де Ибн-ур-Рашид еді. Оның ұлы Әли Мәдинаның солтүстік шығысында орналасқан Хаил қаласында әмір еді. 1251 [м.1835] жылы қайтыс болды. Орнына отырған өз ұлы Абдуллаһ әл Рашид он үш жыл бойы әмір болды. Оның орнына өткен үлкен ұлы Таллалға 1282 [м.1866] жылы Ибн-ус-Сауд Файсал улы шәрбәт ішкізіп, жынды болып қалды. Тапаншамен өзін-өзі өлтірді. Орнына бауыры Мутәб Хаил аумағының әмірі болды, дегенмен екі жылдан кейін Бендер бин Таллал көкесі Мутәбті өлтіріп, орнына әмір болды. Бірақ, ол да көкесі Мұхаммед-әл-Рашид тарапынан өлтірілді. Мұхаммед Нәждті және Риядты басып алды. Сауд ұлдарынан әмір Абдуллаһ бин Файсалды тұтқынға алып, Хаилге алып барды. Абдуллаһ бин Файсалдың бауыры Абдуррахман және оның ұлы Абдулазиз қашып, Кувейтті паналады. Мұхаммед-әл-Рашид 1315 [м.1897] жылы қайтыс болды. Орнына отырған бауырының ұлы Абдулазиз әл-Рашид залым болғандықтан, уаһһабиліктің жаңадан жандануына себеп болды. Рияд, Қасым, Бурәйдә әмірлері «Әл-Мухәнна» ауылында тұратын Абдулазизбен келісті. Абдулазиз бин Абдуррахман бин Файсал он екі жүйрік түйемен Кувейттен Риядқа келді. 1319 [м.1901] жылы түндердің бірінде Риядқа кірді. Абдулазиз ибн Рашидтың Рияд әкімі болған Ажланды отырыстардың бірінде өлтірді. Зұлымдықтан әбден қажыған халық оны әмір қылды. Осылайша, Сауди мемлекеті Риядта құрылған болды. Үш жыл бойы әртүрлі соғыстар болды. Абдулазиз ибн Рашид өлтірілді. 1333 [м.1915] жылы Османлылар араласып, Абдулазиз ибн Сауд Риядтың әкімі болуы шартымен бейбіт келісім жасалды. Кейін, Рашидилер мен Саудилер арасында Қасым деген жерде соғыс болып, Абдулазиз жеңіліс тапты. Риядқа шегінді. 17 маусым 1336 [м.1918] жылы Абдулазиз бин Абдуррахман ағылшындардың ынталандыруымен баяндама жариялады. «Меккедегі шәриф Хусейн және оның жақтастары кәпір. Оларға қарсы жиһад жасаймын» деп Мекке мен Таифқа шабуылдады. Бірақ, бұл қалаларды шәриф Хусейн пашадан ала алмады. 1342 [м.1924] жылы ағылшындар Мекке әмірі шәриф Хусейн бин Әли пашаны қолға түсіріп, Кипрге алып барды. Паша 1349 [м.1931] жылы қамалған қонақ үйінде қайтыс болды. Абдулазиз бин Абдуррахман 1924 жылы Мекке мен Таифқа оп-оңай қолжеткізді. Османлы мемлекетінің басқармасын иеленген Иттихадшылармен арасы бұзылған Меккенің әмірі шәриф Хусейн пашаға қарсы Мәдинаны қорғаған Османлы әскерлері Мондрос бітімі бойынша 28 ақпан 1337 [м.1919] жылы Хижазды босатып берді. Шәриф Хусейн пашаның ұлы шәриф Абдуллаһ да Мәдинаға орналасты. Әкесі өлгенде ағылшындар оны да Мәдинадан шығарып, Амманға қуды. 1365 [м.1946] жылы Иордан мемлекетін құрғанымен, 1370 [м.1951] жылы Мәсжиди Ақсада намаз оқып жатқанда ағылшындардың жалданған баскесерлері тарапынан өлтірілді. Орнына өз ұлы Таллал отырды. Бірақ, ауру болғандықтан, орнын ұлы Мәлик Хусейнге қалдырды. Шәриф Хусейн пашаның екінші ұлы шәриф Файсал 1339 [м.1921] жылы Ирақ мемлекетін құрды. 1351 [м.1933] жылы қайтыс болды. Орнына ұлы Ғази отырды. Ол да 1939 жылы жиырма бір жасында өлгенде орнына ұлы Екінші Файсал Ирақ патшасы болды. Бірақ, 1958 жылдың тамыз айының он төртінші күні көтерілісте генерал Қасым тарапынан жиырма үш жасында өлтірілді. Келесі көтерілісте Қасым да өлтірілді. Ирақ пен Сирия мемлекеттері әртүрлі көтерілістердің нәтижесінде социалисттік «Ба’с» партиясының қолына өтіп, Ресей Совет Империясының колониясына айналды. Абдулазиз бин Абдуррахман Мәдинаға көп шабуылдады. 1926 жылғы шапқыншылығында Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк кесенесін де бомбалады. Бірақ, қалаға кіре алмады. 1344 және 9 қыркүйек, 1926 жылғы Стамбұлда басылып шыққан «Соңғы сағат газеті» мынадай хабар жариялаған еді:
МӘДИНАНЫ БОМБАЛАУ Ибн-ус-Сауд Абдулазиз тарапынан Мәдинаның бомбалануы Үндістан халқын ашуға булықтырғанын жазған едік. Үндістанда шыққан «The Times of İndia» газетінде былай делінген: «Соңғы кездері Мәдинаға шабуыл жасалуы және Қабри Нәбәуидің бомбалануы хабарлары сияқты Үндістан мұсылмандарын басқа ешқандай жағдай ашуландырмаған. Үндістанның барлық жеріндегі мұсылмандар осы оқиғадан кейін сол киелі жерге қаншалықты құрметі бар екендігін көрсеткен болатын. Үндістандағы және Ирандағы осы бүлік күмәнсіз Ибн Саудқа әсерін тигізеді және оны бүкіл Ислам елдерінің өшпенділігін алмау үшін осындай оңбағандық әрекеттерге тыйым салады. Үнді мұсылмандары Ибнуссаудқа бұл пікірлерін айқын айтқан болатын.» Бірінші Дүниежүзілік соғыста Османлы мемлекетінің басқармасын қолына алған «Иттихад және Тәраққи» партиясы – дін сауатсыздары еді. Ислам дінінен, Ислам тәрбиесінен, Ислам ахлақынан мақрұм еді. Көсемдерінің көбі британдық масон еді. Өз империяларының барлық жерінде жасағанындай, Арабстанда да халыққа зұлымдық, қорлық жасалуына себеп болды. Мұсылмандарға қан құсқызды. Сұлтан екінші Абдулхамид хан (рахметуллаһи алейһ) заманында әділеттікке, қамқорлыққа, сый-сияпатқа және қошеметке үйреніп қалған Арабстан халқы түріктерді бауырларындай жақсы көретін еді. Иттихадшылар себеп болған зұлымдық пен қорлықты көріп, абыржып қалды. Меккенің әмірі шәриф Хусейн бин Әли пашаның (рахметуллаһи алейһ) туысы, күйеу баласы және көптеген араб зиялылары Жамал паша тарапынан Шамда қорлықпен өлтірілді. «Иттихадшылар» деп аталған қозғалыс әскері Солониктен Стамбұлға келгенде ең бірінші жұмысы ретінде, Лондондағы Отарлау Министрлігінің бұйрығымен, соңғы Ислам халифасы сұлтан екінші Абдулхамид ханды (рахметуллаһи алейһ) тақтан түсіріп, мемлекет басқармасын қолдарына алды. Мемлекет басқармасы британдық масондар жетілдірген Ислам дұшпандарының қолдарына өтті. Халифа дәуірінде қызметте болғандарды, ғалымдарды, ақын-жазушыларды кейбірін зынданда қамап, кейбірлерін есіктен, мешіттен шығып бара жатқанда артынан атып өлтірді. Өздері халифа қылған сұлтан Решадты (рахметуллаһи алейһ) марионетка ретінде, ал жұмыс басына шығарған қызметкерлерді тапаншамен қорқыту арқылы өз пайдаларына қолданды. Мемлекетті соғыстан соғысқа, пәлекеттен пәлекетке жетеледі. Дінді, Исламды тастап, зұлымдыққа, ойын-сауық пен той-думанға берілді. Есіріп бара жатқан ағынға «Доғар!» деген қайсарлы азаматтарды, көреген таза мұсылмандарды сүргінге қуды, дарға асты. Осындай көкірегі ояу мұсылмандардың бірі шәриф Хусейн бин Әли паша еді (рахметуллаһи алейһ). Сұлтан Абдулхамид хан (рахметуллаһи алейһ) дәуірінде Стамбұлда маңызды мансапта орын алған шәриф Хусейн паша «Мир-и миран», яғни «Бейлербейі» (бектердің бегі) лауазымында болып, халифаға және мемлекетке қызмет ететін еді. Иттихадшылардың мемлекетті «Бірінші дүние жүзі соғысы» пәлекетіне итермелеуіне қарсы шыққандықтан, «Мекке әмірі» қызметімен Стамбұлдан алыстатылған болатын. Әнуар пашаның 22 Зүл-хиджа 1332 және 29 Тәшрин-әууәл 1914 күндері әзірлетіп, сұлтан Решадқа (рахметуллаһи алейһ) қол қойдырған соғысу шешіміне «Жиһад-и әкбар» атағын тағып, бүкіл Ислам мемлекеттеріне таратты. Байқұс сұлтан Решад өзін шынайы халифа санайтын. Анда-санда мұсылмандыққа жанаспайтын бұйрықтарға қол қоюға мәжбүрленген кезде жақындарына «Қап, мыналар менің айтқанымды еш тыңдамайды!» деп, болып жатқан мән-жайдан хабардар екендігін айтып тұратын еді. Шәриф Хусейн паша (рахметуллаһи алейһ) иттихадшылардың бір жағынан дін, иман, дін дұшпандарымен жиһад ету туралы сөз қозғап, бір жағынан үлкен империяны бөлшектеуге жетелегенін, мыңдаған мұсылман жастарды отқа тастағанын түсініп, олардың дүниелік пен ойын-сауыққа берілуі сөздеріне мүлдем сай келмейтінін көрді. Халықты осы қарақшылардың қолынан және мемлекетті басымызға келетін қауіпті нәтижелерден құтқару жолдарын іздеп жүрді. Жамал пашаның Шамда ұйымдастырған той-думандарын және шәриф отбасынан құрметті кісілерді өлтіргенін естіп, ұлы шәриф Файсалды Меккеден Шамға жіберді. Файсал мырза осы жамандықтардың барлығы шынымен де орын алғанына көзі жетіп, әкесіне айтқанда, Шәриф Хусейн паша шыдап отыра алмады. Бүкіл мұсылмандарға бар шындықты жеткізу үшін 25 Шабан 1334 [м.1916] күні бірінші баяндамасын, ал 11 Зүл-қада, 1334 күні екінші баяндамасын жариялады. Иттихадшылар бұл дұрыс жолдауды «Наразылық баяндамасы» деді. Стамбұлда шығатын иттихадшылардың газеттерінде жалдамалы жазушылар Шәриф Хусейн пашаға аузына келгенін оттап, ақылға қонымсыз сөгіс пен жала жаудырды. Бірақ, болып жатқан оқиғалар Шәриф Хусейн пашаның дұрыс айтқанын көрсетті. Иттихадшылар Шәриф Хусейн пашаның баяндамасынан естерін жиюдың орнына оны отанын сатқан сатқын деп жариялады. Оған қарсы әскер жіберді. Жылдар бойы бауырларға бір-бірін өлтіргізді. Меккені, Мәдинаны таза мұсылмандарға, сүйікті пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ұрпағына бермеу үшін көп жандардың жазықсыз шәһид болуына себеп болды. Ол жетпегендей, сол мүбәрәк жерлерді Ислам өлтірушілеріне, шөл қарақшыларына, надандарға, залымдарға беріп қойды. Иттихадшылар үлкен Османлы Империясын да дұшпандарға тапсырып, өздері қашты. 30 тамыз, 1340 [м.1922] күніндегі Түрік тәуелсіздік жеңісі болмағанда, түрік халқы мен мұсылмандық оның айтқанындай толықтай жойылып кетер еді. Британдықтардың Севр бітім шарты арқылы жасаған соққысы Ислам әлемін жойып жіберетін еді. Төмендегі екі баяндама мұқият оқылатын болса, Шәриф Хусейн пашаның мүлде «Араб тәуелсіздігі» деген нәрсе ойламағандығы аңғарылады. Ол ұлтшылдықты емес, барша мұсылмандардың Ислам байрағы астында бауыр ретінде өмір сүруін қалайтын. Иттихадшылардың газеттері қара иттерді «Араб, араб» деп шақырып, араб шашы, араб сабыны сияқты сөздермен және қара қоңызды «қара фатима қоңызы» дегендей ойдан шығарылған атаулармен араб ұлтын мазақ қылып жүргенде, Меккедегі және Мәдинадағы таза мұсылмандар бүкіл Ислам ұлттарының бауыр екендігіне сеніп, бәрін бауыр ретінде жақсы көретін еді. Өкінішке орай, иттихадшы көсемдерінде осындай имани рух және осындай түсінік жоқ еді. Олар осы таза мұсылмандарға жау дей тұра, қарсы шыққан түрік әскеріне шабуылдаған және Османлы мемлекетінің жеріне таласып жатқан адамдарға ештеңе демейтін. Меккедегі пайғамбарлар ұрпағынан болған таза мұсылмандармен қақтығысуды қайта-қайта әмір еткен иттихадшылар үкіметке қарсы шыққан Абдулазиз бин Абдуррахман бин Файсалға достық білдіретін хаттарын жолдап, «Әскеріңмен бірге Мәдинаға кел! Бірге Меккеге кірейік. Патшаға қарсы шыққан Әмір Хусейнді қолға түсірейік» дейтін. Абдулазиз бұл хаттарға тіпті жауап та бермеді. Өйткені, ол түріктердің Меккеге кіруін қаламайтын. Өзі британдықтармен келісіп, Арабстанның өзіне берілетін уақытын күтіп жүрген еді. Расында да солай болды. Абдулазиз ол кездері Бахрейн аралдарындағы британдық қолбасшымен келісіп, британдықтардан алған қару-жарақпен Басра шығанағы жағалауындағы Османлы мемлекетінің қалаларына шабуылдап, басып алуды көздеген еді. Нәжд шөлдеріндегі Абдулазиз бен Ибн-ур-Рашид тайпаларының жылдар бойы соғысып, қан төгуін тоқтату үшін Фаруқи Сами паша «Қасым» басқармасы құрылды. Абдулазиз Сами пашаны және түрік әскерін бір шабуылда тұтқынға алып, байлап, Риядқа апармақшы болып, дайындық жасағанымен, Қасым қаласындағы шайхтар «үкіметке қарсы шамаң жетпейді» деп бөгет болды. Абдулазиз Сами пашаға «Қасым қаласы осыншалықты көп әскерді баға алмайды. Аш қаласыңдар. Мәдинаға қайтыңдар» деді. Ол бұл ұсынысты достық насихаты деп қабылдап, Мәдинаға кетті. Әскер қайтқаннан кейін Абдулазиз Қасым қамалындағы Османлы байрағын түсірді. Қасымды осылай қолға түсіргеннен кейін Нәжд басқармасының орталығы болған «Әл-Хассаға» шабуылдап, Османлылардан тартып алды. Иттихадшылар Абдулазизды ұнатып, оған қарсы ештеңе айтпады. Әсіресе діндегі реформашы болған Басра депутаты Талиб-ун-Нақиб оның осы шабуылдарын қызмет деп көрсетті. Абдулазиз сол кезде Ибн-ур-Рашидқа да шабуылдады, дегенмен жеңіліс тапты. Сауд ұлдарының көбі өлді. Абдулазизден алынған олжалардың арасында британдықтардың қару-жарағы мен көптеген бас киімдері бар еді. Абдулазиздың жеңілуі Мекке мен Мәдинаға шабуылдауын кешіктірді. Бірақ, британдықтар және әйгілі тыңшы капитан Лоуренстің ынталандыруымен 17 маусым 1336 [м.1918] күні Шәриф Хусейн пашаға соғыс жариялап, Меккеге шабуылдады. Бірақ, жеңіліп, Нәждке шегінді. 1342 [м.1924] жылы Мекке мен Таифты және 1349 [м.1931] жылы Мәдинаны британдықтардан қабыл алды. 1351 [м.1932] жылы қыркүйектің 23-ші күнінде «Сауд Арабиясы мемлекетін» құрды. [Абдулазиз бин Абдуррахман 1373 [м.1953] жылы өлгенде орнына өз ұлы Сауд отырды. Сауд ұлдарының жиырмасыншысы болған осы адам ойын-сауыққа құмар еді. Афинада ішкілікпен, әйелдермен ойын-сауық құрып, 1384 жылы өлді. 1964 жылы інісі Файсал оның орнына отырды. Файсал мұнай компанияларынан алған және қажылардан жыл сайын түсіп тұратын миллиондаған алтынды уаһһабилікті жаю үшін барлық мемлекеттерге шашты. 1395 [м.1975] жылдың наурыз айында жиені тарапынан Риядтағы сарайында өлтірілді. Орнына інісі Халид отырды. Халид 1402 [м.1982] жылы өлді. Орнына інісі Фахд отырды. Фахд 1417 [м.1996] жылы денесі сал болып, қимылдай алмай қалып, Испаниядағы сарайында емделіп жүріп өлді.] Мәдина қорғаушылары Басри және Фахри пашалар Абдулазиздің бұл қиянатын жақыннан көрген болса да, иттихадшылардан алған бұйрықтарды орындауды міндет санап, Шәриф Хусейн пашаны және оның ұлдарын жау деп жариялады. Бауырдың бауырды өлтіруіне себеп болды. Хижаз әкімі және қолбасшысы Ғалиб паша діни білімі жоғары, көреген, тәжірибелі қолбасшы болып, иттихадшылардың бұйрықтарына алданбады. Ұзақ және ауқымды зерттеулер жасап, Шәриф Хусейн пашаның дұрыс жолда екендігін және екі баяндамасын діні мен ұлтына деген сүйіспеншілікпен жазғанын аңғарды. Шәриф Хусейн пашаға жабылған жалаларға қарсы төмендегідей күндік бұйрығын жариялады: «Әмір хазретіне ешқандай түрде күмән келтірмеу керек. Оның сондай көтеріліс шығаруының ықтималы мүлде жоқ. Осыған қатысты шығарылған сөздердің ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Шәриф Хусейн паша мұсылмандардың халифасына толықтай бағынып, билігінің ұзақ болуын тілеп әрдайым дұға етуде.» Ғалиб паша бұл жазбасын иттихадшы қарақшыларының жетекшілерінен болған төртінші әскер қолбасшысы Жамал пашаға және Стамбұлға да жолдады. Бұл жазбасында Шәриф Хусейн пашаның таза мұсылман екендігін, ұстанымының дұрыс екендігін ашық түрде мәлімдеп, қорғаған болатын. Бірақ, өкінішке орай, иттихадшылар Шәриф Хусейн пашаны және оның ұлдарын өздеріне үлкен бөгет ретінде көретін. Халықты оятып, олардың қорлықтарын және шектен шыққан әрекеттерін тоқтататындығынан қатты қорққан еді. Шәриф ұлдарын жау қылып көрсету үшін жиіркенішті айлалар дайындады. Мәдинадағы қаһарман түрік офицерлерге соғысу бұйрығы жолданды. Жылдар бойы бауырлар бір-бірінің қанын төкті. Шәрифтерді жау, тіпті сатқын деп санап, оларға қол көтерген кінәсіз офицерлердің көбі соңында алданғандығын түсінді. Штаб басшысы полковник Әмин бек бастаған жүздеген офицерлер бірігіп, «Орталық алқасын» құрды. Әртүрлі баяндамалар таратып, Хижазда орын алған қылмыстарды жариялады. «Қолбасшы мен жағымпаздары өтірік айтады. Араб-түрік екі халық ретінде бұдан кейін де бауыр сияқты өмір сүреді. Онсыз да бауыр емес пе едік? Тарих және дін бауларымен бір-бірімізге байланған емес пе едік? Араб қауымы тәуелсіздігін алумен біздің дұшпанымыз болуы мүмкін бе? Өздерінен сұрасаңдар олар да «Жоқ!» дейді. Бірігіп кірісейік. Әскерімізді Йәнбу айлағына дейін жіберу үшін Шәриф мырза түйелер дайындады. Науқастарымызға дәрі-дәрмек жіберді. Бәріміздің жағаға дейін оңай жетуімізді ойластырды. Бұдан асатын адамгершілік болады ма? Бұдан асатын бауырмашылық болады ма? Олай істеместен «Мәдинадан Йәнбу айлағына дейін жаяу барыңдар» дегенде еді, «Жоқ, біз қаһарманбыз, көлік талап етеміз» дейтін бе едік? Содан кейін мақсатсыз өлуге дайын болу ерлік емес. Бұл жазбамыз ақиқатты түсінбегендерге арналады. Көпшілік түсінді. Бұл зұлымдыққа пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) да иә дер ме еді?» деп жазды. Мәдина қорғаушысы Фахреддин паша әлі иттихадшы үкіметіне бағынудан қайтпай жүрді. Түрік офицерлері 10 Кануни-сәни 1337 [м.1919] күні таңертең пашаның жатын бөлмесін қоршады. Көмекшісі лейтенант Шевкет бек гүрілді естіп сыртқа шықты. Полковниктер, подполковниктер, майорлар, капитандар, лейтенанттар, таңдаулы жаяу әскер мен жандармерия сарбаздары баспалдақпен шығып келе жатты. Көмекшіні алып кетті. Бөлмеге кіргендер пашаның білектерінен ұстап, сыртқа шығарды. Автомобильге отырғызды. Екі офицер арасында Йәнбу айлағына апарылды. Офицерлер мен әскер отандары Стамбұлға қауышатынын ойлап қуанған еді. Бірақ ағылшындар бәрін Мысырға алып барды. Мысырда алты ай бойы ағылшындардың тұтқындығында қалды. Паша 5 тамыз күні соғыс кінәлісі ретінде Мальтаға апарылды. Екі жыл сол жақта қалды. Бұл ержүрек түрік қолбасшысы иттихадшылардың ақылсыз берген бұйрықтарына бағынуды отандық борыш деп білгендіктен, Мәдинада әрекетсіз қалған азғын Ислам дұшпаны британдықтармен қақтығысу мүмкіншілігін таба алмаған еді. Иттихадшылар үкімет билігін қолдарына алғаннан кейін қаһармандар ордасын паршалаумен шектелмей, Фахреддин паша сияқты түрлі отан патриоттарының дұшпан зындандарында жылдар бойы азапталуына себеп болды. Мекке мен Мәдина сияқты киелі жерлерімізді пайғамбарымыздың тегінен таза мұсылман шәриф ұрпағына бермеу үшін мыңдаған кінәсіз түрік және мұсылман қанының төгілуіне себеп болудан басқа, сол киелі жерлерді шынайы мұсылмандардың және түріктердің тарихи дұшпаны болған қанішер, қатыгез адамдарға қалдырды. |